КЕМЕЛДІККЕ ЖЕТКЕН ӘЙЕЛДЕР

Хуайлидтің қызы Хадиджа

Біз бүгін Мұхаммед (с.а.с) сүйікті жары, пайғамбарымыз үмбетінің анасы, бағалы інжу, қымбат гауһартас, осы үмбеттің аспандағы жарық жұлдызы, пайғамбарымыз өміріндегі жарқын беттердің иесі, осы дүниедегі ең кемел әйелдердің бірі – Хуайлидтің қызы Хадиджа жайлы лекциямызды бастаймыз. Жаратушының қалауымен оның тағдырына пайғамбарымыздың жары, балаларының анасы, көмекшісі әрі оның пайғамбарлығына ең алғашқылардың бірі болып куәгер болу жазылған екен. Саудамен айналысса да ол сабырлы, шыдамды, беделді, ақылды, таза әрі дана, осы үмбеттің талантты әйелдерінің бірегейі болды. Хадиджа ханымға айтылған кез-келген мақтау сөз Алланың және пайғамбардың жанынан табылады.

Хадиджа мен пайғамбарымыздың шыққан тегіне көз жүгіртсек, екеуі аталас туыс. Хадиджа Меккедегі ең беделді, ақсүйек құрайыштардың бірі, Бану Асадтың отбасынан шыққан. Олардың үйі қағбадан бірнеше метр жерде ғана болатын. Хадиджа Меккедегі ең бай әулетте дүниеге келіп, молшылық пен дәулеттің ортасында өсті. Ол бойжеткенде меккеліктердің назарында болғанымен, Халад есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Бірақ көп ұзамай ол қайтыс болады. Хадиджа екінші рет тұрмыс құрып, бірақ ажырасып кетеді. Осы уақыт ішінде ол екі ұл тәрбиелеп өсіреді. Меккеде оның өзіне сай ер-азамат болмағандықтан, ол тұрмыс құрмай ұзақ уақыт жалғыз жүреді.

Саудамен айналысқандықтан да, ол өте ақылды әрі ер адамдармен іскерлік қарым-қатынас құруда сауатты болған. Сондықтан оның жөнелткен керуендері үнемі үлкен пайдамен оралатын. Кейбір ғалымдар сол кездері Меккедегі ең үлкен капитал Хадиджаға тиесілі болғандығын айтады.

Жылдар өте ол әр жақтан Мұхаммед жайлы сыбыстар естиді. Пайғамбарымыз бен Хадиджаның жас айырмашылығы 15 жас болатын. Оның үстіне Хадиджа соңғы пайғамбардың дүниеге келгендігін және қай үйде туғандығын білетін. Себебі, Алла елшісі дүниеге келгендегі таңғжайып оқиғалардан ол хабардар еді.

Хадиджа туралы сөз қозғалғанда назар аударарлық маңызды жәйттер бар. Исламға дейін ол ішімдік ішпеген, зинақорлыққа бармаған арына адал, қадірлі жан болатын. Кейбір туыстары­мен бірге ол Ибраһим пайғамбардың дінімен танысып, қасиетті жазбаларды оқитын. Сол кезде кең етек жайған пұтқа табынушылық дәстүрі оған жат болатын. Өйткені, дін, Алла жайлы әңгімелер оның үйінде жиі қозғалатын.

Сол кездері оның құлағына Абдул­ланың ұлы Мұхаммед жайлы әңгіме жиі жетіп тұрды. Өте шыншыл, адал, өтірік пен сатқындықты білмейтін сенімді жан туралы әңгімені көп естиді. Мұндай текті адамның артында үлкен болашақ барын білген Хадиджа енді онымен жақын танысқысы келеді. Сол мақсатпен ағасы Әбу Тәліппен хабарла­сып, Мұхаммедтің сауда ісін жүргізген­дігін қалайтынын білдіреді. Оған дейін Мұхаммед меккеліктердің қойын баққа­нымен танымал еді. Оның өзі үмбетті басқару алдындағы дайындық болатын.

Жастай жетім қалған Мұхаммедке ағасы Әбу Тәліп әке орнына әке болып жүрген қамқоршысы еді. Оның өзінің шиттей балалары көп. Ол Хадиджаның ұсынысын Мұхаммедке жеткізген бойда, ол қабыл алып, жұмысқа кірісіп кетеді. Хадиджа оны үлкен керуенмен Шамға жібереді. Әрі Мұхаммедтің жанына Майсараны қосып береді. Бұл оның данышпандығын көрсетсе керек.

Баяғыда бір адам екінші бір адамға куәгер болғанда, куәгер болған адамнан Омар Ибн әл-Хаттаб: сен бұл кісіні танисың ба? – деп сұрайды. Сонда куәгер адам «иә, өте жақсы білемін» дейді. Сонда Омар:

– Сен ол кісімен бірге сапарда бол­дың ба? – деп сұрайды.

– Жоқ, – деген жауап алады. Ал динар, дирхамға байланысты онымен қарым-қатынаста болдың ба? – дегенге тағы «жоқ» деген жауап алады.

Сонда Омар оған «ендеше, сен бұл адамды танымайды екенсің» дейді.

Адамның қандай екені, шынайы бет-бейнесі алыс сапарда және алыс-беріс ақшамен болатын қарым-қатынаста көрінеді. Міне, Хадиджа бір оқпен екі қоянды бірдей атып, Мұхаммедті Шам қаласына сапарға жіберіп, жанына Майсараны да ертіп жібереді. Сол Шам сапары небір ғажайыптарға толы болады. Жолда кездескен монах ағаштың көлеңкесінде отырған Мұхаммедті көріп, ол ағаштың астына пайғамбардан басқа ешкім отырмайтынын айтып, оның Алла елшісі екендігін дәлелдейді. Тіпті, пайғамбарымызға күн ыстықта көлеңке түсіріп тұрған екі періштені де Майсара көреді. Ол пайғамбардың шыншылдығы мен адалдығына куәгер болады. Шам сапарынан олар үлкен олжамен оралады. Осыдан кейін Хадиджаның өмірінде үлкен өзгерістер басталады.

 

 (Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *