КӨПБАЛАЛЫ ҮЙДІҢ БАЛДЫРҒАНЫ БАЛАБАҚШАҒА ТЕГІН БАРАДЫ

Алматыда Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасын орындау басталды

Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде кеңінен айтылған халықтың аз қамтылған тобына, оның ішінде көпбалалы аналарға қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша арнайы жасалған қалалық жоспарды таныстырды. Шаһар басшысы партия филиалындағы Саяси кеңестің алқалы жиынында осы жоспарда көрсетілген іс-шараларды, қадау-қадау мәселелерді жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 5,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінетінін атап өтті.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

– Мемлекет басшысы атап өткендей, әрбір қазақстандық отбасы реформа нәтижесін болашақта емес, дәл қазір сезінулері тиіс. Аз қамтылған азамат­тардың табысын көтеру, олардың баспа­наға, сапалы білім мен денсаулыққа қол жеткізуі және өңірлерді дамыту үшін Елбасы қосымша 2 трлн. теңге бөлуді тап­сырды. Президент міндеттеген әлеуметтік мәселелерді сапалы орындау үшін Алма­ты­да нақтылы іс-шаралар жоспары, оның ішінде қалалық «Бақытты отбасы» әлеу­меттік бағдарламасы жасалды. Бұл жос­пар­дың ішіне жеңілдетілген тұрғын үй ипотекасы, оқушылар мен студенттердің стипендиясы, әлеуметтік және бірреттік төлемдер, жұмыспен қамту және басқа да кезек күттірмес мәселелер енгізілген. Жал­­пы, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына, оның ішінде көп­ба­лалы отбасыларға кешенді қолдау көрсету үшін 5,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді, – деді Б.Байбек.

Қалалық «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасы бүгінде алғашқы қадам­дарын жасай бастады. Атап айтар болсақ, үстіміздегі жылдың  11 наурызынан бас­тап арнайы қалалық тұрғын үй бағдар­ламасы бойынша құжаттар қабылдануда. Алғашқы жарна тұрғын үй құнының 10%-ын құрайды, мөлшерлемесі – 2%. Кезекте тұрған 1276 көпбалалы және толық емес отбасылардың алғашқы жарнаны төлеуге жағдайлары келмейтіндіктен, қала бюд­жетінен 1 млн. теңгенің тұрғын үй сер­тификаттары бөлінеді. Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» бағдар­ламасы аясында Алматының көпбалалы отбасылары үшін олардың әр екінші бала­сынан бастап балабақшаға баруы тегін болады.

Ал 20 наурыздан бастап аз қамтылған отбасылардың 4 мыңға жуық үздік оқитын ұл-қызына алғаш рет стипендия төленеді. Мектеп оқушылары ай сайын 5 мың тең­геден, ал университеттер мен колледж­дер студенттері 10 мың теңгеден алатын бола­ды.

Қиын жағдайға душар болған жан­дарға берілетін бірреттік төлем көлемі 25 мың теңгеден 50,5 мың теңгеге кө­бейеді. 15 нау­рыздан бастап жәрдемақы көлемі артып, 5 мыңға жуық адамды қам­тиды. Дәл осы күннен бастап аз қам­тыл­ған отбасы­ларға ыстық және суық су есеп­тегіш құрал­дарын жеке орнатуға берілетін жәрдемақы көлемі 70%-ға не­месе 5 мың­нан 8,6 мыңға өседі. Бұлардан өзге, аз қам­тылғандар тобына комму­налдық қыз­метке кететін шығын­ның орнын толтыру үшін берілетін жәрдемақы көлемі 5%-ға дейін артады.

Биылғы 1 наурыздан мегаполистегі жұмыссыз аналарды оқыту және белгілі бір мамандыққа кәсіби дайындау іс-шаралары басталды әрі оларға 16,7 мың теңге көлемінде стипендия беріледі. Қала­да жастар практикасы, субсидия бөліп жұмыспен қамту, жалақысы 63 мың тең­гелік әлеуметтік жұмысқа тарту іс-шара­лары да ұйымдастырылуда.

«Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін Көпбалалы аналар орталығында құқықтық және психологиялық кеңестер беріледі, оларға реабилитациялық көмек көрсетіледі. Аталмыш орталық 1 сәуірден бастап жұмыс істей бастайды. Бұл орта­лыққа жұмыс іздеп жүрген көпбалалы ана­лардың өздері жұмысқа алынатын болады. Соның ішінде балаларын ешқайда тастап кете алмайтын аналар үшін шағын балабақшалар да ұйымдастырылады.

Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шима­шева Алматыда «Нұрлы жер» бағдарла­ма­сы бойынша жалға берілетін, оның ішіне көпбалалы отбасылар да кіреді, 40 мыңнан асатын пәтердің құрылысы басталатынын айтты.

Атаулы әлеуметтік көмек көлемін күнкөріс көрсеткішінен 70%-ға дейін көтеру барысында Алматыда бұл көмек түрін алатындар саны 2 699 адамнан 4000-ға дейін өсті. Мүгедек балаларын бағып-қағып отырған жандарға берілетін төлем мөлшері 31,1 мың теңгеден 41,6 мыңға арт­ты. Бұл бағытта 7 394 адам қамтыл­мақ.

Елбасы тапсырмасы бойынша Ал­матының бюджеттік саласындағы 30 мың­нан астам қызметкерінің жалақысын 30%-ға дейін көтеру жоспарланған.

Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына, оның ішінде көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсету үшін 5,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді.

 11 наурыздан бастап арнайы қалалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдануда. Кезекте тұрған 1276 көпбалалы және толық емес отбасылардың алғашқы жарнаны төлеуге жағдайлары келмейтіндіктен, қала бюджетінен 1 млн. теңгенің тұрғын үй сертификаттары бөлінеді.

 20 наурыздан бастап аз қамтылған отбасылардың 4 мыңға жуық үздік оқитын ұл-қызына алғаш рет стипендия төленеді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *