Кәсіпкерлікті дамыту – өзекті мәселе

Рухани жаңғыруға кәсіпкерлердің, әсіресе шағын және орта кәсіп иелерінің қосатын үлесі қомақты. Елімізде кәсібі дөңгелеген азамат­тардың тәжірибелерін, іскерлік жолын, қиыншы­лықтары мен жетістіктерін жастарға үлгі ету маңызды деп есептеймін. Мұндай жағымды құбылыс отандық кәсіпкерлік рухты дамытуға үлес қосумен қатар, жастарға да орасан зор пайдасын тигізеді. Сондықтан іскер азаматтар басылым беттерінде көптеп насихатталып, кітаптары шығып жатса рухани жаңғыруға қосар үлес тұшымды болар еді. 

Нарықтық экономиканың өзі – кәсіпкер­лік экономика. Кәсіпкерлікті дамыту – нарық­ты дамытудың кепілі. Өркениетті елдердің қай қайсысын алсақ та, өздерінің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуде кәсіп­кер­лікке арқа сүйейді. Себебі, кәсіпкерлік халықтың жағдайын арттырумен қатар, қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Кәсіпкерліктің осындай экономикалық және әлеуметтік функциялары оны дамыту мәселесін маңызды мемлекеттік міндеттер қатарына жатқызуға және экономиканы реформалаудың ажырамас бөлігі деп қарастыруға негіз береді. Әлем елдерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілік индекстерін Бүкіләлемдік экономикалық форум (БЭФ) өзінің жыл сайынғы қорытындыларында шығарып отырады.

Кәсіпкерлікті дамыту кез-келген деңгей­дегі басқаруды жетілдіру үшін қажет. Кәсіпкер­лікті дамыту мынадай сұраққа жауап іздеуі керек: «Геосаясаттық өзгерістердің іскер­лік белсенділікке қандай әсері бар»? Эко­номи­каның бүгіні мен болашағында «стра­тегиялық көзқарас болмайынша» ешқандай даму болмайтыны анық.

Кәсіпкерлікті жетілдіру экономиканың тұрақтылығы мен оның бәсекелік сипатын қалыптастыруда басты мәселе болып табы­лады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін субъектінің белгілі бір дәрежеде еркіндігі мен құқығы, шаруашылық қызметінің бағытын таңдауда еріктігі, қабылданатын шешімдерге, одан туындайтын нәтижелерге тәуекелдіктің болуы қажет.

Республикада кәсіпкерлікті дамытуға үлкен ден қойылып, бірқатар заңдар мен жарлық, қаулылар қабылданған. Алғашқы құжаттардың бірі болып «Жеке кәсіпкерлікті қорғау мен қолдау туралы» Заң 1992 жылдың 4 шілдесінде қабылданып, онда кәсіпкерлікті мемлекеттік қорғау және қолдаудың мәні мен мазмұны, басты бағыттары мен мақсаттары айқындалды. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қорғау және қолдау дегеніміз – аталған қызметті орындаудағы құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайды қалыптастыру, мемлекетте жаңа экономикалық құрылым­дарды орнату болып табылады.

Кәсіпкерлік қызметті дамыту мақсатында мынадай іс-шараларды жүзеге асыру қажет:

— мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті барынша қолдау;

— жеңілдетілген несие беру саясатын жүргізу;

— мақсатты бюджеттік қаржыландыру саясатын жүргізу;

— кәсіпкерлік қызметті тіркеуден өткізу кезіндегі қедергілерді жою;

— тексеруші органдар санын қысқарту;

— заңдардың орындалуын қамтамасыз ету, т.б.

Нарықтық экономика  жағдайында кәсіп­керлік – шаруашылық қызметінің маңызды түрі. Оны Адам Смит былай бағалаған болатын: «Кәсіпкер өз мүддесін өзі үшін ұтымдылық жағдайды көздейді, дей тұрғанмен ол қоғам мүддесіне қызмет етеді». Кәсіпкер­лердің экономикамызды дамытуға қосар үлестері зор.

Кәсіпкер­лікті насихаттау, жалпы мұндай игі істер легі, түптеп келгенде, ұлттық кәсіп­кер­ліктің дүниетанымдық негіздері мен қағидаларын қалыптастырып, қазақтың кәсіп­керлік рухын бір жүйеге түсіреді деп есептей­мін. Жүйесін тапқан қазақ кәсіпкерлігінің жолы – іскер азаматтың қоғам алдындағы мерейін үстем қылып қана қоймайды, ол сонымен бірге өскелең ұрпақты кәсіпке баулуда таптырмас рухани азық, жолашар құралға айналады.

 

А.ЕРЖІГІТОВА,

Әділет департаментінің

«Алмалы ауданының аумақтық бөлімі»

филиалының басшысы-аға сот орындаушысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *