«КӨРЕРМЕНМЕН СЫРЛАСУ – АКТЕР ҮШІН ҮЛКЕН БАҚЫТ!»

Асылбек БОРАНБАЙ,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

 

«КӨРЕРМЕНМЕН СЫРЛАСУ – АКТЕР ҮШІН ҮЛКЕН БАҚЫТ!»

 

22«Тамаша» ойын-сауық отауында 22 жыл қызмет еткен Асылбек Боранбайды танымайтын адам жоқ. Ол 1993 жылдан бері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамында қызмет етіп келеді. Театр сахнасының сәнін кіргізіп жүрген әйгілі әртіс үстіміздегі жылдың мамыр айында «Тамаша тартуы» театрын құрды. Жақында ғана ол Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының «Алпамыс батыр» қорының президенті Бауыржан Оңғарұлының қолынан «Алпамыс батыр» атындағы медалін алып қайтты. Осы орайда актермен сұхбат­тасудың сәті түскен еді.

 

– Өнер жолындағы баспалдағыңыз қалай басталды?

– Бойында Алла берген қасиет болмаса, өнерге адам кездейсоқ келмейді. Бала кезімізден теледидардан театр спектакльдерін, қазақ фильмнің туындыларын, барша қазақ сүйіп көретін «Тамаша» ойын-сауық отауын және әзіл-сықақ театрларының концертін көріп өстім. Өнерге жақындығымның баспалдағы осыдан басталды ғой деп ойлаймын. Актерлердің өнерін тамашалаған сайын, өнерге  қызығушылығым  арта  бастады. Жалпы, өнердегі әкем, ұстазым – Тұңғышбай Жаманқұлов өнердің әліпбиін, сахнаның мәдениетін, киесі мен қасиетін, өзі айтқандай, «өнерді есепсіз, шексіз сүюді» үйретті. 1989 – 1993 жылдар аралығында Т.Жүргенов атындағы Театр – кино институтында Тұңғышбай ағаның шеберханасында білім алдым. Бала кезімнен «Тамашадағы» марқұм Құдайберген Сұлтанбаев, Уайыс Сұлтанғазин, Мейірман Нұрекеев, Тұңғышбай Жаманқұлов сынды ағалардың өнерін тамашалап, «Тамаша» актері боламын деп армандағанмын. Сөйтсем, театр институтында үлкен шеберханалар бар екен. Өнерде жүргенім бірінші Алланың, сосын Тұңғышбай ағаның арқасы деп айтар едім.  2-курста оқып жүргенімде Әзірбайжан Мәмбетовтің: «Театрға осы курстан балалар керек», – дегенін естіп, театрға алғаш рет Тұңғышбай аға алып келді. Штаттағы актер болып қабылданғанымнан бүгінгі күнге дейінгі аралықта  өнер ордасында  үзіліссіз еңбек етіп келемін. Театр тарландары мен өнер жұлдыздары қызмет ететін театрда, массовкаға (көпшілік сахнаға) шығудың өзі өнерге енді қадам басқан жас актерлер үшін бақыт еді.

– Өнерде өзіңіз пір тұтатын актеріңіз бар ма?

– Еліктемейтін актер болмайды. Өзі пір тұтатын актерінің биігіне жетсем, абыройына кенелсем, дәрежесіне көтерілсем деген арман әлі күнге дейін бар. Әйтсе де, актер толыса келе еліктеушілік артта қалады.

Мен бала кезімде Тұңғышбай Жаманқұлов ағама еліктесем, бүгінде сахнадағы «Өз мені, өз Асылбегі» қалып­тасқан, өнерден өз орнын тапқан актермін. Талантын бағалайтын актерлерім – Әнуар Молдабеков, Нұрмұқан Жантөрин және өнердегі әкем Тұңғышбай Жаманқұлов, Сондай-ақ, ресейлік Евгений Миронов, Хабенский, Константин Райкин, Петросян.

– Шахимарден, Қ.Ысқақтың «Қазақтарында» – Қасымхан, Н.В.Гогольдің «Парасында» – Хлестаковтың рөлін сомдадыңыз. Осы рөлдеріңіздің қайсысы сізге қиын соқты?

– Студент кезімнен бастап, жаныма жақын комедия­лық жанрдағы рөлдердің барлығын ойнадым. Алайда, драма, комедия, трагедия, лирика сынды барлық жанрда ойнайтын, жан-жақты актер болғым келеді. Әзірбайжан Мәмбетов кезінде «Қарагөз» қойылымындағы Сырымның рөлін бергенде, денсаулығыма байланысты 1-2 рет ойнағаннан кейін жалғастыра алмадым. Осы рөлді  қазір  берсе, басқаша қырынан келер едім. «Драмада ойнау бұйырмай ма?» деген жанымды мазалаған сұрақтардан Шахимарден, Қ.Ысқақтың «Қазақтарындағы» Қасымхан рөлі ұсынылғаннан кейін сейіле бастадым. Комедиялық рөлден кейін бірден осындай рөлге тап келу ауыр болғаны рас. Бұл ірі сүбелі  рөлді ойнауда  әлі күнге дейін қиналамын. Өйткені, осындай үлкен тарихи тұлғаның өмірін, жан-дүниесін, ішкі толғанысын сахнаға алып шығу барысында жалпы актерлер қауымы қиналатыны анық. Қазақтың нағыз хандарының, батырларының  бейнесін жасау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Рөлдің ішкі жан-дүниесін екшеп, зерделеп, көптеген кітаптар оқып, ұзақ зерттеуіме тура келді. Тәуба деймін, осындай рөлдерді ойнап, халықтың көңілінен шықтым ғой деп ойлаймын. Көрермендер тарапынан «Сізді «Тамашадан» көруші едік, «Тамашадан» гөрі театр жақын сияқты, осындай драмалық рөлдер келетін сияқты» деген пікірлер айтылып жатты. Көрерменнің ықыласынан кейін кеудемді қуаныш билеп, марқайып қалатын сәттерім де бар. Қасым ханның рөлін беріп, маған сенім артқаны үшін режиссер Тұңғышбай ағама алғысымды білдірдім. Спектакль ойнаған сайын ол кісінің көңілі толып отырады. Ғани Құлжанов екеуміз екі құрамда ойнағанымызды атап айтқым келеді.

– Оңтайыңызға келген рөлдер бар ма?

– Әрине, оңтайыма келген рөлдердің бірі – «Қазақтардағы» – Қасымхан, «Парадағы» – Хлестаков,  «Үйленудегі» – Подколесин, «Қилы замандағы» – Әубәкір.

– Ойнаған рөліңіз сізді көрерменге қаншалықты жақындатады?

– Қанша танымал болсам да, «Тамаша тартуы» театрын ашсам да, әкемтеатрсыз өмірімді елестете алмаймын. Күніне театрға бір соғып не бір спектакльде ойнап кетпесем, көңілім көншімейді. Сахнаға шығу мен үшін іштегі шеріңді, қуанышыңды, жалпы көңіл-күйіңді көреремендермен бөлісуге болатын мүмкіндік. Көрер­менмен сырласудың өзі – актер үшін үлкен бақыт! Рөл ойнау үстінде: «Әй, анау тамашадағы Асылбек қой», – деген сәттер де кездеседі. Оған да бойым үйреніп кетті. Әрқашан көрерменнің ықыласына ие болу, көңілінен орын алу – біздің мақсатымыз. Сахнадағы өмір арқылы көрерменнің жүрегіне жол тауып,  баурай білу – әр актердің бақыты.  Көрерменнің қошеметіне ие болып, шерім тарқатылып, рахат сезімге бөленіп, дүниедегі ең бақытты адамдай сезімде болып үйге қайтамын.

– Жас актерлерге көңіліңіз тола ма?

– Бәріміз де жас болдық. Бірден келе сала мықты актер болып кету мүмкін емес. Актер біртіндеп келе-келе тәжірибе жинақтап өседі. Біз де осы күнге дейін тәжірибе жинап жүрміз. Әкемтеатрда кездейсоқ актер жоқ деп ойлаймын. Би, вокал, сахна сайысына қатысып жүрген жастарымыздың бәрі дерлік дарынды. Кім біледі, алдымызда не күтіп тұр? Мен осының барлығы үлкен рөлге деген дайындық болу керек  деп ойлаймын.

– Қазіргі қазақ театрлары туралы не айтасыз?

– Шынымды айтсам, қазіргі қазақ театрларына көңілім толмайды. Неге десеңіз, драматургия жоқтың қасы, жаңашыл режиссерлердің аздығынан болу керек, көрерменнің көңілінен шығатын бір жаңалықты көре алмай жүрмін. Дараланып, жарып шығып жатқан жас режиссерді көрмедім. Тек М.Әуезов театрында сахналанған Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» қойылымын ерекше атап айта аламын. Таза режиссерлік шешім мен актерлік табыстары бар. Қойылым режиссері – литвалық Йонас Вайткус. Әзірбайжан Мәмбетов, Болат Атабаев, Жанат Хаджиев сынды режиссерлердің ізін жалғастырар жастарымыз аз. Қазіргі қазақ театрларының жағдайы орташа деңгейде. Уақыт көрсетер, бәрі  жақсы болар деп алдағы күннен күтейік.

– Режиссерлермен келіспеушіліктер болды ма? Осы менің режиссерім деп кімді айта аласыз?

– Әрбір актер өз рөлінің қожасы. Режиссер актерге рөл берген кезінде міндетті түрде актер өзі жасайтын образды зерттеуі тиіс. «Таза өнерді жасаушы – актер», – деп үйретті Тұңғышбай ағам.  Режиссерлердің айтқанына бас шұлғи беретін актерлердің қатарынан емеспін. Режиссерге өз ойымды айту бала күнімнен жалғасып келеді.  Әрине, келіспеушіліктер көп болды. Режиссерлермен келіспей кетіп қалып, қайта келген кездерім де болған. Сайып келгенде, актер мен режиссердің келісімімен ойналған рөл көрерменнің көңілінен шығуы керек деп ойлаймын. Кезінде Әзірбайжан Мәмбетовпен жақсы жұмыс істедім. Тұңғышбай Жаманқұлов,  Е.Обаев менің режиссерім деп айта аламын. Есмұхан ағаның бүкіл дерлік спектак­льдерінде басты рөлдерде ойнап келе жатырмын. Есмұхан аға  актер болуыма көп септігін тигізді. Сондай-ақ, Әубәкір Рахимов, Оразхан Кенебаев ағаларыма да алғысым шексіз.

– Болашақта қандай рөлді ойнауды армандайсыз?

– Әттеген-ай деп ойнай алмай қалған рөлдерім өте көп. Соның бірі жоғарыда айтып өткен Сырым рөліне репитицияны толық ала алмай қалдым. Болашақта Ақан Серіні, Абылайханды,  Шыңғысханды және қазақтың билерін, батырларын, шешендерін ойнауды армандаймын. Король Лир, Атиллада, Эдип патшаны, жалпы әлемдік драматургиядағы орны бар рөлдерді ойнағым келеді.

– Өнердегі орныңыз еңбегіңізге қарай бағаланып жатыр ма деген тұрғыда не айтасыз?

– Ашығын айту керек, мен өнердегі  бағамды  өз  уақытысында  алып келемін. 39 жасымда  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алдым. Атақты көп күткен емеспін, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, Мәдениет қайраткері атақтарын да дер кезінде алғанмын. Мұның бәрі халықтың құрметі деп білемін. Иә, осы тұрғыдан келгенде, Аллаға шүкір, бақытты актерлердің бірімін. Жақында Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданынан гастрольдік сапардан оралдым. Сол сапарда аудан әкімшілігі мен «Алпамыс батыр» қорының тағайындаған медалін қор президенті Бауыржан Оңғарбайұлы салтанатты түрде маған табыстады. Бұл жолғы сапарымызда да көрерменнің қошеметіне бөленіп қайттық. Әріптестерім Дулыға Ақмолда, Ерлан Біләловтармен институтта бірге оқыдық, бір жатақханада тұрдық, театрға да қатар келдік. Бүгінге дейін бірге М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет етіп келеміз.

– «Театр тартуы» атты театр  ашудағы мақсатыңыз не?

– «Тамаша ойын-сауық отауында 22 жыл жұмыс істедім. Бізді халық Мейірман, Уайыс, Құдайберген, Тұңғышбай ағалармен  салыстыратын. Ол кісілердің орны бөлек қой. Жаңа ұжым, жаңа «Тамаша» жасау маған қиын болды. Өйткені, көрермен бұрынғы құрамға үйреніп алған. Өзімнің мектебімді қалыптастырайын, шәкірт тәрбиелейін деген  мақсатпен «Тамаша тартуы» театрын аштым. Театр шымылдығы үстіміздегі жылдың  2 мамырында ашылды. Желтоқсан айында концертімізді  көрерменге тарту етеміз деген игі істеріміз бен нақты жоспарларымыз бар.

– Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіз жана берсін, үлкен шығармашылық табыстар тілеймін!

 

 Сұхбаттасқан – Қымбат СМАҒҰЛОВА.  

 

«АҚШАМНЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Асылбек Боранбай Райханұлы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жастар одағы сыйлығының лауреаты. Сахнадағы негізгі рөлдері: Ұлттық классика мен заманауи драматургияда – М.Әуезовтің «Айман – Шолпанында» – Арыстан (реж. Е.Обаев), «Қарагөзінде» – Сырым (реж. Б.Атабаев), «Абайында» – Әзімхан, Керім (реж. Е.Обаев), «Қилы заманында» – Әубәкір (сахналық нұсқасы: Н.Оразалин, реж. Ә.Рахимов), Т.Мәмесейіттің «Бәкей қызында» –Жәмеңке, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» – Мүсәпір (реж. Ә.Рахимов), Ғ.Мүсіреповтің «Махаббат дастанында» – Жарқын (реж. Қ.Сүгірбеков), Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясында – Ақын (реж. О.Кенебаев), Д.Исабековтің «Актрисасында» Коммерсант (реж. Н.Жұманиязов), «Жау­жүрегінде» – Долгоносов (реж. Е.Обаев), И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» – Алеко (реж. Е.Обаев, Т.Аралбай), Ә.Рахи­мовтың «Қылмыскерге куәлігіндегі» –  Боян (реж. Ә.Рахимов), Шахимарден мен Қ.Ысқақтың «Қазақтарын­да» – Қасымхан (реж. Т.әл-Тарази), Шахимарденнің «Томирисіндегі» – Кир патша (реж.Т.әл-Тарази), Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесіндегі» – Артист (реж. Б. Атабаев), М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келінше­гінде» – Жорабек (реж. О.Кенебаев), Т.Әбдіковтің «Ұлы мен ұры» драмасында – Ұры (реж. Е.Обаев, Е.Нұрсұлтан), т.б. Әлемдік классика мен заманауи драматур­гияда – Н.В.Гогольдің «Парасында» – Хлестаков (реж. Е.Обаев), «Үйленуінде» – Подколесин (реж. В.Захаров), М.Кәрімнің «Күнәһарында» – Ялсығұл (реж. О.Кенебаев), Н.Хикметтің «Фархад – Шырынында» – Ашраф (реж. А.Әшімов), Б.Жәкиевтің «Жүрейік, жүрек ауыртпайында» – Ұл (реж. Е. Обаев), М.Байджиевтің «Қылмысында» – Милиционер (реж. О.Сәрсенбек), Ф.Буля­ковтың «Отыз ұлың болғанша…» қойы­лымында – Бастық (реж. Ә.Рахимов), Е.Уахитовтың «Құдаларында» – Қылышбек (реж. Ә.Рахимов) және басқа рөлдерді ойнады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *