КЕЛІСІМ ЖАСАЛМАҒАН КЕЗДЕСУ

Трамп-Путин ұшырасуынан қандай ой түюге болады?

Болғанына оншақты күн  уақыт өтсе де әлемдік БАҚ құралдары мен ғаламтор сайттарында Финляндияның астанасы Хельсинкиде өткен Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуі әлі қызу талқылануда. Осының өзі  бүгінгі геосаясатта  АҚШ–Ресей  диалогінің зор маңызға ие және халықаралық қатынаста елеулі рөл атқаратынын аңғартады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков­тың хабарлағанындай, бұл ұшырасуда қандай да бір құжатқа, келі­сім-шартқа қол қойылмайтыны күні бұрын белгілі болған. Сөйте тұра­саммиттің нәтижесі жөнінде айтылып жатқан пайымдаулар мен пікірлер, сараптамалар мен түйіндер жетіп-артылады.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Мұндағы басы ашық, айқын нәрсе тоқсан минуттың орнына екі сағатқа созылған  Трамп-Путиннің оңаша әңгіме­сінде және делегациялардың кездесуінде:  Ресейдің  2016 жылғы Америкадағы сай­лау­ға араласуы, Сириядағы соғыс, Украи­надағы жағдай, Иранның ядролық бағдар­ламасы, Корея түбегінің денуклеариза­циялануы және терроризм мен киберша­буылға қарсы күрес сияқты екі жақ үшін көкейтесті мәселелер талқыланды.

Президенттік сайлаудың өткеніне екі жылға жуықтаса да АҚШ барлау ұйым­дарының мәліметтеріне иек артқан амери­кандықтардың көпшілігінің көкейінде республикашыл Дональд Трамп Ресейдің арнаулы қызметінің араласуымен жеңіске жетті деген күдік әлі сейілер емес. Тіпті, олар осы істің мән-жайы мен құпия-сыры­ның ашылуынТрамптың өзінен талап ету­мен келеді. Бұған, әсіресе,  демокра­тиялық партия  және оның үміткері болып сайлауға түскен Хиллари Клинтон ханым   аса мүдделі.

Бұл орайда күткендегідей  Владимир Путин  саммиттің қорытындысына арнал­ған баспасөз конференциясында:  «Ресей  мемлекеті АҚШ-тағы сайлау науқанына ешқашан араласқан емес және араласпай­ды да» деген түсінік берді. Және де  мұнымен арнайы айналысып жүрген арнаулы прокурор  Роберт Мюллер бастаған тергеушілерді  Ресейдің қабылдауға дайын екенін, бірақ та соған сәйкес  американ жағының да Hermіtage Capіtal(2007 жылы Ресей бюджетінен 5,4 млрд. рубль ұрлану) ісі бойынша ресейлік тергеушілерді кедер­гісіз қабылдап, жұмыс жүргізуге мүмкіндік туғызулары керектігінжеткізді.

Өз кезегінде Дональд Трамп: «Ресеймен АҚШ-тағы сайлауға қатысты ешбір келісім болған емес. Мен Хиллари Клинтонмен бәске күресте таза жеңіске жеттім. Біз нау­қанды адал жүргіздік, мен ол кезде  Путинді танымаушы  да едім», – деп ақталды.

Саммиттен жұртшылықтың тағы бір ынтыға күткені Украинадағы жағдай, Қырым мен Донбасс мәселесі-тін.  Өйткені, кездесудің алдында  Трамп «Қырымда  көпшілік орыс тілінде сөйлейді екен.  Сондықтан оны Ресейдің территориясы деп мойындаған абзал» депті, деген секілді  қауесеттер тараған-тын.

АҚШ-Ресей саммитінде Украина-Қырым және Донбасс  тақырыбы да кеңі­рек талқыланған тәрізді.  Алайда, оның қан­дай сипатта өрбігені  ашып айтылмады. Бар болғаны Путин:  «Трамптың Қырым жөнінен ұстанымы айқын. Ол оны заңсыз қосып алынды  деп есептейді. Ал біздің көзқа­расымыз басқаша. Біз онда заңды түрде референдум өткіздік. Демек, мәселе шешілген» дегенді айтыпты. Ал Трамп ләм-мим демеген.

Артынан белгілі  болғандай,  Ресей пре­зиденті   американдық әріптесіне  Донбас­тағы шиеленісті шешу үшін  ол өңірде жер­гілікті тұрғындардың референдумын өткізу жайында ұсыныс жасаған. Бірақ та оның сол кезде жарияланбағаны  Трамптың жан-жақты  ойланып, таразылап барып  жауап беруіне мүмкіндік берілген сыңайлы. Әйтсе де, Путин ондай ұсынысты прагма­тик Трамп мақұл көргенімен, оны АҚШ конгресінің қайтарып тастайтыны алдын-ала білген. Ресейлік көптеген саяси сарап­шы­лар да: «Путиннің мұнысы жоқтан жақсы дейтіндей амалсыз жасалған жүріс» деседі.

Сириядағы соғыс пен Иранға қатысты саясат мәселесіне келгенде,  Вашингтон мен Мәскеудің  өз ұстанымдарынан қайт­пайтыны даусыз.  Дегенмен, Трамп  Сирия жеріндегі  «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының 99 пайызға  талқандалғанын, бұған  Ресейдің елеулі үлес қосқанын  атап өтті.

Осыған байланысты соңғы екі-үш күн­дікте  Сирияның  Израильмен шекаралас оңтүстік-батыс  аймағында  үкімет әскер­лері мен оппозициялық қарулы топтардың  келісімге келгені хабарланды.  Базбір  саясаттанушылар  мұны  Хельсинкидегі  кездесудің  нәтижесі деп қарайды.

Ақ үй қожайынының пайымдауынша, өз елінің Иранмен арадағы қайшылығында (Тегеранмен  жасалған СВПД (Бірлескен кең көлемді Иранның ядролық бағдарла­масы бойынша іс-әрекеттер жоспары) деп аталатын келісім-шарттан шығуы мен  бұрынғы жарияланған санкциялардың  қайта қалпына келтірілуіне)  Еуроодақ елдері оның ішінде  Англия, Германия, Францияның  және Ресейдің қарсы шығуы жәйдан-жәй емес. «Бұлардың  әрқайсы­сы­ның Иран Ислам Республикасымен жа­сал­ған өзара тиімді коммерциялық келісім-шарттары, тығыз байланысып жатқан экономикалық мүдделері бар», –  дейді.

Екі басшының айтуларынша,  қос тарапты жақындастырып, тоқайласты­ратын жәйттер баршылық.  Оған  тек ынта-ықылас, ұмтылыс қажет.  Владимир Путин бейнелі түрде:  «біз жолымыздағы қиранды мен кедергілерді  түгел  аршып, тазарта алмадық. Десе де, алғашқы  қадамды жасадық», – деп,  кездесудің ашық және іскер  сыңайда өткенін атап  көрсетті.

Сонау Сталин заманынан  қалған саяси  қулық пен қыр көрсетудің амалы ма екен?  Баспасөз конференциясының  соңында Путин Трампқа  ала доп сыйлады. Мұнысы: «біз батыстың қарсылығына қармастан футболдан әлем чемпионатын  табысты өткіздік.  Ендігі кезек сіздікі. Доп сіздің жақта» дегендей көрінді.

Хельсинки жоғары дәрежедегі АҚШ-Ресей саммитті шама-шарқынша өтті-ау. Әйтсе де, осы шараға арналған баспасөз конференциясы аяқталысымен  Дональд Трамп  американдық сенаторлар мен саясат­керлердің  қарша бораған сынының астында қалды. Олардың көпшілігі  Трамптың АҚШ-тай айбынды державаның президенті бола тұра  Ресей басшысының алдында өзін биік ұстап, еңсесін көтермей, босбелбеу  мәнерде сөйлегеніне қатты наразылық білдірді.

Мәселен, конгрестегі қарулы күштер жөніндегі комитеттің мүшесі, республи­кашыл сенатор Линдси  Грэмнің бай­қауынша, Ақ үй басшысы босаңдық таныт­қан. Сондықтан да ол өзінің Twіtter парақшасында: «президент Трамп  2016 жылғы сайлауға араласқаны үшін Ресейді жауапкершілікке  тарту  және келешектегі сайлауларға араласпауды қатаң ескерту мүмкіндігін  жіберіп алды. Оның сөздері  Ресей тарапынан  әлсіздіктің белгісі ретінде қабылданып, кесімді шешімнен гөрі қиындық тудыра беретін болады», –  деп жазды.

Тағы бір республикашыл депутат Пол  Райан: «Ресейдің біздің сайлауға араласқа­нына  ешбір шүбә жоқ. Ол әрі қарай да біздегі және бүкіл әлемдегі демократияның   іргесін қозғап, шайқала беретін болады. Сондықтан  біздің құндылықтар мен идеал­дарымызға  жаулық пиғылдағы Ресей мен АҚШ арасында ешқандай да эквива­ленттілік болмайды», – деді.

Ал  республикашыл сенатор  Джон Мак­кейн де: «Хельсинкидегі баспасөз конференциясында американ президен­тінің сөйлеген сөзі біздің тарихымыздағы ең бір ұятты  көрініс болды. Трамптың  аң­ғырт­тығы мен менмендігі, эквиваленттілік туралы үстірт түсінігі, авторитарлық басшыларға құрметі қандай  зиян-залал әкеліп отырғанын  айтып жеткізу  қиын», – деп ызаланды.

Сондай-ақ,  Иллинойс штатынан сай­ланған  республикашыл депутат  Адам Кинзингер: «Американ халық шындықты білуге құқылы және  барлау ұйымының мәліметіне күмән келтіру – осы салада елдің мүддесіне  адал қызмет ететін   адамдарды  құрметтемеу. Шындықтың көзіне тура қараған жөн. Путин бізге дос емес, ол біздің  бостандығымыздың  жауы», – дегенді айтады.

Трампты үнемі сынайтын Аризона штатынан сайланған,  сенаторлық мерзімі  аяқталған Джефф Флейк: «Мен Американ президенті Ресей президентімен  сахнада қатар тұрып, Ресейдің агрессиясы үшін  АҚШ-ты кінәлайтын күн туады деп ешқа­шан ойлаған емеспін. Бұл масқара?!», – деді.

Тіпті,  Барак Обаманың тұсында  Ұлт­тық барлау  ұйымының  директоры  қызметін атқарған Джеймас Клэппер CNN телеарнасына берген сұхбатында: «Құрама Штаттардың президенті  шын мәнісінде тізе бүкті, керек десеңіз Путиннің алдында жүрексінді. Мұның  әсері өте  жаман және ыңғайсыз көрінді»,  –  деп күйінді.

Ал Ұлттық барлау қызметінің қазіргі бас­шысы  Дэн Коутс  Ресейдің  2016 жыл­ғы президенттік сайлауға  араласқа­нына  өздерінің дұрыс баға бергендеріне сенімді. Әрі ол «Кремльдің мұндай әрекеттері алдағы уақытта американдық демокра­тияны  шайқалтып, құлатуы  ықтимал», –  деген пікірде.

Өздері  сайлап, билік сахнасына шы­ғар­ған  республикалық партияның  өкілдері Трампты осылай аямай сынап жатқанда бәсекелес те бақталас демократиялық партияның аянып қалмасы  анық.

Мысалы, 2016 жылы  Хиллари Клин­тонмен бірге сайлауға түскен  вирджи­ния­лық сенатор  Тим Кейн   Трамптың Хель­синкидегі сөзі елдің тарихындағы  аса бір қайғылы және ұятты оқиға  деп бағалайды.

Алдағы 2020 жылы  Трампқа қарсылас болып,  президенттік сайлауға түскелі жүрген  демократ сенатор Элизабет Уоррен  ханымның ойынша:   «АҚШ президенті  елді халықаралық деңгейде ұятқа қалдыр­ған. Бұл  елдің басқару институтарына деген сенімді  азайтып, альястарын әлсіре­теді».

Флорида штатынан сайланған  сена­тор-демократ Билл Нельсонның түсіні­гінше,  алдағы конгреске сайлауда  да Ресейдің  араласуы  мүмкін. «Сондықтан  Трамптың  Путинді ақтауы көңілге қонбайды, бұл бәрімізді  ойландырып,  алаңдатуы тиіс», – дейді.

Бір сөзбен айтқанда, Ақ үй басшысы  Дональд Трамптың  Хельсинкидегі  кезде­суіне құптау білдіріп, сынамай жатқандар жоқтың қасы. Бұл американ қоғамының  Ресейден өзін жоғары санайтын, паң да әрі өктемшіл  сиқын көрсетеді. Империялық пиғылдан арыла қоймаған, басқасы бол­маса да  қуатты қаруына сенетін  Ресей де өр жағын бермей АҚШ-тан қалысқысы келмейді. Бұларды жақындастырмай, татуластырмай отырған да осындай  өркө­кірек ұстаным мен менмен мінез. Мұндай текетірестің қашанға дейін созыларын  болжап білу  қиын.

Дейтұрғанмен, «Жер дөңгелек кездесуге тура келеді» демекші, АҚШ пен Ресейдің  ат құйрығын кесісіп, мүлде араласпауына тағы болмайды. Екі  елдің қатынасына қатысты көптеген себептер мен факторлар оған жібермейді.

Осының айғағындай,  кейбір БАҚ құралдарының  хабарлауынша Д.Трамп  өзінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңес­шісі  Джон Болтонға  алдағы күзде Ресей пре­зиденті В.Путинді  Вашингтонға шақы­рып,  келесі кездесуді өткізу жөнінде тап­сырма берген көрінеді.  Мұны президенттің баспасөз хатшысы  Сара Сандерс  те растап, оған дайындықтың басталып кетке­нін  мәлімдеген.

Бірақ  Трамптың  шақыруын  Путиннің  қалай қабылдайтыны әзірге беймәлім.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *