КЕМЕЛДІККЕ ЖЕТКЕН ӘЙЕЛДЕР

Біз өткен лекциямызда Әли мен Фатиманың үйлену тойын сөз еткенбіз. Енді ғана шаңырақ көтерген қызы мен күйеу баласын пайғамбарымыз жаңа отауға кіргізеді. Ол отаудың қарапайым болғаны сонша, қазір ондай үйді кездес­тіру қиын шығар.

Алдыңғы жолғы лекциямызда қызын ұзатып жатқан пайғамбарымыз намаз уақыты кіргенде ақшам және құптан намаз­дарын жамағатпен оқып, бар құлшы­лығын орындап болған соң күйеу бала­сының үйіне беттеген жерінен тоқтағанбыз.

 

«Отбасым – Аллаға құлшылық етуге керемет көмек»

Пайғамбарымыз жаңа отауға кірген сәтте Фатиманың жанындағы қыз-келін­шектердің бәрі ән айтып, өлең оқып отырған болатын. Алла елшісі үйге кірген бойда олардың біреуінен басқасының бәрі сыртқа шығады. Кейбір ғалымдар оны Асма десе, енді бірі Үммі Айман дейді. Ол өзінің үйде қалған себебін «Хадиджаның орнын жоқтатпайын дедім» деп жауап береді. Өйткені, әрбір қыз баласы үшін өте маңызды күнде ол анасының немесе әпкесінің қолдауын күтетіні рас. Осы сөздерден кейін пайғамбарымыз Үммі Айман үшін «Раббым, оны алдынан, арты­нан, жанынан, төбесінен және астынан қорғай гөр» деп дұға жасаған соң Үммі Айман сыртқа шығады. Содан кейін пайғамбарымыз қызы мен күйеубаласын алдына шақыртып, бір кесе суға дұға оқып, қызының кеудесіне және арқасына бүркіп, дұға жасайды. Дәл солай күйеуба­ласына да су бүркіп, дұға етеді. «Я, Раббым, оларға береке бере гөр, олардың жүректеріне бір-біріне деген махаббат орната гөр, екеуіне иманды, салиқалы ұрпақ нәсіп етіп, ақиқатқа бастаушылар­дан ете гөр» деп екі жас үшін ұзақ дұға жасайды. Содан кейін екеуіне кезек-кезек өсиет айтады.

Әли балам, сен үйдің сыртындағы жағдайдың бәріне жауаптысың, Фатима сен үйдің ішіндегі жағдайларға жауап бере­сің. Үйдің ішіндегі шаруалардың бәрі сенің мойныңда дейді де, шығуға ыңғайланады.

Үйдің табалдырығына сүйеніп тұрып, Алла елшісі балалары үшін тағы дұға жасайды.

Келесі күні таңғы намаздан кейін Алла елшісі бірден күйеубаласының үйіне қарай беттейді. Екі үйдің арасы алыс болған­дықтан пайғамбарымыз тез-тез басып жас отаудың есігін келіп қағады да, кіруге рұқсат сұрайды. Ішке кірген соң ол күйеу­баласынан «отбасың қалай екен?» деп сұрайды. Сонда Әли «Аллаға құлшылық етуге керемет көмек» деп жауап береді. Алғашқы күннен-ақ осылай жауап беру деген өте ғажап нәрсе. Содан кейін қызынан «Фатима қызым, күйеуің қандай екен?» деп сұрайды. Сонда қызы «әкешім, ол ең тамаша жан» деп жауап береді.

Пайғамбарымыз бұл отбасы үшін әу бастан дұға тілеп, оның махаббат пен сыйластыққа құрылғанына баса мән берді. Егер мән берген адам болса, Алла елшісінің қызы «мына үйде ешқандай дүние жоқ, мен қалай ғана мында өмір сүремін. Неге мені дүниесі тұрмақ жеткілікті киім-кешегі жоқ тақыр кедейге тұрмысқа бердің» деген жоқ. Анығында, ол үйде қылыштан басқа ештеңе жоқ болатын. Бірақ Фатима ондай сөздің бірін де айтқан жоқ. Ол өзін әкесінің ең тамаша адамға, ер-азаматтың төресі, Әли мырзаға ұзатқанын білді. Таңсәріде пайғамбары­мыз қызы мен күйеубаласы үшін жүзі бал-бұл жанып, қуанып, шүкіршілік айтып, дұға жасаған күйі үйіне аттанады.

Осыдан кейін таң ата Алла елшісінің бірінші кіретін үйі – осы күйеубаласының шаңырағы болса, ел жата ең соңғы шығатын үйі де осы шаңырақ болады.

 

Жұмсақтық пен биязылықтың биік шыңы

Пайғамбар күйеубаласының үйіне кірген бойда қызы Фатима әкесінің алдынан шығып, оның маңдайынан сүйіп, орын ұсынатын. Осы жердегі сәтке назар аударсақ, ғибрат аларлық жақсы үлгі бар. Бүгінгі күні кейбір қыздар әкесі үйге кіріп жатса да, түк болмағандай аяғын созған күйі отыра береді. Қыз баласы қалай ғана әкесінің алдында аяқтарын созған күйі отырады? Неге тұрып орын бермеске? Қызының бөлмесіне келсе де, қыздар бүгінде әкесіне көңіл бөлмейді.

Ал пайғамбарымыз бен қызы Фати­маның арасындағы сыйластық қарым-қаты­нас деген керемет болған. Қызы әкесі­нің үйіне келгенде Алла елшісі де қызын алдынан шығып күтіп алып, маңдайынан иіскеп, орнына отырғызатын болған. Бұл – жұмсақтық пен биязылық­тың, мейірімділіктің ең биік көрінісі. Әке мен қыз баласы арасындағы қарым-қаты­настың ең биік шыңы.

Күндердің бірінде мойнына күміс алқа салып алған Фатима әкесіне келеді. Сонда әкесі ешбір назар аудармай, әдеттегідей амандаспай қояды. Қандай көркем тәрбие десеңізші. Әкесі оны махаббатпен өсірген­діктен зерек әрі ақылды Фатима не істеу керегін бірден түсінеді. Базарға барып әлгі күміс алқаны сатып, оны садақаға жұм­сайды.

Базардан шыққан соң қайта әкесінің үйіне кірген Фатимаға әкесі ақырын көз салады. Бағанағы күміс алқаның жоқты­ғына көзі жеткен соң күлімдеп, күміс алқаның жайын сұрайды. Сатып, садақа­ға беріп жібергенін естіген соң Ансарлар­дан қанша әйел осындай күміс алқа өзіне сатып ала алады деп сұрайды. Алла елшісінің қызы күміс алқа тағып алыпты, біздің де таққымыз келеді деп шығады деп мән-жайды түсіндіреді.

Фатимаға қараған адам оның тұла бойы махаббатқа тұнып тұрғанын көретін. Ал манағыдай ұсақ-түйек мәселеде Алла елшісі қызын тақуалыққа үйрететін. Соның бәрін ол әкесінің көзі тірісінде бойына сіңіріп, әдеп дегенге үйренді.

Біз жер бетіндегі барша отбасыларға, ондағы әке-шеше мен балалардың арасындағы қарым-қатынасқа береке мен махаббат тілейміз.

 

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *