КӨСЕМДЕР ТУРАЛЫ КӨРМЕ

Мәскеудегі мемлекеттік тарихи мұражай Ленин мен Сталиннің тұлғасын ашып көрсететін көрме ұйымдастырды. Көрме олардың жеке өмірін ашып  көрсетуге басымдық берген. Көрмеде екі көсемнің көзі тірісінде қолданған әртүрлі заттары, оларға сыйлаған көпшіліктің сыйлықтары, олар жайлы жазылған кітаптар мен газеттер, олардың суреттері қойылған. Жұрт Сталиннің темекі шегетін трубкасын қызығып көріп жатты.

     «Экзотикалық портрет» залындағы заттар адамның еріксіз назарын аударады. Себебі, бұл залда әлемнің түкпір-түкпіріндегі кәсіби емес суретшілердің Ленинге сый ретінде оның кескінін салып, жолдаған  портреттері қойылған. Бір қызығы, мүсіндердің бірі түйенің терісінен, бірі темекі жапырағынан, енді бірі металды сымнан жасалған. Көрмеден әлемнің 83 мемлекетінен жиналған Лениннің кескіні бейнеленген портреттерді көруге болады. Бір қызығы, жапон салған суретте Ленин – жапонға, мексикалық бейнелеген портретте Ильич – мексикалыққа ұқсап кеткен. Көптеген картиналарда Ленин мінбеде қолын көтеріп, айқайлап тұрса, бірінде жас Сталинмен сөйлесіп тұр. Суретші Николай Андреевтің портреттерінің бірінде «күн-көсем» ойға шомып тұрса, бірінде мейрімді, бірінде ешкімге сенбейтін, секемшіл,  бірінде жұмыс істеп отыр. КСРО-ның түкпір-түкпірінде қойылған мүсіндердегі Лениннің бетіндегі эмоцияны  көрсету үшін мүсінші алты жыл бойы бас қатырып,  ойланып, жұмыс істепті. Төсек тартып жатқан Ленин өзінің өсиеттерін халық таласып-тармасып оқып жатқанда, ол қайтадан оқып үйренуге, жазуға қатты талпынған екен.

Мұражай директоры Алексей Левыкин: «Біз кеңестік идеологияны түсінгіміз келмесін, түсіне алмайық, бірақ ол біздің – тарихымыз. Біз бүгінде аңызға айналған шындықты көрсеткіміз келеді.  Екі тұлға біздің елімізде өмір сүрді және қоғамды өзгертті. Бүгінде олар туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелер де, шындық та айтылып жатыр. Олар туралы аңыз аз емес және бұл заңдылық та. Шындық емес шындықты біз ешқашан түбегейлі түсіне алмайтын шығармыз. Біз қабылдай алмасақ та, түсінгіміз келмесе де, әлемде миллиондаған адам Сталиннің өмірін үлкен қызығушылықпен оқиды. Оны мықты саясаткер, көреген мемлекет басқарушысы деп таниды», – деді.

Көрермен көрмені келесі жылдың 13 қаңтарына дейін тамашалай алады. Мұражай алдағы күнде «Сүйікті көсем жайлы аңыз» атты экспозицияны көрсетуді жоспарлап отыр.

                                                                           Аягүл МАНТАЕВА,

                                                                           Мәскеу.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *