КЕМЕЛДІККЕ ЖЕТКЕН ӘЙЕЛДЕР

Өткен лекциямызда біз Мұхаммедті үлкен керуенмен Шам сапарына жіберген Хадиджаның оның жанына өзінің қызметкері Майсараны бірге ертіп жібергенін айттық. Бұл жолы Хадид­жаны үлкен керуеннің қаншалықты олжамен қайтқандығы емес, Мұхаммед жайлы мәліметтер қызықтырған болатын. Ол туралы айтылып жүрген сөздердің, оның болашақ пайғамбар екендігі қаншалықты рас екендігіне көз жеткізгісі келді. Оның үстіне, осы кездері ол түс көрген болатын. Түсінде жарқыраған күн Мекке шаһарының төбесінен сәуле шашып тұрғанын көреді. Үйіне кірген мезетте жарық нұр Хадид­жаның үйін нұрландырып жібереді. Түсін жорыту үшін ол Уарақ ибн Нәуфәлға барады. «Егер бұл аян берілген түс болса, сен соңғы пайғамбардың әйелі боласың» деп жориды. Ол біздің арамыздан шығады дейді Уарақ ибн Нәуфәл. Оның өзі адамзатқа жіберілген соңғы пайғамбарды күтіп жүрген болатын.

Ал Шам сапарынан оралған Майсара Хадиджаға монахтың сөзін жеткізіп, пайғамбарға көлеңке түсіріп жүрген екі періштені көргендігін, Мұхамедтің адалдығы мен сенімділігі, адамдармен көркем түрде қарым-қатынас жасаған­дығын, тазалығы мен үнемі жұпар иіс аңқып жүретіндігі жайлы, Алла елшісі туралы бәрін-бәрін айтып береді.

Бұған дейінгі Хадиджаның керуен­дері үнемі олжалы оралатын. Ал Мұхаммедті ертіп жіберген бұл жолғы сапары тіптен, берекелі әрі әдеттегі табыстан бірнеше есе көп олжамен қайтады. Осының бәріне куә болған Хадиджа бұл адамның тегін адам емес екеніне көзі жетеді. Содан ол болашақ пайғамбарға өзінің құрбысын жіберіп, үйленетін ойы болса, Хадиджаның ұсынысы барын оған айттырып, жібереді. Бұл Хадиджаның батылдығын, адалдығы мен тазалығын көрсетсе керек. Ол ыңғайы келіп тұрған сәтті жібермеді. Егер өнегелі ер адам мен әйел өзінің үйлену жайлы ұсынысын өздерінің сенімді адамдары арқылы шариғат жолымен жеткізер болса, оның еш айыбы жоқ. Сонда пайғамбарымыз үйленуге ниеті бар екендігін айтып, бірақ қаржылай мүмкіндігі жоғын жеткізеді. Өйткені, оның ағасы Әбу Тәліп өте сіңірі шыққан кедей болатын. Ал Шам сапары оның саудаға бірінші шығуы болатын. Хадиджаның құрбысы пайғамбардың өте сұлу екендігін, текті әулеттен шыққан­дығын әрі Хадиджаның оған тұрмысқа шыққысы келетіндігін жеткізеді. Сонда Мұхаммед ағасымен ақылдасып алып, жауабын беруге келіседі. Мұндай жаңалықты естіген ағасы қуанышын жасырмай, Хадиджа оның теңі екенін айтады. Мұхаммед енді Хамза ағасымен сөйлеседі. Алла оған разы болсын, Хадиджа жоғары дәрежедегі әйел болатын. Ақыры, екі жақ өзара келісіп, үйленуге шешім қабылдайды. Мұхаммедтің ағасы Әбу Тәліп уағыз айтып, екеуінің некесі қиылады. Бұл уақытта Хадиджаның әке-шешесінің көзі тірі болмаған соң, ағалары келеді. Сонда пайғамбарымыз ата-бабаларының бәрінде шариғатқа сай куәгерлердің қатысуымен некелері қиылғанын айтады. Ислам келмей тұрып пайғамбардың да некесі дәл солай екі жақтың куәгерлігімен қиылып, арабтардың заңымен қалыңдыққа махр төленеді. Пайғамбардың ерекше атап өткені, ата-бабаларының арасында зинақорлыққа барған ешкім болма­ғанын, бәрі шариғат талабына сай некелескенін, тектіліктің негізі – тазалықта жатқанын айтады.

Неке қию рәсіміне пайғамбарымыз өзінің сүт анасын шақырады. Оны шынайы құрметпен күтіп алған Хадиджа оған 20 саулық қой сыйға тартады. Өте кедей тұратын әйел үшін бұл қымбат сый болатын.

Тойдан кейін бақытты отбасылық ғұмыр басталады. Хадиджаның алдыңғы екі некесінен екі ұлы бар, бәрі пайғамбармен бір шаңырақта өмір сүреді.

Мұхаммед пен Хадиджа ислам келгенге дейін, яғни пайғамбарлық түскенге дейін он бес жыл бірге өмір сүрді. Бұл кездері ислам, қандай да бір бұйрықтар, уаһи түскен емес. Бірақ сенім, Алланы еске алу, тазалық болды. Осы уақыт ішінде Мұхаммед пен Хадиджаның арасында ешбір ұрыс, ашу-ыза, түсінбеушіліктер болған емес. Мұндай бақытты жағдай жер бетіндегі бірде-бір әйелдің басында болған емес. Өмірінде бір рет жұбайымен сөзге келмеген әйелді таба алмайсыз. Бірақ сондай жалғыз-ақ отбасы болды. Ол – пайғамбар мен Хадиджаның отбасы. Хадиджа көп қиындық көрсе де, оның бәрін сабырмен қабылдайды. Пайғам­барымыз әйелінен үнемі разы болатын қылықтар ғана көреді. Хадиджаны Мұхаммедке бағындырып қойған кім? Әрине, Жаратушы Алла. Ал пайғам­бардың Хадиджадан кейінгі болған тоғыз әйелімен арада түсінбеушіліктер болған. Ал Хадиджаға қатысты ондай бірде-бір жағымсыз дерек таппайсыз.

Уақыт өте пайғамбарымыз жалғыз­дықты қалап, адамдардан алыстай бастайды. Осы кездің қиыншылығының бәрін Хадиджа сабырмен көтереді.

 

Бетті дайындаған – Әсел ДАҒЖАН.

 

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *