ӘКЕ БАТАСЫН АЛҒАН ҚЫЗ

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ардагері Кәрі Жолдыбике Нүсіпқызының кітабы «Әке арманы» деп аталады

Автор өмірде көрген қуаныш пен қиыншылықтарына, ауыр дертке ұшырап, темір төсекке таңылып жатқан кездеріне ой жүгіртіп, балалық шағы мен өсіп-өнген ортасы, ұрпақтары жайлы, тағдырының сынаптай сырғыған сағым сәттері туралы сыр ақтарады.

Кітап ата-анасына қарайлап жүріп,отызға тақағанда тағдыр жолықтырып,елу жыл жолдас болып келе жатқан қосағына арнаған «Өмір толғауы» атты ақ өлеңмен және автордың қызметтес әріптесі Айман Қанатқызы Мәмето­ваның «Әке батасын алған қыз» естелігімен ашылады. Әріптес естелігі құрбысының жан-дүниесі, ұжымдағы еңбек жолы, әкесімен бір туған ағасының баласы Жапарқұл атасын қолына алған адамгершілік қасиеті жайында баяндайды, алғаусыз ақ пейілімен көпке үлгілі отба­сының өнегесін, өзара сыйластығын айтып, ойын түйіндейді.

Бұл еңбек кезінде көшпелі алтынның ізі түскен Жалпақ­сайды жайлаған Тарақты елінің тарихы, тұрмыс-тіршілігі, жылқышы Нүсіп ата мен оның туыстарының басы­нан кешкен жеке өмірі арқылы замана келбетін көрсе­те отырып, қазақ халқының басынан кешкен жүз жылдық тұрмысын қарапайым еңбек адамының өмір жолы арқылы баяндайтын нақты тарихи-тұрмыстық шежірелі деректі шығарма.

Бүгінде «кәрі қыз» мәселесі жалпыұлттық кеселге айналды. Ал кешегі алғыр ойлы Алаш ардақтыларының анасы жаратылыс сыйлаған табиғи үш ұятын жоғалтпаған, тумысынан ибалы қазақ қызының тәрбиесінен еді.

Қазақ халқы қоғамдық қатынастар мен тұрмыс жағдайын бесік керту, құда түсу, айттыру, әмеңгерлік салтымен реттес­тіріп, бүгінгідей жезөкше, бәтша, педофил, т.б. азғындық көрініс­тердің алдын алып, реттеп отырған. Сол салт-дәстүр үрдісін қайта жаңғырту жаһандану тол­қы­нына жұтылып кетпеудің амалы десек, артық айтпаған болар едік.

Нүсіп Атаның әулие болғандығына дау жоқ дер едім. Өйткені, қайтыс боларынан бір күн бұрын бой жазып, туған-туысын шақырып, бірге ас ішіп, жадырап отырып, ертең қайтыс болатынын айтып, елімен арыздасып қоштасқаны өз алдына бір хикая. Бой жазу – адамның табиғи түйсігі терең дамығанын білдіреді. Бұл саналы тектіліктің айғағы болуымен қатар, қазақтың дүниетаным­дық арқауы мықты екенін, қазақ деген халықтың тұрмыс­тың ой-қырын жетік ажырата білетін психолог, жетік пси­хо­аналитик екенін де байқатады. Жесірін жатқа жіберме­ген, жетімін жылатпаған халықтық этнопедаго­гикалық дәстүрдің тамыры терең, мағынасы қай елдің мәдение­тінен болсын озық тұрып теңесе алатынын мойындау керек.

Кейіпкеріміз түр-түсі біркелкі теңбіл көк арғымақтарын айдап, Кеген, Нарынқол жақтан өтіп, жағалауы жылы, малға жанға жайлы Ыстықкөлді айнала көшіп, Қарақолды мекендеп, қотыр тайын да өлтірмей үш жылдан соң аман-есен елге келгенімен, сол жорғалары мен жүйріктері және Алатаудың қарағайынан қиып салған еңселі биік үйі түгел тәркілеуге түседі. «Сен бай-құлақсың! Тап, бидай таппасаң көзіңді жоямын, атып тастаймын», – деп ежіреңдеген өкіл сотсыз, тергеусіз оны тәркі­леуге түскендердің эшелонына салып жібереді. Жаңа Сібір түрме­сіне әкелінген сотталғандардың ішінде бес кісінің құжат­тары жоқ болып шығып, қақаған қыста аш-жалаңаш көшеде қалады.

«Кезінде үш сырықтың басын қосып байлап, кенеп жауып, шатыр жасап күн көрдік. Келер жылдары қойлы ауылмен бірге отырып, алты қанат ақ үй жасап алдық. Қыс айларында Шилібастау деген жердегі бұлақ басынан жеркепе жасап, беткей жерді үңірейтіп қазып, төбесін қамыспен жауып, терезе әйнек орнына қарын керіп қойдық», – деп еске алады екен анасы.

Бұл еңбекші қазақтың дала табиғатына бейімделіп шыныққан шымыр денсаулығының сипаты. Ұлы дала адамының табиғи жаратылысына химиялық дәрі аралас­паған, иммунитеті төзімді, мығым. Жер мен төрт түліктің иесі менмін деген нық сенім бар. Құлшына мал бағып, ерінбей егін салып еңбектенуге бейім қайсар мінез бар.

Кітапта сонымен қатар автордың ғылыми-танымдық мақа­лалары мен әр жылдары жарияланған еңбектері де, отбасылық фотосуреттер де жарық көрген. Кәрі Жолдыбике Нүсіпқызы еңбектерінің және ол туралы мақалалардың библиографиялық топтамасы хронологиялық ретпен берілген.

Ең бастысы, кітаптағы оқиғалар шынайылығымен тартымды. Автор өз туындысын Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жал­пақ­сай ауылының ардақты азаматы, әкесі Нүсіп Оразбекұлы­ның, анасы Ажар Байшығашқызының, енесі Өзипа Жасақбае­ваның әруағына бағыштапты.

Түсініп оқып, пайымдай білген кісіге біріншіден еңбектің тарихи деректілігін аңдау керек. Екіншіден, кәнігі кәсіпқой жазушының қиялынан туған жасанды көркем дүние емес, өмірдің өзінен алынған шынайылық оқырманды нақтылы деректілігімен баулиды.

Үшіншіден, кітап мазмұнының тәлімді-тағылымдық, тәрбиелік мәні зор. Бүгінде ұмытылған салт-дәстүр ғана емес қазақ санасының түкпірінде сақталған өзге жұртта кез­деспейтін ұлттық қасиеттердің дүниетанымдық түп негізін зерделеуге жетелейтін шығарма. Мәселен, Нүсіп атаның өмірден өтер күнін сезіп біліп туған-туыс, ағайын-жекжат, бала-шаға, үрім бұтағын шақырып, арнайы мал сойғызып, қонақ қылып күтуі, жалған дүниеден өтеріне өкінбей, алын-ала тойға баратындай ұстамды салқын сабырмен шын киімін алдыртып, әр руға таратылатын төбе беру рәсіміне дайындық жасатуы, соңғы сапарын атқару рәсі­мін лайықты ауылдасына тапсыруы бүгінде таңға­жайып құбылыс көрінуі мүмкін. Бұл шынжыры үзілмей жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа дарып, халық бойында әріден қалыптасып сақталған тектілік қасиеттің жалғасы.

Қазақтың қаймағы алынбаған шұрайлы шешендік өнеріне қанығып, тіршілік тұрмысымен біте қайнап, халқының бар асыл қасиетін бала күнінен зердесіне тоқып өскен автордың баяндау тілі көркем, кестелі, сөз саптасы жинақы, ең бастысы жалпыға бірдей ұғынықты жазылған. Сондай-ақ, қазіргі қазақ әдебиетінің теориялық негізін тәжірибелік тұрғыдан байытуға, деректі көркем әдебиет тарихында өзіндік орны бар қормалды, этногра­фиялық құнды мәліметтерге бай туындының қай тұсынан болсын ойып алып оқулыққа енгізуге болатын шығарма. Сонымен бірге, ХХ ғасырдағы қарапайым халық тұрмысын этно­графиялық, социологиялық, психологиялық, этнопедаго­гикалық тұрғыдан зейіндеп, зерделеуге мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, «Әке арманы» кітабы жеті атасын білмей дүниеге некесіз келіп, жетесіз өсіп жатқан жаһандану дәуірінің бүгінгі ұрпағына ой салатын тәлім-тәрбиелік мәні зор баян. Нүсіп Атаның ізгі арманы – елінің ертеңін ойлайтын, жеті жұрттың қамын зерделейтін жетелі алаш азаматын тәрбиелеп өсіру болғаны ақиқат. Бұл арман әлі де жалғасып келеді.

Өйткені, кешегі ХХ ғасырда қазақтың басына түскен нәубет кезінде жазықсыз атылып кеткен тектілердің ойсы­раған орнын толтыру әр ұлдың ойында жүретін, әр бойжет­кеннің бойынан табылатын асыл қасиетке ұласуы тиіс.

Алтынгүл БАЙБОСЫНОВА,

библиограф.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *