Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр

Қали Сәрсенбай

Өмір тез өзгеріп жатыр. Уақыт ағымына ілесу мүмкін емес. Күнде жаңалық болмаса да, жаныңнан басқаның бәрі бар тәрізді. Дейтұрғанмен де, бір нәрсе жетпей тұратыны және рас. Меніңше, ол рухани кемелденуге, қазіргіше айтсақ, рухани жаңғыруға алып баратын тың бастама, іргелі ізденістің, қайнар көздердің қашанда сирек болатыны. Бүгінгі күн рухани қажетіңді, сұранысыңды қанағаттандырмаса өткенге жүгінуге тура келеді.

Қазіргі оқырман кешегі оқырман емес. Оның талғамы биіктеп кетті. Олардың басым бөлігі жаңаша тұрғыдан ойлайды. Қазақ руханиятының бірі  ұлы сағасы да, саласы да оның ұлы әдебиеті. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ бүгінде сол әдебиетке, оның ірі өкілдеріне де сын айтушылар бар. Онымен келісуге де, келіспеуге де болады. Себебі, уақыт қанша зымыран болса да ой-пікірі, көзқарасы дәл бүгін айтылғандай маңызын жоймақ емес. Демек, бүгінгінің сөзін айтып кеткен ақылмандар да аз болмаған. Соның бірі де бірегейі Асқар Сүлейменов екені даусыз.

Сонымен айтпағымыз не? «Алматы ақшамында» кей тұста өткенге, не болмаса жарық көрген кейбір жарияланымдарға бет бұрып, қайта жариялап отыру дағдысы бар. Бұл барлық баспасөзге тән тірлік. Себебі, бүгінгі өтелмей жатқан рухани олқылықтың орнын сол толтырады. Осы ой тұрғысынан келсек, редакцияға хабарласып, не болмаса ұшырасып жататын оқырмандардың дені сол баяғы Таласбек Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» атты атышулы эссені қайта жариялауды сұрайды. Таяуда «Парасат палитрасы» атты мақаламда бұл эссенің сол тұста қоғамда қаншалықты рухани дүмпу туғызғанын айтқанмын, енді оған қайта оралудың қажеті бола қоймас.

Бұдан бұрын Тәкеңнің көп томдығы аз данамен жарық көрді. Оған осы эссе де енді. Алайда, ол оқырманның қолына түсе бермейді. Ал газеттен немесе оның сайтынан оқуға мүмкіндік бар.

Сонымен, біз интеллектуалды оқырманның жоғары деңгейдегі рухани сұранысын орындауға оқталып отырмыз. Оның үстіне газетке әр жыл сайын жаңа оқырман қосылып отырады. Бірде Қадыр ақынның «Мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болар едім» дегені бар еді. Сондықтан жақсы оқырманның жоғары деңгейдегі талғам-түсінігін қанағаттандыру мақсатымен сол эссені қайта жарияламақшымыз.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ 

Мен ол адаммен 1973 жылдың қыркүйек айында танысқан едім. Содан бері отыз сегіз жыл өтіпті. Уақыт көп нәрсені өзгертеді екен. Бүгінгі күн биігінен қарасам, ол адамды бозбала кезімнен емес, бүкіл саналы өмірімнің барысында білген сияқтымын. Оның көптеген ойлары, ақылды сөздері қазақ мәдениетінің тәніне дарыды, етенесіне айналды. Әрине, мен оның өмірдегі және өнердегі тұлғасын толық қорыта алдым дей алмаймын. Бірақ ол жайында оның тірісінде білгенім және бақиға кеткеннен кейін ол турасында ойланып, пайымдап жеткенімнің өзі замандастарыма айтып беруге жарайтын әңгіме деп ойлаймын.

73-жылы мен арман арқалаған он жеті жасар бозбала, Алматыға келдім. Өзімнің нағашы атам және ұстазым Жүнісбайдың тапсырмасымен Жарқын Шәкәрімовті іздеп таптым. Ол кезде бүкіл одақтағы күйтабақты жалғыз «Мелодия» фирмасы  шығарады. Фирманың редакциясы М.Әуезов атындағы бас театрдың үшінші қабатында екен. Жарқын ағаммен танысып, арқа-жарқа болып отырмыз. Аздан соң қолыма домбыра ұстатты. Бірнеше күйді шертіп бердім.

Жәкең қатты риза болып: «Қой, мен сені Асекеңе көрсетпесем болмайды екен» деп мені дәліздің басқа бір қалтарысындағы бөлмеге ертіп барды. Орақ мұрын, қараторы өңді, әдемі адам плащы мен шляпасын киіп, қолына папкасын ұстап енді шығайын деп жатыр екен.

– Асеке, – деді Жарқын ағам, – мына бала ауылдан келген екен. Домбырашы. Бір тыңдап кетіңізші.

– Бұл – Асқар Сүлейменов деген ағаң болады, – деді содан соң маған бұрылып.

– Осы театрда қызмет етеді. Қол алысып таныстық.

– Ал, кәне, ильхамыңды көрейік, – деді Асекең тікесінен  тік тұрған күйі. Әуеліде Байжігіттің бір күйін шерттім. Папкасын үстел үстіне қойып тыңдады. Содан кейін сәл үңіліңкіреп:

– Тәттімбеттен не білесің? – деді.

Тәттімбеттің «Зар Қосбасарын» шерт­тім. Енді Асекең киімін шешіп, орын­дыққа орнығып отырып тыңдады. Күй кеші ұзаққа созылды. Мені жаңа танысымның күй турасындағы білгірлігі мен эрудициясы ғана емес, сондай-ақ аз сөйлеп, көп мағына жеткізе алатын дағ­дысы қайран қалдырды. Қазақ ауылында өстік, небір тілді, шешен адамдарды көрдік. Бірақ бұлай түйіндеп, аса қымбат мән-мағынаның өзін елеусіз ғана сөз арасына қыстыра салғанды бірінші рет көргенім. Бұл адам үшін бұндай өре әдепкі нәрсе екені байқалды. Міне, Асекең осылайша бала деп қомсынбай, жолынан қалып, өнерімді тамашалап, бағалап беріп еді.

– Өнерің өрісті болсын, – деді қо­лым­ды қысып қоштасып тұрып. – Әбікен, Мағауия, Төлеген мен Генерал Асқаров сияқты дәулескер күйшілерді көп тыңдау керек. Күйші тыңдап өседі, тыңдап жетіледі. Содан кейін бауырым, әншінің қазынасы – даусы болса, сенің қазынаң – саусағың. Қолыңды мертік­тіріп алмай күтіп ұста.

Мен, бір кештің әңгімесімен бүкіл дүниемді төңкерген бұл адаммен үш жылдан кейін, 76 жылдың күзінде екінші рет таныстым. Осы қайыра таныстығым шын таныстығым екен.

Әскерден кейін ҚазПИ-дің филоло­гия факультетіне оқуға түстім. Оқу жылының басында орыс бөлімінде оқитын Рамазан деген курстасыммен таныстым. Белгілі сыншы Төлеген Тоқбергеновтің баласы болып шықты. Көп ұзамай Төлеген ағаның жанұясымен де таныстық. Сыншы ағамыздың жары – танымал ақын Бәтима Батырбекова еді. Әдебиетшілердің шаңырағы әдеби рух. Жиналып алып күні бойы айтатынымыз тек әдебиеттің әңгімесі ғана.

Бірде Бәтима анамыздың қуырдағын жеп, шайын ішіп, «әлемдік әдеби проб­лемаларды» талқылап, есіп отырғаны­мызда, Төлеген ағаның кабинетінен бір адам шығып, ас үйдің есігіне келіп тұрды да:

– Привет, молодым демократам! – деді.

Жалт қарадым. Асекең. Ол да мені бірден таныды.

– Ә, күйші бала, сен де осында екен­сің ғой, – деді жымиып. – Рамазан екеуің дос екенсіңдер ғой. Өте жақсы.

Содан кейін Асекеңмен Төлеген ағаның, Зейнолла ағаның (Серікқалиев) үйлерінде талай рет кездесіп, дастар­қандас, сұхбаттас болыппыз. Өмірінің соңғы кезінде ол белгілі домбырашы Секен Тұрысбековпен көп араласты. Бірнеше рет Секеннің үйінде де кездестік.

Мен бұл мақалада Асқар Сүлей­менов­тің өзім куә болған өмірін баян етейін деп отырғаным жоқ. Бұл – болашақ биографтардың міндеті. Мен тек қана ол адамның ойының өресін көрсеткім келеді. Бүгінде өнер, ғылым мен білім үздіксіз жіктелу үстінде. Күнде ойымыз түгілі түсімізге кірмеген жаңа сала, жаңа термин ашылып жатады. Асқар Сүлейменовтің күрделі танымын салалап, жікке жатқызу белгілі дәрежеде қиындық туғызады. Әдетте ондай бітім­дегі синтетикалық танымды зерделеу кезінде автор оқырманмен шартты бір термин жайында келіседі. Мен де оқыр­манмен келісе отырып, діни пәлсафа деген терминді пайдаланғым келеді. Өйткені, дін пәлсафасы мәдениет­тің денін қамтитын болғандықтан, біз әңгіме етпек адамның әдеби я басқа да ойларының бір шеті міндетті түрде дінге жанасып тұрады.

Бірден ескерте кетейін, мен тілге тиек ететін мәселелерді сіз Асқар Сүлей­ме­новтың жазба мұрасынан таба ал­мауыңыз мүмкін. Кейбір адамдар үшін Асекеңнің бұл ойлары таңсық болып көрінер. Асекеңнің отырысы – сұхбат­тасының өресіне қарай еді, жауабы – сұрақтың ыңғайына орай еді. Содан соң  ой еңбегімен айналысқан көп адамның айтқаны ауызекі әңгіме түрінде жетіп, хатқа содан кейін түскен. Ой тарихында бұл көп рет қайталанған жәйт.

Асекең пірадар емес еді. Догматтарды мойындамайтын. Ол әлі аяқталмаған, әлі жалғасып жатқан жаратылыс жағында болатын. Плюреалист еді. Вольтер «Мен сізді жеккөрем, бірақ өзіңіздің пікіріңізді айтуыңызға барынша көмек көрсетем» («Я ненавижу вас, но я сделаю все, чтобы вы смогли выразить свое мнение») деген екен. Асекең ойына келіспейтін, ұнат­пайтын адамының пікіріне де құрметпен қарайтын. Сөзі басқа адамды таптап, аузын жауып, сөйлетпеуді уағыздаған, ойы басқаны жау деп жариялап, қоғам­нан аластап дағдыланған тоталитарлық жүйенің кезінде Асекеңнің бұл мінезі ерекше сананың көрінісі еді.

1979 жылдың наурыз, я сәуір айы. Күн жылы болғанымен, бұлыңғыр. ҚазПИ-дің жаратылыстану-география факультетінің мәжіліс залында бірнеше белгілі әдебиетшілермен кездесу болды. Олар: Зейнолла Серікқалиев пен Төлеген Тоқбергенов, жаңа таныла бастаған сыншы Сайлаубек Жұмабеков, тағы бірқатар ақын-жазушы және Асқар Сүлейменов еді.

Асекең кездесудің басынан тұнжы­раңқырап отырып, ең соңына қарай сөз алған. Оқырмандар көп сұрақ қойды. Сөз иесі бірде-бір сұрақты жауапсыз қал­дырған жоқ. Ақырында бауырын жаза келе, ақындай шабыттана сөйлеген. Талай байқағаным, ол кісі сөзін бас­та­ған­да үстіңгі ерні қинала бүріліп кететін. Біртүрлі, тістеніп сөйлеп тұрған адам сияқты әсер қалдыратын. Аздан соң, ішіндегі түйіннің барлығы шешіліп, өзінің қоңырқай тембрлі даусымен ағындап сөйлеп кеткенде одан көркем, одан көрікті адам болмаушы еді.

Естелік – стенограмма емес. Ол кеште қанша сұрақ қойылды, Асекең оның қайсысына қалай жауап берді, тәптіштеп есіме сақтай алмадым. Әйтеуір әсері қалды, рухани әлемімнің тазарып, ой өлкемнің жаңаша гүлденіп шыққаны есімде. Міне, сол таңғажайып кештен қалған бірнеше әңгіме.

Жақсы дайындығы бар оқырман­дардың біреуі Э.Хемингуэйдің «По ком звонит колокол» романындағы бас кейіпкердің характеріне, оның құрбан­шылдығына қатысты сұрақ қойған. Асекең аз-маз ойланып отырып жауап берді.

– Ұмытпасам, романның эпигра­фында Джон Донның өлеңі келтірілген ғой. «Бір жерде қоңырау соғылып жатса, кімнің азасы екенін сұрама, себебі, ол қоңырау сені де жоқтап жатыр» деген өлең жолдары. Яғни Испаниядағы соғыстың барлығымызға қатысы бар деген ойды айтпақ болған ғой, Хемингуэй. Сондай-ақ, бұдан да биік ойды кезінде Бетховен айтқан. Өзінің ең әйгілі симфониясының мағынасын ауызша түсіндіріп, «Адамдар өлген сайын ажал маған жақындап келеді. Маған мүлдем қатысы жоқ айдаладағы бір адам өлгенде де – тағдыр келіп менің есігімді қағады», – деген. Испаниядағы соғысты, ол қалай болғанын біз білмейміз. Хе­мингуэйдің романы сол соғыстың өзі емес – көркем тарихы ғана. Жалпы, мән-мағына не үшін керек? Тіршілікті ары қарай жалғастыру үшін керек. Егер де адам мына дүниеден ешқандай мән-мағына таба алмаса, онда оның тіршілігі сол сәтінде тоқтайды.

– Түсінбедім, аға, – деді сұрақ иесі студент. – Кешіріңіз.

Асекең төтесінен бір-ақ тартты.

– Яғни бұл роман сол бірінші дүние­жүзілік соғысқа қатысқан, күйреп қайтқан ұрпақты жұбату болып табы­лады. Бірақ Роберт Джордан партизан­дарды алға оздырып жіберіп, өзі тос­қауылда қалғанда, сол партизандар үшін, я басқа біреу үшін өлген жоқ. Ол өз ажалымен өлді.

Содан соң Асекең көзі жыпылықтап, тікесінен тік тұрған студентке қарап жымиған.

– Сіз отырыңыз. Тақтада тұрған жоқсыз ғой.

Аз-маз ыңғайсыз үнсіздік орнады. Қазақтың әдеби ортасы аталған романды енді ғана пайымдап әңгіме ете бастаған. Бірақ мына айтылған пікір мүлдем кереғар еді. Үнсіздіктің сырын жазбай таныған Асекең сөзін үстеді.

– Әлбетте, біреудің тіршілігін кешуге болады. Алайда, менің бұған деген де күмәнім бар. Мысалы, басқа біреудің атын жамылып өмір сүруге болады. Бірақ сіз басқа біреудің ажалымен еш кездесе алмайсыз. Ажал келгенде, ол басқаның емес – сіздің ғана ажалыңыз. Осы орайда Хемингуэйдің де, Бетховеннің де сөзінен асып кеткен қазақтың мақалы бар, «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген. Қазақтың осы мақалы  бәрінен кемеңгер.

Сол күні мен көркем шығарманың бірнеше өлшемде, бірнеше деңгейде өмір сүретінін, текстен контекстің биік екенін алғаш түсінген едім. Кейін мен Асе­кеңнің оқырманмен кездесуде отырып айта салған осы идеясын белгілі дра­матург-ақын Иранбек Оразбаевтың шығармашылығынан ұшырастырдым. Әрине, ақын бұл концепцияны Асқар Сүлейменовтен алуы шарт емес. Осы жерде мен авторлыққа тікелей қатысы бар информациялық өріс идеясы турасында айта кеткім келеді.

Бір кемеңгердің жазу технологиясына қатысты айтқандарының ішінде «Егер  де жазуға мүмкіндігің болмаса, онда ойла­ма» деген сөз бар. Таратып айтсақ, қолыңызда қағаз-қалам жоқ, ойға алғаныңызды жазуға мүмкіндігіңіз болмаса, онда басыңызға келген ойды өшіріңіз деген сөз. Себеп? Жауап ретінде мынадай мысал.

 

 

Бір шығармада ғалым адамзаттың тіршілігіне қауіп төндіретін қорқынышты тетік ойлап шығарады. Артынша, өзінің не істеп қойғанын түсініп, шошып кеткен ол тетікті жоймақ болғанда, қондырғыға жан бітіп, адамша сөйлеп, «Қирата бер, бірақ мені жоя алмайсың. Себебі, мен енді бармын. Мен енді кез-келген адамның санасынан қалқып шыға аламын. Ал сен сияқты күмәншіл емес, кінәмшіл емес басқа ғалым мені тиянақтап іске жаратады» дейді. Александр Генис өзінің «Вавилон мұнарасы» атты кітабында мынадай қызық дерек келтіреді. Лондонда таңертең шыққан газеттегі сөзжұмбақ  кроссвордты Ливерпульдің адамдары кешке қарай оңай шешеді екен, себебі, ол сөзжұмбақты Лондонның адамдары таңертең шешіп қойған. Яғни сөзжұмбақтың шешімі бүкіл кеңістікті алып жайылып жатқан информациялық өрістен өз орнын алған. Ол шешімді басқа қалалардың адамдары түсініксіз бір механизм арқылы оқыған. Санадан тыс оқыған, өздерінің дайын шешімді информациялық өрістен алғанын білмеген, жұмбақты өзіміз шештік деп ойлаған. Асекең тағы бір сөзінде «Діндерде жаман ой, жамандықты ойлаудың күнә болып саналуында Құдайға жақтас ұлы идея жатыр. Мекеніміз бір болмыс. Сондықтан осы ортақ мекенімізді жаман оймен ластамау керек. Себебі, сен ойлап қана қоя салған қиянатты ойды басқа біреу міндетті түрде іске асырады. Төлен Әбдіковтің «Оң қол» деген әңгімесін оқыған шығарсыздар. Ондағы өзін-өзі қылқындырып өлтірген қыз осы бір кезде біреу ойлаған ойға байқамай жанасып қойған, елеусіз болса да сол ойды қабылдаған адам» деп еді.

 

Иранбек Оразбаевтың сахналық драмасында Қорқытты ажал іздеп келеді. Қорқыт қаншама адамға барып «Менің орныма өлші» деп жалынады. Бірақ ешкім де оның орнына өле алмайды. Себебі, бұл ажал – Қорқытқа ғана кел­ген, одан басқа ешкімнің жанын ала алмайтын, кесімді күні жетпеген, әлі көресі жарығы бар басқа ешбір пендеге соқтыға алмайтын, бір Қорқыттың ғана ажалы. Немесе Асекеңнің сөзімен айт­сақ, «Смерть – адресна». Тағы бір сөзінде ол кісі айтып еді, «Смерть – это письмо, которое никогда не потеряется, и кото­рое обязательно достигнет своего адре­сата» («Ажал – ол ешқашан жоғал­май­тын және өзінің іздеген адамын міндетті түрде тауып баратын хат») деген.

Осы ҚазПИ-дегі кездесуден кейін, біз, әдебиетші жастар, ағалардың шашбауын көтеріп, улап-шулап Төлеген ақсақалдың үйіне бардық. Бәтима апамыз дастархан жасап күтіп отыр екен. Үлкендер бір бөлмеге әзер сыйып бөлек отырды. Біз бөлек отырмыз.

Біраздан соң Асекең әдетінше, жастар отырған бөлмеге келді. Содан кейін кеш бойы бізбен отырды. Кездесу кезінде туындаған күмәнді ойларымызды айттық. Асекең ыждағатпен тыңдап, бәріне жауап берді. Отырған жігіттердің біреуі «Аға, мана сіз кездесу кезінде шығар­маны текстен тыс талдап үйрену керек дедіңіз. Бұны қалай түсінуге болады? Біздің ұғымымызда шығармада текстен басқа ештеңе де жоқ. Тексте жоқ нәрсені қалай қиялдап, елестетуге болады? Осыны түсіндіріп берсеңіз»,  – деді.

– Жақсы сұрақ, – деді Асекең шы­лы­мын тұтатып жатып. – Бірақ сіздің бұл түсінігіңіз бүгінгі жазуға табынудан қалыптасқан. Сіз дүниеде осы әліпби, осы жазудан басқа жазу бар деп білмейсіз.

Жұрт үндемей қалды.

– Мен сізге айтайын, әріп арқылы ғана емес, мән-мағынаны жеткізудің басқа да біз білетін пәленбай түрі және біз білмейтін, ойымыз түгілі, түсімізге кірмейтін пәленбай түрі бар, – деді Асе­кең сөзін жалғап. – Мысалға, бір қоғам ғана, бір әлеумет қана білетін информа­ция бар дейік. Ол информа­цияны таң­балайтын өзінің қалыптасқан белгілері бар. Ол белгіні иероглиф, идеограмма деп алыңыз. Ал бұрынғы көне замандарда жазу-сызусыз өмір сүрген қоғамдар болған. Менің ойымша, ол қоғамдар тіпті тілсіз өмір сүрген сияқты.

– Қалайша? – деді отырған қонақ­тар­дың бірі, – «Языковое мышление» деген бар емес пе? Адам қалай тілсіз ойлайды?

– Білмеймін, – деді Асекең. – Бір-бірін ойша түсінетін адамдар болады. Адамның ойын оқи алатындар болады. Менің ұғымымда, бұл жекелеген адамға қонған ерекше бақ емес, керісінше, ойша ұғынысу, ойша сөйлесу, барлық адам­дарда болған көне қабілет. Өркениеттің салдарынан көміліп қалған таңғажайып қасиет. Адам жұмақтан қуылғаннан кейін осы қабілеттен ақырындап ажырай бастады. Ақырында сөз арқылы ғана, жазу арқылы ғана түсінісе алатын қоғам қалыптасты. Ал өз басым сөзге, жазуға аяғына дейін сене алмаймын. Себебі, көп жағдайда жазу немесе сөз ақиқатты ашу үшін емес, керісінше, шындықты жа­сы­ру­дың амалы, құралы болып табылады.

– Мысалы? – деді студент бала­лардың бірі.

Өзінің қатерлі шекке жетіп қалғанын түсінген Асекең таратып ештеңе айтпады. Ал қазіргі тұрғыдан, қазіргі сөз бостандығы тұрғысынан қарағанда бәрі де айдан анық еді. Ол кеңестік социа­листік жүйенің шытынай жарылып, құлауға бет алған кезі. Бірақ баспасөз, көркем әдебиет, идеологияның барлық құралдары «әлемдегі ең өскелең қоғам­ды» жырлаудан танбай отырған. Ол за­манда бүкіл қоғамды тыңшылық жай­лаған, әр топта кем дегенде, екі студент жоғарғы жаққа мәлімет жеткізіп тұратын «салпаңқұлақ» болып келуші еді. Кім біледі, Асекең студенттің сұрағынан секем алып, сол жерде отырған жас балалар бірдеңеге ұрынып қалмасын деп үнсіз қалған шығар. Бірақ оқиғаның анығы осы еді.

Жалғасы бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *