Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ 

Арада тағы біраз уақыт өткенде Асекең аталған тақырыпқа қайта айналып соққан.

– Романның аяғында оққа ұшқан Ақбозаттың басын құшақтап отырып бас кейіпкердің айтатыны бар ғой. «Дүниеден ұлы жүйрік кетті» деп. Мынау метафора, символ деген біздің сыншыларымызға мәтел болып жұққан сияқты. Нені оқыса да, көздеріне символ елестеп отырады. Осы тамаша шығар­маны да символға жатқызды. Ақбозат дүние­ден кеткен қазақылықтың, қазақшылықтың символы екен. Ал мен айтар едім, Ақбозат – жеке кейіпкер болуға лайық күлік. Ол неге міндетті түрде қазақшылықтың символы болуы керек? Бұның бәрі дүниедегінің бар­лығын адамға апарып тіреп қоятын, барлығын адаммен өлшейтін антропо­центризмнің әсері емес пе екен? Ақбозат өлді, сонымен бірге жер бетінен тағы бір ұлы нәсіл көшті деп біліңіз. Бір тайпа ел қырылғандай жоқтаңыз.

Асекеңнің бір қызық мінезі бар еді. Бір жақсы әңгімені кейде амалсыз үзіп алып, арада біраз уақыт өткенде сол үзілген тақырыпты қайтадан жаңылмай табатын. Кейбір адамдар, ол қай жерде айтылған нендей әңгіме деп, естеріне түсіре алмай жататын. Кейіннен мен бұның Асекең жүрген шағын ғана ортаға тән дағды екенін байқадым. Зейнолла Серікқалиев, Асекең, семейлік Төкен Ибрагимов үшеуі басы қосылғанда бейсауат адам олардың не айтып отырғанын түсінбеуші еді. Жанындағыларды ақымақ қылып, келемеж қылып отырғандай көрінетін. Тыңдап үйрену керек екен. Алғашын­да әлдебір сөздің басын ғана айтып, аяғын жұтып қоятын әдеттеріне, шынымды айтайын, жыным келетін. Мынадай мысал. 1989 жылдың, ұмытпасам, қысының аяғы еді. Зейнолла ағаның үйіндеміз. Асекең, Төкен аға үшеуі карта ойнап отыр.

– Соғыстың аяқталғаны үшін алып қояйық, – деді Асекең, рюмкелерге коньяктан толтыра құйып.

Алып қойдық.

– 79-жылы мен айтып едім ғой, Қожана­сыр­дың қақпасы деп, – деді Асекең.

– Иә, алғаш айтқан сен едің ғой, – деді Зейнолла аға жымиып.

Үшеуі карта ойнап отыра берді. Үш дуана­ның ортасына кіріп кеткендей болып мен отырмын. Кейіннен ішіме сыймай, Зейнолла ағаға ренішімді айтып салдым.

– Осы сіздердікі не әдет? Бірнәрсені тамшы­латып қана айтасыздар. Жандарыңызда отырған адамдар дым түсінбейді. Бұл не сонда, мазақ қылғандарыңыз ба? – дедім.

Зейнолла аға жымиып күлді.

– Таласжан, ренжіме. Мысалы, бір топ адам бір-бірімен араласа келе осындай тілге көшеді. Әлгі постмодернизмнің пайғамбарларының біреуі айтты деген сөз бар ғой, «Әннің бәрі бая­ғы­да айтылып және мың рет қайталанып болған» («Все песни спеты и тысячу раз перепеты») деген. Араларындағы сырдың барлығы белгілі адамдар, өздері білетін әңгімені қайталап айтып жатуы шарт емес. Ондай адамдар емеурін арқылы сөйлесе береді. Буддист монахтар бір-бірімен «коан» арқылы сөйлеседі ғой. Кейін сендер де осылай сөйлесіп үйренесіңдер.

– Жарайды, онда өткенде айтылған Қожана­сырдың қақпасы деген не әңгіме, түсіндіріңізші маған, – дедім мен.

Зейнолла аға рахаттанып тұрып күлді.

– Ол былай, – деді содан соң бетіме қарап мейірлене жымиып алып. – Қожанасыр есігінің алдына қоршауы жоқ қақпа қойып қойған ғой. Адамдар қақпаны айналып өтсе, қақпадан кірмейсің бе деп таяқпен ұрып айдап шығады екен. Қоршауың жоқ қой, қалай кірсек те бәрібір емес пе дегендерге, «Әй, қоршаудың бар-жоғында сенің не шаруаң бар. Қақпа не үшін қойылған?» деп жауап береді екен. 1979 жылы кеңес әскері Ауғанстанға кіргенде Асқар ағаң осы мысалды келтірген. Біз Ауғанстаннан быт-шыт болып жеңіліп шығамыз деді. Сонда «Қаламгерде» отырған біреу: «қалай жеңіледі екенбіз, әлемді тітіренткен Кеңес Одағы емеспіз бе», – деді. Асекең сонда: «Қожанасыр бәрібір бізді қақпадан кіруге мәжбүр етеді», – деді. Ал анау адам ештеңе түсінбей, иығын қиқаң еткізді де кете берді. Асекеңнің айтқан жұмбағын түсіндіріп берейін саған. Қожекеңнің хикаясын сол оқиғаға өлшесең, онда Асқардың айтып отырғаны мынау: «Ауғанстан қандай әлсіз ел болса да, яғни қоршауы жоқ, қақпасы ғана бар ел болса да, Кеңес Одағы құрметтеп қақпадан кіруі керек еді. Біз халықаралық заңдарды белінен басып, қақпаны айналып өте салдық. Бірақ ерте ме, кеш пе, бәрібір адамдықтың заңымен санасуға мәжбүр боламыз, яғни бәрібір Ауғанстан бізді айдап шығады да, қақпадан кіргізеді. Асқардың айтқаны тура келді. Он жылдан кейін жеңіліп шықтық. Міне, Таласжан, сені шамдандырған мылқау әңгіменің сыры осы еді.

Кейіннен Борхестің «әлемдік кітапхана» жайлы идеясын бойыма сіңіргенде барып, Асекең мен оның етене ортасының түсініксіз мінездерін, таңғажайып сөйлеу мәнерінің сырын пайымдадым. Әлемдік әдебиет уақытта емес – кеңістікте ғана өмір сүреді. Егер де сен сол «әлемдік кітапхананың» адамы болсаң, онда сен үшін уақыт ұғымы жойылады. Кез-келген тақырып – сенің етене тақырыбың, қай заманда қозғалған тақырып болса да. Қай кейіпкер болса да, сенің етене танысың, қай заманда өмір сүргеніне қарамастан. Асекең ешқандай дайындықсыз мүлдем таңсық тақырыпты қозғайтын. Қарсысында отырған адам түсінеді, ақылына өзі қондырып алады деп сенгендіктен болар. Әйтсе де, бұндай мәнерде әңгімелесу, әлем әдебиетін біршама меңгерген менің өзім үшін де қиындау еді. Алайда, кейіннен бұл техника маған үлкен пайда келтірді. Қандай да болмасын шығарманың мінезін және не айтпағын алғашқы беттен немесе кейде тіпті бірнеше сөйлемнен аңғаруды үйрендім. Арада бірнеше жыл өткенде Асекең бір әңгімесінде:

– Абай атаң айтқан ғой, «Шын жүрек – бір жүрек» деп. Адамда  адамдарды сүйетін арнайы бір жүрек және табиғатты, адамнан басқа тірі жәндікті сүйетін бөлек жүрек болмайды. Өз басым табиғатты сүймейтін адамның басқа адамды сүйе алатынына күмәнім бар, – деп еді.

Сол сәтте мен, бұл бір кезде Тәкен Әлім­құлов қатысқан дастархан басындағы әңгіме­сінің жалғасы екенін түсіндім. Қолыңмен құс аулап үйренген күні олжаң аққу емес – шымшық болса да қуана біл. Себебі, танымның жаңа сатысына көтерілдің.

Сексенінші жылдардың басында Төлеген Тоқбергенов ҚазМУ-дің филфагында, ұмытпасам, «почасовик» болып әдеби сыннан сабақ беріп жүрді. Бірде кезекті лекцияны жүргізіп беруге Асқар Сүлейменовті шақырды (ол кезде ҚазМУ қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы отырған ғимаратта еді). Естіп алып, барып, студенттермен араласып ауди­торияға отырып алдық. Асекеңнің өзіне жарасатын қалжыңы бар еді, арт жақта отырған бізді көріп жымиып күлді де:

– Баяғыда бітіріп кеткен адамдар мұнда неғып жүр? – деді Төлеген ағаға қарап.

Сол кеште Асекеңнің философияның көне бастаулары жайында айтқан бір сөзі есімде қалыпты.

– Қандай философия болмасын, ол ең әуелі – экзистенциалдық философия. Және соңында да ол – экзистенциалдық философия. Егер де экзистенциалдық болмаса – онда ол ешқандай да философия емес. Мысалға, батыс әлеуметі және кеңес ғылымы пайдаланатын «натурфилософия» деген термин, ол халық­тардың, ұлттардың біреуін жоғары, біреуін төмен қою үшін ойлап шығарылған. Натур­философия, яғни «натуралдық философия» немесе табиғаттың құбылыстарын енді ғана пайымдай бастаған пәк, ал дәлірек айтқанда, жабайы философия деген терминнің тасасынан саясаттың құлағы шошайып көрініп тұр. Ешқандай да натурфилософия жоқ. Тек қана өз заманына лайық экзистенциалдық философия бар.

Асекең аудиторияға бір көз тастап, қыз-жігіті араласа бірнеше орыс студенттерінің отырғанын байқады да, сөзін орысша жалғаған.

– Философия,  когда бы она ни сущест­вовала, и как бы она ни называлась, была, есть и остается экзистенциальной, то есть жизненной. Древний человек, Ветхий Адам, свою пещерную драму переживал так же жизненно, так же страстно, как современный человек переживает свои экзистенциальные проблемы. Поэтому, нет никакой натурфило­софии, а есть экзистенциальная философия, которая из века в век меняет только свою форму, но не сущность.

Содан соң, қайтадан қазақшаға көшті.

–    Көне түріктер өздерінің көне түріктер екенін білген жоқ. Көне скифтер өздерінің көне скифтер екенін білген жоқ. Кейіннен философияның тарихы деген пәннің пайда болатынын білген жоқ. Олар тек өмір сүрді. Жауласқанмен жауласты, достасқанмен достасты. Қанды да төкті, күйді де, сүйді де. Және өздерін Жаратқан Иенің баласымыз деп санады. Соғыс пен жаулықты бір-біріне өш құдайлар мен киелердің, бір-біріне жау негіздердің соғысы деп қарады. Достық пен махаббатты да түрлі киенің жарасым табуы деп қарады. Майданда аяспады, ал достасқанмен құдайдай сыйласты. Балалар, аталарыңнан қалған қымбат мүліктегі неше түрлі айуандардың бірін-бірі қаужап, бірімен-бірі қаржысып жатқан суретінен, бедерінен осы аталарыңның өмірлік философиясын танып үйреніңдер. Тарихын дұшпан елдер жазған қазақ үшін ең басты, ең қасиетті дерек – осы.

Артынан кафедрада шағын дастархан жа­салды. Мұғалімдермен қатар бірнеше аспи­рант­қа қатысуға рұқсат берілген екен. Кеш бойы ешкім ештеңе деген жоқ. Бүкіл дастархан басындағы атмосферадан мейманға деген шексіз құрмет есіп тұрды. Кеш бойы Асекең ғана сөйледі. Өзінің бұйығылау естілетін қоңыр даусымен отырған жұрттың ақылы мен жүрегін қоса тербеген. Мен жалғыз қайттым. Көкірегімдегі әсерді бұзып алмай сақтағым келгеннен болса керек.

(Жалғасы бар).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *