Карантин – елдің амандығы, жұрттың саулығы һәм болашақ үшін өте қажет

Алма ӘБІЛҚАСЫМОВА, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің

«Математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі»  кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымының докторы,  профессор:

          Бұл біздің мемлекетке ғана емес, бүкіл әлемге келген індет. Сондықтан қазіргі елдегі ахуал ешкімді бей-жай қалдырып отырған жоқ. Әйтсе де, қазақтың басынан не өтпеді дейсіз, аз уақытта бұл кезеңді артқа тастайтын күн туар. Ол үшін бізге аты жаман аурумен ел болып күресіп, басқа түскен қиындықты жұрт болып сабырмен, ақылмен шешуге күш салуымыз керек. Сонда ғана бұл кеселді ауыздықтай аламыз. Күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың әлемдік пандемиясына байланысты елде төтенше жағдай жариялады. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполисті қорғау үшін үндеу жариялады. Мұның барлығы тегіннен тегін емес. Барлығы халықтың қамы үшін. Сол үшін де: «Біздің ұстамдылығымыз бен ынтымағымыз, сенімді іс-әрекетіміз, өзара жанашырлығымыз бен төтенше жағдай кезіндегі жауапкершілігіміз қаламызды қорғап қалады» деп халыққа үндеу тастады. Ендеше, біздің ортақ қауіпсіздігіміз, қаланың, жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан қамқорлықты бағалап, немкеттілік танытпайық. Енгізілетін карантин елдің амандығы, жұрттың саулығы үшін һәм болашақ үшін өте қажет. Сондықтан мен дәл қазіргідей төтенше жағдайда әрбір алматылық саналы әрекет жасап, ел дүрлікпесе екен деймін. Қазақта «саусақ бірікпей, ине ілікпейді», «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген жақсы сөздер бар. Егер біз барлық сақтық шараларын бұлжытпай орындап, қойылған талаптарға бағынсақ, біз алмайтын қамал болмайды. Осы орайда мен «Халық банкіне» медицина қызметкерлерінің еңбегін елеп, жасаған қамқорлығы үшін алғыс айтқым келеді. Мен мұны дәл қазіргідей қиын-қыстау шақта аяқтарынан тік тұрып қызмет көрсетіп жатқан денсаулық саласының мамандарына көрсетілген құрмет деп білемін. Қазекемнің жүрегінің кеңдігі, ақ тілегі мен кең пейілділігі қажет кезінде осындай үлгілі істерімен көрініп жататынына қуанамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *