Көршіңізбен қалайсыз?

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

– СӘЛЕМЕТСІЗ БЕ?! – ДЕГЕН ДАУЫСҚА ЖАЛТ БҰРЫЛ­ДЫМ. ЖҮЗІ ТАНЫС КЕЛІНШЕК ЖЫМИЫП ТҰР.

– МЕН ҒОЙ, ҒАЛИЯ – КУРСТАСЫҢЫЗ МАРЖАННЫҢ СІҢЛІ­СІ. ТАЛАЙ ЖЫЛ ӨТТІ КӨРІСПЕГЕЛІ, – ДЕП ҚҰШАҒЫН АЛА ҰМТЫ­ЛДЫ. МЕН ДЕ БАУЫРЫМА ҚЫСТЫМ. КЕШЕГІ КІШ­КЕНТАЙ ҚЫЗ БҮГІНДЕ ЕСЕЙІПТІ.

ЕКЕУМІЗ ОҢАШАЛАНЫП АЛЫП, ӨТКЕН-КЕТКЕНДІ ӘҢГІ­МЕЛЕДІК. ТАЛАЙ ҚЫЗЫҚТЫ ЕСКЕ ТҮСІРДІК. ЖӨН СҰРАС­ТЫҚ. ОТБАСЫ, БАЛА-ШАҒА ЖАЙЫМЕН БӨЛІСТІК. БІР-БІРІ­МІЗДІ КЕЛЕ ЖАТҚАН НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТА­ДЫҚ, АМАН­ШЫЛЫҚ, ЕЛГЕ ТЫНЫШТЫҚ ТІЛЕДІК.

 

 

Мал-жаның аман ба, ағайын?

 

Міне, баяғы өзіме кішкентай, бүгін­де төрт бала тәрбиелеп отырған Ғалия­мен жүздесуім осылай сәлемдесуден басталды. Амандасу – адам мәдение­тінің беташары. Алғашқы кезде адам­дардың «міне, көрдің бе, қолымда еш­теңе жоқ, қарусызбын» дегенді білдіріп, оң қолын көтерген ишарасы біртіндеп амандасу рәсіміне айналған деседі.

Мұсылман халқында амандық сұрасу салты «Ассалаумағалейкум!» деген сөз­ден басталады. Сосын сәлем алушының «Уағалейкүмассалам» сөзімен жалға­сып,  «Дені-қарның сау ма? Үй-ішің, мал-жаның аман ба? Еліңіз тыныш па?» деген ілтипатпен жалғасып кете барады.

Бұрын алдында  қария  не  жасы  үлкен кісі өтіп бара  жатса,  жасы  кіші­сі  оған  әдейі  бұрылып  барып  аман­дасқан. Амандасып  болғаннан  соң  жасы  кіші  адам:  «Жолыңыз  болсын,  қария!», – десе, ақсақал: «Сенің  де  жолың  болсын!»,  – деп  жауап  берген. Осы күні байқап жүрмін, кейбір жастар таңертең сенімен бірге бір үйден шық­қандай, алдыңнан көстеңдеп өте шығады. Ондайда «тәрбие көрмеген ғой» деуден басқа амалың жоқ. Ал кейбір жастар бар, сені, үлкенді сонадайдан көргеннен жолыңды күтіп тұрып, сәлемдесіп, жол беріп өтетін. Сүйсініп «көргенді бала» дейсің мұндайда. Сәлем беру – адам жүрегіне апарар жол.

Қазақтың  алыстан  келген  ағайынға  жиналып  барып  амандасу  дәстүрі де кере­мет. «Алыстан   келген  алты  жасар  балаға  алпыстағы  ақсақал барып  сәлем  береді»  деген даналық  соның  дәлелі  болса  керек. Оқудан не әскерден келген  жастар ауыл аралап жүріп, жолы  үлкен  қарияның  үйіне  кірмей  кетсе, оларды  «аман­дасуға  да  жарамады» деп  сөккен. Бұл  да тәрбие  негізі  амандасудан  басталады дегенді  білдіреді.

Мұның бәрін неге айтып отырмын? Көшеде кездейсоқ кезігіп қалған Ға­лиям Алматының Наурызбай ауданын­дағы «Қалқаман» ықшамауданында, 200-ге жуық тұрғыны бар Камал Смайылов атындағы көшеде тұрады екен. Қызығы сол, көшенің басынан аяғына дейін тұратын үлкен де, жас та бір-бірін тани­ды, бір-бірінен ешқашан сәлемін қаза етпейтін көрінеді. Тіпті, ештеңеңді бөліп бермесең де, шырайлы жүзбен аман­дасып, жылы сөзбен шығарып салудың өзі биік адамгершіліктің белгісі. Олардың ұстанымы осындай.

Қазір алып шаһарда бір-бірін танымайтын, бір-бірінің есігін де ашпайтын көршілер барын ойласақ, бұл бір айтуға тұрарлық жаңалық дер едім.

 

 

Тәтті шай

 

– Көршілер болып айына бір рет «тәтті шай» ұйымдастырып тұрамыз. Қазір қарбалас өмір ғой, таңнан кешке дейін жанталасқан тірлік. Сондықтан бір-біріміздің жақсылықтарымыздан хабарсыз қалмайық, бір-бірімізге тілекші болып, бірге қуанып жүрейік деген ниетпен осылай бас қосып тұратын дәстүріміз бар, – деді Ғалия.

Айтпақшы, менің бүгінгі кейіпкерім Ғалия ӘБІЛБАКИЕВА Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық универ­ситеті мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасына қарасты мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығының докторанты.

– Көршілер бір-бірімізге қыста соғымбасын берсек, Құрбан айттарда міндетті түрде үй-үйді аралап шығамыз. Оразада ауыз бекіткен жандарға ауыз­ашар береміз. Үлкен дастарқан басында қариялар, апалар бізге өсиет-өнегесін айтып отырады. Жастардың сондай салиқалы әңгімелерді ұйып тыңдайтын­дығы ұнайды. СӘБИРА және НҰРМҰ­ҚАН апалар өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жақсы келін болу, есті ұл-қыз тәрбиелеу, оттың басын таза ұстау, мейірімді, қайырымды болу сынды ұлағаттарын айтудан жалыққан емес. Отыз жылдан астам уақыт ұстаз болған биолог МАСУДА апай болса, көктем шыға әр үйге барып, ағаш отырғызу, гүл өсіру, оны күтіп-баптау туралы кеңес­те­рін айтып шығады. Жаздағы бау-бақшаның жайын да құлаққағыс етуді ұмытпайды.  Барға қанағат ету, жоқтан бар жасау сынды келіндерге қатысты кеңестерді де осы кісілер үнемі құла­ғымызға құйып отырады. Айналаңда осындай үлкен кісілер жүрген соң, соларға қарап ойымызды, бойымызды түзеп, сол кісілердің сөздеріне, атына лайық болу үшін біздің де жақсы болуға тырысып жүрген жайымыз бар, – дейді Ғалия Тұрысбекқызы.

 

Айтпақшы, биыл К.Смайылов атындағы көше тұрғындары көшені бастан-аяқ көгалдандыруды қолға алып отырған көрінеді. Олар Наурыз мерекесін осындай тың жаңалықпен қарсы алғалы отыр. Бәрекелді!

 

Камал Смайылов көшесі

 

Ежелден «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық» деп білген қазақпыз. Міне, К.Смайылов атындағы көше тұрғындары бірі шай сұраса, екіншісі май қосып беріп, бір-бірінің сауабын алып жүрген жандар. Тіпті, бір жаққа кетіп бара жатса, көрші көршіге кілтін ұстатып, үйін табыстап кетуі де бұлар үшін таңсық дүние емес. Көршісі қуанса, бірге қуанып, қызығын бөлісіп, қиыншылыққа түссе, ауыртпалығын бірге көтеріскен, бүгінгі қым-қуыт тірліктің ығына жығылып кетпей, қазақ дәстүрін берік сақтап жүрген мұндай жандар өзгелерге үлгі болуы керек. Иә, бабалар ұстанған осындай ауызбіршілік елдің бірлігін, берекесін арттырары сөзсіз.

Бұл көше былтыр да Наурыз мейра­мын атап өтті. Көше белсендісі Жанар РАЕВА бас-көз болып, әр тұрғыннан бес мың теңгеден ақша жинап, жетпей жатқан  тұсын  өз қалтасынан бүтіндеп жіберіп, нәтижесінде көше бойына үлкен дастарқан жайылды. Әркім үйінен сүр етін, дәнді дақылдарын  әкеліп, ортаға салып, дәу қазанға наурыз көже пісірілді. Жиналған қаражатқа бір қой, бір туша сатып алынды. Жігіттер жағы қазанға ет салып, отын жағып, келіндер жағы бауырсақ, шелпектерін пісіріп, ал балалар алтыбақан теуіп мәз болысты. Өлең айтып, би биленді. Үлкендер бата берді.

Наурызбай ауданы «Қалқаман» ықшамауданындағы Камал Смайылов­тай белгілі тұлғаның атын иеленген көше­нің тыныс-тіршілігі осындай.

Наурыз құтты болсын, ағайын! Береке-бірліктеріңіз ортаймасын!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *