КҮТПЕГІН ЖАҢАЛЫҚ БОЛДЫ

2019 жылдың 19 наурызы тарихта қалатын күн болды. Еліміз үшін ғана емес, ондағы әрбір азамат, халық үшін десек, артық емес. Өйткені, кешкілік сағат 19.00 Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына арналған тікелей желіде өзінің президенттік мансабының аяқталғанын хабарлады. Күтпеген жаңалық па? Күтпеген жаңалық! Рас, тосыннан болды. Өзіміз үшін де солай болды! Үйде отырған жұрт теледидардан естіп жатса, әлі көшеде, жұмыста, оқуда жүргендеріміз интернеттен, анығында ватсап арқылы таралған жаңалықтар сілтемесінен оқыдық. Бірнеше секундқа түсінбей, не болып кеткенін ұқпай да қалдық. Неге? Өйткені, отыз жылға жуық елді басқарып келген Елбасына бәріміздің көзіміз де, көңіліміз де үйреніп қалған. Алдағы жылдары Президент сайлауының болатынынан хабарымыз бар-тын. Бірақ, дәл бүгінгідей болады деп ойлай қоймаған сияқтымыз. Әрине, қарапайым халықты айтамыз. Қалай болса да, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алған жылдары тарихта Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен қалды. Даусыз түрде Елбасы Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Елбасы. Қазақстан деген мемлекеттің ордасын тігіп, елдің әр саладағы дамуын бүгінгі деңгейге көтерді. Бәрін нөлден бастады. Көрші елдердегідей жоқшылық көріп жатқан жоқпыз, ертеңгі күніміз не болады екен деп алаңдамаймыз, яғни бейбітшілікте өмір сүрудеміз. Оған көп шүкірлер болсын! Жағдайы жақсы деген қазақтарымыз шетел асып демалып келеді. Халықтың жағдайының қай деңгейде екенін көре беріңіз. Кедейлік те жоқ емес. Бірақ ол шешілетін мәселе. Ал өзімнің ең бір жақсы көретінім — жастардың Болашақ бағдарламасы арқылы шетелдің ең үздік университеттерінен білім алып келулері дер едім. Өз күшімен небір бағдарламаларға қатысып, сол шетелде оқып жүрген Дарынды жастарымыз да жетерлік. Елбасының елді басқарған жылдары дегенде басқа нені айтуға болады? Астана қаласын, әрине! Бүгінде қалыптасып қалған келбеті, өзіндік атмосферасы бар қала! Сыртта жүрген миллионға жуық қазақты Отанына көшіріп әкелді. Мұны да ескеруіміз керек. Қауіпсіздік күштеріміз бен қалыптасқан армиямыз бар! Тәуелсіздік алған жылдардан бастап бертінге дейін елдің экономикасының дамуына айтарлықтай көңіл бөлінсе, (қателеспесем)кейінгі 4-5 жылда өткен тарихымыз бен рухани байлығымызға баса мән берілуде! Тәуелсіздік алғалы қаншама қазақ бесінші парызы — қажылықты өтеп келуге мүмкіндік алды.(Санадағы)Рухани жаңғыру-ды қазір әрбір ортадан көріп жүрміз. Ең бастысы, тәуелсіз мемлекеттің берік іргетасы қаланды. Ендігі мақсатымыз — мәңгілік ел! Осы территорияда біздің ұрпақтарымыз баянды да бақытты өмір сүру үшін бүгін біз ақылды, білімді әрі өте бауырмал (бар қазақ — бір қазақ), бай-қуатты болу үшін еңбекқор болуымыз керек. Өйткені, бізде бәрі бар! Жер асты байлығы, жер үсті байлығы, ең бастысы — тыныштығымыз! Халық не десе де, қай заманда да халыққа лайық басшы келеді. Біз әу бастан патшасына бағынған халықпыз! Сондықтан еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әсел Дағжан «Алматы ақшамы» Газетінен

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *