Кәрілікті тежеуге бола ма?..

Біз қанша жасымызда қартаямыз, кәріліктің келгенін қалай білуге болады? Бұл, әрине, тек философтар мен Голливуд жұлдыздарының ғана мәселесі емес, бүгінде адамзатты тол­ған­дыратын мәселеге айналып барады. Бүгінгі өмір заңдылықтарына барлау жасайтын болсаңыз, әркім де жасаруға ұмтылыс жасайды. Түрлі емдік дәрі­лерді, шипагерлік баяндарды қолданады, қысқасы салауатты өмір салтын ұстануға тырысады. Қалай болғанда да, әлем ғалымдары бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеуге, адамзат үшін игілікті іс жасауға талпынып та жатыр. Мәселен, олар үшін қартаюдан сақтану үшін берілетін дәрі-дәрмекті қай кезден бастап ішуді жолға қою күрделі сұрақтың біріне айналды.

Бұл жөнінде зерттеушілер әлі ортақ мәмілеге келген жоқ. Ол үшін алдымен біздің өмірімізде қартаюға негіз болатын жағдайларды анықтап алуға тырысу керек. Оның ең басты себебін адамның өмір сүру дағдысынан (қыз­меті, ішетін ас-суы, хоббиі, т.б.) іздеу керек екен.

Бұл ретте атақты генетик Стив Хорваттың қисындары көңілге қонады. Бұл кісі қартаю жылдамдығын өлшей­тін «биологиялық сағат» деген қағиданы ұстанған. Ол адамның әу бастағы жас мөлшеріне, өсу деңгейіне қарап болжам жасайды – 20–22, 45-ке дейінгі жастағы адам ағзасында аса көп өзгеріс болмайды. Қартаю симптомдары сезіле қоймайды екен. Бұл жастарда қатерлі ауру түрлері мүлдем болмайды. Ал енді 55–60 жас аралығына көп қауіпті жағдайлардың басы деп қарауға болады екен. Бұдан кейін АҚШ, Финляндия, Ұлыбританияның ғалымдарынан құрал­ған зерттеу тобы 20 мен 90 жас аралы­ғындағы бұлшық еттер мен мидың бел­сенділігін зерттеу арқылы көп шын­дыққа көз жеткізген.

Ал енді кәрілікті тежеуге бола ма? Ғалымдардың айтуынша, адамдарды жасартатын арнайы қондырғы жоқ, дейтұрғанмен кәрілікті белгілі бір уақытқа дейін тежеудің жолдары бар, ол өз қолымызда екен. Демек, сол баяғы дұрыс өмір сүру салтын ұстану. Сосын үнемі спорттық қалыпты ұстану, қимыл-қозғалысты көбейту. Қысқасы, ғалымдар ұзақ өмір сүру үшін қандай кеңестер береді. Енді содан құлақ түріп көрейікші.

Ұзақ өмір сүрмеудің бірден-бір кепілі, семіздік. Демек, тамақ жеуді шектеу, нәпсіңді тыю. Қазір көп адам­дар тамақты шектен тыс жейді. Ғылыми дәлелдерге сүйенсек, ұзақ өмір сүре­тіндер негізінен тамақты аз жейтіндер. Бұл ретте Черчилльді көп мысалға келтіреді. Бұл кісі ішімдік пен темекіні армансыз тұтынған адам. Бірақ оның ерекшелігі сонда, мұндай адамдар мың­дап, жүздеп саналмайды. Егер байқаған болсаңыз, ұзақ өмір сүретіндердің басым көпшілігі бойын тік ұстайды, құс сияқты тамақтанады, тамақты таңдап ішеді. Ең бастысы, олар тәттіні тіпті пайдаланбайды десе де болады.

Дегенмен де, табиғат бәрібір адам бойына өзгерістер алып келеді. Дейтұр­ғанмен де, кейде тамақты дұрыстап жеудің де өзі маңызды. Бұл ретте отыз тісіңізге жүгінуге тура келеді. Қазір стоматология жетілген. Бір қарағанда тістен проблема жоқ. Алайда, сау тісіңіздей болмайтынын сезінетін боларсыз. Демек, тамақты дұрыс сіңіру үшін кейде жасанды тіспен 33 мәрте шайнап жеуге кеңес береді дәрігерлер. Бұл тамақтың дұрыс қорытылуы үшін маңызды. Сондай-ақ, ас қорытуды жетілдірудің де түрлі тәсілдері бар. Ол бір жағынан бұлшық еттердің жұмысын жетілдіру үшін қажет. Сонымен қатар, тәбетіңіз тартып тұрған нәрседен бас тарту  да жөнсіз, себебі, тамақтың құнар­­лылығы, оның құрамындағы дәру­мендерді де ескермесе және болмайды, бірақ мөлшерін білу керек. Ал енді аса жоғары температурада дайындалған тамақтардан сақтанған жөн. Негізінен тамақтың дайындалуы 150 градустан аспағаны дұрыс.

Кәрілікті жақындатудың бір жолы – әлсіздік. Мұндай адамдардың бойы­нан күш-қуат әлсіздігі ғана сезілмейді, олар жадын да тез жоғалтып алады. Егер бұл ретте адам өзін тез қолға алмаса, кәрілік тез арада жолдасыңызға айна­лып шыға келеді. Мұндай кезде адам өзіне көп салмақ түсірмеуі керек. Әлсіздіктің бірден-бір емі – құрамында кальций бар тағамдарды жиі пайдалану. Әсіресе, ағза үшін майлылығы 1,5-2 па­йыз­дан аспай­тын қышқыл сүт, ірімшік, айранды пайдаланған тиімді. Сондай-ақ, дәрі­гердің кеңесімен құрамында кальций бар Д3 дәруменін тұтынған дұрыс.

Ең бастысы, күн сайын қозғалыста болу керек. Ондай болмаған жағдайда әлсіздік басым адамның бір жері сына­тын болса оның қалпына келуі өте ұзақ процесті алады.  Адамның еңбек­қорлығында шек жоқ. Дейтұрғанмен де, дәрігерлер түнде жұмыс істеудің аса қажет емес екенін айтады. Түндегі ұйқысыздықтың салда­рынан қан тамырлары аурулары күшейіп кетеді екен. Ең дұрысы, мүмкін болса сағат 23.00-ден бастап ұйқыға жатқан дұрыс. Бұл да ұзақ өмір сүруге кедергі болмайтын, қартаюға жол ашпайтын жағдай. «Егер ұйқың қанбаса, ол күнгі ісің далбаса» деп бір ақын айт­қандай, ұйқысы қанық болып жүретін адамның денсаулығында да ешқандай күдік болмайтыны осыдан.

Міне, осындай жағдайларды ескер­генде барып, жастықпен 50 жасымызда қоштасарымыз сөзсіз. Ал алпысқа енді кірген адамның ағзасында өзгерістер басталады. Онымен күресу, дұрыс әре­кет жасау өз қолымызда. Демек, жас­тық қош дегізбей кетеді, кәрілік айт­қызбай өзі-ақ келеді дегенге мүмкіндік бермеу де өз қолымызда.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *