КЕМЕҢГЕРДІҢ ӨМІРІНЕН БІР ҮЗІК СЫР

«Алматы ақшамында» кей тұста өткенге, не болмаса жарық көрген кейбір жарияланымдарға бет бұрып, қайта жариялап отыру дағдысы бар. Бұл барлық баспасөзге тән тірлік. Себебі, бүгінгі өтелмей жатқан рухани олқылықтың орнын сол толтырады. Осы ой тұрғысынан келсек, редакцияға хабарласып, не болмаса ұшырасып жататын оқырмандардың дені сол баяғы Таласбек Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты атышулы эссені қайта жариялауды сұрайды.

Сонымен, біз интеллектуалды оқырманның жоғары деңгейдегі рухани сұранысын орындауға оқталып отырмыз. Оның үстіне газетке әр жыл сайын жаңа оқырман қосылып отырады. Бірде Қадыр ақынның «Мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болар едім» дегені бар еді. Сондықтан жақсы оқырманның жоғары деңгейдегі талғам-түсінігін қанағаттандыру мақсатымен сол эссені қайта жарияламақшымыз.

 

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ 

Бәрі орын-орнына келді. Ештеңе дей алмадық. Асекең екінші әңгімені қолына алды. Бұл жолы алғашқы екі беттен сәл мұқ­шиды да, содан кейін соңғы бетке бір қарады. Болды.

Әңгіменің ұзын-ырғасы. Бір жапондық өнертапқыш сиқырлы деуге болатын элек­трондық лампа ойлап шығарады. Лампаның өтіне тұрған адамның экрандағы бейнесі мүлдем басқа болып шығады. Мысалы, бір адам – кактус, бір адам – қоян болып, ал енді біреуі – акула болып көрінеді. Өнертапқыш өзінің таңғажайып туындысын алып, циркке барады. Цирктің бастығы көріп, ертең хабар­ласам дейді. Ертеңіне өнертапқышқа «Надан­дықты қорғау жөніндегі бүкіл әлемдік коми­теттің» (осындай да комитет болады екен-ау) президентінің өзі хабарласады.  Кең­сесіне шақырады. Сол президент өнер­тапқыш­тың лампасын бүкіл патентімен 200 млн. долларға сатып алады. Бұл ақшаны әйеліңіз бен бала­ларыңыз ала алмайтындай етіп банкке салы­ңыз дейді президент. Ойында ештеңе жоқ өнер­тапқыш ақшаны екіге бөліп әйелі мен балаларының атына салады. Ал енді мына контрактының құрметіне шампан ішейік дейді президент. Әңгіменің аяғында өнер­тапқыш у қосылған шампаннан өледі.

Бәріміз аңтарылып Асекеңе қарап отырмыз. Асекең жымиып күлді.

– Андрей Тарковскийдің «Сталкер» деген фильмін көрдіңдер ме? – деді содан кейін, – Ағайынды Стругацкийлердің «Жол шетіндегі пикник» («Пикнинк на обочине») деген шығармасы бойынша түсірілген.

Елдің барлығы көрген болып шықты.

– Міне, бұл әңгіменің идеясы сол «Стал­керден» алынған, – дейді Асекең. – Хотя керісінше де болуы мүмкін. Жапон жазушы­сы өз әңгімесін қашан жазды? Тарковский өз фильмін қашан түсірді, кімнен кім алды, кімнен кім үйренді – білмеймін. Тіпті, екеуі бірін-бірі білмеуі мүмкін. Идея екеуіне шамамен бір уақытта келуі мүмкін.

–       Аға, тезірек әңгімені талдаңызшы, – деді Рамазан.

–       Жақсы, – деді Асекең, – «Сталкерде» бір адам, өзінің жазылмайтын дертке ұшы­раған қызына шипа іздеп Зонаға барады ғой. Сонда Зона оған, баласына арнап шипа емес, оның өзіне зор байлық береді. Себебі, Зона, адамның ауызбен айтқанына қарап емес, оның ішкі сұранысына қарап береді. Яғни қызына ем сұрап барғанымен, кейіп­кердің шын ниеті ақшада ғана еді. Немесе Зона ешқандай сөзбен сезімге сенбейтін структура. Ол адамның ішкі матрицасына ғана жауап береді. Жапон әңгімесіндегі лампа да сондай нәрсе. Адамның сыртқы түрі мен ішкі түрі бар. Нағыз шындық сол ішкі түрінде, матрицада. Лампа экранға сол матрицаның суретін түсіреді.

Бұл жолы да ешкім үндей алмады. Тек жалт-жалт етіп бір-біріне қарасқан.

– Ал енді мына әңгімені қарап беріңіз, – деді Рамазан тағы бір кітаптың бетін ашып ұсынып.

Бұл Акутагаваның «Жылқы аяқ» («Лоша­динные ноги») деген әңгімесі еді. Әсекең әдетінше әңгімені парақтап шықты да, шылы­мын тұтатып орнынан тұрды.

– Мен сендерге бүкіл жапон әдебиетін талдап беруім керек пе? – деді жымиып, – өздерің де миларыңды қажап, біраз жұмыс істетпейсіңдер ме? Бұрылып жүре берген.

– Тым құрмаса кілтін айтыңызшы, – деді Брейнер қалжыңдай жалынып.

Асекең есікке бір сәт қана бөгелді.

– Гогольдің «Нева проспектісі» жинағын қайыра оқып шығыңдар, – деді, содан соң кетіп бара жатып.

Кейін тағы бір кездескенімізде жылдам оқу техникасы жайында әңгіме болады.

– Осылайша оқуға қалай жеттіңіз? – деп сұраған едім.

– Көп адам сөйлем қуалап оқиды, – деді Асекең. – Ең өнімді тәсіл. Ол бұрынғы әдебиетке жарасатын. Ал қазіргі әдем әдебиетінің структурасы мүлдем басқа, тиісінше ондай әде­биет басқаша оқуды талап етеді. Қыс­қаша айтқанда, қазіргі текстер сөй­лемнен емес – блоктардан тұрады. Орыстар оны «смысловые блоки», «смысловые куски» дейді. Бізше «мағыналы блоктар».

Бетіме күмәндана қарап аз-маз отырды.

– Теңеуім сәтсіз шығар, бірақ сәтсіз болса да айтайын, – деді, содан соң, – мыса­лы, көпқабатты үйлерді дайын блоктардан құрап шығады емес пе қазір. Қазіргі әдебиет те солай. Қазіргі романдар жазылмайды – дайындалады. Яғни қазіргі әдебиетті оқыған­да, сол мағыналық блоктарда ненің әңгіме етілетінін қарап қана шығасың. Болды. Мыса­лы, Акутагаваның әңгімесін алайық. Ондағы бар кілтипан әңгіменің басын бастап, аяғын тұйықтайтын екі блок. Ал қалғаны осы екеуі­нің арасын толтырған ассоциациялар ғана.

– Ал екінші әңгіме… мүлдем басқа. Тамаша, – деді сәл үнсіздіктен кейін, – тама­ша әңгіме. Біздің цензура  оны біліп өткізді ме, әлде байқамай жіберіп алды ма? Кім біледі?

Бетіме қарап күлді.

– Біз туралы, біздің система туралы әңгіме ғой. Джордж Оруэллдің «1984», «Скотный двор» романдары сияқты «Надандықты қорғау жөніндегі бүкіл әлемдік комитет», ол бүгінгі әлемнің сиқы. Өнертапқыш ойлап шығарған лампа, адамның шын бағасын беретін және оның әлеуметтегі орнын көрсететін тетік. Яғни ол ешкімге керегі жоқ, пайдасыз нәрсе. Надандық өте қымбат тұрады. Азаматты надандықта ұстау үшін қанша ақша керек болса, сонша жұмсалады. Қарашы өзің, бірді-екілі адам болмаса, өз орнында отырған адам бар ма, осы біздің қоғамда?..

…70-жылдардың соңында, біз, әдебиетпен әуестенетін жастар Төлеген ағаның үйіне көп жиналатынбыз. Әсіресе, филфактың орыс бөлімінде оқитын студенттер, орысы бар, еврейі бар, Рамазанның бөлмесінде отырып өлең оқып, пікір алмасып, әдеби салон ұйым­дастыруды әдет қылып алған. Және Төлеген ағаны іздеп келе қалса, Асекеңді арамызға шақырғанды тәуір көретінбіз.

…Қыстың бір ұзақ кеші еді. Мандельш­там­ның, Волошиннің, Ахматованың бұрын естілмеген өлеңдері оқылды. Үлкендермен отыр­ған жерінен қиылып шақырғаннан кейін, сөзімізді жерге тастамай Асекеңнің жаны­мызға келіп отырғанына біраз болған. Жұрт бір саябырсығанда Асекең тамағын кенеп алып, өзінің жағымды даусымен бір өлеңді оқи бастаған. Мәнері осынша әдемі болар ма. Ең соңында даусы болар-болмас қырылдаң­қырап:

– С любимыми не раставайтесь,

Всей кровью проростайте в них.

И каждый раз на век прощайтесь,

Когда уходите на миг, –

деп барып, аяқталғанда отырған жұрт ду қолшапалақтаған. Әңгімеден әңгіме өрістеп отырғанда, бір орыс қыз Анна Ахматованы «Шіркін, өлеңнің қандай қоқыстан өсіп шығатынын осы жұрт білсе ғой» («Ах, если бы знали из какого сора растут стихи») деген афоризмге айналып кеткен сөзін келтірді.

– Сіз қалай ойлайсыз? – деген содан соң Асекеңе қарап.

Асекең әдетінше сәл ойланып барып, жауап берді.

– Суреткер өзінің ішкі дүниесіне қалай бойласа да, бәрібір табылатыны – сол қоқыс. Бұл жерде Ахматова дұрыс айтады. Тіпті, ең тұңғиыққа барып қазына іздесеңіз де бәрібір қолымызға тек қоқыс ілінеді. Бірақ біздің бақы­тымызға орай шығармашылықтың табиға­ты тексті құрайтын элементтерге тәуелді емес. Яғни қоқысты қатар-қатар қоя салу – әлі шығарма емес. Қандай да болмасын шығарма өзін құрап тұрған бөлшектердің жиынтығына тең емес, одан биік тұр. Аздан соң қоқыстың алтынға айналып кетуі – бұл сиқырға, алхи­мияға ұқсас нәрсе. Әлемде қаншама өнердің теоретиктері болған, бірақ бірде-біреуі бұл процесті жарытып түсіндіріп бере алмаған.

– Сонымен, Анна Ахматова дұрыс айтқан ғой? – деді студенттердің бірі.

– Иә, – деді Асекең, – Сальводор Далидің «Мінсіздіктен қорықпаңыз. Сіз оған жете алмай­сыз. Оның үстіне мінсіздікте сіз қызы­ғатындай ештеңе жоқ» («Небойтесь совер­шенства. Вам его не достичь. Тем более, что в совершенствии нет ничего хорошего») деген сөзі бар ғой. Ахматованың айтып отырғаны – осы.

Сол жылдары Төлеген аға, аса қымбат ақшаға Сальвадор Далидің альбомын сатып алған. Сұрақ қойған қыз альбомның бір бетін ашып, Асқар ағаңызға ұсынған.

– Сіздің сурет сыншысы екеніңізді де білеміз. Мына суреттің мағынасын түсінбедік.

Суретте әр жерде ілінген сағаттар бей­неленген. Сағаттардан… су сорғалап, кептіруге қойған шүберектер сияқты салақтап тұр. Асекең суретке бір қарады да, қайырып берді.

– Бұл өлген адамдардың бейнесі.

Отырғандар ду күлді.

– Қалай?

– Егер Сальвадор Далидің өзі осындай эксцентриг болмаса, мен де дұрыс пікір айтар едім. Бірақ Далидың шығармаларына түзу пікір айту мүмкін емес. Үнемі қисық сөйлеп отыру керек.

– Мен мына суреттен ешқандай адамды көріп тұрған жоқпын, – деді отырған бала­лардың бірі. – Тек суы сорғалаған сағаттар.

– Ол сорғалаған су емес – уақыт, – деді Асекең кезекті шылымын тұтатып жатып. – Тірі жәндіктердің ішінде адам ғана уақытты сезіне алады деседі. Адам ғана өмірдің өтіп бара жатқанына қайғыра алады деседі. Дали өмірі таусылған адамды осылай бейнелеген. Онда не тұр? Пикассо да адамның небір схемаларын жасаған ғой.

Асекең орнынан тұрып, сәл ойланып барып тіл қатқан.

– Абай аталарың да «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма», «Сағаттың шықылдағы емес ермек» деген жолдар бар…

(Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *