Кемеңгер

Абай-175

Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлға, дара тұлға — Абайды тек ақын деп танудан гөрі, ұлттық рухани әлемін танытушы кемеңгер тұлға деген әлдеқайда жарасымды екенін қазіргі жас ұрпақ ерекше аңғарғанын байқаймыз. Себебі, ұлы Абай — қазақ халқын әлемге танытушы рухани тұлға. Ағылшын мәдениетін дүниежүзі Шекспир арқылы таныса, орыс әдебиетін А.С.Пушкин арқылы таниды. Осы әлемдік тұлғалардың қатарында Абайдың тұруы оның рухани мұраларының, философиялық пайымдауларының, ұлттық болмысты таныта алу қабілетінің, ұлттұтастырушылық бірлікті сөзбен жеткізе алу құдіретінің арқасы деп тануымыз қажет. Ұлы Абай бүкіл қазақ елі үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін мақтаныш екенін сезініп келеміз.
​Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы Абай мұраларын терең зерттеп, ұлттық құндылықтардың, соның ішінде мәдени және қазақы адами құндылықтардың сақталуына, насихатталуына бағытталған екен. Мақалада ұлы Абайдың пәлсафасы негізінде қазақы адамгершілік, қазақы имандылық, қазақы мінез, қазақы рухани тазалықты жас ұрпаққа сіңіру мақсаты көзделгенін байқадым. Себебі, Президентіміз, «мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деген ойы жай ғана атап өту емес, ұлы тұлғаның ұлы мұраларын тірілту, іске қосу, жандандыру, қажетімізге пайдалану ниеті бар екені аңғарылады. Расымен де халқымыз ерекше құрметтеген, бүкіләлем айрықша тамсанған рухани тұлғаның бойындағы үлгі-өнегені, ақыл-парасатты, ғибратты бойымызға сіңіруден жалықпауымыз қажет.
​Абайдың әлемін таныған жас ұрпақ қазақтың тілін, болмысын, бітімін, тұрмысын, тіршілігін, дүниетанымын, мінезін, жанын, дінін, ділін, рухын танитыны сөзсіз.
​Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады» деген сөзі баршамызға әжептеуір ой салды. Президентіміздің ұлы Абайдың білім алуға шақырған өлеңдерін өнегелі өсиет деп қабылдап, ғылымды дамыту, ғылымды тәжірибеге ұластыру, сол арқылы ХХІ ғасырдағы Қазақстанның өзіндік өнеркәсіптері мен өндірістерінің өсіп-өнуін қалайтынын аңғардым.
​Қ.Тоқаев мырзаның Абайдың шығармаларындағы әділетті қоғам құру идеяларын, халықпен етене жақын болу мүддесін ел басқару ісіндегі бағыт-бағдар, ұстаным (кредо) ретінде қабылдауын аңғардым және осы мақаласы үшін ерекше қуандым.
​Қазақ тілінің ұлттық нәрін сол қалпында сақтаған ұлы Абайдың мұралары Тіл білімі институтында үздіксіз зерттеліп келеді. 1968 жылы жарыққа шыққан «Абай тілінің сөздігі» атты көлемді еңбек Абайдың тілдік тұлғасын тануға, қазақ әдеби тілінің сөздік қорын жинақтауға негіз болды. Содан бері Абай шығармаларының көркемдік ерекшелігі, синтаксистік құрылымы, морфологиялық жүйесі, лексика-фразеологиялық қоры, т.б қырлары жан-жақты зерттеліп келеді. Көптеген докторлық диссертациялардың тақырыбы ретінде таңдалуының өзі Абай тіліндегі зор құдіреттіліктің өзі зерттеуді талап ететінін байқатты.
​Бүгінгі таңда Абайдың тілдік тұлғасы, шығармаларының тілі жаңа лингвистикалық бағытта зерттелу үстінде, соның нәтижелері ретінде
​«Абайдың бейнелі сөздер сөздігі»
«Абайдың нақыл сөздері»
«Абайдың фразеологизмдері»
«Абайдың философиялық тілі»
«Абайдың тілдік әлемі» атты жаңа кітаптар шығару көзделіп отыр.
Қазақтың кемеңгер тұлғасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ерекше үлес қосатын болады.

Ерден ҚАЖЫБЕК,
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры,
филология ғылымының докторы, профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *