КАШМИРДІ АВТОНОМИЯЛЫҚ МӘРТЕБЕДЕН АЙЫРУ

Жағдайды одан әрі ушықтыруы ықтимал

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Үндістан мен Пәкістан қатынасындағы «сыздауық жарадай» жан ауыртып, шешімін таппай  келе жатқан  мәселе  – Джамму және Кашмир  дауы. Осы  аумаққа қатысты екі ел арасында ауық-ауық  жанжал туып, оның аяғы қарулы қақтығысқа  ұласып жатады.

Естімегендер үшін еске сала кетсек: Джамму мен Кашмир Үндістан, Пәкістан және Қытай шекаралар түйіскен жерде қоныс тепкен штат. Жер көлемі 2,2 мың шаршы шақырым, халқы 12,5 млн.-нан көбірек. 1846–1947 ж.ж. аралығында бұл өңір Англияның билігінде болды. 1947 жылғы Британиядан бөліну кезінде штат жерінің 60 пайызы Үндістанның үлесіне тиіп, 30 пайызы Пәкістанның қарауына өтті. Пәкістанға қараған өңір «Азат Кашмир» және «Солтүстік провинция» деп аталынды. 1962 жылы Аксай-Чин ауданын, яғни штат аумағының 10 пайызын Қытай күшпен басып алып, өзіне қаратты. Бұған қосымша 1963 жылы Транс-Қарақорым жолына жапсарлас аудандарды Пәкістан Қытайға берді. Джамму және Кашмир  тұрғындарының 90 пайызы мұсылмандар. Олар өздерінің Үндістанның  билігінде болғанына қатты наразы. Үндістан Конституциясының 370-бабына сәйкес Джамму мен Кашмирге ерекше автономия­лық мәртебе берілген. Штаттың өз туы және конституциясы бар. Қорғаныс, байланыс және сыртқы саясаттан басқа Үндістанда қабылданған кез-келген заң Кашмир парламентінде мақұлданып барып, күшіне енеді. Мұнда да көп партиялық демократиялық жүйе және қос палаталы парламент жұмыс істейді. Үнді парламен­тінде бұларға арнап 111 депутаттық орын бөлінген. Басқа штаттардан келген үндістандықтар Джамму мен Кашмирден жер не үй сатып ала алмайды.  Кашмир­ліктерге жоғары оқу орындарына түсуде  және әкімшілікке жұмысқа қабылдануда жеңілдіктер қарастырылған.

Ағылшын отарлығынан құтылғалы бері Үндістан мен Пәкістан арасында  Кашмир үшін  1947 ж. мен 1965 ж. екі ірі соғыс және қисапсыз  атыс-қақтығыстардың болғаны  дау-жанжалдың өте күрделі екенін аңғартады. Басқасын айтпағанда, тек 2018 жылдың өзінде Кашмирде үкіметтің күштік құрылымдарына 400 рет шабуыл жасалып,  соның салдарынан  –   бейбіт тұрғындар мен  қауіпсіздік  органы қызметкерлердің арасынан 500 адам көз жұмды.

Осы  сияқты   биылғы 2019 жылдың 14 ақ­панында Пулвама өңіріндегі Джамму–Сринагар  тас жолында жанкешті террор­шының шабуылынан  автобуста кетіп бара жатқан  46 үнді полицейі қаза тапты. Бұл терактыны «Джаиш-е-Мухаммад» ұйымы өз мойнына алды.  Үндістан жағы  осы жарылысқа жауап ретінде  үнді әскери-әуе күштерінің   төрт Су-30МКИ  Пәкістан жеріндегі  аталған ұйымның лагерін бомбалап, нәтижесінде   350  терроршыны  жер жастандырып кері қайтқанын хабарлады. Исламабад мұны  «үнділік ұшақтардың бомбалаған  жері ел тұрмайтын таулы аймақ», – деп жоққа шығарды.

Кашмирлік мұсылмандар Үндістанға бағынуға наразы

27 ақпанда күні бойы қос тараптың  әскерлері  шекара аумағында бірін-бірі автомат және минометтерден атқылап, әуеде әскери ұшақтар арасында да   айқас жүрді. Айқасқа үнді жағынан – заманауи жетілген 8 истребитель:  төрт  Су-30МКИ, екі МиГ-21УПГ және Dassault Mіrage 2000, ал Пәкістан жағынан – 24 ұшақ оның ішінде  сегіз  F-16,  төрт  Dassault Mіrage ІІІ, төрт JF-17 Thunder қатынасып, оларды 12 ұшақ  қорғап отырған.  Осының өзі  әуедегі соғыстың қаншалықты шиеленісті болғанын байқатқандай. Қақтығыс бары­сында  қолға түскен үнділік әскери ұшқыш  Абхинандан Вартхаманды  Пәкістан жағы гуманистік қадам ретінде  Үндістанға қайтарып берді.

Исламабадтың мәлімдеуінше, «Джаиш-е-Мухаммад»  Пәкістанның өзінде рұқсат етілмеген  террористік ұйым саналады. Осы орайда  Үндістанға асығыс түйін жасамау, Пулвамада орын алған қастандықты бірлесіп тергеу жө­нінде  ұсыныс жасалды. Алайда, үнді жа­ғы ұсынысты қабылдамай,  шұғыл Пәкіс­таннан келетін тауарларға 200 пайыздық алым-салық енгізіп, екі арадағы теміржол қатынасын үзіп тастады.

Кашмир үшін туындайтын  жанжал мен  қақтығыстың бәрінде  екі тарап бірін-бірі айыптаумен әлек. Үндістан  Пәкістанды  терроршыларды  қолдап-қуаттап, қарулан­дырып отырады десе, Пәкістан  Кашмир­дегі мұсылмандарға  қысым көрсетіп,  жағдайды  әдейі  асқындырып отыр дейді.

БҰҰ  сонау 1950 жылдан бері  қос тарапты мәселені  бейбіт жолмен шешуге шақырып,  Кашмирде  жергілікті халықтың еркі мен қалауын білу мақсатында рефе­рендум  өткізуді  жөн санайды. Басында Үндістан  бұған мақұлдау білдіргенімен,  артынан  «штаттың  үнді  бөлігінде онсыз да сайлау өткізіліп  тұрады» деген сыл­таумен айнып қалды.  Ал Пәкістан үкіме­тінің  ұстанымы:  «Кашмир тұрғындары­ның  басым көпшілігі  Үндістанның қа­рауында  болуға қарсы, олар не  Пәкістанға қосылуды не дербес мемлекет ретінде өмір сүруді  қалайды» дегенге саяды.

image description

Жетпіс жылдан асқан  «Кашмир дауында» екі жақтың  бірін-бірі  айыптап, ымыра мен мәмілеге  бармауынан  күрмеуі қиын түйінді  мәселенің шешімі күні бүгінге дейін  табылған жоқ.

Сондықтан да әрбір парламенттік сайлауда жеңіске жетіп, үкімет құруға қол жеткізген  үнділік саяси партияның   алдына қойылатын бірден-бір міндет  – «Кашмир дауын» шешу.

Талайлар күткендей,  мамыр айында өткен  парламенттік сайлауда  елдің қазіргі премьер-министрі Нарендра Модидің  «Бхаратия джаната парти» (БДП) партиясы  төменгі палатада  басымдыққа ие болды. Демек, ол  ендігі жерде  заңнамалық орган­да  өз қалайтын кез-келген шешімді  қабыл­дата алады. Оның үстіне  2017 жылдан бері  елдің президенті қызметін премьердің жақтасы  Рам Натх Ковинд атқаруда.

Мұның неге айтып отырмыз. Сонау  1951 жылдан бері  БДП партиясы Кашмир штатын  айрықша  автономиялық  мәрте­беден айыру керек дегенді айтумен келеді. Олар тіпті Джамму мен Кашмирді және  оған қарайтын Ладакхты үшке бөлу қажет деп  есептейді. Мұндай ұсынысты Ладакх тұрғындары қуана құптайды. Өйткені, онда  тұратын буддизм мен индуизм дініндегілер мұсылмандардың ықпалындағы Кашмирдің қарауында болғанға қарсы. Өкінішке қарай, кейде осылай дін айырмашылығы да адамдардың арасына сына қағып,  алауыздық тудырып жатады.

Үнді үкіметінің  пайымдауынша,  негізінен мұсылмандар тұратын Кашмирде 1989 жылдан бері Пәкістанның  қаржылық және қару-жарақ жағынан қолдауымен  жиі-жиі  бас көтеру орын алып тұрады. Отыз жылдан бері оған күштік құрылымдар тарапынан тиісті шаралар қолдануға  штаттың ерекше мәртебесі, заңнамалық құқықтары  жол бермейді.

Премьер Нарендра Модидің  үкіметтің, әсіресе  Ішкі істер министрлігінің түсінігінше Кашмирде тыныштық пен тұрақтылық орнауы үшін  оны ерекше мәртебеден айырып, онда тікелей басқару тәртібі енгізілуі тиіс. «Бәрі орнына келгеннен кейін  барып, штат мәртебесін қайта қалпына келтіруге болады», –дейді.

Базбір саяси сарапшылар: «қазіргі Үндістан–Пәкістан жанжалының артында Вашингтон тұр» деген пікірде. Олай дейтіні, Джамму–Сринагар  тас жолындағы жанкештінің шабуылынан қайғылы оқиға болысымен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы  Майкл Пампео Делиге жанашырлық танытып: «Пәкістан террористерге  қолдау көрсетіп, халықаралық  қауіпсіздікке  қатер төндіріп отыр. Мұны тез арада тоқтатуы керек», – деген. Осының артынша  Дональда Трамптың  ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон  үнділік  әріптесі Аджит Довалмен  сөйлесіп,  теракт үшін Исламабадты жауапкершілікке тартуға  уәде беріп, Делидің  «өзін қорғау»  әрекетіне қолдау білдірген. Сөйтіп, Ақ үй  Үндістанның   Пәкістан территориясын бомбалауын ақтағандай  болған.

Ал ақиқатында  мәселенің мәніне үңілсек, Құрама Штаттардың  Үндістанға емешегі езіліп тұрғаны неғайбыл. Әріден ойлағанда Вашингтонға  кейінгі кездегі кең өрісті Пәкістан мен Қытайдың қарым-қатынасы, әсіресе,  олардың  «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы мыңдаған шақырым авто және темір жолдарды салу, газ бен мұнай құбырларын  тарту,  электр стансаларын тұрғызу, инфрақұрылым­дарды қалыптастыру бағытындағы  қар­қынды жұмыстары ұнамайды. Мұндай ынтымақтастық оның ішіне қызғаныш шоғын түсіргендей.

Демек, бұдан  Қытайдың Пәкістанмен  жақсы қатынаста екенін, сыртқы саясатта бір-бірін қолдайтынын  аңғарамыз. Осының айғағындай жуырда Пәкістанның  Сыртқы істер министрі  Шах Мехмуд Курешидің  Пекинге жасаған сапарында онымен кездескен  Қытай сыртқы істер министрі  Ван И: «Кашмир дауы отаршыл­дық  кезеңнен келе жатқан кесел. Бұл мәселе БҰҰ Жарғысына және оның Қауіпсіздік кеңесінің қарарларына  сәйкес екі жақтың  келісімімен шешілгені дұрыс» дегендей  аса сыпайы дипломатиялық пікірін жеткізді.

Бұдан шығатын қорытынды: егер де «Кашмир дауы» халықаралық қауымдастық деңгейінде  қаралатын болса,  АҚШ-тың – Үндістанды, Қытайдың   – Пәкістанды жақтайтыны айдан  анық.

Өкінішке қарай, 5 тамызда  үнді үкіметі  Джамму және Кашмир штатын таратып, оның орнына  екі әкімшілік  аумақ құру жөніндегі шешімін жариялады. Мұның заңнамалық тұрғыдан қуаттау мақсатында ел  парламенті  Үндістан Конституция­сы­ның  Джамму және Кашмир ерекше авто­номиялық мәртебе берген 370-бабының күшін жойды. Бұған Пәкістан  наразылық білдіріп, 7 тамызда Үндістан елшісін еліне қайтарды, дипломатиялық қатынас дең­гейін төмендетіп, сауда-саттықты  тоқтататынын мәлімдеді.

Кейбір саясаттанушылар: «Нарендра Модидің  ықпалындағы «Бхаратия джаната парт»  ұлтшылдық  бағыттағы партия. Билікке ие болып отырған бұлардың  бар мақсаты   Пәкістанды  елге төніп отырған бірден-бір «қауіпті  жау» ретінде көрсетіп, халықты өз жағына тарту. Ал үнді үкіметінің Кашмирді  ерекше мәртебесінен айыруы – асығыстықпен қабылданған шешім.  Мұндай амал-әрекет жағдайды түзеудің орнына керісінше асқындырып, ушықтырып  жібереді», – деген болжам  айтады.

Ең жаманы  «Кашмир дауы»  екі елдің  шеңберінде шектеліп қалмай, халық­аралық қатынасқа да зиян-залалын  тигізеді.

Осы орайда кейінгі бірер күнде Пәкістанның премьер-министрі Имран Хан өзінің Twіtter парақшасында: «Үндістанның  Кашмирдегі саясаты мұсылмандарға қарсы бағытталған, ондағы ойлары  аймақтағы этника­лық  балансты өзгерту. Сондай мақсатта  тұрғындарды жаппай  қырып-жою, қуғын-сүргінге ұшырату  амалдары жүргізілуде», –  деп жазып,  бұған әлемдік қауымдас­тықтың  сырттан үнсіз, бей-жай қарап отырғанына өкініш білдірді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *