«КазГУ-денбіз!» немесе қайғысыз, мұңсыз сол жылдар туралы

(Эссе)

Біз оқуға түскенде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың атауы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді С.М.Киров атындағы университеті, қысқаша КазГУ деп аталатын және бұрынғы ректоры профессор Асқар Закарин екен.

«КазГУ» деген сөз құлағымызға майдай жағатын. «КазГУ-денбіз!» деген сөзді кеудемізді керіп, ерекше мақтанышпен айтатынбыз. Сондықтан эссемді ары қарата оқысаңыздар, санамызға сіңіп қалған сол «КазГУ» деген сөзді қолданайын деп отырмын.
Сол кезде Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың қолдауымен, кез-келген дамыған елдердің оқу орындарын он орап кететін, атақты «КазГУград» деген білім ордасының қалашығын жаңадан келген ректор Өмірбек Жолдасбеков салатынын білген жоқпыз.
Ол жерде тұрып, білім алуға үлгермедік.
Бірақ КазГУ-іміз барлық жоғары оқу орындарынан барлық параметрлерде артық екенін сезетінбіз. Бұл жерде білім алған жастар нағыз отаншыл, еркін, шығармашылық жұмыстарға бейім, ұлтшыл, еліміздің қай саласында еңбек етсе де, меңгеріп кететін алғыр, адамгершілік жағынан да жоғары, иманды, бауырмал болатынын өмір тәжірибесі көрсетті.
Алаш рухының лебі есіп тұратын.
Біз КазГУ-дың тарихында Мұхтар Әуезовтен кейінгі, қазір аттары аңызға айналған ұстаздардан білімге сусындадық, бүкіл өмірімізге жететін нәр алдық. Алып таудың етегінде жүрсең де, аласа болып жүруге болмайтынын жан жүрегімізбен ұғындық, санамызға сіңірдік.
Егемен еліміздің тұтқасын ұстап, танымал, атақты болып отырған корифейлердің, тәуелсіздік туын желбіретіп отырған тұлғалардың КазГУ-дың түлектері болғаны бекер емес екенін біз сол кезде-ақ түсінгенбіз.
«Ұлы адамдар ұмытшақ болады!» деп, әдейі қолша¬тырын, кітабын ұмытып кететін, аты аңызға айналған профессор Белгібай аға Шалабаевтан дәріс алдық, ол кісіні көзіміз көрді. Старостамыз сол заттарды алып, артынан жүгіргенде, бір-бірімізге жымыңдасып, қарап қалатынбыз.

Жарқын бейнесі жүрегімізде сақталған тұлға – Рымғали Нұрғалиев

КазГУ-де оқып жүрген кезімізде, дәрістері миымызда, өзінің жарқын бейнесі жүрегімізде сақталып қалған бір адам — кейін академик болған Рымғали Нұрғалиев болды.
Ол кезде өрімдей жап-жас, нағыз ұстаздың этало¬нындай болып, мінсіз сұр костюмы өзіне бек жарасып, теңіздің ерке толқынындай кең маңдайына түскен қоңырқай шашын салалы саусақтарымен артқа тез серпіп тастап, еркелеген баладай ернін бұртитып, нұрлы жүзі үлбіреп, көзінің қиығымен бәрімізді бір шолып шығып, тез-тез сөйлеп, лекциясын бастап кетуші еді…
Осы отырысында бір бекзаттық, саф тазалық, адамды өзіне ерекше ынтықтыратын бір тартымдылық болатын.
Бір сөзін шашау шығармай, жазып алуға тыры¬сатынбыз.
Бәрімізді әбден танып, деңгейімізді бағамдап, біраз уақыт өткен соң, ағай құлағымызға майдай жаққан өлең шумақтарын төгіп-төгіп жіберіп, жанарын әрқайсымызға қадай қарап, «қалай әсер етті екен?» дегендей, көзінің қиығымен тез бір шолып өтетін… Біз аузымызды ашқанша: «Осындай бір ақын болған… Жазғандары жақсы болғанмен, өзі жаман… басшылыққа жақпаған», — дейтін. Ол кезде жақсы-жаманды ажыратып қалған кезіміз, айтуға болмайтынын түсінетінбіз…

Ағай бізді солай М.Жұмабаевтың өлеңдерімен, А.Бай¬тұрсыновтың теорияларымен, тағы басқа алаш азамат¬тарының еңбектерімен таныстырып кеткенін кейін білдік…
Рымғали ағай біздің курстың студенттерін өте жақсы көрді десем, қателеспейтін шығармын. Оған себеп: оқуды бітіре салып, Құныпия Алпысбаев аспирантурада қалды. Жетекшісі – мүйізі қарағайдай филология ғылымының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиев.
Құқаңды құттықтап, «Жуасың!» деп жабыстым. Бәріміз дипломымызды алып, кетіп барамыз… Құқаң сол кезде: «Жұртта қалған бұралқы иттей сендерден қалып бара жатқаным-ай!», — деп көзіне жас алды.
Құныпияның сол сөзі есіме түссе, әлі күнге ішек-сілем қатып күлемін.
«Бәріміздің арманымыз болған Алматыда қалып бара жатырсың!», — деп жұбаттық… екі-үш күннен кейін ол біздің бөлменің қыздарын үйіне шақырып, «жуып» берді. Қазан-ошақтың басына жолап көрмеген мен пысықсынып, нан иледім. «Наным қалай болып қалды екен?» деп, уайымдап тұрмын. Көмектесіп жүрген досы Елемес Текес¬баев: «Жақсы илепсің!», — деп мені бір марқайтып тастап, иін қандырып, қағаздай қылып жайды. Бұл кезде Құқаң ыдыстарын қойып, дастарханын жайып қойыпты.
Бір кезде үйеме табақ етті буын бұрқыратып Елемес ортаға қойды. Оның көбіміздің атын естігеніміз болмаса, қолымызға түспей жүрген магнитофоны бар екен. Ол сол кездегі жас¬тардың қызыға тыңдап жүрген «Леткоенканы», «Дос-Мұқа¬санның» өлеңдерін сарнап, айналдырып тұрды.
Құқаң қазақша ет тартып, бізді нағыз қазақша, құрметпен күтті.

«Аға мені ұмытпаған екен ғой…» деп, толқып, көзіме лықсып жас келді

Уақыт өте келе көбіміз арман қала Алматыға жинал¬дық. Курстастардың көбі пәтер жалдап тұрды, соған қарамай, уайым-қайғымыз жоқ болатын және қонақ шақыруға құмар едік. Бір-бірімізді жиі іздейтінбіз. Кездесе қалсақ, шұрқырасып көрісетінбіз.
Құқаңды таптық. Ол небір мықтылармен, атақты адамдармен жүрсе де, кейбіреулер құсап кеудесіне жел бітіп, желпеңдемепті, өзгермепті. Сол баяғы біртоға, сыпайы, биязы қалпы.
Бізді үйлену тойына шақырды. Жазушылар одағының «Қаламгер» деген кафесіне бардық. Алматының ығайы мен сығайы жиналыпты. Төрде Рымғали ағай отыр. Өзгер¬мепті. Жүгіріп барып, сәлем бердік.
Ең сыйлы, ең қадірлі адам ретінде Ағаға бірінші сөз берілді. Ол кісі елдің көбі айта беретін жаттанды сөзді қай¬таламады. Жастарға бақыт тілей келе, сөзін бүлдір¬шіндей жас келін Ақбөпеге арнады. «Инемен құдық қазғандай» ауыр еңбек, ғылым жолын таңдаған жарына лайықты болуын, бақыт әйелге, отанасына байланысты екенін баса айтты, қатты айтты.
Содан бері ағаның Құныпиямен, Тұрсынбекпен, оның достарымен, біздің курстастармен достықтары жарасты, бірге жүрді.
Құныпия Алпысбаев та филология ғылымының док¬то¬ры, профессор болып, салиқалы, мәнді, ғылыми еңбектер жазып, ұстазы салған сара жолды абыроймен жалғастырып келеді.
Оқу, білім, ағарту жұмыстарында атағынан ат үркетін орындарда басшылық қызмет атқарған, қазақ иісі жоқ елді- мекендерде қазақ мектептерін аштырып, мұғалімдерге қолдау көрсеткен, мешіт салдырған, еліміздің айтулы азаматы, қарадан шығып, Алматының ең бай, бақуатты адамдарының біріне айналған, педагогика ғылымының докторы, профессор Тұрсынбек Баймолдаев та Рымғали ағаның ең жақын араласқан, жақсы көретін інісі, досы болды десем, артық кетпеспін деп ойлаймын.
Тұрсынбектің сәнді сарайларда балаларына арнап жасаған тойының бәріне бардым. Сонда ең сыйлы қонағы ретінде төрде Рымғали аға отыратын.
Бір рет аз ғана уақытқа кешігіп қалдық. Тойшыл қауым орындарына жайғасып қойыпты. Ыңғайсызданып, тұрып қалып едік, Тұрсекең келіп, Ажарбек екеумізді төрдегі қонақтардың қасына отырғызды. Қарасам, Рымғали аға отыр. Амандасып, қал-жағдайды сұрасып жатырмыз.
Бір уақытта Рымғали аға Ажарбекке қарап:
— Күйеубала, сен біздің академик болатын қызымызды алғаныңды білесің бе? – деді.
Ажарбек үндеген жоқ, аздап сасып қалды. «Аға мені ұмытпаған екен ғой…» деп, толқып, көзіме лықсып жас келді.
Асыл аға айдалада жүрген маған да осындай жан тол¬қытатын сөзін айтқан еді. Сол кезде Рымғали ағайды соңғы рет көріп тұрғанымды білген жоқпын. Кейін бақи¬лық болған аяулы ұстазымызды соңғы сапарға М.Әуезов атындағы академиялық театрдан шығарып салғанда, бір жылы сөз айтпағаныма, іздеп бармағаныма өкініп, қатты жыладым.
«Қош, қош бол, қайран Аға! «Елім!» деп еңіреген есіл ер, жаның жәннатта болсын! Мені кешіріңіз!», — дедім іштей егіліп.
Бізге ұстаздық еткен ағалардың, апайлардың көбі келместің кемесіне мініп, бақилыққа кеткен. Бірақ жарты ғасыр өтсе де, ол кісілердің жарқын бейнелері, көп студент¬терге бір есту арман болған дәрістері, дауыстары, іс-қимыл¬дары көз алдымызда күні кешегідей кетпейді.
Профессорлар, филология ғылымының докторлары: Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Кәкен Аханов, Мәулен Балақаев, Белгібай Шалабаев, Ханғали Сүйін¬шә¬лиев, Темірғали Нұртазин, Рымғали Нұрғалиев, Әзиза Нұр¬маханова, Тұрсынбек Кәкішев болса, содан кейін білімдері теңіз суындай терең, филология ғылымының (біздің кезімізде «ф. ғылымдарының» деп айтатын.) канди¬даттары: Ы.Е.Маманов, М.Т.Томанов, О.Т.Төлеге¬нов, Р.С.Сәрсен¬баев, Н.Карбанова, М.Е.Сер¬ғалиев, Х.Кәрімов, Т.Сайран¬баевтар сабақ берді.

Кураторымыз Мырзатай аға Жолдасбеков еді

Құдайға шүкір, біздің кураторымыз болған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай аға Жолдасбеков бар. Біздің курстың балалары ол кісіге әкесіндей еркелейтін. Әсіресе, ұлдар ол кісінің жатақханадағы бір бөлмелі үйіне топырлап барып алатын.
Бірінші курста өлім-жітімді көрмеген менің әкем қайтыс болып, түнекке түсіп кеткенімдей болып жүрге¬німде қолұшын берген Мырзатай аға болды. Болгарияға жіберіп, жатақхана алуыма көмектесіп, әрі бір жерден стипендияма қосымша он бір сом алып беретін.
Ләйля деген қызым КазГУ-дың Құқықтану факуль¬тетін қызыл дипломмен бітіргенде, «Аға!» деп алдына барға¬нымда бір ауыз сөзімді жерге тастамай, «Дипло¬матиялық академияға» жұмысқа орналастырды.
Міне, біздің өмірде сүйеніш көретін ағаларымыз – ұстаздарымыз болды десем, артық айтпаспын деп ойлаймын.
Бір рет мынандай қызық жағдай болды. Диплом жұмысын жазып жүргенбіз. Тұрсынбек аға Кәкішев мені шақырып алып: «Сенің жетекшің Темірғали Нұртазин болады», – деді. Мен үдірейіп қалдым. Себебі, «ол кісі қыздарға тиіседі екен!» деген келеңсіз сөздер естігенбіз. Өре түрегеліп: «Ағай, бұл қалай? Бұрынғы тақыры¬бым…», – дей беріп едім:
– Ол кісі көп біледі… Алғыр бір студентті сұрап отыр. Саған ешкім тиісе алмайды, білімің жетеді. Бар! – деп, қысқа қайырды.
Осы әңгімеден бір күн бұрын жазып қойған бұрынғы диплом жұмысымды атын естігенім болмаса, бірінші рет көрген адамым – Сармурзина деген әйел жатақханаға келіп:
– Мен Сармурзина деген мұғаліммін, білетін шығар¬сың. Жанар Әбдішова деген сен боласың ба? – деді, мен ау¬¬зымды ашқанымша, жауабымды күтпей, – диплом жұ¬мы¬сың «Т.Молдағалиевтың лирикасы» ғой, жаздың ба? – деді.
– Иә, жазып қойдым, біраз жерін толықтыру керек, – дедім.
– Алып кел, – деді.
Жүгіріп барып алып келдім. Ол кісі қарады да, «жазуың жақсы, түсінікті екен!» деді де сөмкесіне салды. Сосын:
– Басқа тақырып аласың, ертең Кәкішевке жолық! – деді. Менің:
– Басқа тақырып алғым келмейді! – деген сөзіме:
— Біз деканатта солай шештік! – деді де артынан аялда¬маға дейін ілесіп келген маған қарамай, трамвайға отырып, кетіп қалды.
Ғылым жолында да осындай түйткілдер көп болатынын ішкі түйсігіммен сездім де, бұл жаққа қайтып беттемедім…
Содан басым салбырап, адресін алып, мықтылар тұратын М.Төлебаев көшесіндегі үйіне бардым. Бармасқа амалым жоқ, уақыт тым аз қалған.

Сол кезде ғана ұстазым Тұрсынбек ағаға қара қазандай қайнаған өкпем басылғандай болды

Темірғали аға үйде, апай екеуі шай ішіп отыр екен. Амандастым. Ағай менің бас-аяғыма бір қарады да, шайға шақырды. Отырдым. Апай қара шай құйды, ағай бір тілім нан алды да, ылжырап, еріп тұрған сары майды қалың етіп жағып, маған ұсынды.
– Арық екенсің, же! – деді.
– Рахмет! Тым қалың жағылды, жей алмаспын, кешіріңіз! – дедім.
– Жарайды, – деп, ағай нанды дастарханға қойды. Мен шайымды ішіп:
– Рахмет! – дедім.
Ол кісі орнынан тұрып, қасында тұрған таяғын алып:
– Кабинетке барайық, – деді.
Кабинеті төрт қабырғасы төбеге тірелген кітапқа толы сөрелері бар, қараңғылау бөлме екен. Бұрышта темір сатыағаш тұр. Орындықты нұсқады. Отырдым. Аты-жөнімді, тақырыбымды айттым.
– Жақсы, – деді. Қолымен оң жақ қабырғаның ең жоғарғы сөресін нұсқап. – Ана кітапты ал! – деді. Ол кісі нұсқаған жаққа қарап:
– Келесі жолы сым киіп келемін, қазір алып бере алмайтын шығармын, кешіріңіз! – дедім даусымды барынша қатайтып.
Ағай мырс етіп күліп жіберді. Себебі, ол кезде қыздар қысқа киетін. Менің үстімде де тіземе жетпейтін қара юбкам бар еді.
…Сонымен, ол кісінің нұсқауымен жұмысты бастап кеп жібердік. Бір нәрсені қолға алсам, түбіне жетпей қоймайтын әдетіммен, біраз жерге барып қалдым. Ағай жазғанымды оқып, сөйлеген сөзімді тыңдап, бұрынғыдай шымшыма сөздерін қойып, риза кейіппен, жайбарақат отыратын болды.
– Сөз саптауың ұнады, дудар бас, ғылым жолына түс, Тұрсынбек Кәкішев бекер мақтамаған екен, сенде шешендік қасиет бар, – деді. Ағаның «дудар бас» деген сөзіне ішімнен мырс ете түстім. Ол кезде шашымды теңіздің толқындарындай қылып бұйралап қоятынмын.
Сол кезде ғана диплом жұмысымды ауыстырып тастаған ұстазым Тұрсынбек ағаға қара қазандай қайнаған өкпем басылғандай болды.
Екеуміз әдебиет төңірегінде көп әңгімелер айтатынбыз. Т.Рысқұлов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Сәкен, Бейімбет, Ілияс ағаларымыздың қай шығармалары үшін атылғанын, Алма Оразбаева Моңғолияда қызметте жүргенде, орыс күйеуі сіңлісіне үйленіп алғанын, соны білгенде революционер қыздың ақыл-естен айырылып, көп жыл жындыханада емделгенін, кейін зейнетақысына қызыққан сіңлісі мен күйеуі үйіне шығарып алып баққанын, елдің есінен шыққан кезде белгісіз жағдайда қайтыс болғанын, ұлы Алрев шешесін білмейтінін бірінші рет сол кісіден естігенмін.
Майраның керемет әнші болғанын, Қажымұқан атамыздың оған алтындалған күйме сыйлағанын, күйеуі поляк ақсүйегі екенін, Майра қайтыс болғанда, қазақша жөнелткенін, тағы… әншінің қазақ жерінде тұңғыш рет «ескі кәсіппен» айналысатын «әйелдер үйін» ашып бергенін айтып еді.
– Ғалым болсаң, осы деректер қаперіңде жүрсін. Ақын- жазушыларды қынадай қырғанына ортамызда жүрген сатылған иттер де кінәлі.
Негізгі саясат – адамның миын, ойын алып тастаса, яғни соны жеткізетін ақын-жазушы, зиялы, көзі ашық адамдарды құртса, ұлт болғаны – бәрі айдалада қалатынын біліп, әдейі ойластырылған, зымиян іс, – деген еді.
Мен де Ағаның маған сеніп айтып отырғанын біліп, көкірегіме түйдім.

«Мұхтар Мағауиннен мақтау есту — үлкен бақыт»

Темірғали ағай дипломдық жұмысымды «жоғары дәрежеде жазылған» деп, үздік баға қойды. Кейін ол кісіні іздеп барып, қал-жағдайын біліп отырдым. Бұл кезде денсаулығы сыр беріп, ауырып жүрді. Көбіне минералды су ішетін. Барған сайын көтергенімше ала барамын. Отбасы, балалары туралы айтатын. Оны жариялау этикаға жатпайтын болған соң, жазбадым.
Өкінішке орай, ғалым болмадым. Аға өтінішін, сенімін орындай алмадым. Өзімнің жан қалауымды жазушылықтан таптым. Жазғандарымды ел оқып, танып, мені іздегенде, өмірге қайта келгендей болдым. Ауруымды ұмыттым. Бұл да маған бір Алланың сынағы, «өз орныңды тап!» деген ескертуі сияқты қабылдадым.
Жазушылар одағына мүшелікке өткенде, шексіз бақытты болдым. «Жазушылар одағының мүшесі» деген куәлік менің талантыма талант қоспаса да, мен үшін үлкен мәртебе болды.
Ол адам екенімді, бар екенімді, талант екенімді дәлелдейтін құжат еді.
Жазушылар одағының ғимаратын Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Нұрлан Оразалинің алпауыттар¬дың арандай ашылған азуынан арыстандай арпалысып жүріп, ебін тауып, аман алып қалғаны – қазақ халқы үшін, ақын-жазушылар үшін, «халық жауы» болып атылып кеткен алаш арыстарының аруағы үшін сауапты іс, үлкен ерлік болды.
Мұхтар Мағауин «Жалын» альманағында жарияланған тұңғыш әңгімемді мақтап, ұнатып, жас жазушылардың жинағына қостырыпты. Бұл хабарды маған аялдамада көріп қалған ақын Жұматай Жақыпбаев айтты. «Мұхтар Мағауиннен мақтау есту – үлкен бақыт, сені мақтапты. Жумайсың ба? Кітап шықты», – деді. Қуанғаннан «Рахмет, рахмет!» дей беріппін.
Сол кезде өмірден алшақтап, шала туған баламның өмірі үшін ауруханада арпалысып жүрген кезім еді… 1984 жылы сол кітаптың шыққанынан бейхабармын, гонорарын да алмаппын. Бір данасын іздеп жүріп жазушы Кәмила Құдабаева апайдан сұрап алдым.
Кейін рак ауруына ұшырап, ота жасатып шыққан соң, өмірдің өтіп бара жатқанын анық түсініп, жазған әңгімелерімді қолға алып, «Құласам нардан құлайын» деп, Мұхтар ағаны Жазушылар одағына іздеп бардым. Ондағы ойым: «Аға, жаза алам ба, қарап беріңізші…» деп айтайын дегенмін. Сөйтсем, ол кісі шет елге кетіп қалыпты. Үмітім кесіліп, екі сағаттай фойеде үнсіз жылап отырдым. Сол кезде қасыма жазушы Берік аға Шаханов келді. Амандық- саулықтан соң: «Сен келгелі біраз уақыт болды. Неге жылап отырсың?», – деді. Келген жұмысымды, жағдайым¬ды айттым. Берік аға: «Қой, жылама! Ол кісі өзі кетіп қалса да, орнында талантты інілері отыр. «Жұлдызда» Тұрысбек Сәукетаев бар. Соған жолық!», – деді.
Бардым, әңгімелерімді бердім… жылап-жылап, отадан кейін шамам да қалмаған. Гормонды дәрілерді құйып-құйып, өңім қарақошқыл тартып, ісініп тұрған мені танымай қалыпты. «Оқып көрші! Жарамаса, қояйын, өзім ауырып жүргенде, бұл да бір дерт болды!», – дедім. «Ағаңа барасың ба?» – деді. Сөзін онша түсінбедім, шаршап кеткен едім… «Жоқ, ештемеге шамам жоқ, үйге жетсем болды», – дедім.
Тұрысбек екі күннен кейін қоңырау шалып: «Ей, не қып жүрген адамсың? Сен жазушысың!», – дегенде, қуанғаннан жылап жібердім. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы «Интернет» деген әңгімемді жарқ еткізіп басты. Қалғаны «Жұлдыз» журналында жарық көрді.
Міне, осылай жазушылық өмірім басталды.
Нұрлан Оразалин Жазушылар одағын алып қалғанда, мені де өлімнен арашалап қалды деп есептеймін. Жазу¬шылар одағы болмаса, қайда барар едім, ауыр дертпен арпалысып отырған мен қай жерден тиянақ табар едім!?
Алаш азаматтары Мұхтар ағаға, Берік ағаға, талантты жазушылар Тұрысбек пен Жұмабайға алғысым шексіз. Осындай көмекке зәру көп жазушыларға қамқорлық жасаған Ілияс Омаровтай адамдар жолықпаса, менің де жер басып жүруім неғайбыл еді…
Нұрлан Оразалинді «көп отырып қойдың!» деп, кеше қолтығына кіріп жүрген әріптестері шаужайдан алып, иттей талағанда, ұстазым Темірғали Нұртазиннің сөздері есіме түсіп, жүрегім қан жылады.
Идеология… көп жылдық бодандық, құлдық заманнан көп адамның санасы сатқындықпен уланған… Қыз¬ғаныштың қызыл иті ішін өртеген қорқаулар асылын да, ардағын да отқа итере салудан тайынбайды…
Ең қорқыныштысы – осы.

Бәріміздің көкейімізде
«Қазақ қазақ болса екен!»
деген арман тұратын

Идеология демекші, бірінші курста бізді Қорғас жаққа жүгері теруге алып барды. Кешкі тамағымызды іше салысымен жатаған тамның бір бөлмесіне жиналамыз. Әр түрлі тақырыпта әңгіме қозғаймыз.
Қазақ халқының тағдыры, тіл туралы, қазақша киіну, ақындар, кино, жазушылар туралы білгенімізді ортаға саламыз. Ортамызда Иманғали, Ақмұрат, Сарымұрат сияқты ересек жігіттер «осыдан барған соң, қыздар ұлттық киімдерді киіп жүрсе» деген ұсыныс жасайды. Қала халқының қазақтарының орысша сөйлейтіні бізді қатты алаңдататын. Бәріміздің көкейімізде «қазақ қазақ болса екен!» деген арман тұратын. Бір уақытта Құныпия күміс даусымен әуелетіп, «Сарыбидайды» шырқай жөнеледі, біресе қутыңдап, «Молдабайдың әніне» басады. Қыздар- жігіттер таласып, өлең оқиды, курсымызда отыз ақын болды ғой деймін.
Не керек, сол отыз ақыннан үш-ақ ақын қалды.
Олар: Еліміздің 1994 жылғы алғашқы кәсіби Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, 25 жыл мемлекеттік қызметте жүрген, мемлекетіміздің ең жоғары органы – Президент Әкімшілігінде 24 жыл қызметте, соның ішінде 10 Мем¬лекеттік хатшының руханият, мәдениет, білім,ғылым, өнер, ішкі саясат, ұлттық саясат мәселелері бойынша кеңес¬ші болған, белгілі ақын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республи¬касының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметінің Үздік қызметкері, Қазақстан журналистика Академия¬сының академигі, Қазақстан қажылары Қоғамының мүшесі, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, филология ғылымының кандидаты, 22 кітаптың авторы – Өтеген Оралбаев;
Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының және Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, он бестен артық кітаптың авторы – Жақсылық Айжанов;
Көп уақыт баспасөзде жауапты қызмет атқарған Қазақ¬стан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, ақын, бірнеше кітаптың авторы – Зейнолла Әкімжановтар еді.
Қаптаған жазушылардан бір жазушы қалды, ол – мен, Жанар Әбдішова, әдебиетке ерте келіп, кеш оралған Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы.
Рымғали Нұрғалиевтың, Бейсембай Кенжебаевтың, Зейнолла Қабдоловтың, Белгібай Шалабаевтың дәрістері бекер кетпепті. Арамыздан білімді, сауатты, мықты ғалымдар көп шықты.
Олар: профессор, филология ғылымының докторы – Құныпия Алпысбаев, профессор, педагогика ғылымының докторы –Тұрсынбек Баймолдаев, профессор, филология ғылымының докторы – Балтабай Әбдіғазиев, профессор, филология ғылымының докторы – Сейфиддин Сүтжа¬новтар; Ғылым кандидаттары: Сәндібек Ғұбайдуллин, Забира Қызбаева, Сұлушаш Бекмұрзаева, Алтын Бақра¬денова, Қоңыр Мұхатаева, Анарбай Бұлдыбаев, Дәмегүл Бай¬жігітова, Ләззат Ережепова, тағы доцент болып, өздерінің білімділігін дәлелдеп, жоғары оқу орнында дәріс оқыған қыз-жігіттер: Гүлшара Әлкенова, Елмағанбет Әлия¬диновтар болды.

КазГУ бізге құт, береке болды.
Жасасын, КазГУ!

Біздің курстың қыздарының, жігіттерінің сол кездегі армандары орындалып, ана тіліміз 1989 жылы мәртебе алса, көп ұзамай еліміз тәуелсіз мемлекет болды. Қазақ мектеп¬тері ашылып, ана тілімізде балаларымыз ұялмай сөйлейтін болды. Тынысымыз ашылды, көк туымыз желбіреді.
Курстастарымыз: Әбен Жұмашев Қазақстан Респуб¬ликасы Парламенті Сенатының аппаратында қызмет жасады. Бұл жігіттердің егемен еліміздің басты шаруа¬ларын шешуге тікелей атсалысқанын білеміз, жеткен жетістіктеріне қуанып, мақтан тұтамыз.
Зейнолла Қабдолов аудиторияға кіріп, әрқайсымызға бажайлай қарап:
– Пай-пай, ғалым болатын да, басшы болатын да, сали¬қалы отанасы болатын қыздар отыр ғой мына жерде, – деді бірде басын шайқап. Біраздан соң: – жігіттер, естерің болса, мына қыздардан айырылып қалмаңдар! – деді.
…Ағайдың айтқан сөздері қанша жыл өтсе де, құла¬ғымда тұр. Қыздар туралы ойласам, расында да, бәрі – мықты қыздар.
Ұстаған үйлері қандай, қонақ күту, балаларын дұрыс тәрбиелеу– бәрі дұрыс, қазақша, атқарған жұмыстары қандай, жүрген жүрістері қандай, өздерін ұстау үлгілері қандай, жеткен жетістіктері қандай… «паһ, шіркін, жарым болса, осындай болса екен-ақ…» дегендей-ақ қыздар!
Сол қыздардың бірекеуіне тоқталайын…
Көп жыл Кітап палатасында басшылық қызметті абыроймен атқарған, филология ғылымының кандидаты Қоңыр Мұхатаева әлі өзі оқыған университетте сабақ беріп жүр. Өзі еңбек еткен салада оқулық та жазып, бірнеше кітабын да шығарды. Балаларын да өсіріп, жоғары оқу орындарында оқытты, әжелік міндетін де ұмытқан жоқ. Достарының ортасында да өте сыйлы, әр нәрсені жөнімен істейді, кез-келген істі ақылмен шешеді.
Қоңырмен бір бөлмеде тұрдым. Бір күні кірсем, досы Бағдатты алдына алған баладай, мәпелей құшақтап, арқасынан сипап жұбатып отыр екен. Көзіме Рафаэлло Сантидың «Сикстинская мадоннасы» елестеді. Осы отырысы мейірімділіктің, қамқорлықтың, үлкен сезімнің символы сияқты көрініп кетті, елу жыл өтсе де, сол көрініс есімнен кетпейді.
Қоңырдың әділдігін, турашылдығын, адамгершілігін көп көрдім, әлі күнге артық, ойланбай айтылған бір сөзін естімедім.
Тыңдауға, бағынуға, сыйласуға, сенуге, достасуға әбден лайықты жан.
Бірінші курста оқып жүргенде, нағыз ғалым болуға лайықты деп, Забираны, Сәндібекті, Абайбекті, Сұлу¬шашты, Балтабайды ойлайтынбыз. Забираның есте сақтау қабілеті мықты, ойлау қабілеті шексіз, білімі терең бола¬тын. Сәндібек те, Абайбек те өте білімдар жігіттер еді. Өкінішке орай, үшеуі де өмірден ерте кетті, маңдайымызға симай кетті. Жарық жұлдыз болатын адамдар еді. Жандары жәннатта болсын!
Құдайға шүкір, Сұлушаш пен Балтабай нағыз ғалымдар екенін көрсетіп, өнімді жұмыс істеп жүр. Жетістіктері де шаш-етектен. Осындай потенциалы жоғары, білімді адамдардың жоғары оқу орындарында болашақ ұрпаққа, біздің өміріміздің жалғасына, еліміздің болашақ қожайындарына сабақ беріп, тәрбиелеп, үлгі болып жүргенінің өзі жақсылық деп ойлаймын.
Курстастардың арасындағы жасы үлкеніміз көгілдір көзді, сүйкімді жеңгеміз Ғайшаға үйленіп, арамызда бірінші болып, тойын жасаған Иманғали болатын. Бірге оқыған қыздардың бәрін туған қарындасындай көріп, қамқор болып жүретін.
Жүгері теріп жүргенімізде, кешкі тамағымызды ішіп, Құныпияның өлеңдерін тыңдап, біраз отырған соң тарап, «Қайырлы түн» айтысып, жастыққа бас қойғанымыз сол еді, шыңғырған дауысты естіп, орнымыздан қар¬ғып-қарғып тұрдық. Есіміз шығып кетті. Жарқ еткізіп жарықты қостық.
Гүлнәрдің қара түндей, қалың шашы арқасына жайылып, алақандай көзі адырайып, ес-түстен айырылып, бөлменің бұрышын нұсқап, діріл қағып: «Жылан, жылан!», – дейді.
Дүңк-дүңк басып, Имағаң бастаған жігіттер жетті ентігіп. «Не болды?», – дейді Имағаң ышқынып, Гүлнәрға төніп. «Жы-ы-лан шақты!», – дейді Гүлнәр ботадай боздап. «Қай жеріңді?», – дейді Имағаң айқайлап, Гүлнәр қара саннан сәл жоғарырақ жерді киімінің сыртынан көрсетеді. Бір уақытта халаттың етегін түріп жіберіп, Имағаң қызарып тұрған жерге сүліктей қадалып, сорып-сорып, түкіріп-түкіріп тастады… Бала құсатып, Гүлнәрдың көз жасын сүртіп, басынан сипап: «Болды енді, ештеме қылмайды!», – деді.
Содан әлгі жыланды іздеп, матрацтарды көтеріп, астаң-кестеңін шығарды. Бірақ ол құрғыр табылмады.
Қайран Имаға, жатқан жерің жайлы болсын дейміз. Биыл арамыздан кеткеніне он жыл болыпты. Жеңгеміз курстастарының келгенін естіп, ас берейін деп жатыр.
Қыздарымыздың ішіндегі ең құрттайы Гүлшара Әлкенованың өзі отбасылық жағдайымен кандидаттығын қорғай алмаса да, еңбек етіп жүрген жоғары оқу орнында білімділігімен, ізденімпаздығымен, жарық көрген еңбектерінің мағынасының тереңдігімен, еңбекқор¬лығымен доцент атағын алып, әріптестерінің арасында «стилист», «ауызша энциклопедия», «білімді оқытушы» аталып, ерекше құрметке ие болған. Тағдырдың басына салған қиыншылықтарына қарамай, балаларын оқытып, немерелерін бағып, тағдырдың ағысына талмай, қарсы жүзіп, әлі қайрат көрсетіп отыр.
Турасын айтып, әділдікті жақтайтын, қиналған адамдарға көмегін аямайтын, темірдей тәртіпті, тазалықты жақсы көретін тағы бір курстасымыз бар. Ол – Дәмен. Көп жыл өзі оқыған университетте сабақ беріп, жемісті еңбек етті. Үлгілі отбасын құрды, балаларының бәрін оқытты. Жақсы ана, асыл жар бола білді.
Тағы бір курстасымыз туралы айтпасақ болмайды. Ол – Алтын. Көп курстастардың «кандидаттық қорғау» деген ойына кірмеген кезде, Ғылым деген үлкен теңіздің құшағына «ғалым боламын!» деп «күмп» етіп түсіп, құлаш сермеген Алтын болатын.
Арамызда көп жігіттердің арманы болған бұрымы бар сол жалғыз Алтын еді. Қап-қара қалың шашын бір бұрым етіп өріп, тоқпақтай қылып, артына жіберіп қойғанда, көп қыздан ерекшеленіп, мейманасы асып тұратын. Өзі де баладай аңқау, ақкөңіл болатын. Әңгімесінің көбі жігіті Жаңбыр туралы… Аузын толтырып, оның қылықтарын мақтанышпен айтып отыратын. Бір күні бұрымын алдына салдырып, қарсы алдыма отырғызып қойып, Абай ата¬мызша «Қыз сыны» деген суреттемемді жазып бергенмін.
Ол да пединститутта әлі күнге дейін жемісті еңбек етіп жүр.
Зейнолла Қабдоловтың айтқаны айдай келіп, біздің курстас қыздардың арасынан ғалымдар да, басшылар да, жазушылар да, үлгілі бала, тәрбиелі, берекелі отбасын ұс¬тап отырған адал жар, мейірімді аналар да көптеп шықты.
Ең бастысы – қазақи өмір салтын ұстап, салт-дәстүрді қастерлеп, балаларын осы жолда өсірген ардақты отанасы болды.
Елу жыл бұрын үлкен қара шаңырақ КазГУ-дың бауырынан түлеп ұшқан курстастардың беталысы жаман емес. Еліне елеулі, жұртына қалаулы, талантты, танымал адамдар көптеп шықты.
Алматыға бір шабаданмен түймедей болып келген біздерді қасиетті КазГУ білімге сусындатты, қанат бітіртті, адам қатарына қосты, жақсы адамдармен жолықтырды, өмір тәжірибесіне үйретті, таудай қылды.
КазГУ-ды іздеп келіп, бәрін таптық… махаббатымызды кездестірдік, балалы болдық, арман болған Алматыдан үй алдық, басқа жаққа кеткендеріміз де ойып тұрып орнымызды таптық.
КазГУ бізге құт, береке болды. Жасасын, КазГУ!
Курстастар елу жылдық кездесуіміз құтты болсын!

Жанар ӘБДІШОВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *