КЕЙ ҚЫЛЫҒЫН КӨРГЕНДЕ ҚАЗАҒЫМНЫҢ, ЖАНДҮНИЕМ БОЛАДЫ АСТАН-КЕСТЕН

44Қойшығара Салғараұлы — көр­некті  ғалым, қаламгер әрі тарихшы. Оның көп жылғы ізденісінен өмірге келген тарихи шығармалар, зерттеулер, толға­ныс­тар жеке-жеке кітап болып жарыққа шығып, оқырманның ғана емес, жалпы жұртшылықтың қол­дауына, ыстық ықыласына бөленіп отыр.

Ғалым-жазушы Қ.Салғараұлы қолы қалт еткен шақта афоризм, өлең қалыбымен қанатты сөздер жазумен де айналысады екен. Жазатын дүниелерінің көптігінен оларды іріктеп, сұрыптауға да мүм­кіндігі болмай жатады. Автордың келісімімен ұзақ жылдардағы бірге жүрген сырлас досы ретінде сол жазған қолжазбаларынан бір үзіндісін «Алматы ақшамына» әзірлеп, оқырман  назарына ұсыну­ды жөн көрдім. Оқи отырыңыз!

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,  Қазақстанның Құрметті  журналисі,

 Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

 

Қойшығара Салғараұлы

От басындамын, ошақ қасындамын,

Ойлар ойқастайды басымда мың.

Ертең іздейсіңдер, бірақ, таппайсыңдар,

Керегін ап қалыңдар, әзірге осындамын.

 

***

Бақыт деген еңбегіңнің жануы,

Атақ деген ел-жұртыңның тануы.

Мәңгі жасар жан болмайды жалғанда,

Өлмеу деген артыңда із қалуы.

 

***

Сөз жерде қалмайды, табады иесін.

Қадірле текті сөз киесін.

Сөзбенен өліні тірілтіп,

Сөзбенен ессіздің жи  есін.

 

***

Жақсылардан тұқым жоқ, өтті дүние,

Жаттан қатын алдық та кетті кие.

Тұлпар құлын тумайды текті айғырдан,

Үйірінде болмаса текті бие.

 

***

Тәнге – құлдық тән, жанға – өрлік,

Ойлы адам жасамайды аңғал ерлік.

Түтіндемей, бықсымай, маздай алсақ,

Аспандап асқарларға самғар едік.

 

***

Қарамай бересіге, аласыға,

Көз жеткіз шын асылдың бағасына.

Жақыным деп, жаманды жақтаймын деп,

Жақсының жармаспайық жағасына.

 

***

Көрмесем де еш зорлық қастан, өштен,

Қиындықтар аз емес бастан кешкен.

Кей қылығын көргенде қазағымның,

Жандүнием болады астан-кестен.

 

***

Екі жақсы қосылса, төрі  – жұмақ,

Байлық та, бақытың да табар тұрақ.

Тағдырдың жазуына шара бар ма,

Ондайлар қосылмайды-ау, әттең, бірақ.

 

***

Жығылмай биліктінің ығына кіл,

Азаматтық парыз бар ұғына біл.

Жөнсіздікті құптамай, сес көрсетіп,

Ең болмаса, көзіңнің сұғына іл.

 

***

Бірлік басы – береке, төзім дей ме,

Төзім болса, Ар қалғып көз ілмей ме?

Аз ғұмырда арзандап, көзің сатып,

Құлдық ұрып жағынба өзіңдейге.

 

***

Өтірік, өсек, ұрлығың –

ұятсыздықтың жемісі,

Ұятсыздық деген құрғырың –

тәрбиенің кемісі.

Ұятсыздық көбейсе, өрге баспас ел ісі.

 

***

Көргені жоқ – басырға тең,

Көргені көп – ғасырға тең.

Тапқан білім, ұққан ілім,

Жасыққа емес, асылға ем.

 

***

Ешкім дана болмаған ортасында,

Болмағаннан немене қорқасың ба?!

Халық бірақ танымай қалған емес,

Бетке шығар бар болса сорпасында.

 

***

Мұрын бұзылса, көз жылайды,

Табиғат заңы осындай.

Ой бұзылса, сөз жылайды,

Өзара басы қосылмай.

 

***

«Өнер алды – қызыл тіл»

Сөз баққан елдің мақалы.

Сипатын таны, сырын біл,

Қазақтың сөзі аталы.

 

***

Біріге алмай ісіміз бен сөзіміз,

Кімге ұқсап кеттік, айтшы, өзі біз?

Мәңгүрт дейміз, жазғырамыз жастарды,

Ал соларды мәңгүрт еткен өзіміз.

 

***

Алтын, күміс – қарны тоқтың ермегі,

Аштың қиын асыл тасты термегі.

Сене алмайды тәттімен күн көргендер,

Бар дегенге ащысы мен кермегі.

 

***

Білмей тұрып танымын, түсінігін,

Кісінің біле алмайсың кісілігін.

Бір көрмеге тәп-тәуір жылтырлар көп,

Сөзімен қиыспайтын ісі бүгін.

 

***

Миллиондарды мипалаудай асаған,

Тойымы жоқ, тоқтамы жоқ нас адам,

Ар туралы сөз сөйлейді именбей,

Арсыздықтың шегі жоқ па, Жасаған?!

 

***

Бақыр құрлы бағасы жоқ пендемін,

Айнымайтын адал досқа кендемін.

Жалғыздықтың емі қиын жалғанда,

Талпынғанмен таба алмаспын енді емін.

 

***

Берекеңді берекетсіз бұзар дау,

Ауыртпалық бастан кетіп ұзар-ау.

Әдет болып кете ме деп қорқамын,

Жалған сөйлеп, жалғандықтан қызармау.

 

***

Арқау жібім божырап, босаңдадым,

Нәтиже жоқ, дәрмен кем, бос арманым.

Елдің даңқын шығарып, ұрандатар,

Ой жаратып, бәйгеге қоса алмадым.

 

***

Бал дәурен – баяғы күн сағымдай-ды,

Көңіл – жас қарттығыңа бағынбайды.

Шау тартқан кәрі дене бір сілкініп,

Желпініп етек-жеңін қағынбайды.

 

***

Жалғыздық қиын кімге де,

Жұптарды тату күндеме.

Сыңарсыз тірлік сұрықсыз,

Патша болған күнде де.

 

***

Аз күндіктің айласы арындатып,

Түсірдік талай-талай дарынды «атып».

Мәңгіліктің мәнісін ұғына алмай,

Күнәмізді жібердік қалыңдатып.

 

***

Дос та, қас та сараптар, тізімге алар,

Жерім жоқ, бетім күйіп қызылданар.

Мен кеткенде келмеске, кейінгіге

Үлгі болар ізгілік ізім қалар.

 

***

Әділдікте бауыр жоқ,

Қанына тартып, бұрмайды.

Өтірікте тәуір жоқ,

Білдірмей Арды ұрлайды.

 

***

Айтқаны бір басқа,

Істегені бір басқа,

Адам – екіжүзді,

Алданба құр босқа.

 

***

Жымысқы ой, зұлымдығы орасан,

Тілейтіндей таңы атпайтын күнімді.

Лаңкестің ұясы етіп көрсетпек,

Тышқан мұрнын қанатпайтын дінімді.

 

***

Балам – бақыт, базарым,

әйелім – көркім, ажарым,

отаным – мақсат, мұратым,

бәріңе бірдей таза арым.

Барымды саған арнадым,

Қара орманым – қазағым.

 

***

Арлылар үндемей қалады,

Арымды төкпейін деп.

Арсыздар сүрен салады,

«Ол менен көп кейін» деп.

***

Қарт ойының қазығы берік,

Сөзі кетпес далаға.

Нақылдарын жан азығы делік,

Нәр беретін санаға.

 

***

Амандықтың кепілі –

Басқа қайғы торлатпау.

Адамдықтың тетігі –

Өз басыңды қорлатпау.

 

***

Білместіктен жасалынса – қателік,

Мейірім керек, кеше білер әкелік.

Біліп тұрып жасалынса әдейі,

Жазасын бер, Ар алдына әкеліп.

 

***

Адамды өмір түзейді,

салмағын қиындықтың мойнына артып.

Қоғамды тарих түзейді,

тағылымын өткеннің алға тартып.

 

***

Кісілікке болса да мүлде кері,

Мансап үшін жылжытып күнді ілгері,

Болып алды тәп-тәуір азаматтар,

Жағымпаз жарысының жүлдегері.

 

***

Еркін басқа ежелден-ақ ноқта қас,

Байлаулы ит тоя жеген боққа мас.

Өркениет көркем ниет таппаса,

Құндылықтың құлдырауы тоқтамас.

 

***

Шуылдаймыз. Жанымыз бар, тіріміз.

Дуылдаймыз. Танымы зор іріміз.

Содан ба екен, әлде басқа себебі,

Естімейміз бірімізді-біріміз.

 

***

Сатпа, қазақ! Біріңді-бірің сатпа,

Айналмасын өр кеудең ірің қапқа.

Қандасыңды қадірле, отырсаң  да

Бірің торда қамалып, бірің тақта.

 

***

Мәңгілік жоқ, аз тірлік – бізге сынақ,

Жүрген жөн адастырар ізге жырақ.

Көк қағаздан басқаны көзге ілмейтін,

Айтты не, айтпады не, сізге бірақ.

 

***

Зор боларсың іске тартса – құштарлық,

Қор боларсың билеп алса – іштарлық.

Бар адамды бауырым деп білетін,

Жандар ғана ой тізгінін ұстар нық.

 

***

«Алланың добы, — деуші еді,

– адамның басы»,

Менің бір діндарлау қаламдасым.

Сол өз басын адамға доп қылып жүр,

Қолпаштап дөй бастықтың командасын.

 

***

Жүрмес үшін шатылып,

Кетпес үшін сатылып,

Ішімде өлді талай сөз,

Сыртқа шықпай атылып.

 

***

Болсын деп таза, мөлдір ғұмыр-айдын,

Тексізге «тәйт» деп едім, тымырайдың.

«Ар», «Ұят», «Намыс» деген сөзді аяймын,

Аузымен айтылғанда сұмырайдың.

 

***

Ақылым ақылдымен тіл табысып,

Көрген жоқ көркем ойға кір жабысып.

Имандылық иіліп Қанағатқа,

Қанағат Ұятыммен тұр қабысып.

 

***

Қызығы бескүндіктің көзімді арбап,

Тұрса да қызықпадым, төзімді аңдап.

Шалқып жүрген құрбымды көріп кейде,

Ойланам, жүрмін бе деп өзімді алдап.

 

***

Әркімде де биік мақсат, арман бар,

Армандарды армандарға жалғаңдар.

Армансыз жан құс секілді қанатсыз,

Қанатсыздар – кәріп болып қалғандар.

 

***

Ақыл – ақылдан нәр алады,

Болса егер бір бағытта мақсатты.

Жағымпазды көріп, көңіл налады,

Жалпақтап болмассың жақсы атты.

 

***

Өлмес сөздің өзегі – халықтан-ды,

Текті асылдан тектеліп, қалыптанды.

Қасиетін таныған, мәнін ұғып,

Ұрпақ өсіп қарсы алар жарық таңды.

 

***

Бәлкім баға бере алмассыз көпке Сіз,

Пенде шіркін жүре ала ма өкпесіз.

Барлап қара, кімдердің кім екенін,

Қоғам – айна көрсетіп тұр бүкпесіз.

 

***

Кісіні біле алмайсың алыс тұрып,

Қайтесің жоқты бармен жарыстырып.

Әркімнің ата-анасы өзіне алтын,

Қомсынба өзгелермен салыстырып.

 

***

Десек те олай емес, бұлай емес,

Иттер көп, бірақ, бәрі құмай емес.

Өмірді көркейтетін мейірім ғана,

Адамды аздырады ұдайы егес.

 

***

Тілі майда – күн шуақ,

Қылығы – жанды жегендей.

Бір жеріңді қыршып ап,

«Кешіріңіз» дегендей.

 

***

Уақыттың жоқ бастауы, ақыры,

Тануға оны жетпес жанның ақылы.

Аманат қып Алла берген уақытты,

Зая қылмай, жемісті ету – мақұлы.

 

***

Сендіре алсаң, сене де білсең өзгеге,

Орайын тауып өз пайдаңды көздеме.

Адалдық деген Арыңның қабы алдырмас,

Айтылған мұны жәй ғана бір сөз деме.

 

***

Сау басыңа тілеп алып сақина,

Көрінгенге көз алартып ақима.

Бұл пәниде жасамасаң жақсылық,

Жан тыныштық таба алмайды бақида.

 

***

Қадым сөздің қадірін білген,

Құлақтар қайда құнарын ілген.

Жай сөздің өзін жарытпай жүр ғой,

Менмен мақұлық «Мерседес» мінген.

 

***

Жинасаң да бар жұпарын Жер, Көктің,

Ана үшін исі артық жөргектің.

Онда сіңген сәбиінің исі бар,

Онда мәні «тірлік» атты өрмектің.

 

***

Қатарым, қадірлесім қалды сиреп,

Мен жүрмін қу жанымды әлі сүйреп.

Тындырған іс тынысты кеңейткенмен,

Өкініштер кетеді түйреп-түйреп.

 

***

Жалғанда жанға тыным таба алмайсың,

Табамын деп өзіңді тағы алдайсың.

Арбаған үміт-сағым жетегінде,

Бір күні тірлігіңді тәмәмдайсың.

 

***

Бай екенмін, білмеппін байлығымды,

Байлығым деп жүріппін айлығымды.

Басты байлық — деніңнің саулығы екен,

Елетпейтін қандай бір қайғы-мұңды.

 

***

Адамзат, есіңді жи! Тәубаға кел,

Келешегін салмасын саудаға ел.

Түпке жетер ажалың – ашкөздікті,

Күні өткен ғасырға сауғаға бер!

 

***

Адамдық қалыптан шықпай,

Жағынып, жасқанып бұқпай,

Еркін жүрудің қасиетін

Қойдық-ау ұқпай.

 

***

«Өмірде көп, — деп, — бересі де, аласың»,

Аямай бізді отқа да, суға саласың.

Сөйте тұрып, уа, Жарық Дүние, қалайша

«Сұм Жалған» боп артымызда қаласың?!

 

***

Бөлінбе, қазақ! Бір-біріңе кектеніп,

Кектенгендер басын жұтқан текке өліп.

Тұтастықтың туын көтер бірлесіп,

Өссін ұрпақ араздықты жек көріп.

 

***

Ғылымға енді қалталы ебі барлар,

Шетінен доктор болды шені барлар.

Ғылымға обал, әйтпесе нетер дейсің,

Көп болса, мені алдар, сені алдар.

 

***

Адамдық адалдықтың шарты қайда,

Орға жығар орынсыз артық айла.

Білімге ұмтыл, ғылымның жолына түс,

Еңбектің алды – ауыр, арты – пайда.

 

***

Сөздің де арығы бар, семізі бар,

Арық – дәмсіз, семіздің – негізі бал.

Арықты семізіне жағыстырып,

Сөйлерде ақылменен емізіп ал.

 

***

Алданып мәз боламыз алданбасқа,

Жалданып көз сатамыз жалданбасқа.

Адамдық қасиеттен қара үздік,

Тек әйтеуір түріміз малдан басқа.

 

АЛМАТЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *