КӨРКЕМ МІНЕЗ – АДАМ КӨРКІ

21Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің жаратушысы – Аллаһ Тағалаға тән. Екі дүниенің нұры Хазірет Мұхаммед (с.а.у.)  және оның отбасына, ардақты сахабаларына Ұлық Жаратушының сәлемі мен нұры жаусын. 

Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, қоғамның алға жылжуы барысында мұсылманшылығымыз бес уақыт намаз оқудан әрі аспай жатады. Бәлкім, соның салдарынан болар, әсіресе, батыстың сананы улайтын түрлі қасіретінен бүгінгі жастарымыздың тәрбиесі бұзылып, бұзықтыққа жақын жүретін болды. Үлкенді сыйлау, ізет-құрмет көрсету секілді, тіпті, мәпелеп өсірген өз ата-аналарының тілдерін алмайтын жастарды да жиі байқап қалатын болдық. Алланың ақиқат, иман­дылыққа шақыру жолында Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) айтқан көркем мінезділікке аса көңіл бөле бермейміз. Оның себебі неде? Нағыз мүминнің бейнесі қандай болуы тиіс?

Мұсылман адам сыртқы кел­бетімен, киім-киісімен, мінез-құл­қымен және ізгі амалдарымен дараланып тұруы тиіс. Өйткені, ислам діні – әдептілік пен жақсы мінез-құлықты қалыптас­тырады. Алла Тағала «Фурхан сүресі 63-аятында: «Рахманның құлдары Жер бетінде сыпайы жүреді…» деп бұйырады.

Мінездің көркемділігі жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен үшін сіздердің ең сүйіктілеріңіз, сондай-ақ, қиямет күні маған ең жақын болатын­дарыңыз – ең көркем мінезділеріңіз» деп айтқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Мұнафықтың үш сипаты бар – сөйлесе өтірік айтады; уәде берсе, орындамайды және сеніп аманат тапсырылса, оған қиянат жасайды» деген. Сондықтан, «Жақсы мінез-құлық» мұсылманның ең жоғарғы сипаттарынан екенін бай­қаймыз.

Бір мұсылман екінші мұсылманмен кездесе қалғанда бір-бірімен аман­дасуы, қуанғанда қуанышына, жетіс­тік пен табысына ортақтасып, ал қайғысы болса оны бөлісіп, басына түскен ауыртпашылығын бірге көтерісуі, дүние салса көңіл айтуы – адамның мұсылмандық сипаттарын көрсетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қайсыбір мұсылман ауырып жатқан мұсылман бауырының хал-жағдайын сұрап барса, жетпіс мың періште күн батқанға дейін оған Алла Тағаланың игілігін тілейді. Егер күн батқаннан кейін жағдайын сұраса, жетпіс мың періште таң атқанға дейін оған Алла Тағаланың игілігін тілейді» деп баяндаған.

Кезінде Хазреті Әбу Хаддадқа бір кісі келіп: Көркем мінезді болу деген қалай болады? – деп сұрағанда, былай деп жауап береді: «Әулиелердің құрметін орнына қою, достарымен жақсы мәміледе болу, кішілерге насихат беру, дүниелік үшін ешкіммен жауласпау, өз нәпсінен гөрі басқа­ларды ойлау, дүниелік мал-мүлік жинаудан қашу, әһли сүннет жолында болмаған адамдармен сұхбатты тәрк етіп, дін және дүние істерінде адам­дарға көмектесу», – деп айтқан.

Қорыта айтқанда, мұсылмандық – жақсы, көркем мінез деген сөз. Мұсылман исламдағы құлшы­лық­тарын орындаумен қатар, көркем мінезді және мейірімді болуы керек. Мұсылман өте қарапайым, ақ көңіл, бір шаруамен келгендерді тыңдайтын, қолынан келгенше оларға көмек беретін және ешкімді ренжітпейтін адам деген сөз.

 

Нұрболат ҚАЛДАРБЕКОВ,

«Төле би» мешітінің наиб имамы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *