КӘТЕПТІ ҚАРА НАР

Бауыржан Омаров

 

Ақпарат әлемінің айбары

 Дүниеде сенен артық редактор жоқ,

Первый зам. Ержұмандай табылса егер…

(Журналистік фольклордан).

Қазақ журналистикасының өзіндік жазылмаған заңдары бар. Соған сәйкес талассыз мойындалатын қағидалар болады. Мысалы, «Ұлт баспасөзі тари­хындағы ең мықты бас редакторлар кім?» десең, күллі жур­налистер келісіп алғандай белгілі бір есімдерді ғана атайды. «Ең осалы қайсы?» десең де, қолмен қойған­дай айтып береді. Себебі, қаламгерлердің өз сүзгісінің өлшеміне жалпақше­шейлік жүрмейді. Сондай-ақ, қазақ журналистикасының шын мойындалған тұлға­ларын да жазу өнерін игер­гендердің өздері айқындайды. Тұлғаның аты тұлға. Олардың көбісі, әдетте, шу асау болады. Осыған орай олардың мінез-құлқы туралы әр түрлі пікір қозғалуы мүмкін. Бұл — пенделердің арасында болып тұратын заңды құбылыс. Ал кәсіби шеберлігі туралы әңгіме айта алмайсың. Айтуға аузың бармайды. Өйткені, бәрін көзіңмен көріп, көңіліңмен сезіп отырсың. Мұндай кісілердің алдында именшектеп тұрасың. Олардың болмыс-бітімі сенің мысыңды басады. Алдына шығып, ойқастап жорта жөнелуге батылың бармайды. Өйткені, ол — баспасөз­дің брендіне айналған адам. Саған оның оқты көзімен бір қарағанының өзі жеткілікті. Сол кезде тұсаулы аттай кібіртіктеп қаласың. Бұлай болатын себебі, сен оны өз кәсібіңнің бетке ұстары ретінде баяғыда-ақ мойындап қойғансың.

Спорт әлемінде талай саңлақ шәкірттерді дайындаған майталман жаттықтырушылар бар. Кейбір шәкірт кейіннен ұстазының спортта жеткен жетістігін он орап алатын биікке шығады. Бірақ сонда да жаттықтырушысының алдында қояндай қорғалақтайды. Сондай-ақ, қазақ журналистика­сында да сесі мен мысы Арқаның қысы секілді білікті бап­кер­лер жеткілікті. Тіпті, есімі қазақ баспасөзі деген ұғыммен әбден тамырласып кеткен адамдар бар. Соның бірі және бірегейі — Ержұман Смайыл. Ол кісіні ақпарат әлемінің айбары десе де болғандай. Қазақ баспасөзінде жанкештілікпен қызмет істеп, тер төккен азаматтар өте көп. Бірақ біреулердің тері тамшылап, екіншілердің тері шүмектеп ақса, Ерағаңның тері шелектеп төгілген секілді көрінеді де тұрады.

Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын қалам ұстаған қазақ баласының бәрі «Лениншіл жасқа» қызметке тұруға керемет қызығатын. Өйткені,  бұл басылымда еркін ойдың ұшқынын ойнатуға болатын. Бұрыннан орныққан дәстүрді бұзып, жаңаша үрдіспен жазу мектебі осы газетте қалыптасқан-ды. Журналистері шетінен сайдың тасындай. Дүниені дүрілдетіп тұрған осы басылымның бас редакторы — Сейдахмет Бердіқұлов. Ал оның орынбасары — Ержұман Смайыл. Өзі жиі айтатындай, «орнын баспас орынбасар». Баспасөзде талай жыл қызмет істегенімізде бір-біріне керемет үйлесетін мұндай басшыларды сирек көрдік. Бұл екі ағамыз бір-бірін қас-қабағынан танитын. Ерағаң Сейдағаңның әлі айта қоймаған, бірақ айтуы мүмкін сөздерін де жобалап жазып отыратын.

Ержұман Смайыл жалғыз Сейдахмет Бердіқұловқа ғана емес, Шерхан Мұртазаға, Әбіш Кекілбайұлына, Нұрлан Оразалинге, Уәлихан Қалижанға және Сауытбек Абдрах­манов­қа орынбасар болды. Бұл танымал тұлға­лардың қай-қайсысы да атақ-абырой мен бақ-берекеден кенде емес. Дегенмен, олардың осы тұстағы бір бақыты  — Ержұман еді. Ерағаң редакцияның бүкіл қара жұмысын өз мойнымен көтерді. Түн қатып отырып, газет шығарды. Артық айтсақ, әріптестеріміз кешірсін, кезекшілікте жүргендердің бәрі жабылғанда бір Ержұманға татымайды. Оны күллі жұрт үнсіз ғана мойындайды. Өйткені, ол газеттің бауы мен шуын тартуға кететін, көзге көрінбейтін, бірақ бар уақытты алатын, жүйкені жұқартатын осынау қияметі көп шаруаға бүкіл ғұмырын арнады. Шығар­машылық әлеуеті жеткілікті еді. Оқымаған кітабы, сүзбеген дерегі жоқ. Бірақ кеңінен көсіліп, қалам тербемеді. Fылымға да бой ұрмады. Басқару аппаратына да бармады. Бар мүмкіндігін пайдаланып, газет шығарды. Ертелі-кеш ертеңгі нөмірге баратын материалдарды күзеді, түзеді. Еліміздің бас аудармашылары аударған мәтіндерді қайта жөндеді. Сарылып отырып, бет қарады. Соның арқасында әлі күнге дейін «Егемен Қазақстанның» бір әрпі қисайып көрген жоқ.        

Ержұман Смайылдың аудармашылық шеберлігіне қызықпайтын жан жоқ. Небір мың құбылған қоғамдық-саяси мәтіндердің тігісін жатқызып жібереді. Күн сайын түрленіп түсетін саясат терминдерінің қазақша балама­сының біразын Ерағаң өмірге әкелгеніне күмән жоқ. Ол кісі енгізген мұндай ұғымдар өте көп. «Егеменнің» беті ен тоғай… Бірақ соның бірде-біреуіне иелік жасап, авторлығын бұлдаған емес.

Аз жазса да, саз жазып, қаламының қарымды екенін танытты. Тәуелсіздіктің елең-алаңында «Атам қазақ айтқыш-ау», «Ұмытуға бола ма, Желтоқсанды?», «Қазақ еліне адалдық анты қажет», «Бір жол бар — қиын, қиын да болса — қажет», «Теңгеге қарсылық — тәуелсіздікке қарсылық», «Қа­заққа партия керек пе?», «Егемендік рухына адал болайық», «Түсін, қазақ!» атты ұлттың намы­сын оятатын мақалалар жазып, елдің жігерін жаныды. Елбасымен бірге сапарға шы­ғып, жарты әлемді шарлады. Тәуелсіздігіміздің уығын бекітіп, керегесін кеңейткен осынау маңызды мәмілелер жөнінде «Аятол­ланың асында», «Сакура гүлдеген шақ», «Мүдделер тоғысқан Нью-Йорк», «Парсы шығанағы елде­рінде», «Ыстамбұл құрылтайы: ыңғайласудан — ықпалдасуға», «Вашингтон жазбалары» «Азияның төрі қайда екен?» атты жолжазбаларын жариялады. Сыртқы жұрттағы көрген-білгені мен көңілге түйгенін сәтті детальдар арқылы айшықтап отырды.

Өзінен кейінгі буын үшін ғана емес, өз тұстаста­рының арасында да айбарлы көрінеді. Бұл кісіні сонау жетпісінші жылдарда Каз ГУ-де бірге оқыған курстастары керемет қадірлейді. Бір ғажабы, бәрі де оған «сіз» деп тіл қатады. Оның алдында үнемі әдеп сақтайды. Құдды курстасын емес, курато­рын орта­ға алып, мейман етіп отырған сту­денттер секілді соның аузына қарай­ды. Біз де өзімізден мүшел жас үлкен жігіттер­мен бірге оқыдық. Бірге оқыған соң, оларды құрдасымыз секілді әбден қалжыңмен қажай­тын­быз. Ал мына кісілердің осы қылы­ғына қарап, шынымен  курстас еке­ні­не күмәндана бастайсың. Ерағаңмен бірге оқыған жігіт­тер­дің бәрі де шетінен мықты. Бірі – талантты жазушы, екін­шісі – таны­мал ақын, үшіншісі – белгілі ғалым… Атақ­тары мен алған сыйлық­тарының дақпырты жер жарады. Әр­қай­сы­сының оншақты кітабы бар. Бірақ осы марғасқа­лардың бәрін — кілең Жазу­шылар одағының мүшелерін «Өмір деген — жол үсті» деген жалғыз кітаптың авторы тыпыр еткізбейді. Қас-қабағымен билеп отырады. Бұған да қайран қаламыз.

 

Галстук тақпайтын адам

Еркектің бағасы галстуктің құнындай ғана.

 Ер адам галстукпен өзінің болмысын

 бүркемелеп тұрады.

(Онере де Бальзак).

Осы күні үлкенді-кішілі кеңседе қызмет істейтін­дердің бәрі галстук тағады. Галстуксіз өз өмірін көзге елестете алмай­тындар да бар. Олар мойынбау байлап алып, қонаққа барады. Оны айтасың, қылғынып отырып, өз үйінде қонақ күтеді. Галстук бүгінде қазақ жұртында да, сондай-ақ сырт әлемде де қатты құрметтеледі. Оның ежелден қалыптасқан дәстүрі, өзіндік тарихы бар. Галстуктің әуелгі нобайы көне Мысырда пайда болыпты. Бұл арқылы  иесінің әлеу­меттік мәртебесі айқындалған көрінеді. Мойынбау­дың алғашқы үлгілерін қытайлықтар да таққан. Ежелгі дәуірдегі император Шихуань Дидің өзі тура қазіргіден аумайтын галстук байлаған деседі.

Галстук деген сөздің өзі орыс тіліне неміс тілінен еніпті. Halstuch «мойын орамал» деген ұғымды білдіреді. Бірақ оның төркіні француздың cravate деген сөзінде жатыр. Ілкі заман­дағы жорықтар кезінде француздарға хорват салт аттыларының мойындарына орамал байлап келгені қатты ұнапты. Бұлар: «Бұл не өзі?» деп сұраса, аналар кім екенімізді білгісі кеп тұр деп ойлап қалып, «хорват» деп жауап беріпті. Содан галстуктің әдепкі аты француз тілінде «хорват» аталған да кеткен. Тіпті, осыдан кейін бұл ұғым Еуропаның бірқатар тілдеріне көшіп жүре берген. Мысалы, немісше кrawatte, испанша corbata, украин тілінде краватка, румынша сravata делінеді.

Галстукті француздың ұлы жазушысы Онере де Бальзак қатты қадірлеген. Ол 1827 жылы қаптаған романдарынан қолы қалт еткенде «Галстук тағу өнері» деген кітап жазып, мойынбауды байлаудың эстетикалық қажеттіліктерін егжей-тегжейлі баяндапты.  Оны айтасың, «Мужчина стоит того же, что и его галстук, — это он сам, им он прикрывает свою сущ­ность, в нем проявляется его дух» деп аталы сөз қалдырыпты. Зерттеушілердің айтуынша, қазір галстук байлаудың кемінде 85 түрі бар екен. Бүгінгі қоғамда галстук тағу тек қалыптасқан үрдіс қана емес, кейбір орындар үшін міндетті нәрсе болып саналады.

Галстуктің осындай бай тарихына және халықаралық дәрежедегі мән-мағынасына қарамастан, ресми элитаның ішінде жүрсе де, оны мойнына өмірі жолатпайтын жалғыз-ақ қазақ бар. Ол — Ержұман Смайыл. Бальзакты жата-жастана оқыған Ерағаң Бальзекеңнің есін шығарған сол бір үрдіске онша үйір бола қоймады. Осы уақытқа дейін оның мойнына галстук байлағанын көрмеппіз. Ресми жиындардың өзіне де Ерағаң галстук тақпай барады. Бәлкім, шығарма­шылық еркіндікке әбден үйренгендіктен шығар. Ал университетте бірге оқыған жолдастары студент кезінде де Ержұманның галстукті қолай көрмегенін айтады. Сабақты өте үздік оқыған. Жүздік жүйрік шыққандарға берілетін Ленин­дік стипендияны иеленген. Былай қарасаң, нағыз галстук тағатындай-ақ бала. Бірақ сол Лениннің өсиетін тыңдап өскен бүкіл өрен қылғынып, мойынбау таққан­да, бұл жағасы жайлауда еркін тыныстап жүріпті. Лениннің атымен аталатын жастар басылымында қызмет істеген жылдарында да бұл әдетті үрдіс қылған емес. Партияның бас газеті — «Социалис­тік Қазақстан» да, биліктің бас кеңсесі — Орталық Комитет те Ерекеңе галстук тақтыра алмады.

Неге тақпайтындығының сырын жан адам білмейді. Бәлкім, еркіндігін шектейтін қарғыбау секілді көретін шығар… Ноқтаға басы сыймағандықтан болар.

Біздің білуімізше, ешкім де оның туған күніне галстук сыйламайды. Сыйлағаныңмен бәрібір тақпайды. Сондықтан өзіміз Ерағаңның алдына галстук тағып бара қалсақ, бір сәт тынысымыз тарылып тұрғандай күй кешеміз.

 

Ерағаң таныды, Шерағаң жаныды

 

Шерағаңның шекпеніне кіргің келсе,

Ерағаңның етегінен ұста.

 (Журналистік фольклордан)

Студент кезімізде «Ерағаң жаңадан көрініп жүрген жастардың есімін қойындәптеріне тіркеп қояды екен» деген әңгімені еститінбіз. Соны құлағы шалған талайлар күшеніп тұрып жазатын. Ол дәптерді көргеніміз жоқ. Бәлкім, әншейін айтыла салған нәрсе шығар. Бірақ Ерекеңнің талай жігіттерді қызметке тартқанының куәсі болдық. Қазақтың талантты жастары Шерағаңның жанына Ерағаңның нұсқауымен келіп жиналып жатты. «Егеменнің» бетінде Қайнар  Олжай жасын ойнатты. Керекуде құмығып жүрген Нұртөре Жүсіптің тынысы кеңінен ашылды. Ермұрат Бапи Жұлдызды қала­шық­та отырып, ғарышқа аттанған тұңғыш қазақтың әр қи­мылын бақылады. Оңтүстіктен келген Еркін Қыдыр аға басылымда өз үнін танытты. Қыдырбек Рысбекұлы ұлттық спорт журналистикасына өзгеше өрнек салды. Басқалар да қайта түледі. Соның бәрін Ерағаң тай күнінен таныды, Шерағаң жақсылап жаныды.

Сексенінші жылдарда «Лениншіл жасқа» қызметке қалу қиынның қиыны еді. Сол бақыт маған бұйырды. Бірінші курстан бастап, жазған-сызғандарымның пайдасы тиді. Бірнеше рет өндірістік тәжірибеден өттік. Соңғы курста басылыммен байланысым белсендірек болды. Бірақ редакция мені қызметке қабылдай қояды деп ойлаған жоқ едім. Бір күні Ержұман аға шақырды. Қабылдау бөлмесіндегі «Ятрань» машинкасының өзегіне «Лениншіл жастың» фирмалық бланкасын  енгізіп, өз қолымен әлдебір мәтінді жаза бастады.

— Орталық Комитетке сені газетке қалдыру жөнінде хат жазып жатырмын, — деді маған сынай қарап. — Мұндай хатты машинисткаларға жаздыруға болмайды. Ешкім білмеуі керек. Сосын өзім…

Жүрегім атқақтап кетті. Бұл – менің өмірімдегі ең ба­қытты сәттердің бірі еді. Университетті бітірген түлектер бұл газетке үш-төрт жылда бір рет қана шақырылатын. Ол үшін Компар­тияның Орталық Комитетінің идеология бөлімінің ке­лісімі керек. Ал ол келісімге қол жетті дегенше қазақтың ең мықты журналистерімен бірге қызмет істеуге жол ашылады.

Осы сәтте Ержұман ағам менің бүкіл өміріме жолдама жазып жатты. Бірақ басылымға келген соң, ол кісінің тәрбие-тәлімін көп ала алмадық. Бір жылға жетер-жетпес уақытта «Социалистік Қазақстанға» ауысып кетті. Кейіннен «Егемен Қазақстан» атанып, жаңаша түрленген басылымға қызметке шақырды. Бармадық. Бәлкім, балалық, бәлкім, шалалық…

Ержұман Смайыл әскерде теңізші болыпты. Әрине, біз Ерағаңның мұхитпен қош айтысып, теңізшінің жолақ-жолақ жейдесін киіп алып, телпегінің лентасын желбіретіп, Алматы мен Талғардың көшесінде адымдап жүргенін көргеніміз жоқ. Бірақ ол кісінің бойында қиындықпен күресіп, дауылмен арпалысатын теңізшіге тән қасиеттердің бар екенін аңғаруға болады.

Өз басым Ерағаңның менің бастығым болған кездегі жасынан әлдеқашан асып кетсем де, одан әлі күнге дейін именем. Жұмыс бабымен кеңесер кезде баяғы «Лениншіл жастың» бас редакторының орынбасарының алдында тұрғандай күй кешем. Қапелімде айтар сөзімнің бас-аяғы құралып болмайды. Айтар әңгімемді дұрыс жұптамасам, топшысымен қағып жіберетіндей көрем. Қорықпаймыз, бірақ қорғалақтаймыз, бұқпаймыз, бірақ ығамыз… Әйтеуір сондай бірдеңе… Байқаймын, жалғыз мен емес, өзім құралпы басқалар да сөйтетін тәрізді. Бұл не сонда? Айбарлы ағамыз әлде бізді күшігімізден талап тастады ма екен? Олай емес секілді. Біз талауға жарайтын күшік болып та жарытпадық. Яғни ол кісінің қарамағында көп істей алмадық. Сосын Ерағаңның бізді талап жүруге уақыты да болмады-ау деймін. Сірә, осының бәрі қазақ баспасөзіндегі қара нардың орнын ешкім баса алмайтындығынан болуы керек.

Біз «Лениншіл жастың» босағасын аттағанда, газеттің жарыққа шыққанына алпыс бес жыл толып жатыр екен. Осы мерекені Алматы маңындағы тоғай ішіне барып тойладық. Бұл бір керемет кезең еді. Бас редактор Сейдахмет Бердіқұлов шиыршық атып, көгалда волейбол ойнап жүр. Бүгінгі алпыс­ты алқымдаған ағаларымыздың бәрі жап-жас. Жарылқап Бейсенбайұлы құндақтаулы cәбиін көтеріп, ықтасын іздеп әлек. Міне,  Ерғали Сағат пен Ержұман Смайылдың ұлдары Іңкәр мен Ержан көк майсаның үстіне күреске шықты. Екеуі­нің де спорт секциясына қатысатындары бірден байқалады. Түрлі амал қолданып жүріп, ақыры итжығыс түсті. Қазір екеуі де есімдері елге мәшһүр атақты ғалым-дәрігерлер. Бір кезде бір-бірімен ен далада алысқан екі ұлан бүгінде күні-түні тынбай адам бойындағы ауыр дертпен күреседі. Сол тұстағы өңшең сарыауыз балапан біздер осы ағалары­мыздың қызметтегі бағы мен үйдегі бабына керемет қызығатынбыз. Бұл кісілердің өмірлік өнегесін әлі күнге дейін үлгі етіп ұстанып келеміз.

 

Қателесіп кӨргенбіз, қадіріңді білгенбіз

Өмір бізге үйіндей әкеміздің,

Жібереміз әкесін қатеңіздің.

(Жарасқан Әбдірашев).

«Лениншіл жастан» әуелі әйгілі Сейдағаң, одан соң көп ұзамай Ерағаң кеткен соң, көңіліміз қоңылтақсып қалды. Олардың орнына келген ағаларымыз бізге алақанының жылуын аямай-ақ төкті. Бірақ студент күнімізден қызметке тар­тып, бауырына басқан осы екі азаматқа деген ықыла­сымыз айрықша еді. Неге екенін білмеймін, редакцияның ең жақсы әдет-дағдылары солармен бірге кеткендей көрінді. Айталық, басылымдағы жасы үлкен ағаларды «Ераға» (Ерғали Сағат), «Сатаға» (Саттар Сапарбеков), «Несаға» (Несіп Жүнісбаев), «Қасаға» (Қасым Әзімханов) деп атайтын дәстүр бірте-бірте қожырай бастады. Мысалы, ұжымға кейінірек келген жасы бізден де үлкен Жолдасбек Дуанабайды ешкім де «Жолаға» демейтін болды. Оның есесіне басқа жаңа дәстүрлер орнықты. 

Ерағаң кеткен соң әбден еркінсідік. «Өмір бізге үйіндей әкеміздің, Жібереміз әкесін қатеңіздің» деп Жарасқан ақын айтқандай, басылым бетінде қатенің жеті атасын жібере бастадық. Алдымен Арменияда болған жойқын жер сілкіні­сінің жай-жапсарын баяндаймыз деп жанығып жүріп, тақырыпты қате жаздық. Қап тауындағы зілзала­ның мерзімін тура бір жылға кешіктіріп көрсетіппіз. Жұрт шыбындай қырылып жатқан сол тұс үшін бұл өрескел нәрсе еді. Сол кезде Ерағаң есімізге түсті.

Одан кейін ЦеКаның хатшысы болып сайланып, аюдай ақырып шыға келген адуынды Ануфриевтің аты-жөнін жаңсақ жаздық. Сол жолы бірінің жүзі нұрланып, екін­шісінің түрі сұрланып тұрған екі дөкейдің суретін қатар бергенбіз. Соның бірі — Ануфриевтің атын аймаңдай қы­лыппыз. Өзінің есімі мен әкесінің аты да адам шаты­сатындай бірдеңе еді. Бұл жолы қатенің көкесін сауыс­қаннан сақ «Социалистік Қазақстанның» өзі жіберіпті. Аға газеттің ақ батасын алып үйреніп қалған жазған басымыз көзді жұмып қойып көшіре салыппыз. Мұны газет тілінде «шпек» дейді. Сол «шпек» басы­мызға піс­пек болып тиді. Әйтеуір, «Соц. қазақтың» сауытының мықтылығының арқасында жеңіл жазамен құтылдық. Кердеңдеп кеткеніңді көпке дейін кешіре алмайтын комсомол кіжіңдеп-кіжіңдеп қойды. Бұл жолы да Ерағаңды ойладық.

Ал үшінші қатені еске алған «Лениншілжастықтар» тереңнен бір күрсінер еді. Бұл қате талай жұрттың басын жұта жаздады. КПСС Орталық Комитетінің қаулысынан бір емес, сегіз абзац түсіп қалып,.. газетке жарияланып кетті! Басқа газеттердің бәрінің бірінші бетінде кеңінен жайылып жатқан қаулысы құрғыр біздің «Лениншіл жастың» етегінде түлкінің құйрығындай шолти-е-еп тұр. Аналар күллі адайды құшақтап жатқан Каспийдің кең айдыны сияқты, біздікі ындыны кепкен Аралдың тамыры тартылған бөлігі секілді. Сөйтсек, алас-қапаста қаулының әлгі бөлігі секретариаттағы қағаздардың арасында қалып қойыпты. Сегіз абзацты құрай­тын бір парақ… Сегіз абзац түгілі сегіз әрпінің қайсысының құйрығы, қайсысының белдеуі қисайып тұрғанына дейін қадалағап отыратын қырағы көздер байқамай қалған жоқ. Мұндайды ешқашан құр жібермейтін дәу ЦеКа таңертеңнен дабыл қақты. Оларға қосылып, аттандап шабуға даяр тұратын кіші ЦеКа шіңк-шіңк етті. «Өлтірем… Қырам… Жоям»… Содан кейін басталды бәрі. Сол күні кезекші болған жұмысшы жастар бөлімінің меңгерушісі жауапты хатшының орынбасары қызметіне төмендетілді. Жауапты хатшының орынбасары корректорлықтан бір-ақ шықты. Екінші кезекші болған аға тілші жай тілшілікке ауысты. Ал сол күні кезекшілік еткен секретариат қызметкері мен қаулы жа­рияланған беттің корректоры жұмыстан босатылды. Осы күні ойлап қарасақ, сол кездегі бас редактор Уәлихан Қалижанның екі ЦеКаның арасында екі күн шапқылап, мәмілегерлік көрсеткенінің арқасында жаза сәл жеңілдеді-ау деймін. Әйтпесе, бұл ЦеКАға сегіз абзац үшін бір-екі қызметкерді ғана құрбандыққа шалу жеткіліксіз еді. Осы кезде ұжым бір кісідей Ержұман Смайылды еске алды.

Бәрін де уақыт өз орнына қойды. Сол жолы жазалан­ғандарды әлгі даулы қаулының әлегі ширықтыра түскен сияқты. Бөлім меңгерушісінен жауапты хатшының орын­басарлығына төмендеген Ертай Айғалиев кейін «Ана тілі» газетінің жауапты хатшысы, журналист-жазушы болып елге танылды. Талай бәйгелерде бас жүлде иеленді. Қазір — «Қазақстан-Заман» газетінің бас редакторы. Жауапты хатшының орынбасарлығынан корбюроға «жер ауда­рылған» Әнуар Тарақ — бүгінде филология ғылымдары докторы, Қазақ ұлттық университетінің профессоры. Тілшілікке төмендеген Баян Болатханова өнер тақырыбына жазатын эстет журналист болып қалыптасты. Ал еркек тоқты құрбандық болып, жұмыстан шығып кеткен секретариат қызметкерінің аты-жөнін білесіз бе? Ол — талай белгілі басылымдардың көрігінде шыңдалған білікті басшы, қарымды қаламгер, бүгінгі «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, Президент сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбай болатын. Сол кездегі жас журналист, танымал макетші Қалекең бес-алты бояу қаламын сөмкесіне салып, бір-екі бумасын қолтығына қысып, редакциядан шығып жүре берді. Үш-төрт баласы бар еді, үйдің кезегінде тұр еді, бәрі де қалды. Соны көріп, Қалидан да жасы кіші бір топ журналист үрпиісіп отырдық. Бұл ЦеКамен ойнауға болмайды екен. Салы суға кетіп, еңсесі езіліп бара жатқан жігіт енді бір оншақты жылдан кейін осы газеттің бас редакторының бірінші орынбасары болып келеді десе, ол кезде ешкім де сенбес еді.

Жұмыстан босап кеткен корректор Сәдуақас Жұбат та несібесіз қалған жоқ. Біраз уақыт басқа басылымдардың көрігінде шыңдалған ол ішкі істер баспасөзіне қызметке келді. Қазір Ішкі істер министрлігінің «Қалқан» газетінің бас редакторы. Ішкі істер қызметінің подполковнигі. «Қал­қан­ның» басшысы  қиын-қыстау кезде өзіне ешкім қалқан бола алмағанын жиі еске алатын болар. Сөйтіп, оларды бір сәттік сабақ шыңдап шығарды. Бірақ бүйтіп шыңдағаны бар бол­сын. Талайының жүйкесі жұқарды, кейбірі ауруға шалдықты.

Енді осы күні ойлаймыз… Бүкіл ми жүйесі басылымда тәртіп орнатуға бағытталған Ержұман Смайыл шынында да сол күні газеттің версткасын бақылап отырса, бұл оқиға болмауы да мүмкін бе еді?.. Ерағаң өзі түзейді, салыс­тырады, тоғыз қабатты ғимараттың әр мүйісінде шығып жатқан басқа басылымдардың гранкасын алдырып, мұқият тексеріп қарайды. Қадағалайды… Сұрайды… Талап етеді… Қалғып-мүлгуге жол бермейді… Кәсіби корректор­дың көрмеген қатесін көзі шалады. Ең бастысы, әлгі елді дүрліктірген қаулының  бір данасын қолына ұстап отыра­ды. Тіпті сол қаулыны жастанып жатып ұйықтайтын еді ол кісі. Сол тиянақтылығының арқасында әлгі бей­бақ­тарды жаза басудан сақтап қалар еді. Басқа ағаларымыз­дың бәрі де сақ, бәрі де ұқыпты. Бірақ бәрібір Ерағаңның жөні бөлек. Ержұмандай орынбасары бар бас редактор­лардың ұйқы беріп, қайғы алған мазасыз заманда да алаңсыз мызғи беретіні сондықтан.

Кейде өмірде елдің бәрі қуана қол соғатын әділ іс болады. Соның бірі —  Ержұман Смайылдың Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты атануы. Неге атанбасын?! Еңбегі адал, жұмысы жанкешті. Кешке дейін кабинетіне бармай, машбюро мен корбюрода жүретін қай басшыны көрдіңіз Ержұманнан басқа? Қазақ баспасөзінің кәтепті қара нары бізге сонысымен қымбат!

* * *

«Осылай да осылай, сіз туралы мақа­ла жазайын деп едім» деп алдыңызға барсам, «Менде не шаруаң бар? Басқа­лар­ды жаз­сайшы. Айналайын, тыныш жүре алмай­сың ба, осы?!», — деп дүңк ете қа­луыңыз мүмкін. Сондықтан Өзіңізге біл­дірмей осы дүниені жаздым. Жазба­сыма болмады. Кессеңіз, бас міне…

2009 жыл.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *