КЕМЕҢГЕРДІҢ ӨМІРІНЕН БІР ҮЗІК СЫР

«Алматы ақшамында» кей тұста өткенге, не болмаса жарық көрген кейбір жарияланымдарға бет бұрып, қайта жариялап отыру дағдысы бар. Бұл барлық баспасөзге тән тірлік. Себебі, бүгінгі өтелмей жатқан рухани олқылықтың орнын сол толтырады. Осы ой тұрғысынан келсек, редакцияға хабарласып, не болмаса ұшырасып жататын оқырмандардың дені сол баяғы Таласбек Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты атышулы эссені қайта жариялауды сұрайды.

Интеллектуалды оқырманның жоғары деңгейдегі рухани сұранысын орындау парыз. Оның үстіне газетке әр жыл сайын жаңа оқырман қосылып отырады. Бірде Қадыр ақынның «Мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болар едім» дегені бар еді. Сондықтан жақсы оқырманның жоғары деңгейдегі талғам-түсінігін қанағаттандыру мақсатымен сол эссе қайта жарияланып отыр.

 

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ 

– Сын, ғылыми полемика, тағы басқа дау-дамайдың бытысқан-шытысқан терми­нологиясын алып тастасаңыз, оппонент­тердің бір-біріне тек жау екенін ғана көресіз. Полемика, әсіресе қазақтың поле­микасы – ғылыми, эстетикалық, тағы басқа, тиісті салалық ұғымдармен боялған жаулық қана, – депті Асекең.

Жыл сайын кітап шығаратын бір жазғыш «мені елемейді», «мен туралы ешкім жазбайды» деп сыншыларға өкпелі екен. Бір жиында сол адам Асекең жаққа қоқиланып бір қарап алып, – Сыншыларға түкірдім. Мен әлем (!) әдебиетінде өз жолымды салып келе жатқан жазушымын. Менің атымды, менің ізімді ешкім де өшіре алмайды, – дейді.

Бұл ауаға айтылғанымен өзіне арнал­ған сөз екенін ұққан Асекең мейірлене (!) жымиып алып, – Әдебиетте жол салу мен әдебиетті былғап кету екеуі екі басқа нәрсе. Сіздің айтып отырғаныңыз қандай із? – депті.

Мәскеуден келген орыс жазушысы дастархан басында отырып, – Совет Одағында алкоголиктер неге сонша көп? – дейді.

– Біз жеңістен жеңіске жеткен қоғамбыз, – депті сонда Асекең, – Ал жеңіс адамды мас қылады. Сол себепті, бізде мас адамдар көп.

Қонақ күліпті.

– Жоқ, Асқар, менің айтайын дегенім, біз неге арақты сонша көп ішеміз? – депті содан соң.

Сонда Асекең, – Тіске басатын нәрсе болса, халықтың арақ ішіп несі бар («Было бы чем закусывать, да разве народ наш стал бы выпивать») депті.

Бұл – азық-түлік азайып, советтік жүйе шайқала бастаған кез екен.

Айта берсе әңгіме көп. Мен Асекеңнің қанатты нақылдарын, мысқыл әңгімелерін көп жинаппын. Әлбетте, бұл бір мақалаға сыймайды. Алайда, Асекең айтқан, ұлттың мәдениетіне, оның болашақ тағдырына тікелей қатысы бар тамаша бір ғақлия-ертегіні жаңғыртпай кету күнә болар еді. Сонымен, құлақ салыңыз, құрметті оқырман:

– Ел билеген падиша, кемеңгер Қожанасырды сарайға алдырып өзінің ұлы, болашақ тақ мұрагеріне тәрбиеші – атабек қылып тағайындапты. Қожекең сол баланы тәрбиелеп, кәмелетке жеткізген­нен кейін падишадан рұқсат сұрап, қоржынын арқалап ел кезіп кете беріпті. Арада біраз жыл өтеді, падиша өліп, таққа баласы отырады. Әкеден қалған үлкен жұртты билеп, қазынадағы малды төгіп-шашып, күндіз-түні ойын-сауықпен жүре беріпті. Күндердің күнінде шараптан да, әнші-күйшіден де, қисапсыз кәнизактан да жалығады. Содан ойланып отырып, апырау, менің Қожанасыр деген ұстазым болып еді ғой. Жетелеп жүріп қанша ұлағат айтып тәрбиелеген, көп нәрсеге көзімді ашқан данышпаным еді ғой. Аман ба екен, тірі ме екен. Қой, одан да мен оны таптырып, сарайға алды­рып мәжілісін тыңдайын дейді. Сонымен жер-жерге Қожана­сырды іздеттіріп шабарман аттан­дырады. Шабармандар шап­қы­лап жүріп Қожекеңді Үнді патшасы­ның сарайынан тауыпты, падиша­сының сәлемін айтыпты. Қожа­насыр жарайды, сіздер қайта беріңіздер, артыңыздан мен де жетем дейді. Шабармандар қайтып кетеді. Қожекең іле-шала жолға шығып, өзінің шәкірті билеп отыр­ған патшалыққа келеді. Бірақ сарайға бармай ел ішін аралап, халықтың аужайын түйеді. Содан аз жүріп, көп жүріп сарайға да келеді. Өзі жаяу, жетегінде есек, қолында екі тор. Біреуі темір тор, ішінде шымшық, екіншісі алтын тор, ішінде тотықұс. Падиша Қожанасырды тақтан түсіп қарсы алады, құрметтеп төрге отыр­ғы­зады, алдына алтын табақпен небір дәмді қойғызып, неше түрлі ойын-сауық көрсетеді. Кеш соңында, ал халайық, мынау адам менің ұстазым, енді осы ұстазымның мәжілісін тыңдайық дейді. Сонда Қожекең есегін ортаға алып шығып, оның алдына кітап қойыпты. Есек кітапты ашып, әр беттің арасындағы жемді тауып жеп, ақыры кітапты парақтап бітіріпті. Содан соң алтын торды ақ шүберекпен жауып қойып сөйлегенде, тотықұс Қожанасырдың сөздерін адамша қайталап шығыпты. Ендігі кезек шым­шықта. Қожекең торды ашқанда шымшық сыртқа шығып, қолдан жем жеп, содан соң торға қайта кіріп кетіпті. Ешкім ештеңе түсінбейді, қадірлі мұғалім, мәжілісіңіз осы ма дейді. Иә, осы, дейді Қожекең. Тек падиша ғана бір қызарып, бір сұрланып үнсіз қалыпты. Түн болады. Осы түн ішінде жеке бөлмеде жатқан Қожанасырға падишаның жасауылы келіп, сізді әміршім шақырып жатыр дейді. Қожекең басын­дағы сәлдесін тарқатып, бүктеп қолтығына қысып шәкіртінің алдына келеді. Ұстаз, сәлдеңізді неге тарқатқансыз деп сұрайды падиша. Сонда Қожанасыр, сіз мені өлімге бұйырдыңыз ғой, сондықтан кебінімді дайындап келдім депті. Иә, ұстаз депті падиша, алғашында өлтіргім келді, бірақ артынан ойлап отырып сіздің айтқаны­ңыздың ақиқаттығына көзім жетіп, ойым­нан айныдым. Менің жанымда отырған уәзірлерім мен үлемдерімнің барлығы кітап оқи алатын есектер екен. Мен алтын сарай – алтын торда отырған тоты құс екенмін. Есектер мені ертегі айтып ұйықтатып қойған екен. Ал менің халқым темір торда отырған, торды ашқанда да ешқайда кете алмайтын, барар жер, басар тауы жоқ сорлы шымшық екен. Енді шын ұстаз болсаңыз, мен не істеуім керек, осыны айтыңыз дейді. Сонда Қожанасыр, егер сөз тыңдасаңыз айтайын дейді. Айты­ңыз, іркілмеңіз дейді падиша. Қожанасыр айтыпты, ең әуелі мына жаныңыздағы есектерден құтылыңыз, әр әулеттен бір-бір уәзір сайлаңыз, бірақ олар сізбен құрдас болып, қазынадан ішіп-жеп алтын сарайда отырмасын, тізгіні де, несібесі де елден болсын. Сонда сіз еліңіздің ахуалын біліп отырасыз. Сарайдағы ақылшы үлемдерді, сіз, кітапты көзбен көріп емес, жүрекпен көріп оқитын шын білімділер­ден жинаңыз. Міне, осылай еткенде еліңіз бай болады, қуатты болады, ал еліңіз бай-қуатты болса, сіздің тағыңыз да биіктей түседі дейді. Падиша осы айтқандарды орнына келтіріп, ақырында әлемдегі ең әділетті патша атаныпты, маңайдағы әміршілердің барлығы оның атынан айбынып тұратын болыпты.

Осы ертегіні айтып болып, кемеңгер Асекең қорқорының хош иісін аңқытып аз-кем отырып, сөзін сабақтайтын.

– Хат танитын, кітап оқи алатын есек – ең қорқынышты, ең қатерлі жау. Осындай есектерді көбірек оқытып ел ішіне жіберсеңіз болды, одан соң олар ешқашан құрымайды. Есектерде керемет интуиция бар. Олар ақылды, білімді адамды бірден таниды. Ақылды, білімді адам олардың болашағына, олардың ұрпағына қауіп төндіретін қатерлі адам ғой. Сондықтан олар қоймай жүріп сол адамның түбіне жетеді. Есектерде керемет «дәстүр» сабақтастығы, болашақты, келешекті көздеген керемет қам-қарекет бар. Олар жас ұрпақты қарап отырып, сұрыптап отырып, болашақта тамаша есек болатын қодықты жазбай таниды, жаңыл­май табады. Күндердің күнінде, кәрі есек әулеті дүниеден көшкенде, қарасаң, олардың орнын басып, барлық тұтқа­ларда, күші бойына сыймай тепсінген жас есектер отырады. Ақырында елдің бүкіл жүйесі осылардың қолына көшеді. Одан кейін ол елдің ешқашан да көсегесі көгер­мейді, ол елдің ешқашан да ісі алға баспайды.

* * *

Қаламымды үстел үстіне қойып, сағатқа қарадым. Түнгі он бір. Терезені аштым. Сырттан кірген суық ауаға бетімді тостым.

…Осы хикаяны жазып бітіргенімше басымнан тұтас бір дәуір өтіп аяқталыпты. Баяғыда тылсымға сіңген қасиетті тұлғалар, ізгі аруақтар, барлығы келіп, менің үйіме қонақ болып кетіпті. «Тәмам» дедім, аяз буып шытынаған астананың түнгі аспанына қарап тұрып. «Тәмам».

(Соңы. Басы өткен сандарда).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *