КӘСІПКЕР БОЛСАҢ, БАҒЛАНДАЙ БОЛ!

Ол туған ауылында еңселі мешіт үйін салып, ауылдастарына тарту етті. Мешітте бір уақытта 300 адам намаз оқи алады

касип

Тұрды ол түпсіз ойдың құшағында,

Жете алмай арман-таудың ұшарына.

Колхоздың комсоргы Ниязбек жігіт,

Ентігіп жетті қосқа түс алдында.

– Бағлан, орындалды сенім бекем,

Сен бүгін бақыттысың сөзіме сен.

– Гектарға 112 центнерден!

–Рас па?! Түсім бе, әлде өңім бе екен!?

Колхозда экономист  Тұраш жігіт,

Ол жайлы былай дейді рас күліп:

«Бір жүз отыз тоғыз мың алпыс бес сом –

Табысы Бағланның қойсын біліп.

Байлыққа бұл жас жігіт қалды батып,

Келерін осы ақшаңа берсем айтып:

10 трактор немесе ком­байнның

Жетеді 17-сін алса сатып».

Жас диқан шықты солай шың басына,

Жанымен күтіп жүрген нұрды асыға.

Бәріне осы ақшаның алса сатып,

Келеді 46 жүк машина…

Бұл – «Құрмет белгісі» ор­денінің иегері Бағлан Әшір­бековтың осыдан 40 жыл бұ­рынғы табысы, ерен еңбегінің қорытындысы. Өзіне бекітілген 25 гектар кү­ріштіктің әр гек­тарынан 112 центнерден өнім алып, әлемдік рекордты 2- мәрте (Ы.Жа­қаевтан кейін) жаңғырт­қанда жазылып, Шиелі ау­дандық «Өскен өңір» газетінде  жарық көрген (1976 жыл. Қазан айы.). «Бағлан» деген өлең-очерктен келтірілген үзінді. Жазған осы жолдардың авторы. Сол жолы ол комсомолдық жолдамамен Кубаға барып қайтты. Бүкіл­одақтық комсомол сыйлығының лауреаты атанды.

Кеңестік мемлекет тұсында еңбегімен елге үлгі болған Бағлан Әшірбеков еліміздің егемендігі кезінде жарыс көшінің басынан табыла білді.  Шаруа қожалығын ашып, қолы­нан іс келетін, бірақ, жұмысы жоқ ауыл тұрғындарынан еңбек ұжымын құрды. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету туралы Президент қамқорлығын пайдалана отырып, банктерден несие ақшаға қол жеткізді. Ауыл­­­­­­­­шаруашылық техника­ларын сатып алды. Тірлігі  оңға басып, бірінен соң бірі ретке келе бастады…Қазір «Әшірбеков шаруа қожалығының»  мың гектардан астам егістік жері бар. Ол алқаптарда 700 гектар күріш, 210 гектар жоңышқа, 155 гектар бидай, 45 гектар мақсары жай­қалып тұр.

Бағлан жыл қорытындысы бойынша шаруа қожалығы еңбек­керлерін марапаттау, қаржылай көмек көрсету шараларын жүзеге асыруды дәстүрге айналдырған. Айталық, 2013 жылы «Камаз» автокөлігін жүргізуші Бақыт­бекке «Нива» көлігін сыйға берді. 2014 жылы осындай марапатқа бригадир Бақыт Әміреұлы қол жеткізіп, су  жаңа «джип» авто­көлігін иеленді. Марха Қыдыр­байұлы да жыл қорытындысымен «джип» «темір тұлпарын»  тізгін­деді. Шаруа қожалығында мара­пат­таудың еңбеккер үшін тиімді тәсілдері жүзеге асырылып отыр. 7 қожалық мүшесіне өздерінің қалауы бойынша еңселі үй салдырып берді.

Бағланның атымтай-жомарт­тығы аудандағы имандылық және мейірімділік шараларына үзбей қатысып, тұрмысы төмен отба­сыларға қолұшын беріп жүр­генінен де көрініп жүр. Ақ күріш­тің атасы, дала академигі, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 120 жыл­дығына 1 миллион теңге, Социа­листік Еңбек Ері атақты диқан Шырынкүл Қазанбаеваның 90 жасқа толуына 650 мың теңге, жаңа мектептің ашылуына байғазы есебінде 500 мың теңге берді. Тұрмысы төмен Айгүл Мырзабекованың үй құрылысына 350 мың теңгенің құрылыс зат­тарын сатып әперді. Балаларын емдетуге көмек сұраған ауыл­дастары Рсалды Иманқұлова, Айжан Бақытова, Бейбіт Жүн­дібековалардың әрқайсысы 50 мың теңгеден көмек қаржы алды. Аудандағы мүгедек балалар үйіне жыл сайын Жаңа жыл кешінде 100-150 мың теңгеге әртүрлі сыйлық алып беруді дағдыға айналдырған. Ауданның намысын қорғап, шет елге жарысқа баратын 3 спортшыға 150 мың теңгеден ақша бөліп отыруды да мойнына алған. Зілтемір көтеру­ден республика чемпионы Тойбек Шарапат Қалдыбекқызы меценат Әшір­бековтің тұрақты қамқор­лы­ғында.

Бағлан Әшірбеков Шиелі аудандық мәслихатының депута­ты (қатарынан екінші мәрте сайланған). Өзіне сенім біл­діріп, халықтың қалаулысына ай­налуға дауыстарын берген елді мекендердің («Еңбекші», «Жи­делі», «Нартай ауылы») тұр­ғындары оның үнемі наза­рында. Жыл сайын олардың аяқсулары дер кезінде жетуі үшін арық-жаптарын тазалап, аршып беріп отырады. Бағлан­ның қойын дәптерінде сай­лаушыларының  көпбалалы, тұрмысы төмен­дерінің тізімі жазылған. Сол бойынша ай сайын азық-түлік­тен жәрдем көрсетіп тұрады.

Бағлан Әшірбеков туған ауылы «Еңбекшіге» (Қызыл­орда облысы, Шиелі ауданы) мешіт салып берді. Мешітте бір мез­гілде 300 адам намазға тұра ала­ды. Мұнда намаз оқитын және сауат ашу бөлмелері бар. Ғи­ма­ратқа жылы су, электр мен кәріз жүйелері жүргізілген. Ас дайын­дайтын асхана жұмыс істейді.

Шындығында, халық ме­шітке сусап отыр еді. Мұна­расы көк тіреген, күмбезі күнге ша­ғылысқан еңселі мешіт еңбек­шіліктердің еңсесін биіктетті. Ғибадатханаға «Баба-Ата» деген атауды да өзі қойды. Кешегі сұрапыл соғыстың зардабын көрген әкесінің атын қойса да болар еді, тумысынан көпшіл азамат барша мұсыл­манға ортақ болсын деген ниетпен осылай деп атауды жөн санады.

Бағлан Әшірбеков – облыс­қа танымал кәсіпкер-меценат. Қызылорда облысының әкімі  Қырымбек Көшербаевтың Ал­ғыс хатын өз қолынан алды. 2015 жылдың қорытындысы бойынша Шиелі ауданының үздік меценаты атанды.

Сөздің басын Бағланның осыдан 40 жыл бұрынғы еңбе­гінен, сол ерен еңбекке арнал­ған өлең-очеркімнен бастаған едім. Сол шығармамның түйінімен түйіндесем деп отырмын. Өйт­кені, Бағланға деген халықтың да, автордың да көзқарасы, ықыласы, ниет-тілегі өзгерген жоқ. Ол кезде небәрі 20 жастағы диқан Бағлан жастық жалы­нымен, күш-жігерімен жердің жүрегін жібітсе, бұл күнде 60-ты алқымдаған меценат Бағлан иманды ісімен, қайырымды әрекетімен елдің жүрегін жібітіп жүр.

…Бала емес, көрсең оны дана дерсің,

Мінезін кең пейілді дала дерсің.

Жібіткен жер жүрегін жайсаң жігіт

Бағлан,

Бағың дәйім жана берсін!

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *