КЕМЕҢГЕРДІҢ ӨМІРІНЕН БІР ҮЗІК СЫР

«Алматы ақшамында» кей тұста өткенге, не болмаса жарық көрген кейбір жарияланымдарға бет бұрып, қайта жариялап отыру дағдысы бар. Бұл барлық баспасөзге тән тірлік. Себебі, бүгінгі өтелмей жатқан рухани олқылықтың орнын сол толтырады. Осы ой тұрғысынан келсек, редакцияға хабарласып, не болмаса ұшырасып жататын оқырмандардың дені сол баяғы Таласбек Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты атышулы эссені қайта жариялауды сұрайды.

Интеллектуалды оқырманның жоғары деңгейдегі рухани сұранысын орындау парыз. Оның үстіне газетке әр жыл сайын жаңа оқырман қосылып отырады. Бірде Қадыр ақынның «Мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болар едім» дегені бар еді. Сондықтан жақсы оқырманның жоғары деңгейдегі талғам-түсінігін қанағаттандыру мақсатымен сол эссе қайта жарияланып отыр.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ 

– Мәскеуге осындай талантты балаларды жібергеннің орнына, неге малдарыңды жібе­ресіңдер? – деген әрқайсысымыздың бетімізге ажырая қарап.

Ешкім ештеңе демеді.

– Кавказдықтардан үйренбейсіздер ме, тымқұрмаса. Олар оқуға дарынды балаларын түсіреді. Параджанов, Данелия, Иоселиани, барлығы біздің түлектер. Осылардың кейбіреуі Еуропаның киноакадемияларына барып шыңдалды. Қазір қандай деңгейге жетіп отыр. Ал сіздер… Мен жюридің мүшесімін. Респуб­ликалардан келген киноларды сараптап бекітеміз. Қазақстаннан келген, так сказать «фильмдер» осылардың ең қорашы. Самые позорные. Көріп отырып, біз ұяламыз. Алма­тыдан келген бір «киношникке» мынандай дүниелерді жіберуге қалай ұялмайсыңдар деге­німде, ол енді неғыл дейсіз, Шәкен Айма­нов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов сияқты корифейлер дүниеден кетті, сол себепті осындай күйде отырмыз деді. Ал мен сіздерге айтайын, тағдыры мен болашағын ойламаған, керекті кадр дайындамаған бұндай кинематографтың бұты бес тиын.

Ыңғайсыз үнсіздік орнады. Содан соң Асекең шылымын тұтатып баяу тіл қатқан.

– Біріншіден, ол қойларды Мәскеуге жіберген мен емес, Зейнолла емес. Екіншіден, оқи алмайтын ондай балаларды оқудан шығарып жіберу керек. Отчисление деген бар емес пе. Болашақ өнердің соры ондай адамды, документін қолына беріп, құйрыққа бір теуіп шығарып салу керек.

Қонақ шарқ етіп күлді.

– Ну ты даешь, Аскар. Қалай шығарып жібересің? Олар республиканың атынан келеді. Лимит деген бар. Оның үстіне Алматыдан зор адамдар телефон шалады. Ал біздің міндетіміз — соларға білім беріп, қолына диплом ұстату. Қате – Алматыдан, абиту­риенттерді таңдаудан.

Түннің ортасы болып қалғанда көкбурыл мас қонақ мейманханасына қайтатын болды. Таксимен алып кететін достарын тосып, есіктің алдында теңселіп біраз тұрып қайтадан сөйлеген.

– Естеріңізде болсын, – деген саусағын шошайтып, – Ертең сол, так сказать режис­серлер мен сценаристер, кинотанушылар аңсаған дипломдарын алып, қайтып келеді де, мықты-мықты жерлерге былшиып тұрып отырады. Көздеріңнен қанды жасты солар ағызады.

Қонағымыз орыс болғандықтан орысша айтқан, «Умоетесь кровавыми слезами» деген.

Үшеуміз ғана қалдық. Үнсізбіз. Қонақтың бетің бар, жүзің бар демей айтқан ауыр сөздері әлі құлағымызда тұрғандай.

– Жарайды енді, – деді ақырында Зейнолла аға, – Өлік шығарғандай болмайық. Бәрі де орнына келеді.

Рюмкелерге жағалата коньяк құйған.

– Азған-тозған өнерге сыншы болған – жетім қыздың тойында тамада болғанмен бірдей, – деген Асекең Зейнолла ағаның жүзіне ойлана қарап отырып, – Одан өткен қорлық жоқ шығар. Екеумізге Тәңірдің берген сыйын-ай, Зейнолла.

Бұрын жоқ әдетпен рюмке толы коньякты басына бір-ақ көтерген…

…Сары күз еді. Осындай мамыражай күндердің бірінде консерваторияға Асекең келе қалды. Амандық сұрасқаннан кейін бір тізімді қолыма ұстатқан.

– Мына шығармаларға заказ берші. Сенің кабинетіңнен тыңдайын.

Фонотеканың бастығы Александр Никитич Супруненко деген айтқа­ныңды екі етпейтін жақсы адам еді. Музыкадан мол мағлұматы бар, эстет, білімді болатын. Тізімді бір қарады да, жымиып күлді.

– Бұл сен емес. Сенің не тың­дайтыныңды, қалай тыңдайтыныңды білем ғой. Бірақ… міне, Вивальдиді Лондондағы Королевский оркестрдің орындауында.., Вагнердің «Тангей­зерін» Берлин операсының орын­дауында сұраған Александр Ники­тич қағазға үңіле түсті. Шопеннің полонездері Ван Клиберн, ал Листтың «Венгр рапсодиясын» Ферручо Бузонидің орындауында сұраған. Нағыз маман ғана бұндай тапсырыс бере алады… Ну что… Сенің кіші кабинетіңе ғой.

Кешке қарай кабинетке кірдім. Асекең терезені ашып, бөлмені желдетіп отыр екен. Күлсалғыш толған сигареттің тұқылы. Төрт сағат тапжылмай отырып жиырма сегіз шығар­ма тыңдаған екен. Асекеңді шығарып салғаннан кейін тізімді қайтадан қарап оты­рып қайран қалдым. Қабылдаудың жылдам­дығы дейсіз бе, жітілігі дейсіз бе, ең әуелі сол көзге түседі. Александр Никитич мен тапсыр­ғандай, бұл шығармалардың арасын бөлмей жіберген. Бірақ әр шығарманы тыңдауға психологиялық дайындық керек. Содан соң алған әсерді тамашалауға да біраз уақыт керек. Осының бәрін жинақтап келгенде жиырма сегіз шығарма үшін төрт сағат тым аз уақыт. Бұның сыртында аталған шығармалар құрылымы, орындалу стилі, психологиясы, тағы басқа кілтипандары тұрғысынан алғанда аралары жер мен көктей, белгілі бір көңіл-күйдің аясында еш үйлеспейді. Немесе қорытып айтсам, әдепкі меломан мұнша шығарманы төрт күнде де тыңдап бітіре алмайды.

Кейін мынадай қызықты байқадым. Бірде тағы да бірнеше шығарманы бірінен соң бірін тыңдап болғаннан кейін терезенің алдына барып тұрды.

– Коридорда бір скрипач Сен-Санстың «Интродукциясын» ойнады, – деді күрсініп. – Жаман емес сияқты.

– Сіз динамиктен музыка тыңдамап па едіңіз? – дедім.

– Иә, тыңдадым, – деді Асекең жайбарақат.

Сондай-ақ, ол оркестрді тыңдап отырып, қалаған аспабын ойша жеке «суырып» алып тамашалай алады екен. Қаншама шығар­маны бір сәтте тыңдай алатын ерекше қабілеті, мен түрлі жанрдағы шығармаларды, арасын бөлмей тыңдай алатын қабілеті, кейін ойлап отырсам бір-ақ қасиет екен. Бұл адам жаны­ның қанша ахуалға жолықса да, сонын бәріне ашық бола алатындығының, шексіз рухани сыйымды­лықтың белгісі екен. Бірде таңданысымды жасыра алмай осы ойла­рымды айтып сал­ғанда,  Асекең әдетінше езу тартты.

– Оның несіне қайран қаласың. Баяғы «Тоғыз түйеші» мен «Ақжарманың» хикаясы есіңде ме? Түркіменмен қан ішісуге барған Есір өліп бара жатқан жауының басын сүйеп иман айтып, жаны ашып отыр. Яғни бір сәтте қаншама ахуал кешіп отыр. Қазақ, майданда жаңа ғана аямай кескілескен жауын соғыс­тан кейін кешіреді, қайғысына иіледі. Сол атаң қазақтан қалған мінез, ғасырлар бойы тәрбиеленіп қанға сіңіп кеткен рухани әдет. Бәріміз де қазақ емеспіз бе. Жақсылап ақтарсаң ол сенде де бар қасиет. Әр қазақ дұрыстап іздесе жанының түкпірінен осыны табады. Жанның түкпіріндегі бұл қазына қабат-қабат көміліп қалған. Осы жүргеннің бәрі ақын, бәрі музыкант. Тек соны өздері ұмытып кеткен.

Шылымын тұтатып сәл ойланды.

– Мен саған мынадай бір нәрсені айтайын, – деді содан соң мұңайыңқырап. – Соғысқа барып келген қариялардан естіген әңгімем. Қазақ солдаттары Германияда көп өліпті. Жаудың қолынан емес. Қирап, жеңіліп, сағы сынған немісті аяғаны үшін, неше түрлі зорлық-зомбылыққа, әйел мен бала-шағаға жасалған қиянатқа қатысқысы келмегені үшін, саптың алдына алып шығып талай қазақты атып өлтіріпті. Міне, Таласбек, қазағың осындай болған. Сен маған қайран қаласың. Менің бойымдағы – ол қазақтың жүрегінде өрт болып лаулаған иманның бір ұшқыны ғана.

…Бірде Шығыс пен Батыс музыка мәдениеттерінің диалогы жайында әңгіме қозғалды.

– Мен кейде Батыстың ойшылдарын түсін­беймін, – деген еді Асекең, – Кейбір ақылды деген адамдарының ең биік көтерілген жері, кәдімгі, өздерінің байырғы ауруы – меймана болып жатады. Және таңғажайыбы, бұндай ойларға салиқалы зерттеу барысында жетіп жатады.

– Міне, қараңыздар, – деді содан соң бір кітапты көрсетіп. – ХІХ ғасырдағы Франция­ның музыкалық эстетикасы. Камилл Сен-Санс­тың 1866 жылы шыққан «Гармония және мелодия» кітабынан үзінділер. Әрине, менің бұл композиторға деген құрметім бұдан еш өзгер­мейді, себебі, мен адамды бойындағы жақсы­сына қарап бағалаймын. Мен тек оның тамаша музыкант бола тұра, дүниетанымы­ның осындай балаң болғанына қайран қалып отырмын.

Асекең кітапты ашып бірнеше үзінді оқыды.

– «Ырғақпен сүйемелденген жалғыз дауысты мелодия белгілі бір публикаға әсер ете алады. Бірақ бұл публиканың құрамы қан­дай? Бұл публика дамудың төменгі сатысында тұрған антика заманының халық­тары, Шығыс халықтары және Африканың негрлерінен тұрады… Шығыс халықтары мелодия мен ритмді дамытуда алысқа кетті, бірақ олар гармония дегеннің не екенін білген жоқ. Ал көне гректер мен римдіктерде гармонияның болғанын дәлелдемек әрекеттер сәтсіз болып шықты… гармония батыс өркениетінің және адам санасының дамып- жетілуімен бірге пайда болды…».

Асекең кітапты былайырақ ысырып қойып, жымиып күліп қолын жайған.

– Орыстар айтпақшы, «Комментарии излиш­ни». Бірақ мені таңқалдыратын бір нәрсе. Сол «дамудың төменгі сатысында» тұрған қазақ, ата-бабасының күйін тыңда­ғанда, не сезінетінін Сен-Санс қайдан біледі? Ішімізге кіріп шығып па? Содан соң гармония батыс өркениетінің және адам санасының дамуымен бірге пайда болды деген ол не сөз? Демек, батыс өркениетінің пайда болғанына дейінгінің барлығы санасыз түрде жасалған ғой? Қызық екен.

(Жалғасы бар).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *