ӘКЕМДЕЙ ҚАМҚОР БОЛҒАН «КӘНТАЙ КӨКЕ»

Әріптес әлемі

80Біз ардақ тұтатын Қайым-Мұнар Тұрдақынұлы Табеев 1956 жылы 5 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Шолпан ауылында дүние есігін ашқан. Алдымен ҚазМУ-дің журналистика факультетін, сосын Қазақ Мемлекеттік заң университетінің аспирантурасын, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының мамандық жетілдіру курсын бітірген. 

Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде бөлім басқарып, ҚР Президенті Әкімшілігінде, ҚР Ақпарат және баспасөз министр­лігінде, Алматы қалалық әкімшілігінде жауапты қызметтер атқар­ған. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қалалық атқару хатшылығының меңгерушісі болып қызмет істеген.

Бірнеше тарихи-деректі кітаптардың авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Желтоқсан көтерілісін зерттеген Үкіметтік тексеру комиссиясы сарапшылар тобына қатысып, оны алғашқылардың бірі болып БАҚ бетінде көтерген публицист-жазушы. Республикалық Журналистер және Жастар одақтары сыйлықтарының лауреаты.

Тізе берсе, Қ.Табеевтің атқарған еңбектері айтарлық. Бұл күнде ол «Нұр Отан» партиясы қалалық бөлімшесінде жемісті еңбек етіп жүр. Таяу күндері 60 жасқа толатын, әкемдей аялап, білім алуыма үлкен ықпал еткен, тіптен, өз шаңырағында құда күтіп, мені өз қолынан ұзатып, ақ батасын берген абзал аға туралы жан сырымды айтсам деймін…

Негізі, Қайым-Мұнар аға мен менің анам Гүлғайша Еңсеқызы бір-біріне жақын бауыр болып келеді. Бұл ретте анамның шешесі мен ағаның әкесі туысқан жандар екен. Әкесінен ерте айрылған менің әкем Меллетханды атасы Бүркітбай 1954 жылы Қытай елінен өздерімен бірге атамекенге алып өткен. Содан әкем мен анам 1973 жы­лы отау құрады. Екеуінің жұмыс орын­дары, туған-туыстары үйлену тойларын жаңаша өткізіп, кеңшар клубында жас шаңыраққа үйдің кілтін табыс етеді. Сөйтіп, анам мектепте 30 жылдай математика пәнінен сабақ беріп, әкем есепші ретінде жемісті ең­бек етеді. Тек, өкінішке қарай, олар жұптаса 13 жылдай ғана өмір сүріп, сұм ажал әкемізді 43 жасында дүниеден әкетеді. Ал анамыз Гүлғайша Гүлнұр, Нұргүл және Руслан есімді үш жетімді бағып-қағып, 37 жасында «жесір» атанады.

Содан бастап, балаларын оқытып, қа­тарға қосу анамның басты мақсаты болады. Осы ретте алдымен Алматыдағы қазақ тілін тереңдете оқытатын мектепті «өте жақсы» бағамен бітірген Гүлнұрды анамыз осы әсем қалада еңбек ететін  Қайым-Мұнар ағаның қолына табыстайды. Бұл ретте Қайым-Мұнар аға жұбайы Жеделхан тәтемен бірге Қуаныш, Жанар, Данияр атты үш бала тәрбиелеп отырған болатын. Оларға төртінші болып Гүлнұр қосылады.

Айта кететіні, бұл кезде құдайдың қара суына дейін сатулы қалада тұрып жатқан Қайым-Мұнар мен Жеделханның көтерген жүгі өте ауыр болатын. Оған себеп, ағаның анасы Самха ерте дүниеден өтіп, артында шиеттей 8 бала қалады. Ол кезде олардың ең үлкені Қайым-Мұнар аға болса, баланың кенжесі Жарқын бар болғаны  екі жаста ғана екен. Солардың бәріне Жедел­хан тәте ана болады. Ал енді мектепті «өте жақсы» бітірген Гүлнұр ағаның қолдауы­мен ҚазМУ-ге емтихансыз қабылданады.

Келесі жылы Қайым-Мұнар ағаның шаңырағына мектеп бітірген мен келдім. Ол кезде Гүлнұр бұл шаңыраққа үйреніп қалған. Ал мен ол сияқты өжет емес, әкеме тартқан ұяңдау болатынмын. Әрине, мұның алдында Болат, Қанат есімді екі інісі қай­тыс болып, үлкен қайғыда жүрсе де Қайым-Мұнар аға менің келгеніме «қыңқ» деген жоқ. Сондықтан да ағаның өз балалары, іні-қарындастары өзіміздің қамқоршылары­мызды кереметтей жақсы көріп, еркелей Қайым-Мұнар ағаны «Кәнтай папа», Же­дел­хан тәтемізді «Жедеш мама» атап кеттік. Біздің қазақ «баланы санамайды» деуші еді, ал санап көріңіздер, қанша болғанымызды. Бұл аздай, келер жылы мектеп бітіріп Руслан келді. Бірақ, ол бірден жұмысқа тұрды да, кейіннен «Темір­жолшылар колледжіне» оқуға түсіп кетті.

Әрине, біз Гүлнұр екеуміздің оқуға түсуіміздің өзі бір әңгіме. Мысалы, Гүлнұр оқуға түсісімен Ақбота есімді қызбен та­нысып, көп өтпей екеуі жан дос болып ке­теді. Сонда Ақбота үйіне барғанда әкесіне «Көке, мен Семейдің қызымен таныстым. Өзі сіздің жерлесіңіз екен. Әкесі ертеректе қайтыс болып кетіпті. Осы Алматыда мектеп бітіріп, біздің университетке оқуға түсіпті. Ал оның кімнің үйінде тұратынын білесіз бе, анасының бауыры Қайым-Мұнар Табеев деген үлкен қызметкердің үйінде тұрады. Олай дейтінім, оның бұл ағасы ҚР Президенті Әкімшілігінде қызмет атқарады екен. Оқуға түсуіне сол ағасы қолдау көрсеткен көрінеді. Жалпы, Гүлнұр құрбым неміс тіліне қызығады екен. Солармен танысу керек!» деп айтып барады.

Мұны естіген біздің анамыз ойланбас­тан жолға шығады. Мақсаты – Кәнтай көке мен Жедеш тәтенің үйінде Ақботаның әкесімен танысу болады. Анамның бұл ойы құлағына тиісімен Кәнтай көкелер де қонақ күтуді ойластырып, дайындала бастайды. Тіпті, Ақботаның әкесі Тұрағұл ағамен дәм­дес болсын деп арнайы Желтоқсан ба­тыры, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұл­бековтің әкесі Ноғайбай ағаны да қонаққа шақырады.

Атап өтетіні, соның алдында ғана Қайым-Мұнар Табеевтің «Мұзда жанған алау» атты кітабы жарық көрген болатын. Қайрат Рысқұлбековтің ерлігі жайында біз осы кітап арқылы жақсы хабардармыз. Оның үстіне Кәнтай көкені теледидардан жиі көрсетіп тұратын. Ауылда жүргенде анам жиі-жиі «Оразхан тәте, Алтын апа келіңдер, теледидардан менің бауырым Кәнтайды көрсетіп жатыр. Келіңдер!..» деп, бауырымен мақтана көршілерін үйге ша­қы­ратын. Сонда көк жәшікке қарап оты­рып, анам марқұм боздақ Қайраттың ерлігі, оның әкесі мен анасының содан бергі қайғылы күндері жайында мұңая әңгіме етіп айтып отыратын.

Сонымен кешке алдымен Ақбота мен әкесі Тұрағұл, олардың аяғын ала Ноғай­бай ақсақал келді. Дастархан басындағы таныстықтан кейін алдымен сөз алған Тұрағұл аға өзімен құрдас Ноғайбай ақса­қалға Қайраттың ерлігі жайлы айта келіп, көңіл айтты. Міне, осы қонақ күту бары­сында Кәнтай  көке мен Жедеш тәтем зыр жүгіріп қызмет етті. Кім білген, олардың осыдан кейін де алдағы уақытта біздің отбасы үшін үлкен істер тындыратынын…

Бұл оқиға Гүлнұр оқуын бітіріп, аспи­ран­­тураға түскенде, ал мен оқуымды тәмәмдап, диплом алғанда басталды. Әлі есімде, енді мақсатымызға жеттік дегенде, 1998 жылы кенеттен Гүлнұр әпкем қайтыс болды. Оған, әсіресе, қатты қайғырған Кәнтай көке мен Жедеш тәте анама қайғылы хабарды естіртіп, «Гүлнұрды біздің үйден шығарайық» деп ақыл қосады. Өйткені, сол жылы қыс қатты болып, анамның Алматыға жетуі қиын болған еді.

Сөйтіп, не керек, қабырғамыз қайысып жүріп, Гүлнұрды «Өжетке» жер қойнына бердік. Бұл кезде ауылда жалғыз қалған анам Алматыға көшіп келуді ойлап жүрген. Обалы нешік, Гүлнұрды жерлеуге достары көп еңбек сіңірді. Бәрі жабылып басына ескерткіш қойды. Әсіресе, жан досы Ақбота қолынан келгенін аянып қалмай, шарқ ұра қимылдады. Сосын тасқа белгі қоюды анаммен ақылдаса келе әкесі Тұрағұл ағаның Ақбота мен Гүлнұрдың достықтарына арнап жазған:

 

Бейнесі райхан гүлдей мөлдіреген,

Ақ жүрегі ақ ту болып желбіреген.

Дос дегенде төрт бөліп түн ұйқысын

Көңілі тасып, кең дүние елжіреген.

 

деген өлең шумағын құлпытасқа қашап жаздырады. Содан кейін марқұм әпкемнің «Өжеттегі» бірге оқыған достары Гүлнұр­дың туған күнінде тағы бір рет жиналып, марқұмның рухына құран бағыштады.

Тірі адам тіршілігін жасайды деген. Зымырап өткен уақыт бар қайғымызды жуып-шаюға тырысып бақты. Анам мұ­ғалімдік жұмысты қойды. Ақбота екеуміз де бойжеттік. Мен одан кейіндеу, 2000 жылы тұрмысқа шықтым. Бұл ретте үйдің жоқтығы қинай бастағанда көмекке тағы да Кәнтай көке мен Жедеш тәте келді. Сөй­тіп, маған келген құдаларды екеуі қарсы алды. Олар ақ көңілдерімен ақ дас­тар­қанын жайып тастап, бізге ақ батала­рын берді. Сөйтіп, мені ол кісілер босаға­ларынан оң аяғыммен шығарып салды.

Әрине, Кәнтай көке мен Жедеш тәтенің бұл істеген жақсы­лықтарын мен өмір бойы ұмытпаймын. Оларға мәңгі-бақи рахметім­ді айтып, ақ тілегімді жаудырып өтемін. Құдайға шүкір, жұбайым Төлеген екеуміз бүгінде ба­қытты отбасымыз. Айдана, Әсет есімді бала­ларымыз бар. Оның үстіне мен ҚыздарМПУ-дің аспирантурасын бітіріп, қазір осы қаладағы №16 қазақ мектебінде ұстаздық қызмет атқарамын.

Ал енді, бізге осыншалық жақсылық жасаған Кәнтай көке мен Жедеш тәтенің отбасында да үлкен өзгерістер болып жа­тыр. Атап айтқанда, менің ардақты Қайым-Мұнар ағам мен қымбатты Жеделхан тә­тем­нің үлкен ұлдары Қуаныш пен келіндері Сәуленің үйлену тойлары дүркіреп өтті. Оған елге белгілі зиялы қауым, жазушылар мен қалалық әкімдіктен көптеген қонақтар келді. Содан кейін Кәнтай көке қызы Жанарды ұзатты. Ол қазір Англияда тұрып жатыр. Жолдасы Мәлік екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Сол сияқты, Кәнтай кө­ке мен Жедеш тәтенің кен­же ұлдары Да­нияр да Бота есімді сұлумен бақытты отба­сын құрып, екі ұл сүйіп отыр. Олардың үйлену тойында сөз сөйлеген анам Гүлғай­шаның айтқан сөздері әлі есімде. Сонда анам:

– Айналайын, Қайым-Мұнар бауы­рым, Жеделхан келін! Әсіресе, екеуіңді осы қуаныштарыңмен құттықтаймын. Өйткені, сендер өз балаларыңмен бірге Меллетхан­ның  жетімдерін де жетектеп, ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырдыңдар. Осы орайда Қайым-Мұнар Табеевтер әулеті кенжесінің үйлену тойында мынаны айтсам деймін…

Балалар, енді сендер Жеделхан апала­рыңды бұрынғыдай «Жедеш тәте» де­меңдер. Бұдан былай апаларың бәріміз үшін «Жәкем» деп аталсын. Өйткені, Жеделхан апаларың бәрімізге өз мейірімін сыйлады, жан жылуын берді. Әсіресе, құдай қосқан қосағы Қайым-Мұнардың бар  «еркелігі» мен «серілігін» көтерді. Сон­дықтан да мен бүгін Келін, сенің алдыңда басымды иемін, – деді жиналған­дардың бәрінің көздеріне жас алдырып.

Сөзімнің соңында, бүгіндері 60 жастың асқарына шығып отырған Қайым-Мұнар ағама бізге жасаған бар жақсылығы үшін мың алғысымды айтамын. Бұл өмірде деніңіз сау болып, бақытқа кенеле беріңіз. Жеделхан апа екеулеріңіз енді үлкен немерелеріңіз Айсұлтанды үйлендіріп, олардан шөбере көруге жазсын!

 

Басын иіп, рахметін айтушы – 

Назгүл БҮРКІТБАЕВА,

№16 мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *