Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр

«Алматы ақшамында» кей тұста өткенге, не болмаса жарық көрген кейбір жарияланымдарға бет бұрып, қайта жариялап отыру дағдысы бар. Бұл барлық баспасөзге тән тірлік. Себебі, бүгінгі өтелмей жатқан рухани олқылықтың орнын сол толтырады. Осы ой тұрғысынан келсек, редакцияға хабарласып, не болмаса ұшырасып жататын оқырмандардың дені сол баяғы Таласбек Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты атышулы эссені қайта жариялауды сұрайды.

Сонымен, біз интеллектуалды оқырманның жоғары деңгейдегі рухани сұранысын орындауға оқталып отырмыз. Оның үстіне газетке әр жыл сайын жаңа оқырман қосылып отырады. Бірде Қадыр ақынның «Мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болар едім» дегені бар еді. Сондықтан жақсы оқырманның жоғары деңгейдегі талғам-түсінігін қанағаттандыру мақсатымен сол эссені қайта жарияламақшымыз.

Таласбек Әсемқұлов

 1981 жыл. Көктемнің аяғы еді. Ұлт-аспаптар музейінде қызмет етемін. Асекеңе телефон шалып едім, ҚазПИ-ге келіп кет деді. Горький атындағы әдеби инсти­тутқа қабылдау жүріп жатыр екен. Асекең емтихан комиссиясының төрағасы. Қазақ тілінен орыс тіліне аударылған бірнеше шығарманы қолыма ұстатып, үлгермей жатыр­мын, көмектесіп жібер деді. Екеуміз түстен кейін жұмысты бітіріп, Панфилов паркіне қарай аяңдадық.

– Төлегеннің үйіне барамыз. Зейнолла ағаң сол жерде тосып отыр, – деді Асекең.

Бұл кезде Рамазан әскер қыз­ме­тінде, ол үйге барудың реті де жоқ еді.

– Қайта Рамазан жоқ кезде барып, әке-шешесінің көңілін аулап тұру керек, – деді Асекең. – Бәтима да, Төлеген де, екеуі де сені жақсы көреді. Неге келмей кетті деп сұрап отырады.

Бұл бір ерекше кеш еді. Барлығы қол­қалап маған домбыра тартқызды. Күй шертіп отырып Асекеңе қарап қалдым. Мені оның көзіндегі аяушылық сезімі таңқалдырған. Бұрын да Әуезов музейінің шағын концерт залында өнер көрсеткен кезімде бірнеше рет байқағанмын. Байқағанмын, бірақ түсінбе­генмін. Аяушылық, бауырмалдық, тағы қанша­ма тілектестік, содан соң… үрей. Үрей мүл­дем түсініксіз еді. Соңыра тарасқан кезі­мізде мені жанына ертіп алып, Алматының түнгі көшелерін ұзақ кезген. Сондағы айтқаны әлі есімде.

– Сен тұтас бір күй мектебінің жалғыз өкілісің. Бұл тарапта сенің ағаң да, інің де, ешқандай туысың да жоқ. Тек өліп қалған әкең ғана бар. Біздің қолдан тілектес болғаннан басқа не келеді. Сондықтан саған айтарым, әлгі, Махамбет атаңның «Қазанат сені сақтадым, Азамат сені сақтадым» дейтіні бар емес пе? Сол сияқты, сен де өзіңді сақ­тауға міндеттісің. Сен өзің шәкірт тәрбиелеп шығарғанша – жападан-жалғызсың. Саған айтар өсиетім, ешқашан ешкіммен жауласпа. Біреу  тілдеп жатса, ол сөзді басыңнан асыра сал. Біреулер қорқақ екен дер. Айта берсін. Сенде бар күй қазынасы ешкімде жоқ. Сен таланттысың. Ал біздің қоғамда талантты болған қатерлі. Сен мені дұрыс түсін. Сақтық пен қорқақтықты шатастырма. Мен енді қанша жасаймын, құдай біледі. Кейін, Асқар ағам осылай деген еді деп айта жүрерсің.

Сол кезде мен «Франкенштейн немесе бүгінгі Прометей» романын оқып, қатты әсерленіп едім. Ойымды бөліскенде Асекең әдетінше сәл ойланып барып, сөйлеп кетті.

– Мэри Шеллидің романы ғой. Ол өзі белгілі философ Уильям Годвиннің қызы. Жеті атасынан бері пәлсафа қуалаған даныш­пан әулет. Барлығы интеллектуал болған. Ғылымның жауапкершілігі мәселесі бізде енді ғана айтыла бастады. Себебі, тықыр таянды. Ал Мэри Шелли бұл мәселені ХІХ ғасырдың басында айтып кеткен. Қыздарына дейін осындай ақылды, ол тұқымның қандай болға­нын осыдан-ақ шамалай бер. Бірақ мен бұл романды басқаша түсінем. Виктор Франкен­штейн, ұмытпасам, швейцар ғалымы ғой деймін, иә. Ол қолдан жасап шығарған жасан­ды алып адам қоғамнан, адамдардың арасынан өз орнын таба алмай, ақырында адамзатпен жауласады ғой. Жарты өмірін осы алыпты жаратуға жұмсаған ғалым қалған өмірін енді өзінің туындысын жоюға жұмсайды емес пе. Бұл роман көп ұзамай символдық мағынаға ие болды. Еуропада Франкенштейн – бір тетікті тудыруын тудырып алып, ақырында оған өзі ие бола алмаған ғылымның символына айналды. Мынадай бір қызық дерек оқығаным бар. Англияның парламентіндегі мәжіліс кезінде лордтардың біреуі сол кездегі Үндістандағы көтерілістерді сөз қылып, «отарлық жүйе мен құл иеленушілік – Ұлыбритания өзі қол­дан жасаған құбыжық, егер де біз отар­лардан, құл иеленуден арыл­масақ, онда Франкенштейннің аяғын құшамыз, Англиядан айырыламыз» деген екен. Романның аяғында Виктор Франкенштейн «Мен алғаш рет Жаратушының өз туындысының алдында жауапкер екенін түсіндім. Қиянат­тарын айтып айыптамас бұрын мен оны бақытты етуім керек еді» дейді ғой. Батыстың сын­шылары үнемі осы идеяны талдауға тиянақ етеді. Әрине, бұл текстің аясынан шықпайтын мұқият қана талдау. Оқушылық талдау. Ал енді текстен шығып, контекстің биіктеу бір қабатына көтерілсеңіз, романның оқиғасы Библияның бірінші кітабы – Көне Өсиеттен алынғанын бірден байқайсыз. Құдай Адам-Ата мен Хауа-Ананы жаратады. Олардан бүкіл адамзат нәсілі тарайды. Бірақ кейіннен адам баласына ие бола алмаған Жаратушы ақырында топан суын қаптатып, бүкіл тіршілікті жояды. Яғни Мэри Шелли Библиядағы мәңгі сюжетті кішірейтіп, былайша айтқанда, жерге қондырып барып пайдаланған. Виктор Франкенштейн – ол да демиург, Жаратушы. Осы тұрғыдан маған үнемі бір ой келеді. Менің пікірімше, Адам – Жаратушының ең сәтсіз жобасы.

– Келесі жаратылыста сәтті болатын шығар, – дедім мен.

– Келесі жаратылыс бола ма, болмай ма, оны болжау қиын, – деді Асекең.

– Құдайға сенесіз бе? – деп сұрадым.

– Сенем, – деді Асекең. – Бірақ икона­дағы адамтұрпатты құдайға емес. Әлемдік сана ретіндегі Құдайға сенем. Құдай бұл дүниеде емес. Бұл дүние – Құдайда. Құдай өзі жаратқан дүниеден тыс бола алмайды. Ол өзінің барлық құбылысында – Құдай. Мен түн ішінде жауған бал татыған жауыннан Құдай­ды көрем, соған сенем. Таудан аққан бұлаққа сенем. Сахараны кернеп емін-еркін ескен қоңырсалқын самалға сенем. Ақжүрек адал адамның сөзіне сенем. Осылардан тыс мен үшін Құдай жоқ.

Өнебойым елжіреп, біртүрлі болып кеттім. Домбырамен шертілген әлдебір қамрықты күйді тыңдап тұрғандаймын. Асекеңнің даусы алыстан талықсып естілді.

– Білем, адам – әлсіз. Осы жүрген ешқайсымыз да мінсізбіз деп айта алмаймыз. Абай атаңның сөзі бар ғой «Ат көтермес мінім бар» деген. Бірақ бәрібір адамды құрметтей білу керек. Өмірді жақсы көру керек. Егер де өмірден жерісең, онда өмір де сенен жериді.

Кейін дін пәлсафасына қатысты тағы бір әңгімесінде Асекең жоғарыда аталған тақы­рыпты тағы бір қозғап өткен.

– Ислам – қияметтің діні. Бірақ дүниеде Құдай ұғымы жоқ. Құдай дегеннің не екенін білмейтін діндер бар. Дзэн буддизмде адам өз тағдырына өзі ие. Құдай да жоқ, періште де жоқ. Адамның өзі ғана бар. Бір қызығы, Батыстың озық ғылымы бүгінде осы дзэннің мистикасына бет бұрып отыр. Батыс ғылымы пайдаланатын «беспричинное творение», яғни «ешқандай себепсіз жаратылыс» деген термин бар. Осы термин барлығын түсіндіреді. Реинкарнация дегенді естуің бар шығар.

– Иә, дүниеге қайта-қайта келу ғой, – дедім.

– Дұрыс айтасың, – деді Асекең. – Бір буд­дистік тексте «Адамды мына дүниеге қайта-қайта алып келетін нәрсе – ниеттің ағыны» («Поток желаний бесчисленный раз возвращает человека в этот мир») деген сөз бар. Міне, осы бір ауыз сөз бүкіл жараты­лыстың сырын түсіндіреді. Себебі, мына дүниені кім жаратты, ол қалай жаралды деп қоймай іздеп, ақыры сол себепті тапқан сәтте, сіз, бар болғаны… басқа бір ғаламға өтесіз. Өтпеуіңіз де мүмкін. Болды.

Кейін мен Станислав Грофтың «Транс­пер­сональная психология» деген кітабын оқып отырып, қайран қалдым. Автор психо­деликалық тәжірибелер барысында адамның тумай тұрғандағы, анасының жатыры ішіндегі естеліктеріне дейін жетіпті. Бірақ пендеде ынсап болған ба. Енді автор, ал бұрын, мына дүниеге Станислав Гроф болып келгеніме дейін, бұрынғы өмірімде мен кім болдым деп, өз тәжірибелерінде жатырдан ары бармақ болғанда бір қап-қара есікке тіреліпті. Ары қарай жол жоқ. Бірақ аталған кітап Асекең дүниеден өтіп кеткеннен кейін шет елден жеткен. Яғни жоғарыдағы ойларды Асекең буддистік текстерден қорытып шығарған.

Бірде, тағы да әдеби ортаның жиынында бір ақын ағамыз сол жерде отырған Тәкен Әлімқұловқа сауал тастады.

– Әй, Тәкен, мен сенің «Ақбозатыңды» оқып шықтым. Сөз саптасың, бәрі жақсы. Қатты ұнады. Тек шығармаңның идеясын түсінбедім. Қазақта қыздың қалыңмалына жылқы беруші еді. Бірақ о заманда-бұ заман, жылқының жолына қыз бергенді қайдан көрдің? Бұнымен не айтқың келген сонда?

Тәкен ағамыздың бір қызық әдеті бар еді. Біреудің сұрағына жауап берерде бетінің ұшы бозарып, мұрнын уқалап аз-маз отырып қала­тын. Сырын білмейтін адам оны ашула­нып отыр деп ойлап қалар еді. Бұл жолы да жүзі сәл қуарып отырып қалды. Содан соң дастарханның қарсы бетінде отырған Асекеңе саусағын шошайтты.

– Оны мына Асқардан сұраңдар. Идеяны берген осы еді.

Бұл жолы да дастархан басында жастар көп еді. Асекең көзі жасаураңқырап, ойла­нып отырып қалды. Содан соң баяу сөйлеп кеткен. Бөлмеде сілтідей тыныштық орнады.

– Әрине, бұл Тәкен екеуміздің ашқан жаңалығымыз емес. Әлем әдебиетінен осыған ұқсас талай мысал келтіруге болады. Лермон­товтың «Бэла» деген әңгімесінде, естеріңізде болар, анау жалаңқылыш Казбич деген бар емес пе, соның өзі мініп жүрген атын мақтап айтатын әні бар ғой.

 

Много красавиц в аулах у нас,

Звезды сияют во мраке их глаз.

Сладко любить их – завидная доля,

Но веселей молодецкая воля.

 

Золото купит четыре жены,

Конь же лихой не имеет цены.

Он и от вихря в степи не отстанет,

Он не изменит, он не обманет.

 

Кейіннен Бэланың інісі сол жүйріктің өтеуіне деп өз әпкесінің қол-аяғын байлап Печоринге әкеп тастайды ғой. Тәкен өз рома­нында бұл мәселені ары қарай тереңдеткен.

(Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close