КЕМЕҢГЕРДІҢ ӨМІРІНЕН БІР ҮЗІК СЫР

«Алматы ақшамында» кей тұста өткенге, не болмаса жарық көрген кейбір жарияланымдарға бет бұрып, қайта жариялап отыру дағдысы бар. Бұл барлық баспасөзге тән тірлік. Себебі, бүгінгі өтелмей жатқан рухани олқылықтың орнын сол толтырады. Осы ой тұрғысынан келсек, редакцияға хабарласып, не болмаса ұшырасып жататын оқырмандардың дені сол баяғы Таласбек Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты атышулы эссені қайта жариялауды сұрайды.

Біз интеллектуалды оқырманның жоғары деңгейдегі рухани сұранысын орындауға бейілміз. Оның үстіне газетке әр жыл сайын жаңа оқырман қосылып отырады. Бірде Қадыр ақынның «Мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болар едім» дегені бар еді. Сондықтан жақсы оқырманның жоғары деңгейдегі талғам-түсінігін қанағаттандыру мақсатымен сол эссені қайта жарияламақшымыз.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ 

– Дұрыс айтасың, – деді Асекең де күліп. – Себебі, сен астың қалай дайындалатынын білу үшін емес, ресторанға тамақ ішу үшін келдің. Сен ақша төледің, сол себепті сапалы дайын­далған дәмді тамақ ішуге хақың бар. Алаяқ аспаз бен алаяқ даяшының айтқан әңгімелерінде шаруаң болмау керек. Ақша төледің, сол себепті жеген тамағың жайлы пікір айтып кетуге толық хақың бар.

Асекең тағы бір шылым тұтатты.

–       Осы әңгіме, өнер менен арткритиканың, яғни өнер менен сынның арасындағы қатынастың қарабайыр мысалы бола алады, – деді содан соң хош иісті түтінді бір бұрқ еткізіп. – Сурет сыншысы мен суретшінің, кино сыншысы мен режиссердің немесе сценаристің қалай дауласқандарына талай рет куә болдым. Сонда байқағаным, суретші, режиссер немесе сценарист, әңгімені лездің арасында технология жайындағы бітпейтін ұшы-қиыры жоқ дауға айналдырып жіберіп, бес минуттен кейін сыншының аузын жауып тынады. Және қолдан келсе, сыншыны ақымақ қылып көрсеткісі келіп тұрады. Сен не білуші едің деп. Мен бір режиссерді білем. Бірде содан «сендер музыка туралы, әдебиет туралы пікір айтқанда, ешкім туламайды, ал біреу кино туралы пікір айтса, шат-шәлекей болатындарың не?» деп сұрадым. Сонда әлгі режиссер «біз абыз, қасиетті әулетпіз, біз бұ дүниеден емеспіз, біз тылсымнан келдік, сондықтан басқа өнер туралы айтуға хақымыз бар, ал басқалардың біз туралы пікір айтуға хақысы жоқ» («мы не от мира сего, нам можно говорить о других, но другим не позволено говорить о нас») деді шімірікпей. Ал сол «режиссердің», кезінде Мәскеуге малдәрігерлік институтқа барып, емтиханнан құлап, сенделіп келе жатып, мүмкін жаңылысып басқа автобусқа отырды ма, кім білсін, әйтеуір кездейсоқ ВГИК-ке жолыққанын білем. Сол жерде аяқастынан «режиссерлік түйсігі» оянып, осы жолға түскен ғой. Ал менің ұғымымда, соның малдәрігері болғаны әлдеқайда дұрыс болар еді. Өзінің «тылсымнан келген» әріптестерінің әрбір кезекті шатпырақ «фильмін» кеңірдектеп отырып шедевр екенін дәлелдеп шығады. Ал құлағы салпиған дүмшелер сол ертегілерді тыңдап отырады, соның айтқанына көнеді, соның айтқанымен жүреді. Қазіргі заманның алаяқ «суреткерлері» осылай, эстетиканы, сұлулық ұғымын, технология жайлы мылжың әңгімелермен алмастырып, жұртты ақымақ қылып дәндеп алған.

– Міне, – Асекең алдындағы шала желінген котлетті тәрелкесімен маған қарай жылжытқан. – Мынау адам жейтін тамақ па, әлде малға беретін, итке құятын жуынды ма – әңгіме осы жайында ғана болуы керек. Ал асүйде не болып жатыр – ол сыншының компетенциясы емес. Сыншы дайын нәрсеге, нәтижеге ғана пікір айтады.

Асекеңнің әңгімесінің ауанын бірден таны­дым. Ол тағы да… тағы да сіріңкенің шырпысын ұстап отырып Құдайға бара салатын әдетіне жақындап келе жатыр еді.

– Сонда бұл неден болған нәрсе? – деп сұрадым дегбірсізденіп.

 

Гемофилиямен ауырғандар

 

Асекең алдыға жаңартылып қойған шәйнектен бір кесе сүт қатқан қою шайды құйып алды да, асықпай бір ұрттады. Жаңадан шылым тұтатып, ойланып отырып, асықпай сөзін сабақтаған.

Мұсылман елдерінде сурет өнеріне тыйым салынған. Сурет, сол себепті, Батыстың төл өнері. Қазақтың алғашқы лек суретшілері, негізінен қазақы тәрбиеленген, дені дұрыс адамдар. Олар Ресейге, қазақ үшін таңсық жаңа өнерді меңгереміз деп аттанды. Кино да сондай өнер. Ағайынды Люмьерлер ашқан бұл өнер Ресейге, басқа Еуропа елдеріне тарады. Және әр нәрсені өз атымен атау керек, белгілі бір уақытқа дейін кинематограф ақ халықтардың қолындағы зәру өнер болып келді. Бірақ ақырында басқа құрлықтар, басқа халықтар, нәсілдер де бұл өнерді меңгере бастады. Бауырлас ел болғаннан кейін, орыстар бізге де бұл өнерді үйретуге мәжбүр болды. Бұнда да Абдолла Қарсақбаев, Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов сияқты алдыңғы лек корифейлер ұлттық санасы биік адамдар болған. Содан кейін, біздің әлгі «алпысыншы жылғыларымыз» бар емес пе. Енді Мәскеуге солар аттанды. «Тылсымнан жаратылу» деген ауыру осылардан басталады. Ол кезде әлемдік кинода неше түрлі «измдер» етек ала бастаған. Міне, осының бәрін көріп, құлағы бітіп, басы айналып қалған Қамысбай өзін шынында да «тылсымнан жаратылған» адам санай бастайды. Ал шындығында, ол, бар болғаны, аз-маз бірдеңе оқыған доп-домалақ дүмше. Ақ нәсілдердің біз жайындағы пікірі ешқашан өзгермейді. Ал біздің «алпысыншы жылғылар» – сол батыстың мейманасын, батыстың біз жайындағы пікірін өзіне жұқтырып қайтқандар. Басқа өнер түрлеріне мұрнын шүйіріп қарау, әсіресе ұлттық тақырыпқа, ұлттық идеяға жиіркене қарау сияқты ең ауыр мерез осылардың ғана бойынан табылады. Антониони, Феллини, Бертолуччи немесе Жан Люк Годарға «измдермен» ауырған жарасады. Себебі, ол сол жақтан басталған авангардизмнің бір формалары өздеріне ғана тән. Ал ұлттық намыстан, ұлттық санадан жұрдай, шаласауат Айранбайдың «измдермен» ондай биік ауырумен ауыруға хақысы жоқ.

– Сыншылық туралы баяғыда басқаша айтқан сияқты едіңіз, – дедім мен.

– Ол надан, білімсіз сыншы жайында, заңсыз, низамсыз сыншылық жайында айтылған әңгіме, – деді Асекең. – Ал осы қазір мен шын мәнісіндегі талантты, білімді сыншылық жайында айтып отырмын.

– Бірақ сыншы көркемдік заңдылықтар жайында білуі керек қой, – дедім мен.

– Ол айтқан адамына қарай, – деді Асекең, – Сұлулық жайлы түсінігі жоғары, шын мәніндегі сыншының аузынан естігенде «көркемдік заңдылық» деген шынында да өте асқақ ұғым болып шығады. Ал алаяқ, мошенник «суреткер» айтқанда бұл ұғым аса былғаныш болып шығады. Себебі, «көркемдік заңдылық» жайындағы әңгіме аздан соң өнердің технологиясы жайындағы дау-дамайға айналып кетеді. Ал бұл жерде сыншы қорғансыз. Кейбір «суреткерлердің» ықты-жарды тыңдамай өзеуреп, оппоненттің аузын бітеп кеңірдектегенін көргенде, көзіңе діни фанатиктер елестеп кетеді.

Есеп айырысып далаға шықтық. Асекең шіркеудің жанындағы шағын алаңда нанның қиқымын теріп жеп жүрген кептерлерге қарап аз тұрды да, мысқылдай езу тартты.

– Еуропаның патша әулеттерінде гемофилия деп аталатын қан ауруы болған. Қарадан қыз алмай, қыз бермей бір-бірімен ғана араласқан туыстар бір-біріне үйленгендіктен, қан жаңар­тылмағандықтан болған ауру. Алайда, Еуропада гемофилия ақсүйектіктің, аристокра­тизмнің белгісі болып саналған. Гемофилиямен және сонымен ағайындас қан ауыруларымен ауру мода болған, – деді содан соң, – Біздің Мәскеу­ден оқып келген «суреткерлеріміз» де осы гемофилиямен, рухани гемофилиямен ауырғысы келеді. Соны армандайды. Аристо­кратизмге деген жөнсіз претензиялар. Сап-сау адамның «қансырап», «ауырып» жатқанын көргенде күлкің келеді екен. Шіркін, өздеріне сырт көзбен қарап үйренсе, қандай қораш екендерін білсе ғой солар.

– Осылардың барлығы «алпысыншы жылғылар» ма? – деп сұрадым мен.

– Жоқ, – деді Асекең, – Олардың кейбіреуі тіпті сенен жас болуы мүмкін. Алпысыншы жылғы ғана емес, ондай адамдар жетпісінші, сексенінші, тіпті тоқсаныншы, одан да арғы жылдары өнерге келе беруі мүмкін. Бірақ рухы жағынан бұлардың барлығы – «алпысыншы жылғылар». «Алпысыншы жылғылық», «шестидесятничество» – уақыттан тыс, уақытқа бағынбайтын, ешқашан ескірмейтін феномен. Осыны айтқым келіп еді…

…Құрметті оқырман, осы жерде мен бір нәрсені анықтай кеткім келеді. Асқар Сүлейменовтің назасы сол кезде мен үшін түсініксіз еді. Шынымды айтайын, ол адамның кейбір айтқан ойлары әлі күнге дейін түсініксіз. Бізде қазір «туғанда қолыма қалам ұстап туып едім», «дүниеге бірден пайғамбар болып жаратылып едім» деп айту әдет болып кеткен.

Бұған мен мың рет «жоқ» деп жауап берем. Әлбетте, о баста адамда бір қабілет болады (оны талант деп қойыңыз). Адамның бойындағы сол қабілет тәрбиеленеді, білімге жетіледі. Адам осылайша өнер жолын табады. Біз қазір де пайғамбар емеспіз және қолымызға қалам ұстап та туған жоқпыз. (Мысалы, мен бала кезімде геолог боламын дейтінмін. Ал қазір неге олай дегенімді өзім де білмеймін). Күндердің күнінде, жаза алатынымызға көзіміз жеткеннен кейін жаза бастадық. Өнер туралы пікір айта алатынымызға көзіміз жетті – айта бастадық.

Бірақ Асқар Сүлейменовтің сол кафеде отырғанда айтқан, сыншы өнер технология­сынан, өнер игілігінің жаратылу барысынан бейхабар болуы керек деген ойы мен үшін мүлдем түсініксіз еді. Кейіннен әңгімеге майтал­ман теоретик Зейнолла Серікқалиев аралас­қанда, «таза өнер» («чистое искуство»), «таза сын» («чистая критика») дегеннің не екенін ұққанда барып Асекең айтқан ойдың өресіне жеткен едім. Бірақ сол екі арада менің дүние­танымыма аса зор ықпал еткен тағы бір оқиға болды.

… Күздің қарасуық кеші еді. Жазушылар одағының алдында Зейнолла аға кездесіп қалды да, үйге жүр, Асқардың досы, ВГИК-тің бір мұғалімі Алматыда жүр екен, қазір екеуі біздікіне келеді деді. Үйге келдік, аздан соң Асекең де келді. Жанында бойы ортадан биік, толықша келген, сары өңді, қоңыр шашты адам – Мәскеуден келген қонақ осы екен. Мол дастархан, ағыл-тегіл ішімдік, қонақ көп ұзамай-ақ шешіле сөйлеп кеткен.

Қалай десеңіз де Мәскеу Батысқа өлшеусіз жақын, біз үшін әлі күнге дейін жұмбақ мәдениетке апаратын қақпа екені анық. Орыстың өресі ол кезді қойып, қазірдің өзінде бізден биік және әлі талай уақыт осылай болмақ. Мәскеулік қонақтың айтқан әңгімелерінің көбі біз үшін таңсық еді. Қонақ қыза келе енді қазақ тақырыбына ауысқан. Сөмкесін ашып, мәшінкеге басылған бірнеше қолжазба алып дастарханның шетіне қойды.

– Міне, – деді қағазды парақтап отырып, – Алматыда жүргеніме он күннен асып кетті. Қаншама талантты, өскелең жастармен кез­дестім. Кейбіреуінің ой-өресі тіптен биік. Мысалы, мына әңгімелер сәл-пәл өңдеп жіберсе, тамаша киносценарийге айналайын деп тұрған дүниелер. Менің таңқалатыным, осындай балаларды неге оқытпайсыңдар?

Шарап буынына түскен болуы керек, қонағымыз ары-беріден соң мәселені төтесінен қойды.

(Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close