Карантин кезінде медициналық көмекті қайдан және қалай алады?

Құралай ИМАНБЕЕҚЫЗЫ

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте Алматы қаласы қоғамдық денсаулық Басқарма басшысының орынбасары Әсел Бисенбаева айтып берді.

Спикер алдымен, карантин кезінде Алматы қаласының тұрғындарына медициналық көмек толық көлемде көрсетілетінін жеткізді. Бүгінде қаладағы барлық емханалар өз жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатыр. Емхана дәрігерлерінің жоспарлы қабылдауы мен кеңестері қашықтықтан қызмет көрсету форматына ауыстырылды. Жоспарлы медициналық қызметтер (жоспарлы емдеуге жатқызу, профилактикалық тексерулер, скринингтер, оңалту) шектелгенімен, олар жұмысын тоқтатқан жоқ, — деді Әсел Бисенбаева.

Ол сондай-ақ, жүкті әйелдер, балалар және кідіріссіз медициналық көмекке мұқтаж науқастар жазбасыз қабылданады. Аталған санаттағы тұлғаларға емханаларда медициналық бетперделер тегін беріледі.
Алдын ала егуді қоспағанда, босандыру ұйымдарында (БЦЖ және ВВГ) жаңа туған нәрестелерге профилактикалық егуді жүргізу тоқтатылды.
Егер қандай да бір шұғыл жағдай орын алса пациенттер дәрігерді үйге шақыруы немесе алғашқы медициналық көмек көрсететін барлық қажеттіліктермен жабдықталған емхана жанындағы фильтр-кабинеттерге жүгінуіне болатынын айтты.

Әсел Аманжолқызының айтуынша, тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде пациенттерге үйге рецептерді онлайн-беру немесе жеткізу ұйымдастырылған.
65 жастан асқан адамдарға көрсеткіштер бойынша зертханалық талдау үйде жүргізіледі. Сондай-ақ, медициналық қызметкерлер тәуекел тобына кіретін қарт адамдарға көшпелі тексерулер бойынша қызмет көрсететін болады.
Жұмыс барысында психологтар қарт адамдардың үйлеріне барып, адамдармен қарым-қатынасты шектеу, ешқайда шықпай үйде болу, барлық сақтық шараларын сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Спикердің айтуынша, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің және төтенше жағдай кезеңінде халықтың кейбір санаттарын азық-түлік-тұрмыстық жиынтықпен қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» 2020 жылғы 25 наурыздағы №109 бұйрығына сәйкес, «мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызметі коронавирустың тікелей байланысын болдырмау және таралуына жол бермеу мақсатында сырттай, электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылған «электрондық үкімет» веб-порталындағы «электрондық өтініш» сервисі арқылы өтініш пен қажетті құжаттарды қабылдау жолымен медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне бармай-ақ жүзеге асырылады.

Еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары (еңбекке жарамсыздық парағы) үйде карантинде отырған тұлғалар үшін медициналық ұйымдарға бармай-ақ ресімделеді.

Спикер журналистердің «жоспарлы операциялар белгіленген науқастар қайтеді?» деген сауалына: Жоспарлы операциялар тек өмірлік маңызды көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Одан бөлек, тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда карантин кезінде жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету және ауруханаларға жоспарлы емдеуге жатқызу шектелетін болады. Әйтсе де шұғыл қызмет көрсету бөлімшелері бұрынғыдай тәулік бойы жұмыс істейтін болады – деп жауап берді.

Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар жеке емханаларда емделуге бола ма? деген көпшіліктің сауалына Әсел Аманжолқызы:
– Әрине, жоқ! Науқастар арнайы клиникаларда ғана емделеді, — деді.

Әсел Бисенбаева сондай-ақ ауырып қалған науқасты қарауға жақын маңда орналасқан емхананың дәрігері келетінін жеткізді.

Барлық медициналық ұйымдарда арнайы орындар бөлінген. Егер пациенттен COVID-19 вирусының клиникалық белгілері анықталған жағдайда барлық көрсетілетін медициналық көмектің ерекшелігін сақтай отырып сол арнайы бөлінген орындарға оқшауланады.

Спикер сөзінің соңында қала тұрғындарына барлық профилактикалық шараларды сақтап, жеке гигиена, емханаларға жоспарлы емделуге баруды қоса алғанда, үйден тыс қарым-қатынасты барынша шектеудің міндетті екенін жеткізді. Бұл қадам өзіңізді және жақындарыңызды қорғаудың бірден-бір жолы!» — екенін айтты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *