КЕМЕҢГЕРДІҢ ӨМІРІНЕН БІР ҮЗІК СЫР

«Алматы ақшамында» кей тұста өткенге, не болмаса жарық көрген кейбір жарияланымдарға бет бұрып, қайта жариялап отыру дағдысы бар. Бұл барлық баспасөзге тән тірлік. Себебі, бүгінгі өтелмей жатқан рухани олқылықтың орнын сол толтырады. Осы ой тұрғысынан келсек, редакцияға хабарласып, не болмаса ұшырасып жататын оқырмандардың дені сол баяғы Таласбек Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты атышулы эссені қайта жариялауды сұрайды.

Интеллектуалды оқырманның жоғары деңгейдегі рухани сұранысын орындау парыз. Оның үстіне газетке әр жыл сайын жаңа оқырман қосылып отырады. Бірде Қадыр ақынның «Мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болар едім» дегені бар еді. Сондықтан жақсы оқырманның жоғары деңгейдегі талғам-түсінігін қанағаттандыру мақсатымен сол эссе қайта жарияланып отыр.

 Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ 

– Сенбесең, түсінбесең айтайын, – деді Асекең, – Совет заманында әдебиет идеоло­гияға қызмет қылды. Роман, повесть, әңгіме, поэзияның барлық жанрлары – хаммасы советтік системаны жырлады. Бірақ қашан болсын шындықты айтып, системамен қайыс­пай күрескен жалғыз жанр, шын халықтық жанр – анекдот еді. Мен қалжыңдап отырғам жоқ. Совет өкіметін құлатқан Горбачев та, Ельцин де емес – анекдот.

Отырғандар ду күліп, қол шапалақтаған. Қонақ күліп, басын шайқап төмен қарады.

80-жылдары аты қауырт шыққан, бірнеше жыл бойы шығармалары культке айналған бір жазушы болды. Барды құрдымға кетіріп, жоқтан тұлға жасайтын біздің әдеби сынның еңбегінің нәтижесі еді бұл культ. Бірде Бәтима шешеміздің мол дастарханында отырғаны­мызда сол жазушының табынушы-поклон­никтерінің бірі қараптан қарап Асекеңе ұрынған.

– Осы сіздер, әдебиетшілер, көре алмай­сыздар ма, әйтеуір осындай ұлы құбы­лыстарды елемейсіздер, – деген еді танаулап, – Қолдан келгенше мұқатқыларыңыз келіп, атын өшіргілеріңіз келіп тұрады.

Содан соң өзі табынатын жазушысының атын атап, соған бастарыңды иіңдер деген алабөтен талап қойған.

– Сен закускілемей ішкенсің-ау, – деді Төлеген аға күліп, – Қой, бауырым, сенің ол классигің мақтаудан кенде болып жатқан жоқ қой.

– Оның гений екенін мойындамайсыздар ма, а, – деді поклонник орнынан тұрып, Асекеңе қарап, – А ну, шапки долой!

Осы уақытқа дейін үнсіз отырған Асекең бейбастақ қонақтың бетіне тұнжырай бір қарап алып баяу тіл қатқан.

– Гений екенін мойындаймын. Шляпаны шешемін. Бірақ өзімдікін емес – сіздің шляпаңызды.

Қонақ сылқ етіп орнына отыра кетті. Содан соң бір болмашы сылтауды айтып кетіп қалған.

Зейнолла ағадан естіген әңгімем. Ұлттық тарихты жоққа шығару, ұлттық мәдениетті былғау ғылыми атақ-абыройға жетудің, мал табудың кәсібіне айналған кер заманда болған оқиға екен. Сондай қорлық тақырыпта диссертация қорғап, Мәскеуден дипломын алып, күші бойына сыймай тұрған бір жас ғылым докторы көңіл көтермек болып «Қаламгер» кафесіне келеді. Зейнолла ағамен көзтаныс екен, солардың үстеліне келіп отырыпты. Сөзден сөз шығып, ақырында қызыңқырап қалған доктор, – Қазақ кеше кім еді? Құл-құтан еді. Міне, бүгін теңдікке жетті. Осының бәрі социализмнің арқасы, – дейді.

Асқар Сүлейменов доктордың бетіне тұнжырай қарап, аз отырып баяу ғана тіл қатыпты.

– Сіз үшін қуанып отырмын. Біздің жанымызда отыруыңыздың өзі сіз сияқты адамның шынында да теңдікке жеткендігі емес пе.

Меңірейіп отырып қалған қонақ бір кезде ышқынып қалып үстелді жұдырықпен бір қойыпты.

– Байқаңыз, – депті Асекең жайбарақат, – Мынау социалистік үстел мен социалистік стақандарды сындырасыз.

Доктор қып-қызыл болып орнынан көтеріліпті.

– Ах, атаңа нәлет! – депті тістеніп.

– Менің атама нәлет жұқпайды, – депті Асекең, – Рикошет дегенді естуіңіз бар ма? Тасқа тиген оқ кері қарай ұшады. Байқаңыз, нәлетіңіз өзіңізге қайтып келіп жүрмесін.

Доктор жігіт қолын бір сілтеп, барға барып, биік орындыққа отырып алып, нәр сызбай арақты жөпелдеме іше беріпті. Тоқтаусыз ішкен арақ ақырында буынына түсіп, жүре алмай қалғанда бір таныстары жолығып, арқалап алып кетіпті.

Көрінген жерде өлең оқып, әркімге арақ алдырып ішіп жүретін ақымақтау, арсыздау бір ақынсымақ бар еді. Бірде «Қаламгерде» отырға­нымызда, біздің үстелімізге екі-үш рет келіп өлең оқыды. Әңгімеміздің бөліне бергенін жақтырмай қалған Асекең «Гениально» деді естілер-естілмес етіп. Жаңағы жігіт қуанып кетті.

– «Гениальный» дейсіз бе? – деді ыржалаңдап, – Рас айтасыз ба?

– Мен «гениальная глупость» деп айтқым келіп еді, – деді Асекең, – Сколько стоит ваше отсутствие?

– Не дейсіз? – деді дым түсінбеген жігіт.

– Ұғыспадық, – деді Асекең тұнжырап, – Сіздің мына жерде жоқ болуыңыз, мына жерде болмауыңыз қанша тұрады? Бір жарты арақ алып берсем кетесіз бе?

Осы кезде достары келіп, бізден кешірім сұрап, «ақынды» сүйреп алып кетті.

– Пушкин айтқан ғой, «Поэзия әпенділеу болуы керек» («Поэзия должна быть глупо­ва­той») деп, – деді Асекең күліп басын шайқап, – Бірақ ақынның өзі дурак болмауы керек қой.

Отырған жұрт бір сағат күлдік.

Бірде бір отырыста, Мәскеуге барып докторлық диссертациясының тақырыбын бекіте алмай тауы шағылып қайтқан ғалым жігіт ғылымдағы ахуалды айтып, күйзеліп ұзақ сөйлеген.

– Ұлттық тақырып қалай майласаң да, қалай бүркемелеп астарласаң да өтпейді екен, – деген еді ғалым, – Жас болдық. Әуелі атақ алып, табан тіреп алу үшін социалистік тақырыптан қорғадық. Арада қанша уақыт өтті, енді сөзімізді өткізе алатын шығармыз деп ұлттық әдебиет, ұлттық тарих мәселесін көтер­мек едік. Сөйтсек, баяғы жартас, сол жартас. Мызғымайтын тас қабырға екен.

Асекеңнің сол адамға пейілді екені байқал­ды. Кеш бойы соны жұбатып сөйлеп отырды. Сондағы айтқан бір сөзі есімнен кетпейді.

– Тас қабырға деген не тәйірі, білімің жетсе ондай қабырғаны сүзіп құлата салу түкке де тұрмайды, – деген еді қорқордың хош иісін аңқытып отырып, – Ал сол қабырға кірпіштен емес, совет академиктерінің маңдайларынан қаланып жасалса, онда бітті дей бер. Ондай қабырғаны сен түгілі бульдозер құлата алмай­ды. Ол аз десең айтайын, сол қабырғаның астына атом бомбасын қойып жарсаң, түтін сейілгеннен кейін қарасаң сол қабырға әлі тұрғанын көресің.

Осыдан кейін ғалым жігіт көңілденіп, кеш бойы жарқылдап күліп отырды.

Бірде сол 70-жылдардың аяғы мен 80-жыл­дардың басында аяқастынан классик ата­ғына жеткен жазушының кезекті гонорары әңгіме болған. Баспада істейтін бір адам аузын ашып, көзін жұмып көргенін баян еткен.

– Астапыралла, – деген жағасын ұстап отырып, – Жалақы алатын күніміз еді, бар­лығымызды былай ысырып тастап, жиырма бес мың сомды кірпіш құсатып тұрып қолына ұстатты ғой. Бір қап ақша болды. Жанында екі күзетшісі бар, алды да шығып жүре берді.

Елдің күйзеле бастаған кезі еді. Ауылдан келген бір адам күле сөйлеген.

– Орташа семья жиырма бес жыл азық қылатын ақша ғой.

– Өзінің несібесі ғой, – деді Төлеген аға жымиып.

– Бұл ақшаға деген құрметтің жойылған­дығын көрсететін белгі, – деді Асекең, – Пример явного неуважения к деньгам.

Сол отырғандар Асекеңнің осы сөзін ұмытпай, талай жерде айтып жұртты күлдіріп жүріпті.

Айтысқа қатысып жүретін бір ақын болып еді. Домбырасының бұрауы бір бөлек, өзінің даусы бір бөлек болғандығымен аты шыққан. Және домбыраны апта емес, ай емес – жылдар бойы осылай «тартып» жүре беретін. «Осының құлағын аю басып кеткен бе, дыбысты қай жерімен естиді» дегендерге Асекең «Сендер түк түсінбейсіңдер, домбыраға ілеспей жылдар бойы өз бетінше ән айтып жүру – бұл естудің басқа бір түрі. Бұл таланттың беймәлім түрі» деп «тойтарыс» беретін. Көп адам бұны Асе­кеңнің мысқылы екенін түсінбей, «қойыңыз­шы, сіз де айта бересіз» деп өкпелеп жүретін. Бір күні дастархан басында отырып сол ақын, – Кеше менің басыма бір гениальный ой келді, – деді алабұртып.

Оның өресін, «талантының» «деңгейін» жақсы білетін Асекең әдетінше тұнжырай жымиып алды да:

– Сіз өйтіп алданбаңыз, – деді шылымын тұтатып жатып, – Ол адасып кетіп басқа есіктен басқа бөлмеге кіріп кеткен ой болуы әбден мүмкін.

Ақын меңірейіп отырып қалды. Асекеңнің бұл мысқылы да қанатты сөзге айналып, елге тарап кетті.

Пиарды, ештеңе тындырмай танылу өнерін жете меңгерген бір «жазушы» өзінің кезекті бір «романын» Асекеңе әкеліп беріпті. Асекең Төлеген ағаға телефон шалса, онда да ол шығарма бар болып шығады. Содан соң Асекең Зейнолла ағаға телефон соғады. «Жазушы» өзінің «романын» ол кісіге де сыйға тартқан екен. Пікірін сұраса, Зейнолла аға, – Нашар. Суын сығып көріп едім, мұқабасынан басқа ештеңесі қалмады. Өзі рецензия жазсаңыз деп емеурін білдіріп отыр. Адамның күлкісі келеді екен, – депті.

– Маған да сондай намёк тастады, – депті Асекең, – Менің кім екенімді ұмытып кеткен болуы керек.

Бірнеше күннен кейін «жазушы» Асекеңді ресторанға шақырады. Сонда Асекең, – Бауырым, сен ресторанға қонақ қылып, құрмет көрсетіп, адамның мысын құртқың келеді. Айтайын саған, бұның ешқайсысының керегі жоқ. Жазушы жақсы шығарма жазса – басқа адамдарға, өзінің халқына жасаған құрметі сол болады, – деп телефонды тастай салыпты.

Өзін «отец нации», ұлттың әкесі етіп таға­йын­дап алған бір «классик» сахнада сәнде­­ніп сөйлеп тұрғанда, Асекеңнің жанында отырған бір жас әдебиетші, – Осы кісі өзінің позаларымен адамды шаршатып бітірді. Өзінің қандай күлкілі екенін шынында да білмейтін болуы керек, – депті.

Сонда Асекең әдетінше жымиып алып, – Өзінен ұлттың әкесін сомдап шығарғысы келеді, бірақ құрылыс материалы аздау болып тұр, – деген екен.

 

(Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *