Көз көрген Қытай

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Біз білетін Бейжің

 

Біз буынып-түйініп ұшаққа отырғанда, мүлде беймәлім әлемге енетінімізді білген жоқпыз. Алматыдан жер бауырлай көтеріл­ген айырплан қараңғы түнді қақ жарып, Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесінің орталығы Үрімжі қаласына жете бергенде, бәріміз жапа-тармағай сыртқа үңілдік. Жарығы таусылмайтын үлкен шаһардың үстін бойлай өтіп, айлаққа жеткенше терезеден көзімізді алмадық…

Аэропорт ішіне кіріп, Қытай елінің астанасы – Бейжің қаласына апаратын рейсті біраз күтуге тура келді. Шарша­ғандар сөмкесін жастанып, орындықтарға жата кетті де, бейтаныс жұртпен таныс­қысы келген жолдастарым әр дүңгіршекке кезек-кезек бас сұғып, білген ағыл­шыншасын сапырып жүр. Бірақ қытай тілінен басқаны білмейтін жергілікті қыздар бетімізге күле қарағаннан басқа ештеңе айтпайды. Әрі-беріден соң қарнымыз ашып, қарсы бетте тұрған мейрамханаға енгенімізде қаракөлеңке бөлмеде тәтті ұйқыда жатқан даяшы мен аспаз лезде жинақталып, бізді дайын үстелге отырғызды. Қандай тамақ ішкіміз келгенін жанымыздағы Виолетта арқылы жеткіздік. Виолетта – Алматыдағы Қытай елшілігінің өкілі. Осыдан кейін бір апта бойы өзімізге қажетті нәрсені сұрау сол қыз арқылы өрбіп отырды.

Ал Үрімжі мейрамханасындағы тамақ­тың ащылығын айтып жеткізу қиынның қиыны еді…

Таң әлетінде тағы жолға шықтық. Бағытымыз – Бейжің. Діттеген жерімізге түске таяу жеттік те, асығыс тамақтанып, Гугун ( қазақша мағынасы – «Тыйым салынған қала») кешеніне жол тарттық. Автобустың ішінде Таң Лина есімді экскурсшы бізді Бейжің және жалпы Қытай туралы біраз мәліметке қанықтырып отырды.

Көрші елдің арғы-бергі тарихымен таныса отырып, «Тыйым салынған қалаға» да жеттік. Әлемдегі ең үлкен сарай кешенінің жалпы көлемі 720 мың шаршы метр болса, ондағы ғимараттың саны 980, бөлменің саны 9999 екен.

1420–1912 жылдар аралығында Мин династиясы мен Цин династиясына дейінгі 24 патшалық өмір сүрген сарай 1987 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне Қытайдан алғаш болып енген.

Өзінің атауы айтып тұрғандай, Гугун сарайына императордың бұйрығынсыз ешкім кіріп-шыға алмайтын болған. Тіпті, ХІХ ғасырдың соңына дейін ешқандай шетелдік бас сұғып көрмепті.

Кешке дейін Бейжің циркіндегі акро­баттардың өнерін тамашалап, Қытайдағы алғашқы күнімізді де тәмамдадық.

 

«Бір төбе» көліктер

 

Екінші күні жоспар бойынша Бейжің­нен шеткері жатқан Қытай қорғанына аттандық. Таң Линаның таңдайынан Қытай астанасы туралы ақпарат әдеттегідей толас­сыз төгіліп жатты. Солардың арасынан қызықты бір мәлімет естіп қалдым…

Бейжіңдегі автокөліктердің басқа қаладағы машиналарға қарағанда, бағы бар екенін білдік. Өйткені, арнайы рұқсаты болмаса, «қонақ» көліктер астанаға емін-еркін кіре алмайтын көрінеді. Керісінше, астаналық машиналар Қытайдағы кез-келген шаһарды армансыз шарлай алатын мүмкіндікке ие. Бұл ереже қаладағы ауа тазалығын сақтау шараларының бір бөлігі екенін кейін білдік. Жақын уақытта Бейжіңдегі барлық автокөліктің орнын электромобильдер басатыны туралы да естідік.

Турагент айтқан қызықты ақпараттар мұнымен бітіп қалған жоқ. Өзіме керекті дегендерін қойын дәптеріме түрте отырдым.

 

Қойын дәптерден:

Бейжің сөзін қазақшаға аударсақ, «Солтүстік астана» дегенді білдіреді;

Бейжің – Шанхайдан кейінгі Қытайдағы екінші ірі қала;

2006 жылғы есеп бойынша Бейжің тұрғындарының 10,35 пайызына Ван тегі берілген.

 

Қытай қорғаны туралы ақпаратты мектепте оқығанбыз. Хуанхэ алқабында өмір сүрген жеті патшалық солтүстігіндегі көшпелі ғұн, сақ және дунху тайпала­рының шабуылынан сақтану мақсатында шекараларына биік қорғаныс қамалдарын тұрғызды. Кейін Цин Шихуанди патша­лықтардың басын қосып, үзік-үзік қорғандарды біріктіру туралы шешім қабылдаған. Құрылысына 10 патшалық қатысқан қорған уақыт өте келе ұзарып, бүлінген қабырғалары қайта жөнделіп отырған. Қазір оның жалпы ұзындығы – 21,2 шақырым.

Түстен кейін императорлардың демал­уына арналған жазғы бақты (Ихэюань) тамашаладық. Талай патшаның табаны тиген жердегі табиғат көрінісін сөзбен айтып жеткізу оңай емес.

Бейжіңдегі үшінші күнді 52 қабатты Қытайдың телеорталығынан бастадық. Үшінші қабатында жасыл-желекті бағы бар қаланың қақ ортасына орналасқан ерекше үлгідегі ғимарат алыстан көз тартады. Қазақстаннан барған тілшілер қауымы сол жерде ССТV арнасының орыстілді басшы­ларымен кездесіп, ұжыммен танысты. Сондай-ақ, студияларға бас сұғып, жаңа­лықтар мен басқа да бағдарламалардың қалай жасалатынын көрді. Арна басшы­ларының айтуынша, 16 ақпан күні Нұр­сұлтан Назарбаевпен болған сұхбат қай-қай тарап үшін де ерекше маңызға ие.

Сосын әлемдегі ең үлкен алаң Тяньань­мэнге бет бұрдық. Ол қытай халқының символикалық жүрегі болып саналады. Себебі, қаладағы орталық алаң төңірегінде Халық өкілдерінің жиналыс үйі (парла­мент), Қытайдың тарихи, револю­циялық мұражайлары, Халық батырларына арнал­ған ескерткіш және Мао Цзэдунның мұра­жайы салынған. Сонымен қатар, ол жерде мемлекеттік кітапхана, орталық теледидар үйі, халықаралық сауда үйі, Қытай театры, ірі әкімшілік мекемелер, ірі жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу орталықтары, мәдени-спорттық кешендер орналасқан.

 

Қойын дәптерден:

Бейжіңдегі ең ұзын көше 42 шақырымға созылып жатыр;

Қытай астанасында 5 теміржол бекеті бар;

ССТV арнасында 33 студия жұмыс істейді;

Әлемдегі ең үлкен дисплей – Бейжіңде.

 

Біздің делегация түстен соң Қытайдың Ұлттық шетелмен достық ұйымына (ҚҰШДҰ) барды. Сол жердегі музейді аралап, ұйымның немен айналысатыны туралы көптеген мәліметтер алдық. Сосын «Бір белдеу, бір жол» бесжылдығы: Қазақстан мен Қытай бастамасы» деген тақырыппен өткен жастар семинарына қатыстық. Оған Қытайдағы Қазақстан елшілігінің өкілі мен Бейжіңде оқитын қазақстандық студенттер келді. Семинарда екі ел қарым-қатынасының жаңа деңгейге көтерілгені және алға қойылған мақсат­тардың орындалуы үшін не істеу керектігі кеңінен талқыланды.

Семинарға Бейжіңдегі оқу орында­рының бірінде қазақ тілінен сабақ беретін Ханшайым апай өзінің 3-4 қытай студентін ерте келіпті. Қазақша еркін сөйлемес де, олар өздеріне Дана, Гауһар, Айсұлу, Жұлдыз есімдерін меншіктеп үлгерген.

 

Қытайдың айдаһарға «айналу» себебі

 

Бәрі аңыздан басталғаны анық. Айда­һар туралы аңыздар біздің де ертегілері­мізде жиі кездеседі. Орыстарда үш басты құбыжық бар екенін өзіміз оқып өстік. Басқа да мәліметтерге сенсек, қатыгездік пен қорқыныштың символына айналған айдаһар бейнесі батыстық елдердің біразында бар көрінеді. Біреуінің қолы жоқ болғанмен, аяғы бар. Ал екін­шісінікі керісінше. Бірақ сол аңыздардың көбінде қабыршақ денелі қанатты мақұлық ретінде сипатталады.

Көз көрген Қытай елінде айдаһар ұғымын білдіретін «Лун» есімі өте қастерлі. Тарихына қарасақ, ғасырлар бұрын им­ператорларды айдаһарға теңеп, өлгеннен кейін де ел мен жерді қорғай алатын ерек­ше қасиетке ие деп ойлаған. Қазіргі уақыт­та Қытай еліндегі әр отбасы өздерінің бала­сын «кішкентай императорым», «кішкентай айдаһарым» деп еркелету арқылы бола­шағынан зор үміт тосып жүреді.

Бала күнінде «Сяулун» (кішкентай айдаһар) атанған Брюс Ли танымал­дылықтың биігіне шыққанмен, жастай өмірден озып, оның орнын Джеки Чан басады. Бірақ одан да ерте айырылып қалудан қорыққан қытайлықтар Чанды «Ченлун» деген атаған. «Ченлунның» қазақшасы – сәтті айдаһар. Осыған қарап-ақ, көрші елдегі айдаһарға деген құрметтің қандай деңгейде екенін білуге болатын сияқты.

Сапар барысында сан ғасырлық тарих­тан қалған ғимараттардың шатыры­нан бірінің артына бірі отырған 4-5 құбы­жықтың шағын мүсінін жиі кездестірдік. Фуси есімді императордың дәуірінде сарайдағы лауазымды қызметкерлерге өз дәрежелеріне сай әр түсті киім кигізіліп, оның үстіне әр түрлі айдаһарлардың бейнесі салынып отырған. Мұның бәрі олардың шенін оңай ажырату үшін жасалғанын түсіндік. Сол сияқты, шатырға «қонған» құбыжықтар да ғимаратқа кіру құқығына ие шенеуніктердің белгісі болып шықты.

Аңыз арқылы ұлттық идеологияны бір ізге салып, оның «өлмес» рухынан ғасырлар бойы күш алып отырған Қытай жұртының «Айдаһарлар елі» атану себебі осында жатыр.

 

P.S. Қытайдағы көпқұдайшылық және басқалар туралы газеттің келесі нөмірінен оқи аласыздар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *