ӘКЕМ ДЕ, МЕН ДЕ ОТАН ҮШІН ОТ КЕШКЕНБІЗ

Тамыры терең әулетпіз

 

566Мен 1950 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Кәріқорған ауылында шаруа отбасында туып-өстім. Кезінде біздің елде сөзі дуалы, қол астындағы жұртына сыйлы Керімбай атты болыс өткен екен. Менің есімімді сол кісіге ұқсатып, ырым етіп, Керімқұл деп атапты. Ал маған ат беріп, азан шақырып қойған кісі ұжымшар бастығы Әлиша апамыз екен. Өз анамның әкесі Байторы би сол Керімбай болыспен үзеңгі қағыса өмір кешкен, заманында пәтуалы билік айтып, өз ортасында ойып алар орны бар беделді кісі болыпты. Шешем Сүлей келіні Жәмилә қамшының сабындай қысқа өмірде ауырт­палықты көп көрген адам. Жиырмасыншы жылдары кеңес өкіметінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосыпты. Түрксіб шойын жолының құрылысында, Киров каналының қазылуында ерлермен қатар қолына күрек-қайла алып, уақытпен санаспай еңбек етіпті. Одан кейін Ұлы Отан соғысы жылдары тылда да аянбай ащы терін төгіп, Жеңіс күнін жақындатуға күш салыпты. Өкімет те анамның жанқиярлық ерен еңбегін елеусіз қалдырмай, төрт медальмен марапаттаған. Реті келгенде айта кетейін, әкемнің әкесі Ахмет Омарұлы 1932 жылы репрессияның құрығына ілінеді. Бір түнде ауылға НКВД жендеттері  келеді де, үш адамды тұтқынға алады. Атам сол өңірге белгілі ірі ишан болған екен. Оған тағы бір шіркеудің попын қосақтап, Әулие-Атаға айдайды. Әжеміз Шарафат апа сегіз жасар әкемді жетектеп, бір хабарын білуге 80 шақырым жердегі Әулие-Ата түрмесіне жаяу барып қайтады. Алайда, түрмені қанша күзеткенімен, жұбайымен жүздесе алмай, қамығып оралады. Кейіннен белгілі болғанындай, атамыз бен шіркеудің попы 10 жылдан арқалап, Ташкенттің абақтысында 1942 жылға дейін азап шегеді. Естуімізше, ол кісі сол жылы түрмеден босап шығады, бірақ, одан кейінгі тағдыры белгісіз. Күні бүгінге дейін еш дерек жоқ.

Менің әкем Ұзақ Ахметұлы – анамның туған қайнысы болып келеді. Сол заманда қалыптасқан қазақы әмеңгерлік жолмен, туған-туыс ақсақалдар ағасы дүниеден озған соң жеңгесін жас айырмасына қарамастан қайнысына қосқан екен. Әкем 1941 жылы соғыс басталысымен-ақ әскер қатарына өтініш білдіреді. Алайда, жасы жетпегендіктен, өтініші қанағаттандырыл­майды. Содан 16-17-дегі бозбала өзімен түйдей құрдас досы Мейман Қожаназаров екеуі тауарлы эшелондарды ауыстырып отырып, Мәскеу түбінен бір-ақ шығады да, жерлестері Бауыржан Момышұлының батальонын іздеп тауып, сол құраманың сапында алғаш ұрысқа кіреді. Төрт жыл бойы от пен су кешеді. Неміс басқыншыларымен айқаста көрсеткен көзсіз ерлігі үшін әкем 1 және 2- дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, сондай-ақ, бірнеше қаланы азат еткені үшін арнайы медальдармен марапатталады. Туған жерге аман-есен оралған соң соғыстан әлсіреген Жуалы ауданының экономикалық әл-қуатын көтеруге білек сыбана кіріседі. Ұзақ уақыт орта деңгейдегі басшылық қызметтер атқарады. Зейнетке шығып, «Еңбек ардагері» деген құрметке ие болады.

 

Он екі күн ес-түссіз жатыппын…

 

1968 жылы әскер қатарына алынып, Приморье өлкесінің Владивосток қаласында дайындықтан өткен соң Артем қаласында байланысшы болып, борышымды жалғастырдым. Ал Даманск аралы бізден қозыкөш жерде орналасқан еді. 1969 жылдың 2 наурызынан 3-іне қараған күні түн ішінде шырт ұйқыда жатқанда әскери дабыл қағылды. Атып-атып тұрып, плацқа сапқа тұрдық. Бөлім командирінің түсі қашып кеткен, өңі өте суық. «Комсомол мүшелері екі адым алға шықсын» деп әмір берді. Екі аттап артыма көз салсам, сапта тұрғандар түгелдей алға шығыпты. «Байланысшылар, екі адым алға», – деді тағы да. Біз бөлімде төртеу едік, төрт радист, төрт телефоншы. Бәріміз алға ентеледік.

Командир шекарада орын алған шырғалаң оқиғаны баяндады. Қарулы ұрыс бір тәулік бұрын басталыпты. Айналасы 2-3 сағат мерзімде қытай әскерлері төтеннен шекараны бұзып өтіп, 38 шекарашыны мерт қылып, 14 кеңес жауынгерін ауыр жаралапты. Қызу кескілескен ұрыс жалғасуда екен. Бізге қарап «Бір-екі тәулік мұқият дайындалыңдар, Даманск аралына қосымша күш қажет болып жатыр. Егер бас тартсаңыздар, мәжбүрлемейміз», – деді командир. Он сегізден жаңа асқан          жеткіншекпіз, мәселенің төркініне жете мән бере бермейміз ол кезде, құлшына ерік білдірдік. «Отан» деген бір ауыз сөздің қадірі ерекше рух беретін ол заманда. Араға 2-3 тәулік сала төртеуміз толық қаруланып, таңғы апақ-сапақта тік­ұшаққа мініп тартып кеттік. Патриоттық эмоция делебені қоздырады. Біз жеткенде қиян-кескі ұрыстың демігін басқан кезі-ау деймін, астаң-кестең арпалыс дүние. Көз жетер қалтарыс тұсқа әупірімдеп жүріп әрең қондық. Іле өз міндетімізге кірісіп те кеттік. Үздіксіз атқылаған артиллерия шабылуынан құлаған бағаналар мен үзілген байланыс желілері өте жиі екен. Шалқалай тырбана жылжып, жоғары қарата сымдардың басын буамын да екі ұшын жалғастыра қоямын. Жау снарядтары жан-жағымызда жарылып, түскен жерін опырып, орға айналдырып жатыр. Оған алаңдауға шама жоқ, бұйрық қатты. Осылай екі күн өтті. Үшінші тәулікте кезекті тапсырманы алып, шалқалай жылжып келемін. Үзілген сымды жалғап, жанымдағы телефонмен байланысты тексеремін. Бір байланысқа шыққанымда орталықтағы командирім алғыс айтып «Вы представлены к награде», – деді. Сасқанымнан айдалада шалқамнан жатып, «Служу Советскому Союзу» деппін честь беріп. Сөйтіп кезекті үзілген сымды әрең деп жалғастырып, орнымнан тұрған бетім сол еді, сол жақ денем қақырап кеткендей болды. Аяғым тұсауланып, көздерім тұманданып кетті. Әупірімдеп ілбіп келіп снаряд оғы қазып кеткен үлкен апанға түсіп құлағаным есімде, одан арғысы санамда жоқ. Әйтеуір хабар болмағасын іздеп шығып, тауып алыпты. Снаряд жарықшағы тиіпті. Он екі күн ес-түссіз жатыппын. Владивосток қаласына жедел жеткізгеннен кейін әскери госпитальда бір білгір хирург полковник күрделі операция жасапты. Сол жақта бір қабырғамды алып тастапты. Сол үш тәулік бойында тапсырманы мүлтіксіз орындағаным үшін командование «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттады.

Әскери госпитальдан кейін Қорғаныс министрлігіне қарасты Полтава облысы Гадяч қаласындағы санаторийге екі айға жолдама берді ем қабылдауға. Айығып шыққан соң Қиыр Шығысқа кері оралып, мамандандырылған әскери оркестрде бірінші солист болып борышымды жалғастырдым.

Туған елге оралғасын да сол жарақатым қайта мазалай берді. Тағы бір рет ота жасаттым. 1971 – 73 жылдары «Казгипроводхоз» жобалау институтында бас суретші, 1973 – 93 жылдар аралығында Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы суретшілер шеберха­насында бас суретші болып қызмет атқардым. Шығар­машылық еңбектерім Кеңес Одағында көптеген көрмелерге қойылды, түрлі бәйгелерден жүлде де алдым.

2006 жылы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтын үздік бітіріп шықтым. Қожалар әулетінің шежіресін жинақтап, жарыққа шығардым. Бұл дүние келешек ұрпақ үшін қажет деп ойлаймын.

Осы жылдың көктемінде Алматыда Даманск оқиғасының 45 жылдығын атап өттік. Қала әкімдігі қолдау білдірді. Қоғамдық ұйым құрылып, мені сол ұйымға төраға сайлады. Біз өзі көп емеспіз. Алматыда 7-8 қатысушы бармыз. Біз өзімізді көп көтере бермейміз. Кезінде бұл қақтығыстың құпиялылығы басым болған. Тәуелсіз елімізде туып, өсіп-өнген жас өрендер Кеңес одағы тұсында кикілжің оқиғалар болғанын білсе екен деймін. Біздің естелігімізден ой түйіп, тәлімді тәрбие алып, өз елінің патриоты болып, сын сағатта туған жерін тайсалмай қорғайтын азаматтар қалыптасса, біздің де арманымыз орындалғаны. Ал Даманск аралына келсек, соншама боздақтың қаны төгілген тоқымдай жерді 1991 жылы Ресей Қытайға қайтарып берген еді.

 

Керім СҮЛЕЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *