КАТАЛОНИЯ РАЙЫНАН ҚАЙТАР ЕМЕС

Тәуелсіздік жолындағы күресін жалғастыра бермек

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Француздың әйгілі философ жазушысы Альбер Камюдың пайымдауынша, «Үмітін жоғалтпаған халық қана бостандық пен тәуелсіздіктен бас тартпайды». Сол айтқандай, Испаниядағы Каталония халқы  кейінгі екі жылда егемендік жолындағы   күресті белсенді түрде жалғастырып келеді.

Бұдан бұрын да жазғанымыздай («Алма­ты ақшамы»: «Каталония қайсарлық  таныт­ты», 5 қазан, 2017 ж. «Каталония тәу­ел­сіздік үшін күресе береді», 12.06.2018 ж.) Каталония автономиясы Испания үкіме­тінің үзілді-кесілді қарсылығына қарамас­тан 2017 жылғы 1 қазанда    референдум өткізіп, оған қатысқан 2,87 млн. халықтың  90,18 пайызының егенмендікті жақтап дауыс берген.  Референдум нәтижесін Ката­лония парламенті мақұлдап, 27 қазанда елдің тәуелсіздігін жариялаған. Испан үкіметі мұны Испания Конституциясының 155-бабына қайшы деп тауып, Каталония парламентін таратып,  Женералитет (үкімет) басшысы Карлес Пучдемонды қызметінен босатып, орталықтан тікелей басқару тәртібін енгізген. Қуғындауға ұшыраған Карлес Пучдемон шет елде бой тасалап кетті. Есесіне, оның орнына сайланған Ким Торра да орталық үкіметке мойынсұнбай, тәуелсіздік жолындағы саясатты жалғас­тыра түсті.

Жалпы мағлұмат үшін айтар болсақ, Испания Корольдігі  17 автономиялық қа­уым­­дастықтан тұрады. Оның ішінде Баскілер аймағына, Каталонияға, Наварра, Галисия және Андалусияға ерекше автоно­миялық құқықтар мен мәртебе берілген. Соған сәйкес Каталонияда  дербес  парла­мент пен үкімет (женералитет) жұмыс істейді.

Әйтсе де, каталониялықтар өздерін экономикасы дамыған, тіл мен мәдениет жөнінен өзгешілігі  бар өңір санайды. Тапқан пайда мен жиналған салықтың басым бөлігінің орталық бюджетке жібері­летініне өкпелі. Сондай әділетсіздікке наразы болғандықтан өз алдына бөлек, Испанияға тәуелсіз мемлекет болып өмір сүруді қалайды. Жиі-жиі бас көтеріп, күрес жүргізулерінің себебі мен мәнісі осында.

4 қараша, 2019 жыл. Мәдениеттіліктің жоғары үлгісін көрсеткен Испания королі VІ Фелипе мен зайыбы Летисияның сыйлықты тапсырып тұрған сәті.

Осы жылдың 14 қазанында Испанияның Жоғарғы соты 2017 жылғы 1 қазанда Ката­лонияда референдум өткізуді ұйымдастыр­ған белсенділердің ісін қарап, қоғамдық тәртіпті бұзып, бүлік жасауға итермеледі деген айыптар тағып, оларды 9 жылдан 13 жылға дейін абақтыға қамау, кейбіреуле­ріне айыппұл салу  жөнінде үкім шығарды. Ең ауыр  13 жылдық жазаға Каталония үкіметі басшысының бұрынғы орынбасары, «Солшыл республикашылар» партиясының жетекшісі Ориол Жункерас тартылды. Және де Брюссельде бой тасалап жүрген Карлос Пучдемонды тұтқындауға  ордер берілді. Оны экстрадициялау жөнінде бұрын да қатынас қағаз жіберілген. Бірақ та Белгия үкіметі оны негізсіз,заңсыз деп тауып, орындаудан бас тартқан.

Жоғарғы соттың референдумды ұйым­дастырушыларға шығарған мұндай қатаң шешімі онсыз да ызалы жұрттың  ашуына тиіп, халықтың көшелерге –манифес­та­цияға шығуына түрткі болды.

Келіп түскен мәліметтерге қарағанда, 18 қазанда наразылық  шеруіне  525 мың тұрғын қатынасып, орталықтағы көлік қозға­лысын, кейбір метро стансаларын, тіпті Саграда–Фамилия соборын жауып тастаған. Полиция  мен халықтың текетіресі барысында  200 адам ұсталып, екі жақтан да бірнеше кісі әр түрлі  жарақаттар алған. Бірқатар инфрақұрылымдардың, үйлер мен мейрамханалардың, автокөліктер мен мото көліктердің бүлінуінен жалпы есебі 2,7 млн. еуродай шығын келген.

Бір таңданарлығы, осы жолғы көтеріске  жастар, әсіресе студенттер мен  жоғары сынып оқушылары белсене  қатынасып, бұрын-соңды болмаған  қарсылық көр­сеткен.  Осының өзі тәуелсіздік жолындағы күрестің  жаппай сипат ала бастағанын аңғартқандай.

Каталония үкіметінің басшысы Ким Торра көтерілісшілерді  шеруді бейбіт түрде өткізуге, зорлық-зомбылыққа жол бер­меуге, арандату қақпанына түсіп қал­мауға шақырды. Оның түсінігінше тәуел­сіздік үшін күрес бүлдіру, қирату  емес, керісінше жасампаздық пен даму – өркендеу жолындағы қозғалыс.

«Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін!» саясатын ұстанғаны шығар,  Europa Pres ақпараттық агенттігінің жазуынша 30 қазанда Ким Торра соттал­ған­дарға қолдау білдіріп: «мен де референ­думды ұйыдастырушылардың бірімін, мені де соттаңдар!», – деген талаппен Испания­ның Жоғарғы сотына барған.

Халықаралық сарапшылардың айтула­рынша,  референдумнан бергі екі жыл ішінде Испания үкіметінің Каталония халқымен ешқандай диалог, келіссөздер  жүргізбегенін, олардың көкейіндегі талап-тілек пен мұң-мұқтаждықтарын естіп, тыңдамаған. Мұндай көзқарас пен ұстаным болған жерде қайшылық бұрынғыдан да шиеленісіп, ушыға түсері хақ.

Үкімет те қарап қалмай, ауық-ауық  Ката­лонияға қарсы «Испанияның тұтас­тығы» туралы ұран көтерген демонстра­циялар өткізуде. Сондайлардың ықпалымен  Каталонияда өндірілген тауарларды тұтынбау, оларға бойкот жариялау қозға­лысы күшейген. Соның кесірінен кейбір зауыт-фабрикалар Каталониядан басқа аймақтарға көшіріле бастады.

Каталонияны кекетіп-мұқату, намысы­на тию жер-жерде жиі көрініс беретін болған. Мысалы, биылғы жаңа жылды қарсы алу сәтінде кейбір телеарна жүргі­зушілері әдеттегідей  бокалға каталония­лық жеңіл «Кава» шарабының орнына сыра құйып соғыстырып ішкен. Мұндай таяздық әрекеттері сөз жоқ Каталония халқының  қытығына тиеді.

Осы сияқты Испания премьерінің міндетін  атқарушы Педро Санчестің Ante­na-3 телеарнасына берген сұхбатында: «Каталония Испания құрамынан ешқашан шыға алмайды!» деуі бықсып тұрған отқа май құйғандай әсер етті. Оның түсінігінше, Каталониядаға қайшылық  тәуелсіздіктен гөрі, түсіністікпен қатар өмір сүру мәселесіне қатысты.

Әншейінде  «адам құқын, халықтың қала­уын қорғау керек!»  деп өре түреге­летін Еуропа­ның жетекші елдері  Ката­лонияға келгенде үнсіз қалып отыр. Өйт­кені, олардың кейбірінде осындай шешіл­­меген түйін болғандықтан,  каталония­лық­тардың ықпал-әсерімен шотландия­лықтар, корси­калықтар, фламандиялықтар, силездіктер, венеция­лықтардың да  бас көтеруінен қауіптенеді.

Кешегі 4 қарашада Испания королі VІ Фелипе отбасымен дәстүрлі Жиронская патшайым қорының сыйлықтарын тапсыру үшін  Барселонаға келген. Оның сапарына қарсылық білдірген мыңғай жуық тұрғын конгресс сарайының алдында наразылық  акциясына жиналды.

Десек те король биік мәдениет пен парасаттылық танытып, салтанатты жиында  каталон тілінде құттықтау сөз сөйлеп, сыйлықтарды табыстады. Және де қырық жыл бұрын диктатурадан бас тартқан өтпелі кезеңде Каталонияның демократия ісіне зор үлес қосып, басқаларға үлгі көрсеткенін атап айтты.

«Каталония – өзіндік болмыс-бітімімен, жасам­паз­дығы және ынтымағымен ерекше­ле­неді. Аймақ хал­қының осы бағыттағы  күш-жігері, бірлігі, өзгелерге құрметі,  азаматтық рухы біз қазір өмір сүріп отырған қоғамды байытты. Мұны Каталония тарихының жарқын беттері деп білу керек. Дегенмен, бүгінгідей өркениетті заманда күш қолдануға, зорлық-зомбы­лыққа, төзбеушілікке, немқұрайдылыққа жол берілмеуі тиіс», – деді. Корольдің бұл айтқандары Paіs басылымының сайты арқылы бүкіл Испанияға тарады.

Тағы бір маңыз берер жәйт. Алдағы 10 қарашада испан корольдігінде  кезектен тыс парламенттік сайлау өткізу белгіленген. Себебі, сәуірдің аяғында өткізілген сайлауда  Испания социалистік жұмысшы партиясы көбірек (123) дауыс жинағанымен,  басқа бір партия­мен бірігіп, коалициялық үкімет құра алмады. Соның салдарынан  берекесіздік бой көрсетіп, қайтадан сайлау өткізу қажеттілігі туды.

Сарапшылардың болжауынша, социалистік партияның мүмкіндігі әлі де жоғары. Әйтсе де, ол басқа бір партиямен бірікпей билікке қол жеткізуі екіталай.  Ендігі жерде қай партия үкімет құратын болса, сол  елдің саяси бағыт-бағдарын айқындайды. Оның Каталонияның тәуелсіздік жолындағы күресіне де ықпал етері анық.

«Қарнымның ашқанына емес, қадырымның қашқанына жылаймын» дейтіндей, Каталония үшін қазіргі таңда  бәрінен де тәуелсіздік тағдыры қымбат болып тұр.

Базбір талдаушы сарапшылар: «Ең тынышы БҰҰ-ның басшылығымен халықаралық бейтарап бақылаушыларды қатыстырып, жаңадан референдум өткізу. Сонда мәселе айқындалып, ешкімнің өкпе-реніші болмайды», – дейді. Бәлкім, дағдарыс пен тығы­рықтан шығу үшін  солай еткен де дұрыс шығар…

«ақшамның» анықтамасы

Каталонияның тәуелсіздік жолындағы күресінің бастау алғанына қырық жылдан астам уақыт өтті. 1978 жылы Испанияда бүкіл халықтық референдумда жекеленген ұлттық қауымдастықтардың авто­номилық құқығын мойындайтын  конституцияның жаңа үлгісін қабылданды.

1979 жылы Каталонияның автономиялық мәр­тебесі белгіленіп, ұлт ретінде мойындалды, испан тілімен қатар каталон тілі ресми тіл болып танылды.

2006 жылы Каталонияның  құзыретін кеңейткен  автономиялық мәртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Бұл заң ұлтшылдардың белсенділігін күшейтіп, 2009-2010 жылдары олар бейресми референдум өткізіп, онда қатысушылардың 90 пайызы Испаниядан бөлінуді жақтады.

2010 жылы  Испания Жоғарғы соты «катало­ния­лықтарды дербес ұлт ретінде тануға құқықтық негіз жоқ» деп тауып, автономиялық  мәртебесі туралы заңдағы тиісті баптың күшін жойды.

2012 жылы Испанияда экономикалық дағдарыс белең алған тұста қаржы-қаражаттың теңсіздікпен бөлінуіне наразы болған 1,5 млн. каталониялық тәуелсіздік талабын қойып, демонстрацияға шықты.

2013 жылы автономия парламенті «Каталонияны Испанияның  егеменді саяси және құқықтық субъектісі» деген декларация жариялады және рефе­рендум өткізу ниетін жеткізді. Келесі жылы Испа­нияның Жоғарғы соты  ондай  референдум өткізудің  ел Конституциясына қайшы екенін мәлімдеді. Соған қарамастан 2014 жылғы 9 қарашада Каталонияда кезекті бейресми референдум өткізіліп, оған қатысқан 2 млн. тұрғынның 80 пайызы тәуелсіздікті  жақтап дауыс берді.

2015 жылы өңір  парламенті Каталонияның республика түрінде  тәуелсіз мемлекет ретінде құрылып бастағанын жария еткен қарар қабылдады. Испания Жоғарғы  сотының қарсылығына қарамай жұмыс жалғастырыла түсті.

2016 жылы Каталония үкіметінің басына егемендікті қолдаушы, қайсар саясаткер Карлес Пучдемон келіп, автономия парламенті оның Испания құрамынан шығу жөнінде референдум өткізу туралы қарарын мақұлдады.

2017 жылдың 1 қазанында Каталонияда тәуел­сіздік туралы референдум өткізіліп, оған қатысушы 2, 87 млн. халықтың  90,18 пайызы жақтап, 7,83 пайызы қарсы болды. Испания үкіметі референ­думның өткізілуін заңсыз деп таныды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *