КАРАНТИН РЕЖИМІ САҚТАЛАДЫ, БОСАҢСУҒА БОЛМАЙДЫ

Серік ЖҰМАБАЕВ

Карантиндік режимнің әлсіреуіне, сондай-ақ, көптеген нысандардың қызметі қайта басталуына байланысты қала ішінде орналасқан полиция бекеттерінің жұмысы тоқтатылды. Бірақ бұл карантин жойылды дегенді білдірмейді. Ережелер мен шарттар өзгеріссіз қалады: аса қажет болмаса қалада жүруге және қыдыруға болмайды. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы хабарлады.  

  • Біз қала тұрғындары мен қонақтарын карантин ережелері мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауға шақырамыз. Бұл шаралардың барлығы сіздің денсаулығыңыз бен өміріңіздің қауіпсіздігінің кепілі болып табылады, — деді Алматының Бас полицейі.

Десек те, қазір қала тұрғындарының қаншалықты босаңсып кеткенін аңғару қиын емес. Жаппай шоғырлану орындары – саябақтар, скверлер мен серуендеу алаңдары адамдарға толы. Онда алматылықтар көптеп жиналып кетті – алма құлап, жерге түсетін орын жоқ. Ал әрбір екінші адамда бетперде тағылмаған. Әлеуметтік қашықтық сақталып келеді деп айтуға ауыз бармайды. Қала тұрғындарына тағы да ескертеміз, карантиндік шараларды алып тастаудың келесі кезеңдері коронавирустық инфекцияның төмендеуіне тікелей байланысты, ал ауруды төмендету санитарлық нормалардың сақталуына тікелей байланысты.

Осы кезде елорда тұрғындары да босаңсып барады. Нұр-Сұлтанда тұрғындар ғана емес, кәсіпорындар да карантин талаптарын орындауды қойды. Нәтижесінде, елорда әкімдігінің хабарлауынша, санитарлық нормаларды бұзғаны үшін бірқатар нысандар жабылды: құрылыс компаниялары, азық-түлікке жатпайтын дүкендер, өзіңмен алып кету негізінде сатумен айналысатын мейрамханалар мен кафелердің жұмысы тоқтатылды. Нысандар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарды сақтамайынша жұмысқа істемейтін болады.

  • Адамдар қазір босаңсымауы тиіс, маска режимі барлық жерде сақталуы керек, егер қатаң санитарлық режимді ұстанбасақ, онда қала қайтадан қатаң карантин режиміне көшетін болады. Біздің бұрынғы өмірге қаншалықты тез оралуымыз тек сіз бен бізге байланысты, – деді елорданың бас дәрігері Сәуле Қисықова.

Өз кезегінде Алматының бас санитарлық дәрігері мен қаланың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қайта ашылған халыққа қызмет көрсету нысандарындағы бұзушылықтарды тіркеуді және материалдарды Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен тікелей қаланың бас санитарлық дәрігеріне жіберу туралы өтініш білдірді. Мұндай жағдайда тиісті санкциялар қабылданып, қатаң шара қолданылатын болады.

Қазақстанда өткен тәулікте 218 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болды. Өсім 3,2% құрады.

Нұр-Сұлтан қаласы – 32 (2,5%)

Алматы қаласы – 37 (2,0%)

Шымкент қаласы – 50 (11,4%)

Атырау облысы – 23 (3,0%)

Қостанай облысы – 12 (12,2%)

Түркістан облысы – 5 (2,1%)

Қарағанды облысы – 24 (9,1%)

Батыс Қазақстан облысы – 10 (3,0%)

Қызылорда облысы – 5 (2,0%)

Алматы облысы – 7 (3,3%)

Жамбыл облысы – 9 (4,3%)

Маңғыстау облысы – 1 (0,6%)

Ақтөбе облысы — 3 (1,3%)

 

129 адам емделіп шықты.

Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 6969, емделіп шыққандар – 3598, кайтыс болғандар – 35.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *