КӨРІСУ – САҒЫНЫШТЫҢ БЕЛГІСІ

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Ұмытпасам, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басқы кезі болатын. Қазақ радиосының шет елдерге хабар тарататын бас редакциясында шеф редактор едім. Салтанат есімді (тегін ұмыттым) журналист қыз бала:

– Рұқсат берсеңіз, ертең жұмысқа келмейін деп едім, – деді.

– Рұқсат, бірақ себебін айтып кет, – дедім.

– Біздің жақта  жылда наурыз айының 14-і күні ағайындармен көрісу болады. Алматыда 4-5 ағайыным бар, үлкен кісілер, соларға сәлем беремін, – деді.

– Бұл өте дұрыс екен, бәрі сәтті болсын, – дедім таңқалған пішінмен…

Содан бері арада ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті.  Салта­наттың сол сәлем беру салты қазір ұлттық мерекеге айналды. Қазақта сан алуан дәстүр, салт, жоралғы бар. Солардың бәрі өмірден ойып алынған, тіршіліктің қайнарынан қайнап шыққан қасиетті жол-жобалар.  Ұлыстың ұлы күні саналған – Наурыз мерекесіне қатысты әдет-ғұрпымыз әлі күнге халқымызбен бірге жасасып келеді. «Көрісу» амалы сондай құндылықтарымыздың бірі де бірегейі. Мұны алғашқыда «Амал» деп атаған. Себебі,  осы кезде жыл өзгеріп, табиғат жасарып, бусанып, тіршілік көзі қайта жанданады. Ауыл-аймақты жапқан қалың қар еріп, жол ашылып ағайындардың кездесуіне мүмкіндік туады. 3-4 айлап бір-бірін көрмеген, хабарын білмеген ағайын осы күнді асыға күтеді, сағына тосады. «Жаңа амал туды, жаңа жыл келді, бәріміз бір жас қостық» деп бабаларымыз «Амал» келгенде ерекше қуанған. Бұрын Қытай мен Қырымның арасындағы бар қазақ тойласа, келе-келе батыс аймақтарындағы ағайындардың еншісінде қалған екен…

Қызылорда қаласынан ары қарай бүкіл батыс облыстары соңғы кездері тойлап жүр. Өткен жылы аймақ болып Бекет ата кесенесіне жиналып атап өткен көрінеді. Өте орынды. Халықтың басы қосылған жерде бірлік болады, бірлік бар жерде тірлік бар екені белгілі ғой. Шынында да, наурыздың 14-і қазақы есеп бойынша айдың басы. Тоқсан күнге созылатын қыстың біткен күні. Наурыздың ақша қары жауатын күн. Батыстан бастау алған мерекенің еліміздің өзге өңірлеріне де оң әсерін тигізіп жатса, нұр үстіне нұр болары күмәнсіз.

…Тамылжыған күн нұрынан ғаламат

Арқа-жарқа бар атырап, бар алап.

Тауды бұзып, тасты жарған тасқын су

Әндетеді сай-саланы аралап.

Қыраттарда табыссын төл шұрқырап,

Тайқазанда қайнасын ет бұрқырап…

Жо-жо-жоқ, болмаса ет болмасын,

Ниет болсын, болсын және Ынтымақ!

«Сәлем – сөздің атасы» дейді қазақ. Көрісу мен Қауышу – сағыныштың белгісі. Сәлеміміз дұрыс болсын, ағайын!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *