КЕЛЕР ЖЫЛЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАСЫ 15 ПАЙЫЗҒА КӨТЕРІЛЕДІ

Бейнетіне қарай зейнеті деген бар. Келер жылдан бастап әр жұмыс беруші өз қызметкерін 5 пайыз зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттемек. Негізі, 2020 жылы енгізілуі тиіс жаңа жүйе ақпарат шыққан күннен бастап ел арасында қызу талқыға түсті.

Қазақстандықтардың әл-ауқатын арт­тыру, жұмысшыларды еңбек өтіліне сәйкес келетін лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету мақсатындағы бұл жаңашылдық келесі жылдан бастап күшіне енгізілетін болады. Бұл ретте жауапты ведомоства өз кезегінде әлеуметтік желі арқылы тиісті сұрақтарға жауап бере келіп, бұл жүйенің азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім-шарт бойын­ша жұмыс істейтіндерге, зейнеткерлерге, әскери қызметшілер мен күштік құры­лымдардың қызметкерлері секілді бірнеше санаттарға қолданылмайтынын атап айтты.

Әрі осы сауалға жауап беру барысында Алматы қалалық Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің бөлім басшысы Ардақ Шамиева: «Бұл шартты жинақтаушы жүйеде зейнетақылық төлем­дерді алғанға дейін 5 жылдық минималды қатысу өтілі қарастырылған. Бұл 60 ай немесе 5 жыл мерзім. Ал бұл төлемдерді 2025 жылдан бастап зейнет жасына жет­кен­дер және бірінші, екінші топтағы өмір бойына берілген мүгедектер мен азаматтар ала алатын болады», – деп атап айтты.

Дегенмен де, экономикалық сарап­шы­лар бұл жаңашылдыққа күмәнмен қарап отыр. Егер жұмыс беруші қызметкерлерінің зейнетақы шоттарына 5 пайыздық жарна төлесе, ондай жағдайда нарықтағы өнім немесе қызмет көрсету құны тағы да артуы мүмкін деп санайды. Бұл ретте экономист Нұржан Зиябеков «Жұмыс беруші мысалы, өндіріс компаниясы болуы мүмкін. Және олар өнімін қымбаттатуы да әбден мүмкін. Өйткені, ол өзінің жұмыскеріне 5 пайыз артық ақша төлеу үшін, тауарын да тиісінше 5 пайызға қымбаттататыны белгілі. Сөйтіп, бұл да өз кезегінде инфляцияға әсері ететіні анық» деген өз пікірін айтады.

Ал енді шағын және орта бизнес өкілдерінің айтуы бойынша, мұндай өзгерісті енгізуге әлі ерте көрінеді. Өйткені, бұған дейін берілген Елбасының шағын және орта кәсіпті дамыту туралы тапсыр­масын жүзеге асыру үшін мұндай шешімді бір емес, тіпті бірнеше жылға шегеру керек көрінеді. Мысалы, «Қазжеңілөнеркәсіп–Алматы» ЖШС директорының орынбасары Дана Қаражанова: «Менің ойымша бұл еліміздегі өндіріс орнына қосымша салық­тық жүктемені көбейтіп жібереді. Сол себепті, заңнаманы жүзеге асыру уақытын қайта қарап немесе кейінге шегерген жөн секілді. Өйткені, жалақы бойынша өндіріс көлеңкеге кетіп, айлықты конверт арқылы беретін кезеңге қайта келеміз», – дейді.

Атап айтқанда, еңбек өтілі 33 жыл, еңбекақысы 172 мың теңге (бүгінгі орта жалақы) қызметкерді алайық. Оның 33 жыл ішіндегі инвестициялық табысын есепке ала отырып, қызметкердің жалақы­сынан 10 пайыздық зейнетақы жинақтары шамамен 12,7 млн. теңгені құрайды екен. Бұл орайда жалақының өсуі ескерілмейді екен. Бұл ретте еңбек демалысына шыққан кезде қызметкердің зейнетақысы 140 мың теңгені құрайды да, оның ішінде жинақтау – 110 мың теңге, базалық – 30 мың теңге болады. Алайда, жұмыс беруші жарнасын енгізу есебінен қызметкердің зейнетақысы 50 мың теңгеге ұлғайып, 190 мың теңгені құрайтын болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *