Кемеңгер неге қолдан сүйеді?

Аса көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Темірхан Медетбек «Қайран өмір» атты ғұмырбаяндық кітабын жазып бітіріп, баспаға тапсыру қамында. Біз білгенде кітап бір деммен оқылса керек. Өйткені, «Қазақ әдебиетінде» басталып жарияланған үзінділер қазірдің өзінде оқырманын ынтықтырып отыр. Оның ішінде белгілі тұлғалар туралы толғаныстары ерекше тартымды көрінді. Соның бірі —қазақтың маңдайы мен таңдайына айналған, біртуар кемеңгер тұлғасы Әбіш Кекілбайұлы туралы эссесі.

Ана бір жылы Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев Әбіш Кекілбайұлына «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын өз қолымен салтанатты түрде табыс етті. Сол салтанатта Мемлекет басшысының қолынан сүйген Әбекеңнің әрекетін әлдекімдер сан-саққа жүгіртіп, ақылы Әбекеңнің тізесіне жетпейтіндер желігіп сөйледі. Бірақ бұл ілтипатты, ізетті сәтті Әбекеңді біршама жақсы білетіндер қалыпты жағдай ретінде қабылдады. Ел ішінен еңсесі биік көрініп тұратын Мереке Құлкенов: «Бұл жұрттың не білгені бар дейсің, бұл өзі Әбіштің әулетінде, төңірегінде әуелден қалыптасқан дағды» деген еді. Бұдан бұрынырақта Елбасының қолын жұлып ала жаздаған белгілі біреуді көрген біздің де тіліміз қышып, қаламға жармаспақ ойымыз болған. Бірақ Әбіштей биіктердің ешқашан аласармай, уақыттың өзі оны биіктете беретінін ойлап қана қойғанбыз. Сөздің қысқасы, «Қайран өмір» кітабындағы Әбекең туралы ғажайып эссесінде Темірхан Медетбек осы сәтке арнайы тоқталып, кезінде кейбір «кейқуаттардың» көкейін тескен күңкілге ия күншілдігіне тап басып жауап беріп, бұтарлап жазыпты. Қай кезде де ақ сөйлеп, ақиқатты айтатын алдаспан ақынның көңіл пернесін дөп басқан сөзіне иланбасқа шара жоқ. Оқып көріңіз, ойлы оқырман!

Өздеріңіз байқағандай, кемеңгердің 80 жылдығына орай газетімізде  Алматы қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен материалдар шоғыры жарияланып жатыр.  Осы тұста аталмыш мақаладан үзінді беруді жөн көрдік. Сондай-ақ, алдағы уақытта ақынмен келісім бойынша «Қайран өмірден» үзінді бере бастайтынымызды да оқырман есіне саламыз.

 

Темірхан МЕДЕТБЕК

Ұлтымыздың рухани ұлы тұлғасы

…Күтпеген жерден Әбекең телефон соқты. Бір жігіттерден естіген болу керек, маған көңіл айтты да, «ал Темірхан, мақалаңды оқыдым, саған шексіз ризамын», – деді. Оның осы сөздерді айтқан қоңыр дауысы әлі күнге құлағымда. Мақала «Шыңырау» деген атпен жарық көрді. Әрине, Әбекеңнің риза болғанына, апайымның қайтыс болғанына қайысып жүрсем де, кәдімгідей арқаланып қалдым…

Сонымен, мен Әбекеңнің Маңғыстауда өткен тойына бара алмадым. Барған жұрт керемет боп өткенін тамсанып, таңырқап тұрып айтып келді. Ол жерде де менің мақалам жайлы жақсы сөздер айтылыпты. Оны да есіттім.

Басқа баспасөз беттерінде де, телеарналар мен радиолар да Әбекеңнің жетпіс жылдығын кеңінен атап өтіп жатты.

Маңғыстаудың Шетпе ауданы, Оңды ауылындағы Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәулеге қойылған ескерткіш.

Астанадағы тойына шақырылсам да, бара алмай қалдым. Ол мерейтойды теледидардан қарап отырдым. Президент «Еңбек Ері» атағын бергені туралы жарлығын жариялап, төсбелгісін омы­рауына тақты. Әбекең ол кісіге ризашы­лығын білдіріп, қолын сүйгендей болды. Мен өз басым осы бір көріністен ешқандай да не әбестік, не ерсілік көрген жоқпын. Қайта ол кісінің орасан зор еңбегі лайықты аталып жатқанына қатты қуанып отыр­дым. Ертеңіне, сонан кейін де кейбір газеттер ұлардай шулап қоя берді. Мен үшін нағыз әбестік, нағыз ерсілік сол шу болды. Құдай-ау, сол бір қол сүйгенінен мына жұрттың сұмдық сұмпайылық, жағымпаздық көргендеріне әлі күнге таңмын. Әбішке ондай сөз таңу үшін, алдымен оның болмысын танып, біліп алу керек қой. Ал мен Әбіштің мінез-құлқын әп-әжептәуір білем деп ойлаймын. Маңғыстауға барған сайын мен оның қасынан табылатынмын. Талай-талай жиындарда да, қыдырыста да, кездесулерде де бірге болдым. Сонда, тіпті, сексеннен асып кеткен ақсақалдардың өзін бала құсатып еміреніп, бауырына тартып, айналып-толғанып, маңдайларынан иіскеп, қолдарын сүйетін. Ондай кезде әлгі сексендегі ақсақалдардың өзі, шынында да, баладай мәз-мейрам болып Әбекеңнің құшағына кіріп бара жататын. Ықыласы ауған кезінде ылғи солай ететін. Теледидардан көрген көрініс те маған сол көріністердің жалғасындай боп көрінгені содан болса керек.

Ал әлгіндей бір шоғыр жұрттың қайран Әбекеңді сынға алуы, елге, жұртқа опасыздық жасағандай даурығып, дабыра салуы ұят-ақ болды.

Әбекең Президентке (экс-президент Н.Назарбаевты айтады. –ред.) жағым­паздық жасаса, сөзбен жасар еді. Әрине, ол кісінің Президентті қоштап, құптап сөйлеген сөздері бар. Ол рас. Олардың бірінен де сіз жағымпаздыққа тән сөздерді таба алмайсыз. Белді-белді деген адамдардың біразы Президентті Мұхаммед пайғамбарға, Нұх пайғамбар мен Мұса пайғамбарларға теңеп жатты ғой. Құдайға шүкір, Әбекең ондай күпірлікке барған жоқ. Бар бәле ол кісінің табиғатын, болмысын білмегендіктен шығып тұр. Төсбелгі таққанда ықыласы ауып кетті де, өзінің бойына біткен мінезімен қолынан сүйе салды. Сол үшін оны жерден алып, жерге салғандары несі?

Әлгі жалаулатып айқайлап, алаулатып от жағып жүргендер еліне, жеріне өлшеусіз еңбек еткен Әбекеңе қандай ауыр қиянат жасағандарын білсе ғой. Содан кейін-ақ ол кісі өле-өлгенше кейіп, тұнжырап, түнеріп өтті. Сол бір кездегі оның түтіккен түр-түсін көз алдыма келтірсем, әлі күнге өзегім өртенердей боп қатты қиналам.

Маған біреулер «мұны кезінде неге айтпадың?» деуі мүмкін. Айтар ем, әлгі алаулатқандар мен жалаулатқандар бұрынғыдан да бетер өршіп кете ме деп қорықтым. Бірақ қазір айтылса да – кеш емес…

Тағы да ойда жүрген бір мәселені айтпай кетуге болмас. Мен сол жылдары ешқандай оппозициялық партияда болмасам да, біздің қоғамның, жүйенің басқа өріске түсіп, яғни халықтың сөзін ешуақытта қабылдамайтын өктемдікпен басқаруға көшіп бара жатқанына төзе алмастан оппозициялық көзқарасымды мақалаларымда да, өлеңдерімде де ашық айтып жүрдім. Сол сөздерімді біліп отырған жоғары жақ мені шетқақпай етіп, бар-жоқ екенімді көзге ілмей тастағандарына көзім әбден жеткен. Оған мен, әрине, түсіністікпен қарадым. Сынап жатқан адамды маңдайынан ұрмаса, арқасынан қақпайды ғой. Бір күні бір тойда Әбекеңмен кездесіп қалдым. Оңаша бір сәтті пайдаланып Әбекеңнен: «Әбеке, өзіңіз байқап жүрген шығарсыз, мен қазір ешқандай оппозициялық партияларға кірмесем де, бәрібір жоғары жақ «оппозициялық пікірлер» деп қабылдайтын сөздер айтып жүрмін. Менің бұл әрекетіме ренжіп жүрген жоқсыз ба?», – деп сұрадым. Тұнжырап тұрған Әбекең маған жалт қарады да: «Мен саған неге ренжиін?! Демократиялық ел құрамыз деп жатқан жоқпыз ба, ал демократияның ең басты белгісі – пікір алуандығы ғой. Сондықтан менің саған ренжитін жөнім жоқ. Тек арандап қалма! Абай бол!», – деп, біршама уақыт қолымен иығымды сығымдап ұстап тұрды. Мен де жеңілденіп сала бердім. Өйткені, ол кісі үндемей қоя ма, жоқ әлде кейістік таныта ма деп ойлап едім. Сол сөзінен кейін өр болмысты тұлғаның бұдан қаншама жыл бұрын, яғни тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «демократиялық жолмен дамысақ қана ел боламыз», – деп айтқаны есіме түсті. Ол кісінің әлі күнге, іштей болса да, сол позицияда екеніне көзім жетті. Бірақ бір жерге келіп кептеліп тұрғандай кейіп танытты. Оның иығымды сығымдап ұстап тұрғаны іштегі бір қыжылдан хабар бергендей болды.

Мен өзімнің кейбір көңілге қонбайтын мәселелерге қарсылығымды білдірген кезімнен бастап Әбекеңмен хабарлас­уымды сиретіп кеткен болатынмын. Жаңағы әңгімеден кейін де ол кісімен хабарласуым жиілеген жоқ.

Неге өйттім? Оның басты себебі, менің ол кісімен ертеден жақын екенімді жұрттың бәрі жақсы біледі. Ал мен, өз кезегінде, ол кісінің үнемі белгілі органдардың аңдуында екенін жақсы білем. Яғни ол кісіге бұрынғыдай телефон соғып, үйіне жиі барып тұрсам, «Темірхан Медетбекті осы Әбіш Кекілбаев айдап салып жүр» деген әңгіме шығып, ол кісіге жала жабыла ма, әлдебір кесірімді тигізіп алмайын, әрірек жүрейін деп ойладым. Бұл ісім дұрыс болды ма, дұрыс болмады ма, Әбекең мұнымды, ең болмаса, іштей болса да құптады ма, құптамады ма, білмеймін. Бірақ менің шыным осы, яғни ол кісіге сөз келтірмеу болатын.

Сол бір кездерден бастап, бәріміз жақсы білеміз, халқымыздың ең бір парасатты, ең бір пайымды, ең бір ақылды деген азаматтарының атына небір сұмдық, небір сұмпайы сөздер айту, қанша жусаң да – кетпейтін майлы күйе жағу барынша етек алып бара жатты. Ондай үрдіс тап қазір де тыйылып тұрған жоқ. Әлі есімде, ертеректе Президент қатысып отырған бір Парламент отырысында екі-үш қазақ депутаттың орыс тілінде бірінен-бірі озып, Президенттің астына «құс жастық лақтырғандары» тыңдап отырған жұртты ыңғайсыз жағдайға қалдырған-ды. Сол кезде мынадай орынсыз, өрескел марапаттарға шыдай алмаған Әбіш ағамыздың «Президент мұндай диферамбаларға зәру емес», – деп, әлгілерді тыйып тастағаны есіме түсті. Мұндай сөзді айтқан адамды «жағымпаз» деу нағыз жала жабу да, күйе жағу да болып шығады. Құдай-ау, оның жүрісі мен тұрысына, сөзі мен ойына көз салсаңызшы. Жағымпаз адам солай жүріп, сондай биік парасатты сөз айта ма?

…Көз алдымда тағы да… тағы да… Әбекеңнің бейнесі. Ол кісінің алп-алп басқан жүрісі. Дүниеге тұңғиық ойлы көзімен қарап тұрған дара да дана тұрпаты… Енді бірде үлкен демей, кіші демей адамдарды кең құшағына алып, бауырына басып, қолынан сүйіп мейірімін төгіп тұрған шуақты кезі.

(«Қайран өмір» ғұмырнамалық

кітабынан үзінді. «Қазақ әдебиеті», 13.09.2019).

 

 

Әбіш КекілбаЙҰЛЫ: Арлы адам — ең күшті адам

Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының қанатты сөздері

 * Ақиқаттың мекені — жүрек.

 * Өнерде шәкірттік сезімін ұмытқан адам – ұстаз да бола алмайды.

 * Күлкі – шабуын білмесең, өз тірсегіңді өзің қиып түсіретін наркескен қылыш сияқты қатерлі қару.

 * Үлкен ақын – ел-ананың сан жылдап сарғая күтіп жүріп табатын сағынышты перзенті.

 * Мақтау мен масаттану — даусыз мойындаудың күнгей беті де, күндеу мен қызғаныш — көлеңке беті.

 * Адамдар әділ болса – өмір әрқашан әділ.

 * Есептессек — уақытты есептейік!

 * Адам мен адамзаттың армандары ешқашан аласармайды.

 * Көлгірлік — шындықтың аяғындағы тұсау.

 * Әдебиеттің міндеті — сергелдең жүректі басу, бейқам жүректі ояту.

 * Сенбегеннен қиянат көргеннен — сеніп тұрып қиянат көрген жаман.

 * Намыс — көздің де, көңілдің де томағасын алады.

 * Заманға таңқалма — адамға таңқал.

 * Кешегілердің еңбегін елемесек, бүгінгіміздің көңіліне қарамасақ — ертеңгілерді қайдан қарық қыламыз?!

 * Өзіне сенбейтін кісі төңірегіндегілердің бойынан ешқандай жақсы сипат, жақсы қасиет көрмейді.

 Тәуекелсіз қауым – тәуелсіз бола алмайды, алауыз қауым — азат бола алмайды.

Әбіш   КекілбаЙҰЛЫ

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close