«Көршімнің ауласындағы ағаш көлеңке түсіріп тұр»

Қазір сотқа осы сипаттағы арыздар да түсетін көрінеді

Әсел ДАҒЖАН

 

Еліміздің әрбір төртінші аза­маты, Алматыда әр үшінші адам сотқа жүгініп, дауласып жүр. Олар­дың көбісі неке бұзу, алимент өн­діру, жер дауы, көршілермен араз­дас­тық, ағайын арасындағы дау, мұра­герлік секілді әлеуметтік дау­лар. Статистикамен айтсақ, еліміз бойынша алты миллионға жуық азамат соттың есігінде жүр. Үш миллионға жуық арыз сотта жатыр.

Бұл туралы «Татуласу: сотқа дейін, сот кезінде» жобасын жүзеге асыру шең­берінде алматылық зиялы қауым өкіл­дерімен өткен кездесуде Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен айтты.

Жоғарғы Соттың  ықылас білдіріп, алматылық зиялы қауыммен бұл бірінші рет кездесуі. Сотқа арыз берушілердің көбеюіне алаңдаған олар мәселеге зиялы қауым көзімен қарап, игі жақсылардың дуалы аузымен шешім іздеу мақсатында жиын ұйымдастырды. Кездесуде айтылған әрбір пікір ескерусіз қалмайды деген ұйымдастырушылар сот саласындағы жағдайды қысқаша баяндап өтті.

– 2013–17 жылдар аралығында сотқа түскен арыздардың саны екі есе – 1,4 миллионнан 2,7 миллионға дейін өскен. «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» дейді халқымыз. Елімізде әрбір үшінші неке бұзылуда. Әр отбасында орта есеппен екі бала бар десек, жыл сайын 100 мыңнан астам бала әке мен ана мейірі­мінен құр қалады. Болмашы себептермен даула­сатындар көбейген. Келісімге келу, бітісу мәдениеті ұмытылуда, – деген Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі С.Сүлеймен аудан әкімдерінің қарамағын­дағы арда­герлер кеңесін Билер Кеңесіне өзгертуді ұсынды. Ол дәстүрлі құқық әдісімен көптеген дауларды шешіп, қоғамдағы шиеленістерді төмендетпек.

Дамыған елдерде даулардың 80-90 пайызы келісімге келумен шешіледі. Оның аналогы – Билер институты. Жер дауы, жесір дауы, ағайын арасындағы араздық, көрші-қолаңмен болған дау-дамайды бір ауыз сөздің құдіретімен шешкен қазақтың Билер мектебін қайта қолға алуды заман талап етуде. Қазақ қоғамының идеоло­гиясына сай Сот билігінің мақсаты – дауласушы жақтарды табыстыру, ымыраға келтіру, татуластыру болған. Соған сай дауласушы тараптарды сотқа дейін ымыраға келтірсе, уақыт пен қаржы шығыны үнемделіп, сотқа түсетін арыз-шағым азаймақ. Азаматтар мен заңды тұлғалардың арасындағы ауызбір­шілік сақталып, арызданушы тараптардың да психологиялық, эмоционалдық көңіл-күйлері тұрақты болмақ. Дегенмен, татуласудың балама жолдары жайлы бұқараға көбірек ақпарат таратылуы тиіс дейді ұйымдастырушылар. Себебі, көршімнің ауласындағы ағаш көлеңке түсіріп тұр деген сипаттағы арыздар да түсетін көрінеді.

Жоғарғы соттың алдымен Алматы зиялыларын «дөңгелек үстелге» шақыруы тегін емес. Өйткені, соттағы даулар бойынша Алматы алдыңғы орында тұр. 2017 жылы шаһардағы 8024 отбасының шаңырағы шайқалып, 16 мыңға жуық бала жарымжан отбасында қалған. «Материал­дық игілік алға шығып, адамда қазір қадір қалмай барады, сіздер бұл мәселеге не бітім айтасыздар», – деген  мамандар аузы дуалы ел ағаларының ақыл-кеңесін тыңдауға құлақ түрді.

Қазақстан Ұлттық ғылым академия­сының президенті Мұрат Жұрынов «сот ісіне Еуропаның демократиясы үлгі бола алмайды» дегенді айтты.

– Білім, ғылым саласында Америка не істейді, соны үзіп-жұлып өзімізге қолданамыз деп әбден адасып біттік. Ал мына сот ісіне Еуропадағыдай демократия жарамайды. Әкесі мен баласы мейрам­ханаға барса, бөлек-бөлек ақша төлейтінін көріп жүрміз. Асыра сілтегеннің бәрі бізге сол жақтан келген. Ол қалай бізге үлгі болады? Қазақтың қанына сіңген адамгершілік, кісілік қасиет бар. Міне, сол біздің ұлттық кодымыз. Мен ауылда өскен адаммын. Бала кезімізде ауылда Әбдірах­ман деген молда болатын. Екі кісі ұрсысып, келіспей қалса, милиция, сот демей-ақ соған жүгінетін. Молда не айтса, соны елдің бәрі орындайтын. Өйткені, өте әділетті адам еді. Ол кездері екі жақты бітістіруші адам беделді, таза адам болмаса, оның сөзі ешкімге абырой болмайтын. Қазір мешітке бара қалсаң, өңкей жастарды көреміз. Ол біздің халқымызда болашақ бар дегенді көрсетеді. Діндар адамдар имамға барып неге келіспейді? Имамдарды осы іске жұмыл­дыруымыз керек деп есептеймін. Өйткені, бітімгер­шілік жасайтын адам жүрегі таза, тоқтау айта алатын тұлға  болуы керек, – деді М.Жұрынов.

Жиын модераторы Нұргүл Қара­ғой­шина академик М.Жұрыновтың сауалына бірден жауап беріп, алдағы уақытта мешіттерде айтылатын уағызға татуласу тақырыбы да қосылуы мүмкін дегенді айтты. Осы мәселемен олар Діни басқарма басшысымен сөйлесетіндіктерін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Айтыс ұйымдастырылып, прозалық, тіпті, жоғалуға айналған детектив жанрындағы шығармаларға байқау жарияланса деген ұсыныс білдірді. Айтыс өнері қазақтың таным-түйсігі мен қабылдауына, табиға­тына жақын. Халық естігенді бойына тез сіңіреді», – деді.

Ал Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова «шаңырақтың ұйытқысы – қыз бала тәрбиесіне балабақшадан көңіл бөлу керекпіз» дегенді айтты.

– Толық емес отбасынан келетін балаларды көріп жүрміз. Баланы үлде мен бүлдеге орап, қаншалықты әлпештеп өсіргенмен, әке-шешелері ажырасқан отбасының бала тәрбиесіндегі олқылық үңірейіп тұрады. Біз соны көріп келе жатқан ұстаздармыз. Әл-Фараби атамыз «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деп айтып кеткен. Қазір осы тәрбие мәселесінің былқылдап, батысқа қарай ауып тұрғаны шындық. Мұрат Жұрынұлы айтқандай, әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі мен әдет- ғұрпы, тілі мен ділі – оның ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық коды. Жаһандануға біздің ұлттық код ғана төтеп береді. Бір айтатын нәрсе, қыз бала тәрбиесі өте құрдымға кетіп бара жатыр. Өйткені, жанұядағы жылулық та, сұлулық та, береке мен бірлік те  анаға байланысты. Тәрбиеге де жауапты – аналар. Тәрбие институты құрылғанын білеміз. Бірақ одан келіп жатқан пайда көп деп айта алмаймын. Орталықтар құрыл­ғанымен, оған көңіл аударылмауы мүмкін. Сондықтан мына дау-дамайлар­дың жеңіл-желпі түрі сол жақта шешілетіндей заң керек деп ойлаймын. Балаларға балабақ­шадан бастап мектеп қабырғасы, жоғары оқу орындарында тәрбиеге көңіл бөлініп, жұмыс жүргізілсе деймін. Бүгінгі ажырасудың бәрі тәрбие­сіздіктен шығып жатқан дүние. Ұстаз ретінде де, ана ретінде де Жоғарғы соттың бұл бастамасын қолдаймын, атсалысуға бармын, – деді Аягүл Миразова.

«Қайдан келесің? – Соттан келемін. Соттан емес-ау, оттан келемін» деп Бейімбет Майлиннің заманында айтқан сөзі бүгінгі күннің «дежурный» ұранына айнала бастаған секілді ме?! Себебі, бір-бірімен жаға жыртысып жүрген қазақтар мұрагерлік мәселесін де сотқа сүйреп апаратын болған. Бұрынғының қазақтары «әкенің малы балаға мал болмайды» деп мұндай дауларда үнемі бір ауыз сөзге тоқтаған. Ал бүгінгінің қазақтары екі жас «ажырасамыз» десе басу айтудың орнына араларына от тастап, оларды бір-біріне айдап салатын көрінеді. Шетінен «өз правомды білем» дейтін ұрпақтың адамгершілік пен ұятты екінші орынға ысырып, материалдық игілікті алдыға шығаруынан сотқа жүгінушілер көбейіп барады дейді сот мамандары. Ал ғалымдар материалдық байлықтың адамға дәл жеті минут қана ләззат сыйлайтынын дәлелдеген. Сондықтан болар, атам қазақ дау туа қалса «тура биде туған жоқ» деп билерге жүгініп, солардың шешіміне тоқтаған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *