Көз көрген Қытай

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Қытай сапары туралы газетіміздің алдыңғы нөмірлерінде жарияланған жазбаларымызда қос мемлекет арасындағы қарым-қатынас пен Бейжіңде көрген-білген біраз дүниемен бөліскен едік. Енді ішкі Қытай аймағындағы Ухань және Чунцин қалала­рынан естелік оқи отыры­ңыздар.

 

Қытайдағы көпқұдайшылық

 

Төртінші күні Янцзы өзенінің бойына орналасқан Хубэй провинциясының орталығы Ухань шаһарына келіп жеттік. Үш бөліктен тұратын қаланы ірілі-ұсақты өзендер бөліп жатыр. Қаладағы шағын аралдардың бәрін көпірлер жалғап жатқан­дықтан ел аузында «Көпірлер қаласы» атанып кеткен. Бұл туралы Уханьның көрме залындағы қыздар түсіндіріп берді.

Ухань – көпірлер қаласы

Қаланың құрылысымен танысып болған соң Гуйюаньсы храмына тарттық. Кірген бетте шоқтанған шидің айналаны көк түтін етіп тұрғанын көрдік. Кытайдың көпқұдайшылдығына осы жерде көз жеткізгендей болдым. Айналаның бәрінде – будданың мүсіні. Әр түрлі кейіптегі көптеген «құдайға» сыйынушылар да аз емес. Тізерлей отырып, екі алақанын бір-біріне қосқан күйде мінәжат етіп жатады. Ал біз оларды қызықтап, сурет пен видеоға түсірумен жүрміз.

Құлшылық жасаушы қыз

Кешкісін қонақүй орналасқан Чжун­шань даңғылы жанындағы Цзичин көше­сінде серуен құрып, қаланың көркемдігіне көз тойдырдық. Осы жерден түнімен аз ұйықтап, күні бойы асығыс жүретін қытай халқының бос уақытта демалғанды ұнатынын да байқадым.

Бесінші күні Ухань қаласының симво­лына айналған «Сары тырна мұнарасына» бардық. Талай ғасырды бастан өткізген тарихи ғимаратқа ақындар өлең арнаса, суретшілер оны бояумен кенепке түсірген. Ішкі Қытайдағы танымал үш мұнараның бірі саналатын оған әлемнің әр өңірінен келетін туристер әлі күнге азайған емес.

Тауға қашалып жасалған мүсіндер

Кейін «Дунху люйдао» даңғылымен жүріп, Мошань биігіне көтерілдік. Сол жерде қоңыраулар театрының концертін тамашалап, кемемен серуендедік. Ухань қаласынан алған әсердің ерекше болғанын мойындау керек. Тарихы тасқа қашалған халықтың тамыры осы төңіректен – Янцзы өзенінің бойынан басталғанын өздері де айтып жүр.

Кешкісін Қытайдың ең ірі қалаларының бірі Чунцинге ұшып жеттік. Ертесіне, яғни сапарымыздың алтыншы күні қалалық партия комитетінің мектебімен танысып, олардың «Бір белдеу, бір жол» бастама­сының жетістіктері туралы баяндамасын тыңдадық. Жергілікті басшылар жақын уақытта Чунцин мен Алматы арасына тікелей қатынайтын ұшақ рейсін ұйым­дастыруды қолға алып жатқан көрінеді. Бұл жоба екі тарап үшін үлкен жетістік болар еді дейді. Өйткені, Қазақстанның бірінші экономикалық орталығы мен Қытайдың Шанхайдан кейінгі екінші экономикалық орталығы арасындағы байланыс қос елдің алыс-берісін жаңа деңгейге көтереді деген сенімдері бар екен.

Қытайға арнаған жетінші күнімізде таңмен таласа Цзиньфо («Алтын будда») тауына бардық. Көз тартар табиғатқа таңдайы­мызды қаға жүріп, талай қызықты көрдік. Мысалы, біз кірген тау үңгірінде орналасқан будданың алып мүсіндері адамды таңқалдырмай қоймайды. Екінші жағынан, көлеңкелі жерде тұрған қалқан­құлақты үлкен мүсіндердің жансыз көзқа­расы аздап үрейлендіреді де. Дәл осы үңгірде Қытайдың көпқұдайшылығы бағзы замандардан бастау алатынын түсінгендей болдым.

Күн ұясына қонған тұста үлкен кемеге отырып, түнгі қаланың әдемі келбетін қимас­тықпен тамашаладық. Өйткені, ерте­ңіне Үрімжі арқылы Алматыға ұшатын едік.

Үңгір ішіндегі 1800 монах

Қойын дәптерден:

Чунцин қаласындағы тұрғындар саны – 33 млн. шамасы;

Бір жылда әлемде өндірілетін ноутбук­тың үштен бірі және 200 млн.-ға жуық смарт­фон осы қаладан шығарылады;

Тау ішіндегі будданың жанында адам көлеміндей 1800 монахтың мүсіні бар;

Чунцин қаласында тұрғын үйдің ішімен өтетін теміржол бар.

Чунцин қаласы. Тұрғын үй ішімен өтетін теміржол.

 

Қытай қалай тамақтанады?

 

Шығыстағы көршіміздің құрт-құмырс­қа, бақа-шаян, шыбын-шіркей жейтіні туралы естіген боларсыз. Біз де дәл солай ойладық. Жат жұртқа табанымыз тиісімен алдымызға табақ-табақ ет, қазы-қарта, жал-жая тартпайтынын алдын-ала сездік. Ас ішкен сайын ыдысымызға шұқшия қараймыз. Сондағы секемнің түрі белгілі: жәндік жеп қоймасақ болғаны. Оның үстіне, Үрімжідегі мейрамханада жеген тамағымыздың ащылығы ұмытыла қойған жоқ.

Бізді күтіп алып, асты-үстімізге түскен адамдар түскі-кешкі асқа барған сайын оның біз үшін арнайы адал пісірілгенін қайталаумен болды. Сонда да алдын-ала қарап алатын әдет шығардық.

Расында құстың, сиырдың, қойдың, балықтың етінен бастап, дастарханға қойылған әр түрлі тамақ тәбет ашпай қоймайды екен. Қып-қызыл шоқ үстінде қыз-қыз қайнаған күйі алдымызға келген қазанның да түр-түрін көрдік. Көптеген мейрамхана дәл осындай ескі дәстүр бойынша қызмет көрсететін боп шықты.

Таяқпен «күн көру»

Сондай күндердің бірінде қызық жағдай орын алды. Әбден қарнымыз ашып, ауқат­танбақ болып үстелге отырдық. Алдымызға өзім айтқан қазан келе қалды. Астында – маздаған от. Ішінде – қайнаған су. Іле-шала ыдысқа салынып, күннің көзі оңай өтетіндей өте жұқа етіп кесілген алақанның жартысындай ет әкелінді. Күні бойы ас-сусыз жүрсек те, әдептен озбай үнсіз бақы­лап отырмыз. Кенет жанымда отырған жолдасымның шыдамы таусылып, қос таяқшамен әлгі тілім еттің біреуін тұздыққа батырды да, аузына тастап жіберді. Көзіміз бажырайған күйі қарап қалдық. Кірпік қаққанша бір-екі шайнап үлгерген ол бір сәт қимылсыз қалды. Сосын екі жағына кезек-кезек қарап, аузын қолымен басқан күйі сыртқа жүгірді. Сөйтсек, оның асқа­занына асыққан ет шикі болып шықты. Негізі, тілім етті жемес бұрын қазанда қайнаған суға 5–10 минут салып, пісіріп алу керек екен. Содан кейін ғана қанша жесең де, рұқсат! Дегенмен, әлгі жігіттің қылығы бәрімізге сабақ болды. «Жеті өлшеп, бір рет кесудің» маңыздылығын ұқтық.

Ал қытай халқының шыбын-шіркейге әуестігі бар екенін өздері де мойындайды. Бірақ бір провинциясында ғана күнделікті аста тұрақты түрде пайдаланатын көрінеді. Осы туралы айтқан қытайлық өкілдер бірлі-жарым жерде болмаса, бақа-шаянның басқа өңірлерде мүлде желінбейтініне сендіріп бақты. Мейлі, солай-ақ болсын.

Бір қызығы, қырыққабат сорпасы, қырыққабат салаты секілді, тағы басқа біз білмейтін шөп-шаламнан жасалатын тағам­дар алдымызға лек-легімен келіп жатты. Солардың ішінен бам­буктан жасалынған ып-ыстық тамақты көргенде таңқалдық. Біз білетін, біз оқыған бамбук ағашын адамдар құрылысқа пайдаланушы еді…

Бамбуктен жасалған тағам

Айтса-айтқандай, Қытайда бамбуктың бірнеше түрі өседі екен. Көбі құрылыс материалдары есебінде пайдаланылады. Жеуге жарамсыз. Дегенмен, ішкі Қытайдың кей аймақтарында өсетін төрт қырлы бамбук ас мәзірінен түскен емес. Дәмін татып көрмесем де, денсаулыққа зияны жоқтығын білдім. Тіпті, оны ұнатқан әріптестерім де табылды.

Ал күн сайын нан орнына жүретін күріш туралы не айтуға болады? Не тұзы, не басқа қоспасы жоқ суға пісірілген оны ащы тамақтан әбден зәрезап болғанда амалсыздан жеуге тура келді.

 

Қойын дәптерден:

АҚШ-қа қарағанда Қытайда ағылшын тілін білетіндердің саны көп;

Қытайдың барлық өңірі бір сағаттық уақытпен жүреді;

Күріш – әлемдегі ең көп пайдаланылатын дәнді дақыл;

Қытай тілінде жасалынған пернетақта ешқайда жоқ.

 

 

Сөз соңы

 

Ащы Snickers

Қытайдың қандай әсерімен есте қалары кім-кімге де қызық болар. Өз басым, ең алдымен, ауыз қуыратын ащы тамағын айтар едім. Тіпті, бұрыш қосылған «Сникерс» шоколадын көргенде көзімнің атыздай болғаны бар. Сосын жеті күн бойы нан орнына күріш жеп, ұйғыр асханасына барғанда көкемді көргендей қуанғанымды ұмытпаспын.

Қытайдың әсем табиғаты да естен шыға қоймас. Ию-қию жолдары мен әрлі-берлі ағылған ірілі-ұсақты көліктер, шайтанар­балар және таңнан кешке дейін тыным таппайтын еңбекқор халық – осының бәрі естелік болып қала береді.

Бір сөзбен айтсақ, көкпен таласқан шыны ғимараттар, түртіп қалсаң, тарихы сөйлей жөнелетін ескі сарайлар, белгісіз бағытқа асыққан адамдар, жынойнақ қумайтын жастар – көз көрген Қытай.

 

 

Алматы–Үрімжі–Бейжің–Ухань–Чунцин.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *