Көркем мінезді адам

Жазушы-драматург Талаптан Ахметжан ағамыздан көз жазып қалғанымызға да зу етіп он жыл өте шығыпты. 49 жыл ғана ғұмыр кешкен қаламгер соңғы деміне дейін «ауырып жүрмін» деген сөзді аузынан шығармай, соншалықты шыдамдылықпен, қайсарлықпен өтті. Онымен бірге жүрген достарының өзі сол бір тосын қазаға сене алмай, көз жастарын көл етті. «Бәріне уақыт емші» десек те, жазылмайтын жан жарасы, ұмытылмайтын оқиғалар болады. Ол Талаптан ағадан айырылып қалған күндер болатын. Одақтың төрағаларының бірі болған лауазымын, талантты жазушы екендігін, қажырлы қызметкер сипатын қайырып қойғанның өзінде, ол көркем мінезді сүйкімді адам бола білді. 

2005–2009 жылдар арасында 5 жыл бойы ол кісімен бір мекемеде қызметтес болдым. «Әдебиет айдыны» газетінің ашылған күнінен бастап, «жабылған» күніне дейін осы газеттің ыстығы мен суығына бірге күйдік, бірге тоңдық. Әсіресе, біз­ден гөрі Қазақстан Жазушылар одағы төр­аға­сы­ның орынбасары, газеттің Бас редакторы Талаптан Ахметжанға бұл жауапкершілік сал­мағының ауыр сезілгені рас. Одақтағы өтіп жата­тын сан алуан шаралар, Алматы, Астанадан асып, халықаралық деңгейдегі жиындар, конферен­циялар болып жатады. Оған бару, сөз сөйлеу, одан келе қалса, әр түрлі жұмыстармен келіп жата­тын қалам­герлермен пікірлесу, олардың сөзін тыңдау, тиісті жауабын беру, әкелген материал­дарын қабылдау. Ал редакция ішіндегі басшылық жұмысы… бірінен соң бірі күтіп тұратын. Жалпы, тыным болмаушы еді. Ол кісінің отбасылық өмірі мен жеке шығар­машылық құпиясын аса біле бермеймін, алайда менің байқа­ғаным, осы жылдар ішінде ол кісінің қаламынан туған «Қараторғай» Орал мен Өскемен театр­ларында, «Екі жүрек», «Тазша бала» Ғ.Мүсіре­пов атындағы жасөспірім­дер мен жастар театрында, «Сұлу мен суретші» М.Әуезов атын­дағы акаде­миялық драма теат­рында қойылды. Талаптан аға өз бойындағы қай­сар қажыр-қайра­тын, шығар­машылық шеберлігін сахналық еңбек­теріне арна­ды. Соның нәтиже­сін­де үлкен табыс­тарға қол жеткізіп, еңбегі жарқы­рады. Режиссер Нұрқанат Жақыпбаев қойған «Сұлу мен суретші» өте бір сұлу шығарма, шы­найы өнер туындысы. Ол қазір де көрермені көп, жастардың көзайы­мына айналған шоқтай жанып тұрған қойылым.

Кезекті бір әңгіме үстінде: «Біраз әңгіме, хи­каят, пьеса жаздым, ол еңбегіме  лайықты баға да ал­дым. Енді бір романның сюжеті даяр, бас­талуынан шешіміне дейін жадымда тұр. Қандай тәсілмен жазатынымды да ойлап қойдым, тек отыра алмай жүрмін», – деп айтып еді. Сол кесек дүние қолға алынды ма, жоқ па? Ол жағы бізге беймәлім. Мүмкін сол жаңа романын бастай ал­маған болу керек, оған себеп, қол байлаған шар­уасы шашынан көп болды. Ал оның арғы жағында дымкәс денсаулығы ылғи да сыр беріп ауырып қала беру­ші еді. Сонда да ұзақ жатып, үзілді-ке­сілді емделуге назар аударған жоқ. Қатты қина­лып кеткенде ғана дәрігерге бармаса, жұмыстан қала беруді де жаны сүймейтін.  «Істегісі кел­мейтін кісіден, жауапкершілігі жоқ адамнан жұмыс өзі қашады. Ал ұяты бар адамды жұмыс іздеп келіп, өзі табады», – деуші еді.

Кейде ойлаймын, ең болмаса екі-үш айға жұмыстан босап, әлгі жазбақ болған романын бастағанда, бітіріп кетер еді деп. Онда не айтқысы келді екен? Ол жағы бізге сырлы қалпында Тә­кеңмен бірге о дүниеге сырғыды… Себебі, Тәкең ағасы Нұрлан Оразалинді жалғыз­сыратқысы кел­меді, сол асыл ағаның қашанда қасынан табылды. «Әдебиет айдынын» құлазытқысы келмеді. Кеменің капитанындай ылғи да биіктен қарап тұрды. Соның бәрі денсаулыққа кері әсер етпей қойған жоқ. Тура келген ажалға ешкім ара­ша болмасы белгілі, десе де, себебі көп болды-ау!

«Талаптан Ахметжан редактор болып тұрған кездерде газетте не өзгешеліктер болды?» деген сұрауға әркім әр түрлі жауап берер, мен өзім ол кісінің жанында жүргендіктен, көзім жеткендерін санамалап көрейін.

  1. «Әдебиет айдыны» Қазақстан Жазушылар одағының үні, айдындағы ақ желкені болды. Ол тұста «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор» секілді басылымдардың басқа мекеменің құзы­рында, одаққа бағынбай кеткен кезі еді. «Әдебиет айдыны» ақиқат айнасын жұртқа жария етті. Шындықтың шырайын ашты. Соңғы нәтиже: «Айдын» қайық секілді «Қазақ әдебиетін» арғы жағадан бергі жағаға арқалап өткізді де, өз мис­сиясын орындап, тарихи борышын адақтап, «Қазақ әдебиеті» деген қара арбаға таңылып (қосымша ретінде «Қазақ әдебиетінде» жалғасып бірер жыл шығып тұрды) алыстарға жол алды.
  2. «Әдебиет айдыны» есігі ашық оқырманға етене жақын, авторларға еркін және бүкпесіз жы­лышырайлы газет болды. Ол ешкімді алаламай­тын, бар қазаққа бір қазақтай көз салып, құлақ қоятын ізгі қасиетін көрсетті. Оны бес жылғы тігіндіні парақтаған оқырман бірден байқайды. Жалпы, газет ұлт рухын ту ету позициясынан айнымады.
  3. Жастармен қоян-қолтық қызмет ете білді. Университет аудиториясындағы студент шығар­машылығынан тартып, еңбегін елге қалай жет­кізудің жолын таппай жүрген жас таланттарды тани білді, тағдырына аз да болса оң ықпалын ти­гізуге көмек қолын созды. Әрине, өзге басы­лым­дар да қарап қалған жоқ. Дегенмен, «Әдебиет ай­дынына» жас қаламгерлер үйірсек болды. Және олар өзіне қанағаттанған жауаптарын еркін отырып алды ғой деп ойлаймын.

Талаптан Ахмет­жан өмірден өткен он жылды көз алдан өткізсек, әлгі тырнақалды еңбектері жарияланған сары­ауыз балапандар топшысы қатайып қанат қақты. Сол кездегі тұсауы «Әде­биет айдыны» арқылы кесілген жас ақын-жазу­шылар бүгінгі күннің қабырғалы қаламгерлеріне айналды.

Кешегі талаптың тайына мінген бозбала мен бойжеткен, бүгінгі ақпараттың сайыпқырандары, ақын, жазушы болып жүрген бір шоғыр тебінді, тегеурінді қаламгерлердің сәт сапары осы арадан басталып еді десек, артық айтқандық болмас еді.

  1. Газетіміздің міндеті имандылықты насихат­тау болмаса да, әр айдағы төрт санының бірінде мұсылмандықты түйін еткен кемінде бір материал шығып отырды. Ашық цензура, қатаң шектеу бол­маса да, заң арқылы бекітілген зайырлы мем­лекет­те бір дінді айта беру де айып саналатыны шын­дық. Дейтұрғанмен, қазақ халқы мұсылман, оның үстіне діни бостандық құқы тағы бар, енде­ше, Ислам туралы айтуға толық мүмкіндік бар деген сөз.

Кейбір газеттер жыл бойы иман туралы бір- ауыз жылы сөз жазбай жүргенде, «Әдебиет ай­дыны» ондаған материал жариялап, оқыр­мандары мен қаламгерлер арасында жаңалық ашып келді. Жүрек тазалығы арқылы ақиқаттың ауылын іздейтін ізгіліктің рухын жеткізіп отырды.

Бұларды жіктеп-нақтап жазып отырғаным – газет әйтеуір көп газеттің бірі болмады, оның ұжы­мы ұйымшыл, қызметкерлері бауырмал, бір-бірінің қуанышына да, жұбанышына да ортақ болып жүрді. Халал дастархандар жайылып, «қайыр­лы болсын!» айту дәстүрге айналған бо­латын. Осы­ның бәріне ұйтқы болып Талаптан Ахметжан тұрушы еді. Редакторымыз рұқсат еткендіктен, өзі дем беріп жолға қойғандықтан, біздің ұжымнан сондай көркем мінез, көңілді орта қалыптасты. «Жақсының шарапаты» деген сол шығар.

Сол әдетіміз бойынша 16 желтоқсандағы Талаптан Ахметжанның туған күнін өзі жоқ болса да  атап өтіп, ол кісіге құран бағыштадық. Өкініш­тісі сол: бетпе-бет отырып тілек айтудың орнына, рухымен сырласып, ақыретіне жақсылық тілеп, дұға бағыштадық. Қазір «Әдебиет айдыны» меке­месі таратылғанымен, оның орнында құрылған «Ан Арыс» баспасы жұмыс істеп, жалғасып келеді. Жалпы, жүректегі «айдын» суалған жоқ. Ылғи да хабарласып, сөйлесіп, бас қосып тұрамыз. Редакторымыз әлі де Талаптан Ахметжан.

Газет болған соң, қарбаластық, қайнаған қызу жұмыс жүріп жататын. Бірде белгілі бір дін тақы­рыбындағы сұхбатта «Біздер қажылыққа баратын азаматтарға барлық іс-амалдарды үйре­теміз» деген сөз, бөлім редакторының қолынан өткенде «Біздер қажылыққа баратын азаматтарға барлық ғибадат (дұрыс еді) амалдарды үйретеміз» болып өзгер­тіледі. Ал терушіге барып, онан корректордан өт­кенде әлгі сөз «Біздер қажылыққа баратын азамат­тарға барлық ғайбат (өрескел қате) амалдарды үйретеміз» болып өзгеріп кетеді. «Іс-амалдарды-ғибадат-ғайбат» болып түрленіп кете­ді. Оны үстінен қараған кезекші редактор бай­қамай қалып, байқаса да түсінбей қалып, газетке шығып кетті. Ертесіндегі жағдай белгілі, шу басталды. Бірі – Ғибадат – сауапшылық, ізгі амал, Аллаға жақын­даудың жолы. Енді бірі – Ғайбат – барып тұрған күнә, сыртынан сөйлеу, өсек, жала, арандату се­кіл­ді теріс әдет. Алла алдында айыпқа бату, ұятқа қалу, күнәһар болу. Үндестігі жақын болғанымен, бір-бірінің антонимі. Редакцияға телефон қоңырау­лары түсіп жатты. Мекемеде шұғыл жиналыс ашылды. Іс басында мен жүр­гендіктен, әрі Талаптан Ахметжанның орынба­сары болған соң, жауапкершіліктің бір басы маған да тиді. Қарсы­лықсыз қабылдадым. Оның үстіне дін туралы материалдарды даярлап беріп жүрген­діктен, мойныма алдым. Келесі нөмірде түзету енгізіп, Қазақстан мұсылман­дары­нан кешірім сұрадық. Мұны айтып отырғаным – сол жолы Талаптан аға мені оңаша шақырып: «Дәулетбек, міне, абай­сыздықтан үлкен қателікке ұрындық. Бұдан былай дін тақырыбына байқап барсақ, тіпті қоя тұрамыз ба?», – деді. Мен ол кісіге: «Тәке, қателік жібер­уіміз ұят болды, біздің қызметкер­лердің арасында әлі де «ғибадат» пен «ғайбатты» ажырата алмай­тындар бар. Мұның өзі тұтас ұлтымыздың ортақ ауруы. Яғни иманнан алыс, діни сауаты төмен. Қателік болды екен деп, кідірудің орнына қайта имандылықты наси­хаттайтын танымдық материал­дарды көбейтейік. Жұрт қалай ойласа да мейлі, ең бастысы – Аллаға деген ниетіміз түзу. Алған бетімізден қайтпайық. Сіз редактор болған кездегі газет беті тура жолды жеткізуге арналса, ол үлкен мәртебе», – деген мазмұнда ойымды ашық айттым.

Тәкең екеуміз осы ойға тоқтап, араға бірнеше нөмір салып жіберіп, дәстүрлі имандылық тақырыбын жалғастыра бердік. Осының өзін Алланы сүйген ақ көңіл азаматтың ізгі амалы деп білемін. Ол үшін Алла-Тағала сауапшылық етері сөзсіз. Меніңше, артынан тоқтаусыз баратын амалдардың бірі осы болу керек.

Бірге істеген кездерде Тәкеңнің маған және менің қатарымдағы азаматтарға жасаған оңды ықпалы, тәлім-тәрбиесі, ұстаздықтың үнсіз өнегесі әрдайым алдымыздан шығып, өз әсерін тигізіп отыратын. Кішкене ғана алақандай хабар-ошардан көлемді мақалаға дейін ол кісінің қырағы көзі, қисынды қаламынан таса қалмаушы еді. Ай­ғай-аттан,  қырып-жою атымен болмайтын. Ақы­рын ғана көрсетуші еді. Бәрін көзімен, бірер ауыз қонымды сөзімен білдіріп отыратын. Сондықтан да ол кісінің қарамағында жұмыс істегендер өшігіп кетудің орнына, қимай, қиналып қоштасатын, әрі уақыт өте келе жиі келіп тұратын.

Тәкең мойнына алған міндетті өзі орындап шығатын. Әлдебір бастықтар секілді қоластын­дағыларға итере салып, сырғыта өткізіп, сүйреп салып, қоразданып отыруды білмейтін. Өзінің мұқияттықпен атқарған  тын­дырымды жұмысы ар­қылы көрініп отыратын. Және онысына еш­кімнен ақы да сұрамайтын. Ауырып жүрген кезінің өзінде «Ал­тын қалам» сериясымен шық­қан М.Әуезовтің бір томдығына құрастыру­шы редактор болып, әрбір бетіне дейін қолын қойып, қада­ғалап түзетіп, үтір, нүктесіне дейін назар аударып баспаға өткізді. Түрік ойшылы, ислам­танушы ғалымның, Мәлік Отарбаев аударған «Баян» кітабының қазақша аудармасына редактор бо­лып, діни тақырыпта сауап­ты жұмыс атқарды. Сол кітап қазір оқырман­дардың іздеп жүріп оқитын еңбегіне, ақын-жазушы­лардың жан азығына ай­налды. Маған соңғы тап­сырмасы: Жү­сіп­бек Аймауытовтың «Қарт­қожа» романының редакция­сын қарап шығ­уымды және Ғабиден Мұстафиннің «Көз­көрген» романының құрас­тырушы редакторы болуды тап­сырды. Өз әлімше орын­дадым ғой деп ойлаймын. 2009 жылы тамыз айында Жазушылар одағы тара­пынан Түркияға баратын делегацияның құрамына ол кісі мені де қосты. Біз 8 күн жүріп, Алматыға оралған күннің түнінде Талаптан аға бақи дүниеге аттаныпты.   Кеңсайдағы мәңгілік мекеніне шығарып салуға оны білетін күллі қазақ баласы келді.

Қазақстан Жазушылар одағында жүріп, біраз істерге куә болдым. Өмір болған соң, той-думан, өлім-жітім алма-кезек. Бақилық болған ағалар мен апа­лар­дың біразының қоштасуы Одақтың Әде­биетшілер үйінде өтіп жатты… Сонда кейбіреу­лері рәсім үшін атқарылып жатқан шаралар екенін де байқайтын едім. Өйткені, көңіл айта келген кісілерді былай қойғанда,  марқұм болған адамның жақындарының көзінен де жас тамбаушы еді. Ал Талаптан Ахметжан ағаның қазасы оны біле­тіндердің денін шын қайғыртты, езілтті, егілтті, жанардан жас парлатты. Жү­рек­ті толқытып, қимастық сезімге бөледі… Тәкең атаға – бала, ағаға – іні, ініге – шынайы аға бола білген пенделік дүниенің заттық мате­риалына емес, адамдардың руханият әлеміне қыз­мет еткен азамат еді. Пайғамбарымыз Мұхам­медтің (с.ғ.с.) көркем мінезіне барынша мұрагер бола отырып, адамдарға қызмет етті.  Жүректерге жылу тарат­ты. Сон­дықтан да «Көтерген туың жығылмай, Жақсы өліпсің япырмай» деп Абай атамыз айтқандай, жақсы өмір сүре білген, бейнетті шығармашылығы арқылы мол өнер туындысын артына қалдырып, жарық дүниемен де жақсылап қоштаса білген, өмірімен ғана емес, өлімімен де өнеге көрсетіп кеткен санаулылардың сапында.

«Ғұмырың қысқа болса да,

Жұртыңа шаштың нұрыңды.

Үйретіп кеттің баршаға,

Өмірді қалай сүруді»,

деп, ақын Ұлықбек Есдәулет жырға қосқандай, «Біз өтірік айта білеміз. Ал ол айтпайтын. Айта да алмайтын», – деп, досы Бауыржан Омарұлы жаз­ғандай, айтулы азамат еді. Оған бес жыл бірге жұмыс істегенде көзім анық жеткенін айтқым келеді. Мен де шағын ғана жыр толғап едім. Сол шумақтармен сөзімді аяқтайын:

 

Талаптан аға!

Білінген жұртқа бір бетпен,

Өмірі жайнап нұрлы өткен.

Дархан даламыз сияқты,

Көз алдымызда тұр көктем.

Күндерін босқа оздырып,

Өтпеген әсте дүрмекпен.

Өзгенің жанын жаралап,

Кезі жоқ көңіл кірлеткен.

Ардақты болған тірлікте,

Қиналмай өмір сүрмек кең.

Ажалы жетсе Аллаһтан,

Шығарар елі құрметпен.

Болсын деп жаның жәннатта,

Топырақ салар бір кетпен.

Жүрекке ұйып иманы,

Амалы серік бірге өткен.

Өлімі де үлгі жақсының,

Ерте ме, кеш пе, бір жеткен…

Сен баулыған шәкірттер,

Қыран болды Тірнектен.

Жылдар жылжып барады,

Бір-біріне мінгескен.

Оныншы болып саналды, –

Сен кеткелі бұл көктем.

Ұмыта алмаймыз ешқашан,

Кездерімді бірге өткен!..

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *