КӘРІ АҒАШТАРДАН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Табиғат-анамыздың әр жара­ты­лысының өзінің өмір сүру кезеңі бар екендігі табиғи заңдылық. Оны әр­қайсымыз мектеп партасында оқып жүргенде табиғаттану сабағы­нан, одан кейінгі биология пә­ніндегі  өсімдіктер әлемін оқыған кезден білеміз.  Ағаштардан ең ұзақ жасайтыны – шырша, емен мен  қара самырсын, арша дегенімізбен, олар да  күндердің күнінде қартая­тындығы ақиқат.  Осыдан  бірнеше жыл бұрын  Алматыда болған дауыл сал­дарынан Медеу шатқалындағы сонау ерте замандардан келе жатқан   түбінің диаметрі  үш, шеңбері тоғыз метрдей болатын  Тянь-Шань шыршалары мен қарағай­лардың, емендердің түбірімен қопарылғанын көр­генде, жаға­мызды ұстағанымыз әлі есіміз­де. Сол жолы  Жарат­қанның құдіретінің күштілігіне көз жеткізсек, одан кейін мәңгілік ештеңенің  жоқтығына,   ағаш екеш ағаштың да қартая­тындығын  мойындағанбыз.

Қазір Алматының көшелерінде өсіп тұрған ағаштарға қарасақ,  қартайып, жолға қарай-қарай шар­шаған кәрі анадай   шөгіп бара жатқан «кәрі»  ағаштарды көптеп көруге болады.   Қаламыздағы сол қартайып, қураған ағаштар сәл күшті жел, боран соғып, дауыл тұра қалса, әйтеуір кем дегенде оншақтысы құлап, төңірегіне өз  залалын тигізіп жатады. Тіпті , құлаған ағаштардың салдарынан ажал құшқандар да жоқ емес. Талай адам  жарақат алып, талайының көлігі құлаған ағаштардың астында қалып  та қойды. Кейінгі жылдары қала басшылығы қаламызды көріктендіру мен  көгалдандыру мәселесіне айырықша көңіл бөліп  келеді.

2018–2027 жылдарға арналған Алматы қаласын көгалдандыру кон­цепциясы жасалған. Осы концепцияға көз жүгіртсек, болашақта Алматының жасыл желегі қазіргіден де көп әрі  айырықша ағаш түрлерін өсіру арқылы көз тартарлықтай болмақ. Алматыны  сыртта жүрген жұрт көбіне осы көркем табиғаты мен жасыл желегі,  түрлі түсті қызғал­дақтары, хош иісті раушан гүлді  гүлзарлары, апорты мен алмасы үшін сағынады. Алматы – әлемдегі жасыл қалалардың бірі. Жоғарыдағы көгалдандыруға байланысты қала басшылығы қолға алып отырған маңызды құжаттың түп мазмұны  Алматының  жасыл қала мәртебесін жоғалтпау болып табылады.

Алматы қалалық табиғат ресурс­тары және табиғатты реттеу басқар­масының жасыл желектерді түгендеу және орман ауруына бейімділігін зерттеу жұмыстары бойынша алынған  мәліметтерге көз жүгіртсек, бүгінде  қаламызда  1300 000-нан астам жасыл желек бар көрінеді. Соның 39 мыңнан астамы  апаттық жағдайға ұшыраған, яғни жоғарыда айтып өткеніміздей, қартайған ағаштар.  Бұл арнайы жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде белгілі болғандары шығар, ал қаламыздағы қураған, қартайған ағаштар саны одан да көбірек  болуы ықтимал.  Оны байқау онша қиын  да емес.  Алматының орталық көшелері мен сыртқы көшелерін  бойлай жүріп көрсеңіз, бұтақтары өсіп, жүргінші жолдарын жауып,  маңынан өткен адамның көзін шұқып алатындай, жабайыланып  кеткен  ағаштардың отыз тоғыз мыңнан асып кеткендігін  көруге  болады.

Аулаңыздағы апатты жағдайда тұрған ағашты кесіп тастасаңыз бітті басыңыз әлекке қалады, ал тиісті мекеме қызмет­керлері оны байқамай­ды да көрмейді.  Қаламыздағы жеті ауданның әкімдігінде көріктендіру және көгалдандыру бөлімдері бар. Олар маусымдық ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізуге, сенбіліктерде ғана серпінділік танытпаса, өз беттерінше көшедегі бей-берекет бұтақ  жайып,  төңірегіне кедергі келтіріп тұрған, апатты ахуалда тұрған  ағаштарды кесіп, жабайыла­нып кеткен бұтақтарын кесіп, ретке келтіріп жатқандарын жиі көрмейсің. Бірақ сол бөлімдерге  қашан  телефон шалсаңыз да,  «на выезде»  деген  ғана жауап алатыныңыз хақ. Бәлкім, солайда шығар,  бірақ  көшеміздің көркін қашырып тұрған  қураған ағаштар сол бөлім қызмет­керлерінің «на выездегі» жұмыстарына куә бола алмай тұрғаны анық.

Қазіргі көп сала жұмысының сапасын тендердің қашырып тұрған­дығын да айтпай кете алмаймыз.  Мемлекеттік сатып алу  заңы  аясында  ағаш отырғызу жұмысын тендер  бойынша бір мекеме ұтып  алса, күтіп-баптауды  тағы бір мекеме жауап­кершілігіне алатын көрінеді.   Жыл сайын көктемде, күзде қалада көшет отырғызу жұмыстары белсенді түрде жүргізіледі. Тек өткен жылдың өзінде 1300 қылқан жапырақты, 9900 жапырақты, 11200 түрлі ағаш көшеттері, 1270 алаңға гүл, 4212 алаңға жасыл-желек көшеттері, 11 мың шаршы метр алаңға гүлзарлар орнаты­лыпты.  Бір қарағанда, бұл аз шаруа емес, бірақ оның сапасы сын көтермей тұрғаны жанымызға батады. Әлеуметтік желілерде де  егілген ағаштар мен гүлдердің күтімсіз тұрғаны жиі сынға алынып жатады. Тіпті, кейбір табиғат жанашырлары ағаштар мен гүлдерді олай шөліркетіп қойғанша, екпей-ақ қояйық деп те жатады. Қалай дегенмен де, тұрғындардың бұл сөзінің жаны бар.  «Жаны ашымайтының қасында басың ауырып, балтырың сыздамасын» деген сөз бар емес пе. Бұл жердегі жағдай да сол сөздің төркініне саяды. Күтіп, баптай алмайды екенбіз, қаражатты текке ысырап етпейік дегендері де. Қаражат демекші,  осы саладағы көп жауапсыздық пен немкеттілік қазіргі мемлекеттік сатып алу заңы бойынша тендерді жеңіп алған мекемелердің өз міндеттерін дұрыс орындай алмау­ларынан туындап жатқанын  да жасырмауымыз керек.

Жасыл желектерді түгендеу және олардың апатты жағдайын, орман ауруына бейімділігін зерттеу жұмыс­тарын биылғы жылы мемлекеттік сатып алу заңы шеңберінде  «Эко Алматы» ЖШС және «Қазгипро­лесхоз»  ЖШС жүргізіп жатқан көрінеді.  Олар Алматы қаласындағы өсіп тұрған жасыл  екпелердің санын және күй-жағдайларын, яғни қанша  ағашымыз қартайған, оларға сүйеу болар қанша жас ағаш отырғызылды, қанша ағаштың тағдыры апатты жағдайда тұр соны биылғы жылдың қараша айына дейін анықтап бітулері тиісті.  Сол зерттеулердің қорытын­дысы бойынша қурап, апатты жағ­дайға  ұшыраған ағаштарды  бюджет­тік бағдарламалардың әкімгерлері –  Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан санитарлық кесуге рұқсат алып,  ағаштарды кесу іс-шаралары жүзеге асыратын болады. Жұмыстың тәртіппен жүргізілгені жөн-ақ, бірақ апат айтып келмей­тіндігін ескерсек,   құлағалы тұрған ағашты кесуге рұқсат сұрап, оның жауабын күтіп жүргенде әлі ағаштың біреуге, болмаса  маңайына зияны тиіп  жататынын  ескерсек,  қураған ағаштарды қалпына келтіру жұмыстарын басқаша тәсілмен қолға алғанымыз жөн секілді. Мысалы, мектеп, балабақша  ауласындағы қураған, кәрі ағашты сол мекеменің шаруашы­лығына жауапты  жұмысшылар  кесіп, орнына  жас ағаш көшетін отырғызса, оның  несі  қылмыс? Қылмыс дегеніңіз көріп тұрған қауіптің алдын алмағынымыз  емес пе?

Айыппұлды қураған ағашты кесіп, қауіптің алдын алған адамға емес, сол қауіптің алдын алмай шығын, залал келтірген адамға салмаймыз ба? Құдай оның бетін аулақ етсін, мысалы балабақша ауласындағы  қураған ағаш абайсызда құлап, бір баланы  мертіктірсе, оған сол мекеменің басшысын кінәлап жататынымыз бар.

Ал жоғарыда айтып өткеніміздей, тендерді ұтып алған мекемелердің көбі  өздері мойындарына алған жұмыстың сапасы мен жауапкер­шілігінен гөрі, қалталарына түсер қаражатты көбірек   ойлайтыны да жасырын емес. Біздегі көп жұмыстағы сапасыздық  сол тендерге қол жеткізген мекеме басшыларының тендер талаптарын дұрыс орындай алмауынан  орын алып  жатады.  Ал оны бақылап, қадағалап жатпайты­нымыз  көбіне өзімізге таяқ болып тиіп жатады.  Жақында  қаламызда тағы бір апатты жағдай орын алды. Көлікте  келе жатқан әйелдің мәшинесінің үстіне ағаш құлап, көлігі жарамсыз болып қалды.   «Мәшине темір ғой,  қалыпқа келтіріп алар, адам аман болсын» деп өзімізді жұбатқанмен күндердің күнінде тілсіз табиғаттың апаты адамды да майып етпесіне кім кепіл?

Олай болса, Алматы көшелеріндегі кәрі ағаштарды  санитарлық кесу жұмыстарына жеткілікті көңіл бөлсек дегіміз келеді. Алда жаңбырлы да боранды күз келе жатыр,  оның ар жағында қарлы қыс та алыс емес,   сол себепті, кәрі ағаштан келер қауіптердің алдын  қазірден қолға алғанымыз жөн.   Биыл  Алматы анамыз  1002 жасқа толады.  Қала көшелерінің сәнін келтіріп, төңірегіне қаупі көп болып тұрған кәрі ағаштарды кесіп тастап, олардың орнына өткен жылғы бастаманы жалғастырып, қаламыздың 1002 жылдығына орай биыл  да 1002 түп жасыл желек отырғанымыз абзал болар.

1970 жылғы есеп бойынша Алматы қаласында 3  миллион 36 мың 346 түп алма ағашы болған екен, ал қазір Алматыда қанша түп алма ағашы қалды екен. Жаңа құрылыс саламыз деп талай алма ағашының да, апорттың  да,  шыршаларымыз бен қарағай, емендерімізді тамырынан қиып тастадық қой.

 

Тянь-Шань шыршасы, арша (можжевельник)  600 жыл өмір сүреді екен. Боз арша – туя  100-115 жыл  өмір сүрсе, қара самырсын 150-200, қарағай 300-400 жыл өмір сүреді .

 

Қазақстандағы ең  кәрі ағаштың жасы 700 жылдан асқан деседі. Оны ғалымдар Шыңғыс хан шапқыншылығының куәгері деп те атайтын көрінеді. Ағаштардың ішінде жеті жүз, тіпті одан да көп жасайтын емен ағашы көрінеді. Сондықтан болар, адамға тілек айтқан кезде еменнің беріктігін тілеп жататынымыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *