КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРДЫ ҚОЛДАУДЫҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ

Әлеуметтік әділдікке негізделетін болады

Бұл жөнінде бейсенбі күні Алматы қаласы әкімінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында Алматы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы айтты.

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Көпбалалы отбасылары үшін төле­не­нетін жиырма бір мың теңгенің жыры көп болып шықты. Бұл жәрдемақыға күнкөрісі төмен отбасылар ғана емес, тұрмысы дұрыс, қалтасы қалың ағайын да көзқызартып, өздерінің табыс көзін жасырып, балалары арқылы «тегін» табыс табуға әрекеттенген. Республика бойынша мұндай жетпіс үш мың отбасы анықталып, бүгінде олар сол заңсыз алған жәрдемақыларын қазына қалта­сына қайта қайтаруға мәжбүр болып отыр. «Жыртық үйдің құдайы бар» демекші, жәрдемге мәжбүр жандардың көз жасы бала арқылы пайда таппақ болғандардың жолын кессе керек.

Міне, осындай әлеуметтік әділетсіз­діктерге жол бермес үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін жаңа заң жобасын қолға алды. Оның басты бағыты азаматтарды еңбекке ынталан­дыру, азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділет­тілікті қамтамасыз ету болып отыр.

Алматы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орын­басары Данияр Әлкебайұлының айтуынша, Алматы қаласында да табысын жасы­рып, атаулы әлеуметтік көмек алғандар аз болмапты. Қала бойынша 634 отбасы табысын жасырып, АӘК көмек алуға әрекеттенген. 597 бала Алматыдан тыс аймақтарда тұратын болып шыққан. Бірақ қырағы учаскелік комиссия мүшелері олардың АӘК заңсыз алған­дарын анықтап, бүгінде оларға беріліп келген атаулы әлеуметтік көмек тоқта­тылыпты. Сонымен бірге, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отба­сыларға берілетін жәрдемақыға ортақ­тасып келген 187 кәсіпкерге де АӘК беру тоқтатылған.

Ал енді осындай алаяқтық пен әділетсіздіктерге жол бермес үшін халқы­мыздың әлеуметтік ахуалына жауапты министрлік 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек пен көпбалалы отба­сыларындағы әрбір бала үшін төленетін мемлекеттік жәрдемақылардың жаңа форматын енгізбек. Ол үш бағытта бері­летін болады. Бала санына қарай бері­летін мемлекеттік жәрдемақы, АӘК және кепілді әлеуметтік көмек түрінде берілмек. Енді жаңа заң бойынша мемлекеттік жәрдемақы отбасындағы бала санына қарай әр бала үшін 10-11 мың теңге мөлшерінде тағайындалмақ. Ол жаңа жылдан бастап төрт және одан да көп отбасылары үшін 42 мың мен 72 мың теңгені құрамақ. Бұл жәрдемақы мөлшері 2018 жылы тоқтатылған мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен 4 және 7 пайыз жоғары дейді тиісті сала өкілі. Ал атаулы әлеуметтік көмек болса, отбасы­ның ортақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайтын отбасыларына тағайындалатын болады.

Дейтұрғанмен, АӘК көмек тоқсан сайын тағайындалып, отбасындағы еңбекке қабілетті азаматтарға Жұмыс­пен қамту орталықтары арқылы жұмыс орындары ұсынылатын болады, егер де азаматтар сол ұсынылған жұмыстан бас тартқан жағдайда АӘК көмек тоқта­тылмақ. Басқарма басшысы орынбаса­рының айтуынша, қазір Еңбек бағдар­ламасына көптеген өзгерістер енгізіліп, азаматтарды масылдықтан арылатын еңбек етіп, отбасының табысын артты­рудың жаңа бағыттары қарастырылып жатқан көрінеді.

Кәсіп ашу үшін берілетін шағын кре­диттердің мөлшерлемесін жеті пайыз­дан төрт пайызға төмендету қарасты­рылып жатса, үй бизнесін ашу мақса­тында берілетін қайтарымсыз несие мөлшерін ұлғайту көздері де қарасты­рылмақ. «Бақытты отбасы» орталық­тары жанынан құрылып жатқан «Іскер ана» орталықтары да көпбалалы аналар үшін еңбек етудің жаңа көзін ашып отырғанын да Данияр Әлкебайұлы жан-жақты айтып берді.

Ал енді кепілді әлеуметтік көмек бойынша көпбалалы отбасыларындағы мектепке дейінгі білім мекемелерінде тәрбиеленіп жатқан балалар үшін тегін  тамақ беру, мектеп оқушыларын тегін мектеп құрал-жабдықтарымен, гигие­налық жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз ету қарастырыл­мақ. Көпба­лалы отбасыларын әлеумет­тік қолдау­дың бұл жаңа тәсілі, ең алдымен, мұқтаж және көпбалалы отба­сыларын қол­дау, көп­балалы аналардың мәрте­бесін артты­рып, азаматтар арасын­дағы әлеуметтік әділетсіздікке жол бермеуді көздейді, – дейді қала тұрғын­дарының әлеуметтік ахуалына жауапты басқарма басшысы­ның орынбасары Данияр Әлкебайұлы.

Еш ана баласын жәрдемақы үшін өмірге әкелмес, дегенмен қымбатшылық қыспаққа алып, жұмыссыздық кең етек алып отырған қазіргідей кезеңде көпба­лалы отбасылар үшін әлеуметтік көмек­тің қажет екендігі айқын, бірақ сол мұқтаж жандарға берілетін жәрдемақы мен кепілді көмекке «байлар» тағы ортақтаспаса болғаны да.

Қыркүйек айында өткізілген «Мек­тепке жол акциясы» кезінде кәсіп­керлердің көпбалалы отбасыларындағы балаларға беріліп жатқан мектеп формасы мен мектепке қажетті құрал-жабдықтарды алуға «Джиппен» келген ата-аналарды, «Бақытты отбасы» бағдарлмасы бойынша пәтер алдым, айына жүз елу мың төлеймін деген аз қамтылған отбасыларын көргеніміз бар. Сонда табысым ішім-жеміме жетпейді деп көгілдір экран алдында мүсәпір күй кешкен әлгі жалғызбастымын деген бес балалы әйел айына жүз елу мың теңгені қайдан тауып төлейді екен деп уайым­дағанымыз да рас. Адамнан айла артыл­ған ба, жаңа форматты да «жаңаша» пайдаланғысы келгендерге жол беріл­месе болғаны да, бізде көбіне мұқтаж адамға тиесілі дүниенің қалтасы тоқтың қалтасына түсіп кететіні бар ғой, соған жол берілмей, жаңа жылдан басталғалы отырған әлеуметтік көмек тиесілі жандарға әділ жолмен жетсе болғаны…

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close