Көзбояуы жоқ көріністер

3257Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Жүрдек пойыздың вагон-ресторанына жеткенде әрі өтейін десең, мас біткеннен аяқ алып жүре алмайсың. Олар Байқоңырдан қайтқандар, қойны-қонышы толы ақша, ешкімді өткізетін түрі жоқ. Ресторанның қожайындарына да қаражат керек, солардың қалтасын қағып  қалу бұлардың бір күнгі мақсаты ма дерсің.

Вагонның арғы беті – тиіп тұрған Түркістан.

Түркістанның арғы беті – тіл мен тарих.

Тіл мен тарихты аракідік айтып қоятындар да бар.

Ағылшынша тіл қатса, тіпті, аттай желеміз.

Бұл да уақыттың көрінісі шығар.

***

Ауылға барғанда бұрынғы қырманның орнынан көргенім – қаңырап қалған дүние. Бұрын астық тасылып, күндіз-түні бір тынбай жатушы еді, қазір не астық жоқ, не басқа жоқ, бәрі де көзден бұлбұл ұшқан бір заман.

Осының бәрін көңілім құлазығасын айтып отырмын.

Қызыл қырман өмірдің әні мен жыры еді.

Қазір ұрлықтың жыры шықты.

Адам соттау жырға айналды.

Заңгерлік ел сүйген мамандық болды.

Инженерлікті кәсіпке айналдыру керек еді.

Адамзаттың Айтматовы да социализм кезеңінде адам жанын аялауды алдыңғы кезекке қойып еді.

Қазір ұрлықтың дауы бітпес жырға айналды. Қазақ баласы кәсіп қуып, өзіне тән мамандықты таңдайтын күн әлі де кеш емес.

«Күткен күнді» қалай оқып шыққанымыз да есімізде.

***

Ауыл шетінде бір орысқа сіңген неміс болатын. Есімі Эмель, әйелі Хелга. Ауылдан шеткері тұрғанмен, қазақтар секілді той-тома­лақтан қалмайтын. Күйеуі темір ұстасы еді. Құдай нәсіп етіп, кейіннен балалы болыпты. Ақ қойын көзге көрсетпей қамап тастап, базардан қара қой алып сойып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, бейшара қуанышты көтере алмай, жүрегі жарылып өліпті. Жыл жарымнан кейін Тәуел­сіздік таңы атып, Германияға көшкенде бүкіл ауыл шығарып салып, әшейінде басы піспейтін үш жүздің өкілдері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, біразға дейін ауыздан тастамай айтып жүріпті. Қимастарынан хат та келіп тұрыпты. Менің ойлайтыным – біздің қазақ неге осылай таңның атысы мен күннің батысы бір-бірімен қимас болмайды екен.

Қазақ десең, өзіңе тиеді. Өзгеге келгенде аттай желіп, өзімізге келгенде өзеуреп қаламыз.

Тағы да өзбекті өзімізге үлгі тұтамыз.

Олар болса, бізден үлгі ал деп тұрғандай.

Топырағың торқа болғыр Эмель де бәріміздің көз алдымызда.

Соғыстан қайтпай Германия топыра­ғында қалған әкемнің екі ағасы да сурет боп еміс-еміс көз алдымда көлеңдейді.

Ар жағында Адольф деген адам тұр.

22-маусым мен 9-мамырды да ұмытпай­мыз.

Ауыл шетіндегі бір перзентке зар болып жүріп арманына жеткен Эмель мен Хелганың жазығы жоқ.

***

Жолаушы пойызының үсті түгел сауда жасаған әйел. Бәрінің айтатыны – балалардың таптырмайтын киім-кешегі. Сырттай бақылап тұрмыз – рестораннан әрмен қарай жол жоқ. Ресторанның үсті толы Ақмешіт аймағынан қайт­қан вахтаның жұмысшылары. Аузына кел­генін айтып көкіген көккөз ағайын еркіне жіберге­німізге еркінсіп отыр. Ресторан қожайы­ны да саудасын солармен бітірмекші сыңайы бар.

Балалар саудасы да осы жермен біткендей.

Түркістаннан әрмен қарай тіл мен тарих басталса керек еді.

Ақмешітке жетпей бәрінің аяқталып қалғанын қарашы…

***

Заңды насихаттау – біздің телебағдар­лама­ның басты тақырыбына айналды. Мәселен, «Қазақстан» арнасының бір күнгі бағдарла­масында заңға байланысты екі бірдей хабар тұр.

«Заң және біз» бағдарламасы және бар. Айналып келгенде, бәрі қаржы  өндіруге келіп ойысады. Сол күні 19.15-те «Қылмыс пен жаза» тағы тұр. Қазақстан да, «Қазақстан» бағдарламасы да тек  қылмыстан тұратын секілді. Қылмыс бар жерде жаза бар.

Бізге тіршілік те керек емес пе?!

Алып елде  қылмысты басты бағдарлама ету­дің қажеті жоқ.

Біз кетпен пен күректі кәсіп еткен халықпыз.

Заңгерлікті екінші жобадағы  кәсіп қылып, жаза дегеннен басымызды алып қашқан ел едік.

Ыбырайдың кетпені мен Жазылбектің қара қойын әлі де аңсаймыз.

Нұрмолданың елдің басын біріктірген  мәмілелі сөзі біздің есімізде.

Бәрінің басын қосып, қол бұлғап Қонаев тұр.

***

Жолым түсіп, «Қарғалы» демалыс аймағына бардым.

Жер жәннаты Жетісудың ауасы жанға шипа,  он екі  мүшесі өзгеше күй кешіп, тұзды ауамен дем алғанда жан сарайын  бу баурап, аузын ашып тұмшаланып алған көккөз ағайын ә дегеннен әндете жөнелді. Қазақтарға «Ән шырқайық» деп едім, үш келіншек:

Ты же мены пыдманула,

Ты же мены пыдманула.

Ты же мены молодого,

С ума разума свела… –  деп,  хохолдардың халық әнін төгілте жөнелді. Сол кезде екі келін­шек ұйғырдың халық әнін өз мақамдарымен төгілте жөнелгенде,  тұзды будың астында ақ жа­мылғы жамылған әппақ дүние өз-өзінен дірілдеп кетті.

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы, –

деп, екі келіншек бастай жөнелгенде, «Менің елім, менің елім», – деп басталған әннің қайырмасына да келіп қалдық.

– Уақыттарыңыз  бітті, – деп кезекші келін­шек келесі кезекті шақырғанда: – Жөндеп өз еліміздің әнін де айта алмадық ғой, – деп, ұйғыр келіншек әрі бізді мұқатып, әрі  бөріктінің намысы бір деп, менің сөзімді сөйлеп, тұзды бөлмеден сытылып шыға бердік.

Енді көргенде қалай болар екен?

Өмірдің  тұзды көріністері жанға бататыны жаман екен…

***

Ауылға ағайынның асына барғанда бір жеңгеміз: «Сенде шаруам бар еді», –  деді оңаша шығарып алып.

– Құлағым сенде…

– Менің апам (анасын айтып отыр) туралы кітап жазсайшы, – деді бетіме тура қарап.

Не дерімді білмей қалдым.

Жеңгем Ілесті, сыныптасым Тілесті бір адамдай білемін.

Ал, енді жеті-сегіз кітап шығарып, Жазу­шылар одағының мүшесі болғанымыз белгілі. Одан арғысын кім білсін.

Бетіне тура қарадым да, бәрін жауапсыз қалдырдым.

…Ең алғашқы кітабымыз шыққан «Жалын» баспасы жалындап от боп әліге дейін өзіне тартып тұрады.

Әкесі мен шешесін алға салып, кітап шығаруды мақсат еткендерге не дейміз?

«Анам туралы кітап жазшы» деген жеңгемізге өзім білім алған жер – Горький Әдебиет институты туралы айтып, оның «Анасын» әкеп беруіме тура келер.

Әйтпесе, сөзге тоқтайтын түрі жоқ.

***

Қарғалы саябағынан орын бұйырып, оразаның үшінші күні сәскелікте майы шылқыған шелпек жедік.

– Бұл не үшін? – деп  едім, ақ көйлек киген қа­зақ қызы: – Бүгін күн жұма, оразаның үшінші күні қабыл болсын, – деп бар мейірімін төгіп кетті.

– Ой, какой вкусный, – деп көккөз кемпірлер шелпектің үстіне түсті.

Колбин келгенде осылардың не айтқаны да санама сақ ете түсті.

Қазір де сөздерінен жаңылып тұрған түрлері жоқ.

«Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады».

Қазақ сөзден жаңылмаған халық.

Дәстүрінен де жаңылыса қоймасы анық.

***

Шәмші Қалдаяқовты еске алуды телеарналар асығыс беріп жатыр.

Орыс арналары да қалысар емес.

«В честь памяти Шамши Колдаякова» дейді.

Мұқату мақсат емес, бір Шәмшінің аты-жөнін 75 жылдығында дұрыстап жаза алмағаны жанға батады.

150 ән жазып, оны түгелдей халқына мұраға қалдырған адамның аты-жөнін дұрыс жазуды талап етуге қай жағынан болса да хақымыз бар.

Басқаларда Шәмші болып, бір әрпі өзгеріске ұшыраса, халқы алатайдай бүлінер еді.

«Арыс жағасында», «Қайықта» жүзе алмаған­дар Есілге де ендігәрі жоламай-ақ қойса ғой.

Шәмшінің есімін қате жазғандарға, әйтеуір, әніне тиісе көрмеңдер деп уәж айтқаннан басқа не дейміз.

***

ХХ ғасырдың 73-жылы Қазақстан Жазушылар одағында «Қазақ әдебиетіндегі еңбек адамының бейнесі» деген  тақырыпта пленум өтті. Одақтың бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов баяндама жасап, екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаев пен Жазылбек  Қуанышбаевты алақанына сап аялап жүрді. Мен КазМУ-дің сту­дентімін, кеткенше Ыбырайдың қасында болдым (әкемнің ағасы ғой).

Пленумда еңбектің екі ардагері де сөйледі. Жазылбек қойды қалай өсіруді тәптіштеп түсін­дірсе, Ыбырай жазушыларға қарап, «Аз жазыңдар, саз жазыңдар» деген екі-ақ ауыз сөз айтып, мінбеден түсіп кетті.

Әбділда Тәжібаев пен Мұқамеджан Қаратаев ағаларын пойызға дейін шығарып салды. Әнуар Әлімжанов болса елбектеп, Ыбырайды аймалап, екінші Алматыға дейін қоштасып, өзінің  жазуға дайындалып жүргенін айтты. Ол Ыбырай туралы жұрт  оқитын мәнді де мазмұнды  дүние тудырды.  Оны еңбек адамы оқи алмағанмен, жан-дүниесі бәрін де біліп бара жатты.

Осы жолы әкемді шығарып салып тұрғанда бір қалтасынан үш сом, бір қалтасынан бес сом алып қолыма ұстатты. Өмірі ақша ұстап жүрмейтін адамның қалтасынан осындай ақша шыққанына таң қалдым.

Әкелерімнің қадірін енді біліп жүрмін.

Кейінгі ұрпақ бәріне қарыздармыз ғой.

***

«Хабар» телеарнасынан Заттыбек деген әнші жігіттің шығармашылық кеші өтіп жатыр. Әлгі жігіт өнерде өрге жүзген  пысық екен, «Шапалақты несін аяймыз» деп, өзі бастап қол соққанда бүкіл залды әбігерге салды. Енді бірде: «Барлықта­рымыздың асыл аналарымызға арналған ән, Шәмші шығармашылығының шыңы»  – «Ана туралы жырдан» алақанды аямайық» деп, айтып болғасын: «Енді қайырмасын қосылып хормен айтайық» дегенде, зал қосылып қоя берді. Әрине, бәрі емес.

Әншінің өзі әннің алдына түсіп, гүлдің астында қалды.

Ермек, Бибігүл, Ескендір, Нұрғалилар бұлай етпеуші еді.

Бір Қайрат деген жас әнші жігіт те қымсынып: «Ақыры, жұлдыз болдық қой» деп, көгілдір экранды көлегейлеп отыр.

Өнерлі өрге жүзсін. Бірақ, өркөкірек насихат өнерге жараса ма екен?!.

Өнер сатылмасын.

Көз бәрін де көріп тұр.

 

***

Гоголь мен Пушкин  көшелерінің қиылы­сындағы  газет-журнал дүңгіршегін көріп, қуанып кет­тім. Өзі дәл №1 емхананың түбіне орнала­сыпты.

– Сіздерде «Жұлдыз» журналы бар ма? – деп едім, сатушы басын шайқады.

– Бірінші рет естіп тұрмын, – деді бақырая қарап. Сосын: «Жұлдыздар отбасы» бар, – деді менің көңілімді аулағысы келгендей.

Үйге келе сап «Қазақ әдебиеті» энциклопе­диясын қарадым. «Жұлдыз» – әдеби-мәдени, қоғамдық саяси журнал, Қазақстан Жазушылар одағының  органы.  Алғашқы  саны «Жаңа әде­биет» деген атпен 1928 жылы жарық көрген екен.  Журналда еліміздің саяси-экономикалық, өркен­деу сатылары, мәдени майдандағы зор жеңістері, замандастарымыздың гуманистік қадір-қасиеті мен ақыл-парасаты, рухани байлығы мен өршіл оптимизмі шынайы бейнеленіп, өмірдегі өзгеріс­терінің арқасында ел санасының ержетіп, есеюі, жер бетінің жаңғырып жаңаруы көркем шежіре­дей сыр шертеді» делінген. Осыны баспасөз майданындағылар неге ескермейді екен?

Айту – парыз.

Сыр шерту – ол да парыз.

Дүңкиіп тұрған дүңгіршектің  сайтқа түйіле қарауы бәрінен қиын.

Бізді  қинайтыны да осы.

«Біздің нанымызға ортақ болдыңдар ғой» деп, бәрімізге сайт түйіле қарап тұрған секілді.

 

***

«Қазақфильм»  ықшамауданында бұрын сыл­ды­раған арық ағып жатушы еді, қазір сол сылды­раған арықтар күл-қоқысқа толып, «өңеші» бітеліп, жазда да, күзде де бір тыныс ала алмай алқынып жатқанын көресің. Қаншама жеке үй басқар­малары құрылғанмен, социализмдегі сылдырап аққан мөлдір әуенді арықтар атымен жоқ. Социализмдегі осы тәртіп, осы көңіл-күй, осындай көріністер көңіліңді марқайтып, жаныңды ерекше бір әсерге бөлейтін. Сол кездері 70-жылдардағы Алматыны ойлайсың, бұлағы сылдырап, саябағы сыңғырлап жатқан сол Алматы ерекше есте қал­ғандай.

Әрине, әр нәрсе өз кезінде. Әр нәрсенің өз орны бар. Біз Түркістанды да, Ақмешітті де аңсап тұрамыз. Тазалық атқан таңдай бізді де  өзіне тартып тұрады. Біз де тазалық десе бәрін тастап, солай қарай құлшынамыз.

Тазалық бәрінің бастауы.

Жақсылықтың бастауы да тазалық боп көзге ұрып, жалт-жұлт етіп  жаныңды баурап тұратын­дай.

 

***

«Қазақфильм» ықшамауданының  ең соңғы аялдамасында қазақ жарықтық арқа-жарқа  боп үш ай бұрын бастаған тірлігін бір-ақ күнде жеріне жеткізді. Тірлік  жақсы басталды, қазақтың оңтүстіктен келген қос келіншегі май шыжғырып, бауырсақ пісіріп, күріш көжесімен шопырларды қарық қып, бір мәре-сәре дүние тоқшылықтың көрінісіндей боп басталып кетті. Әлгі дүңгіршек бір-ақ күнде  өкпелі баладай есігі құлыпталып, шопырлар теңселді де қалды. Сөйтсе, үй басқармасы жарық желісін тартуға рұқсат етпей қойыпты. Басқа дүңгіршектер  мен аптектің бәрінде жарық та, жабдық та бар, неге қазаққа келгенде сайманы құрғыр сай болмай қалды екен?

Осыны айтып та, жазып та жүрміз, тартыл­маған желіні ауызша тағы бір рет тартып отырмыз. Бірақ, біреудің тілін біреу түсінсін бе?

Бауырсақ, көже, самса, т.б. тамақтың түрлері деп қазақтың қос келіншегі дүңгіршек алдына бадырайтып жазып кеткен жазулар сол күйі  сақтаулы тұр. Әлем-жәлем әріптер бір нәрсені күтетін сияқты. Үй басқармасында  да үрей бар…

Шопырларға (тек шопырлар емес) көже үлестіріп отырған қос келіншектің қолынан бірде Әбдіжәмілдің «Күткен күнін» көріп  қалдым. Енді қолдарына «Ымыртты» ала бергенде, «Сергелдеңге» түскендерін қарашы.

Үй басқармасындағы ұлтаралық тілдерге  қазақша сөзді жөндеп түсіндіре алмай әбігерге түскен қос келіншек біздерге  мұң шаға  қарайды. Ең қиыны, өз жеріңде өз сөзіңді өткізе алмау екен.

Олар сіздер оқығансыздар ғой деп бізге жалтақтамай, кімге жалтақтасын?!.

 

***

Қостанай қаласында әкімнің өзі Неке сарайына кеп, «Ащы, ащы!» деп айқай салыпты, оған жұртшылық қосылып, елдің есінде қалар оқиға болыпты. Бұны 31-арна «Әкімнің ащы айқайы» деп кешкі жаңалықтардан көрсеткенде, біздің  қазақ елінің тосын оқиғаға  толы екендігі толайым көңілімізді күпті қылғандай болды.

Енді осы жерде неге қазақтың исі аңқып тұрмайды екен? Баяғы тың игеріп құйқылжыған облыстан алпыс жыл өтсе де өзімізге тән  өр көңілді көре алмай келеміз.

Айтпақшы, Әділет басқармасы Неке сарайын сатып алыпты деген хабармен де осы жерде қауыштық.

Тәуелсіз елдің етек-жеңі кең пішіліп, не айтып, не қойғанын еркін жеткізу арманға айнал­ғандай. Бұл бүгінгі күнге жараса ма?

Өз некемізді өзіміз қиып, өз сөзімізді өзіміз ыммен түсіну – тәуелсіз  елдің баласына қандай бақыт.

Әкімнің «Ащы!» дегені Қостанайдың Неке сарайындағы бақытты сәттердің бастауы шығар.

Тұщының дәмі ащыдан басталмай ма?!

 

***

Ыбырай Жақаевтың ауылында, өзінің тұрған үйінде мұражай ашылып еді, ақырында, аудан орталығына ауыстырылды. Айтуларынша, диқан даңқы – кетпен даңқы осылай артады екен. Меніңше, «қалауын тапса қар жанады» емес пе? Толстой да, Шолохов та, өзіміздің  Нұрмолда мен Жазылбек те өз жері – өз топырағында жатып,  бар сырды бойына сіңірген  құпия  қойма секілді. Алыстан іздеп келгендер ірінің ізін табаны тиген жерден таппай қалу  дұрыс па? Өз ауылынан қасиетті  кетпенді көре алмай қалу «еңбек  – бәрін жеңбек» деген қағидаға қайшы емес пе?

Айтып-айтпай не керек, Ыбырай үлкен жолға аттанған үй қаңырап бос тұр.

«Қайың  сапты кетпен, күріш пен күрмек туралы білгің келсе, аудан орталығына бар» деп, қара құлып жол сілтеп тұрғандай.

Ақиқатты айта берсе, сөз көп.

Шиелі мен Ыбырай ауылының арасындағы үш шақырым жол ақиқатты айтып берер бүдірі жоқ белгісіз мекен секілді. Өйткені, асығыс жол қашан да  адамды өзіне тартып  тұрмай ма? Шие­ліден диқан ауылына жеткенше ынтық болған жапон ағайын жол бойы осыны әңгімелеп келіпті. Өтірікке шорқақ, шындықтың жалауын желбі­ретуге құмар, құдандалығы бар диқан халықтың шын пейілін аудармашы аударып бергенде, есікті күзетіп тұрған қара құлып пен ауылда сылдырап ағып жатқан арықтың Ыбырайдан қалған тарам-тарам тармақтарын таңқала сөз еттік.

Мұражайда қалған мұң бар.

Осы бір киелі орынның қасиеті – саған етене жақындығында, көңілдің көңілден су ішуінде емес пе?

 

***

Орталық моншаға барып едім, бір қартаңдау кісі шешініп жатып, ұялы телефонымен сөйлесіп, жұрттың зықысын шығарды.

– Ауылдағы народтар аман ба екен, – дейді. – Ауылдағы народтарға менен сәлем айтыңыз, – дейді қайта-қайта жалынды сәлем жолдап.

Мен де шыдамай кеттім.

– Ауылдағы народ емес, халық ғой. Народтың қазақшасы халық деген сөз. Біз – халықпыз.

– А-а, халық па? Қазақшасы халық ба?..

Дәл бір қазақшасы жоқ халық сияқтымыз.

Борша-боршам  шығып, терлесем деп барып едім, бей-жай боп қайттым.

«Балық басынан…» деген осы.

 

***

Қуанышбай мен Қуанытбектің маған өкпесі жоқ шығар. Үлкені әкеден бес жасында, кішісі он бір айлығында қалыпты. Бөлек үйде өссем де, соларды өзекке  теппей, үлкенін үш рет, кішісін екі рет университетке түсіріппін.  Түрмеге түссе, жылап жүріп темір тордан шығарып алдым. Бірақ, солар, әйтеуір, жақсылықтан жамандық, бардан жоқ жасауға әзір тұрды. Тек Қуанышбай өмірден өтерде мені іздеп еңіреп жылап, Қуанытбек сол күйі үн-түнсіз кетіпті. Жалғыз ағам Балтабек: «Неге солар десе өзегіңді суырып беруге әзірсің», деп тәкаппар көңілін көрсете беретін. Соңынан ол да кетті.

Мен жалғыз қалдым.

Әкеміздің біз дегенде көңілі мәрт болды. «Қызылтуды» құрған Сыздық  жыны келсе өзі кетпен ұстатқан Ыбырайдың да сөзінің соңғы нүктесін қойып, жолға салып жіберетін.

Менің таңқалатыным – Уәлшерден қалған екеудің бізге ермей, басқа жолды таңдауында.

Балтабек әке жолын ардақтап өтті. Тілсіз қалған екі жылында ұша алмай, қанаты қайыры­лып жатқан қыран сияқты көрінеді де тұрады. Оның адамдарды қолтықтан демеген жақсы қасиеттері аз емес еді.

Ол да қос інісінің тірлігіне көңілі көншімей-ақ қойды. Тілсіз жатса да жұмсақ алақанымен осының бәрін ымды білдіріп, сылап-сипап жеткізгендей болды.

Менің де барым ішімде.

Жас емеспіз. Алты ондықта ащы шындықты айтпай қалай жатасың.

Бұл да соның бір көрінісі сияқты.

 

***

Қазір ешкімнің құлағы бос емес. Қала адамы­ның да, дала адамының да. Оның себебі – «сотовый» телефон қос құлағын түгел тұмшалап тастаған. Әкесі өліп жатса да «сотовыйдың» шаруасы бітпей саған қолын ұсынбайды. Жүрек шіркін соған әбден сенген секілді.

«Сотовыйдың» атасы – жапондар мұндай емес. Олар әуелі сенің көңіліңді тауып болып, ұялы телефонды ұясына қондырады екен. Жапо­нияда екі рет болғанда олардың ар жағына анық көз жеткіздім. Құдандалық та көп нәрсені біл­діргендей.

Игілікке кештеу қол жеткізгеннен кейін бе, бәрінің алдында аттай желіп жүргіміз келеді.

Досқа күлкі, дұшпанға таба болғымыз да келмейді…

 

***

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында көрші үйдегі ақсақал Сырдағы ауылға пошташы боп газет-жорнал таратты. Қолқанаты жоқ шал-кемпірге қолұшын беріп, газетін реттеп, нөмірлеп беріп отырдым. Мектепте оқитын маған бұл қиын емес. Өйткені, өзіміздің де баспасөзбен сырқат­танып жүрген балаң кезіміз ғой. Шалдың сауаты жоқ, бірақ, саннан жаңылыспайды, мен әр малшының аты-жөнін нөмірлеп, ақ жеріне жазып қоям. Мысалы, Құлмақанды «1» деймін, өзі «асау Құлмақан» деп атайтын тағы бір Құлмақанды «2» деймін. Ақсақал қағып алып, аптасына бір рет тап-тұйнақтай ғып таратып қайтады.

Идеологияның күші қандай қуатты еді. Сонда олар қоржын артқан шалды тапжылмай күтіп отыратын.

Қазір  сауатсыз пошташыны күткен мал фермасы да, құрт пен майын аузыңа тосқан шал мен кемпір де жоқ.

Сол ақпейіл жандарды аңсаймын.

Сайтқа кіруін кірдік-ау, енді сайтты сіңіре алмай әуре боп жүрген секілдіміз.

2014 жылы осыны ойлайды екенсің.

 

***

«Қазақстан» арнасын ашып  қалсам, қазақ­тың тарихын қазбалап жатыр. «Қазақ даласының құпиялары» деген айдармен садақ пен жебенің сырына үңіліп, арыдағы  орларды – берідегі – 41-жылғы орлармен астастырып, тарихтың талай астарына көз жібердік.

Енді КТК арнасын ашып қалсам, бір жетім бала өзінің бөлмесін, киім-кешегін, т.б. дүние-мүліктерін көрсетіп, заманмен астастырып жатыр. Спортта саңлақ екенін де айтып өтті. Бірақ, бәрібір жетімдік қол бұлғап тұр.

Заманға не дейміз?

Тарихқа сұрау сала қараймыз…

***

Қазір қазақтың «н» мен «ң» әріптерінің арасы­нан мәніс кетті. Кеше СТВ арнасы «Жаналықтар» деп далитып айдар тағып, хабар беріп жатыр. Бұрын аз-кем болушы еді, Тәуелсіздік алғалы «ң»-ның құйрығын тіпті ұстай алмай қалдық. Оқығандар да, оқымағандар да «ң»-ды айта алмай, тілдері күрмеліп қалды.

Социализм дұрыс па еді деп те ойлайсың. Қорықса да бір заңдылыққа бағынып тұратын.

Қорыққанын сыйлаған қандай жаман.

***

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ. Осы бір жақсы жар – асыл жеңгеміз өмірден өткесін жақсылығын айтпай тұра алмадық. Өйткені, түске енсе де өңіндегі тірлігін қайталап, айналасына адал болып, нұр шашып жүргенін айта отырғанның артықтығы болмас.

Өзі туған жерге барып жамбас тигізіпті. Туған жерге жеткенше асығыпты. Сол жерде қалғысы кеп алабұртқаны асыққанынан да белгілі. Оған ырық  бермей, қайта алып келіпті.

Айту – парыз.

Марқұмның ар жағы көрініп тұратын кіршіксіз еді.

Оны өмірден өткесін басқалар айтып жүр.

Өмір дегеніміз осы.

***

Қазақ жақсылық істеген адамына жақсы­лығын аямаған дейді. Басқасын былай қойғанда, алыстағы ел сыйлаған атышулы әкелеріме алысты жақындатып, Алматыдағы ағаларыма қолымнан келген бар жақсылығымды алға тартыппын. Сонда өмірден өткен мейірімді жанның бір инабаты мен мейірімі бізді үй ішімізбен алға сүйреп тұратын. Бірақ, күйеуі баласындай адамды тобықтан қағып, үлкен жолда кедергі келтірумен болыпты.  Тағы да  түк болмағандай жетпіске толған жасында «ағалы-інілі болып сөйлесейікші» деп телефон шалады. Мен «сіздей адамдармен сөйлесе алмаймын» деп ашып айттым. Пенделіктің де жөн-жосығы болмай ма?!

Жұбайы аузын ашса, ар жағы көрінген ақпейіл жан еді. Жеңгеміз өмірден өткен күні осының бәрін еске алып отырмыз.

Ол кісіні бір емес, бірнеше рет еске алдық. Иманы саламат болғай. Өзі де туған жердің топы­рағы бұйырмас па екен деп асығып барса керек. Ақыры, Алатаудың баурайына қайта келіпті.

Ақжарқын жанның жақсы сөздері көп еді.

Біз жас отбасы кезімізде төмен қараған күйеуіне емес, апамыздың таза көңіліне сенуші едік.

Ол іні боп жүрген адамды тобықтан қағар қасиеті барлығын амалсыз сездіріп алған  да сияқты.

Осының бәрін өмірден өтіп кеткесін ғана айтамыз.

***

Осы жігітке таңқалам. Атқа мінбей тұрғанда, кім жаман сол жаман, кім ноқай, сол ноқай еді, алпыстан асқанда үзеңгіге аяқ іліктіріп, бәрі басқаша болып кетті. Бармай жүргендердің жиынына да «бармасаң ұят қой» деп бет моншағы төгіліп тұратын болыпты. Жалпы, адамды сынау үшін де атқа мінгізу керек сияқты.

Отызға жетпей ірілермен ірге түйістіріп тұрдық. Тоғызда келіп тұратын төрт дөңгелектің бар-жоғына да көп мән бере қоймаппыз. Бұлар алтыншы ондықта  атқа мінгенде не істеп, не қоярын білмей, ары-бері бұрыла алмай абдырап, асып-сасатын сияқты.

Адамды сынау  үшін атқа мінгіз деген аксиома – удай шындық.

Сталин заманында атқа мінгендерде кеңес өкіметі десек те кеңсеге бағынған қызыл қырман бар, 9 бен 6-ның арасына бағынған ел сыйлаған ереже бар. Ол ереже халықтың күнкөрісі мен тіршіліктің қатаң тәртібі еді. Ең бастысы – қарапайым шаруа да өз еңбегінің өнімін жейтін, өтірік екінші «планда» тұратын.

Қазір қымбаттап кеткен мәшине майын сөз қыла бергенше, солардың мәшинені қалай ұқыпты мінгенін неге сөз қылмасқа?

Адамдық тәрбиені алға қойса, тірлік те алға жылжиды. Сталин де заманды айбарымен алған сияқты…

***

«Көзбояуы жоқ көріністеріңді» бізге берсей­ші», – дейді бір белгілі баспасөз мекемесінің басшысы. Көңілін қимай беріп едім, «оқыдым»  деген  ешкімді көрмедім. Сосын үйреншікті «Алматы ақшамына» беріп едім, кәнігі оқырман­дар да, ақындар мен жазушылар да менің өзіме тән мәнерім мен стилімді сөз ғып телефон соқты. Бөлмеге кіріп, арнайы пікір білдіріп кеткендер де бар.

Газеттің аты – газет. Оның үстіне «Алматы ақшамы» отау үй сияқты қазақ баспасөзінің бөлініп шыққан бір шаңырағы. Әйтеуір, сынға түскен заманда оқырманның жүрек түкпірінде тұрғанға не жетсін.

Газет пен сайт арпалысқа түскен кезең де өтер.

Бәріне уақыт төреші.

Қара сөздің қадірін де көгілдір экранның өзі айта жатар.

Абай мен Пушкинді, адамзаттың Айтматовын ешкім де айналып өте алмасы анық.

Сайттың сәнқой қызға ұқсайтынын қайтерсің…

 

3227ЖАЗУШЫНЫҢ КӨП ТОМДЫҒЫ ТҰСАУЫН КЕСТІ

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ 

ҚР Ұлттық кітапханасында белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қуандық Түменбайдың алты томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.

Қуандық Түменбай 1955 жылы Қызылорда облы­сында туған. 1977 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), 1990 жылы М.Горький атындағы Мәскеу әдебиет институтын бітірген. Әр жылдары «Жас алаш», «Жетісу», «Алматы ақшамы» газеттерінде, «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында жұмыс істеген. «Қазақстан» баспасында бас редактор болған.

Жазушының «Жүрдек пойыз», «Жігіттің көктөбесі», «Біздің үйдің солдаттары», «Тұңғиық», «Қой мен қойшы», «Көзбояуы жоқ көріністер», т.б. кітаптары жарық көрген. Шығармалары араб, орыс, неміс тілдеріне аударылған.

Қазақ прозасында А.Чеховты елестететін өзіне тән дара стилі бар жазушы кезінде «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде жеңімпаз атанған. «Депутат Аяз би» хикаяты «Астана-Бәйтерек» Республикалық байқауында бірінші орын алды. Әңгімелері «Сорос-Қазақстан» проза номинациясы бойынша жүлдегер болған.

«Айғаным» баспа үйінен жарық көрген алты томдық шығармалар жинағына жазушының «Бәйтерек» романы, 15 хикаяты, 74 әңгімесі мен «Көзбояуы жоқ көріністер» циклы топтастырылған.

Тұсаукесер шарасын Ұлттық кітапхананың дирек­торы Әлібек Асқаров замандас қаламгерді шығарма­шылық табысымен құттықтап бастады. Жазушы Нұрмахан Оразбек жазушының алғаш әдебиетке келген тұсын еске алып, қалам иесінің әдебиетке адалдығы мен еңбекқорлығын тілге тиек етті. Ақын Аманхан Әлімұлы Қ.Түменбай шығармаларының көркемдік ерекшелігін сөз етіп, жазушы туындыларында «Достоевскийге бергісіз тұстар бар» деп түйіндеді. Белгілі диссидент Хасен Қожахмет жазушының 1990 жылдары жазған романына тоқталып, Орталық Азия халықтарының коммунизмге қарсы күресінің әдебиеттегі көрінісі туралы ой қозғады. Бұдан тыс, академик Асқар Жұмаділдаев, Қали Сәрсенбай, Әмірхан Меңдеке, Нұртөре Жүсіп, Әбілқасым Сәрсенов, Маралтай Райымбек, т.б. зиялы қауым өкілдері жазушыға құтты болсын айтып, көп томдық шығармалардың ел игілігіне айналуына тілек білдірді.

Тұсаукесер шарасына жазушы шығармаларын сүйіп оқитын оқырман қауым мен студент-жастар қатысты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *