КӨЗБОЯУЫ ЖОҚ КӨРІНІСТЕР

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Абайды  шынжырлап  қоямыз  ба?

Осыны  айта-айта  жалықтым.  Жаздым  да.  Бірақ  оқырман  да,  билік  те  былқ  етпейді.

Республика  сарайының  алдында    1960  жылы  Х.Наурызбаев  өмірге әкелген Абай  бабаның  ескерт­кіші  бар  емес пе?  Соның  жап-жалпақ  тас  тұғыры  қазір  бала-шаға  сырғыма-каталкамен  жаттығу  жасайтын  спорт  алаңына   айналған.   Жасөспірімге: «Неге  бұл  жерге  ойнайсың?»  десем, «Қалада  сальто жасайтын  орын  жоқ», – деп  келте  жауап  беріп,  келесі  жаттығуға  кіріседі.  Сенің  сөзіңді  мәнзүр  қылмайды.  Полицай  шақырдым.  Ол  өзіме  бас  салды. «Құрамында  қылмысы  жоқ  көрініске  неге  бізді  әуре  қыласың?», – деп  әкімшілік  жауапкершілікке  тартпақшы  болды.  Қызыл  гранит  тұғыр  қайта-қайта  тиген  қатты  табан  мен  темір  дөңгелектен  үгітіліп,  қиыршық  тастар  жан-жаққа  ұшып  жатыр.  Тұғырда  арқақапшығын  жастанып,  тәтті ұйқыға  шомған  түнгі  қонақтар  да  бар.  Өйткені,  бұл жер – жел  өтінен  қорғайтын  жайлы  орын.  Осы  жердегі  қоғамдық  сақшылар   айшықты   көрініске  мойын  бұрмай-ақ  қойды.  Әрекет  олардың  құзырына  қарамайды  екен.  Абай  баба  ескерткішінің  тұғыры – спортшылар  мекені  әрі  қонақ  түсер  бай  үйі.  Қымыз  сабасы  емес,  қалдырып  кеткен  қырлы  стакандарды  көресің.

Мұқағали  Мәскеуден  қайтып  бара  жатқанда «Пушкинмен  қоштасу»  деген  өлең  жазады.

Сен  болған  шақ  бұлыңғыр,  тұнжыр  маған,

Әйтсе  де  аялапты  құрғыр  заман.

Болат  Пушкин  тіріліп  кете  ме  деп,

Тұғырыңды  болатпен  шынжырлаған, –

дейді.  Шынында,  ақынның  қара  мүсіні  қара  шынжырмен  қоршаулы.  Алды  толы  гүл.  Гүл  шынжырдың  сыртында.  Біздің  Абайымыз  да  175-ке  толып,  қайта  тіріліп  жатқанда  бір  болат  шынжыр  керек  сияқты.  Сонда  сальто  жасап  секіргендер  ақынның  қорасына  кіре  алмай,  қоғамдық  тәртіпті  бақылаушылар да  бас  ауыртпас  еді.

Адамдар  қашан  да  шынжырдан  аулақ жүреді.

 

Шәмшінің  арқасы

Осы  Абай  бабадан  екі  жүз  адым  жердегі саябақта  сазгер Шәмші  көсіліп отыр. Орындықтағы  аяғын  айқастырған  ойлы  кейпі  жұмбақ  жанның бейнесі.  Өткен  жылдың  соңында қала  әкімі  келіп  ескерткішті  ашты,  Мұхтар  Шаханов  тебірене  сөз  сөйледі.  Қазір   қазақ  әнінің  құрып  бара  жатқанын  ызалана  айтып, «Бұл  күнгі  ән  дегенің  ән  емес,  шөп», – деп,  ел  құлағын  елең  еткізді.  Шәмшінің  алды  гүлге  толды.  Қыс  келді.  Қызыл  гүлдер  солып,  сабағы  қалды. «Қайран  Шәмші,  талант  еді  ғой», – деп,  көзкөрген  шалдар  алдына  кеп  күбірледі,  төмен  етектілер  сезімге  беріліп  суретке  түсті.  «Это  кто?!», – деп,  таңырқай  қараған  ит  жетектеген таңқы   танауды  да  көрдім.  «Бұл  өзі  шағын  денелі,  талдырмаш  адам  еді,  мына  жерде  тым  еңселі  ғып  жіберіпті  ғой», – деп  тұлғасына  тиіскендерді  де  естідім.  «Біткен  іске  сыншы  көп»,  сіз  әнін  тыңдап  па  едіңіз?», – деймін. «Тыңда­ғанда  қандай», – дейді кешегі  шенеунік,  бүгінгі «хамелеон»  сөзге  дес  бермей.  «Сол   әнді  Шәмші  жаратқан,  оның  денесін  Алла Тағала  жаратқан», –  деп абыз  боп ақтарылдым. Ол  қай­тып менімен  тілдескен жоқ, ескерт­кіштен де аулақ  жүрді, арагідік ит  жетектеген  таңқы  танаумен  бірге  қол  шошайтып  тұрғанын  көріп  қалдым.

Кеше  біреу  Шәмшінің  айқасқан  аяғының  ұшына  темекі  тұқылын  қойып  кетіпті.  Қоқыс  салғыш  көрініп  тұр.  Сірә,  әуенге  елтіген  біреудің  әрекеті  болса  керек.  Темекі  тұқылын  алып  тастадым.

Қалдаяқов  көшесі  жақтан  сазгердің  гүржиген арқасы көзге шалынады.  Арқаны көріп  қап, бұрылып  кеп,  қалта  телефонын  қисайтып,  сазгермен  бірге  суретке   түсіп  жатқандар бар.  Тізесіне  қол салып, күлімсіреп отырған  қыз­дарды   қайтерсің.

Мейлі,  тұқыл  қалмаса  болғаны.

Өзі  бір  оңаша,  жайлы  жер.

Ақын  мен  сазгердің арасы  екі  жүз-ақ  адым.

 

Марғұланға деген  махаббат

Одан  сәл төмен  Әлкей  Марғұлан  тұрған  үйде  20  жылдан  бері  тұлғаның  бет-бейнесі  салынған  ескерткіш-тақта  ілулі. Соның астына  біреулер «Я  тебя  люблю!»  деп  арбитып  жазып  кетіпті.  Біреуді біреу шын  сүйсе  қабырғаға  осылай  сүйкей  сала  ма  екен?  Махаб­бат  отына   өртенгендер  әруақты  сый­ламай  ма?  Әйгілі  «Анна  Каренина»  мен «Легкое дыханиенің»  кейіпкер­лері­нен  де  мұндай  әрекетті  көрмеп  едік.

Осы  үйге  қарасты  Жеке  пәтерлер  кооперативінің   (КСК)  бастығы – орыс  әйелге: «Мынаны  өшірмейсіңдер  ме?» десем,  «Пусть  стоит. Он  тоже  не  плохо любил», – деп  бір-ақ  қайырды.  «Бұл  сенің  тікелей  міндетің  емес  пе?!» деймін  қазақы  сыпайылыққа  салып.  «Енді  бір  сөз  айтсаң,  полицай  шақы­рамын», – дейді  шаптығып.  Ал  сол  по­лицай  келе  қалса (ұлты  қазақ  дейік), маған  емес, мынау Нонна  Мор­дюкова  тұлғалас  алып әйелге  болы­сары  кәдік.  Мен  аяқастынан  істі  боп  кетем.

Археолог ата  маңдайы  қасқайып  қарап  тұр. «Бұл,  сірә,  көшпенді  дәуір­дің  әсері  болар» деп  інілеріне  тоқ­тау салған  қайран  қарттың  қабағы  түюлі.

Өзін сүйетіндердің де  қарасы  көбейе  түсуде.

Оны  қазақша  емес,  орысша  жазып  кетіп  жатыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *