КӨПБАЛАЛЫ ӘР ШАҢЫРАҚТА БОЛАШАҚ ҒАЛЫМ, ПРЕЗИДЕНТ, МИЛЛИОНЕРЛЕР ЖҮР

Аптасына жеті күн, 24 сағат бойы ешбір демалыс, үзіліссіз жұмыс жасайтын АНА деген бір адам бар. Ауырып қалуға, больничный алуға болмайды оған. Соның өзінде оны «үйде не істеп отырсың, түк бітірмей, жұмысқа шықпайсың ба?» деп сөгетіндер көп.

Сондай сөзді жиі еститін жанның бірі – 7 баланың анасы, 34 жасар алматылық Ақерке Кенжебекқызы.  

Сөккенді былай қойсақ, жақында көпбалалы аналарға 21 мың теңге жәрдемақы тағайындалғанда «тағы бала туатын шығарсыңдар онда» деген келекені де естіген.  

Дегенмен, біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Наурызбай ауданының тұрғыны, көпбалалы Ақерке ондай сөздердің бірін де жүрегіне жақын қабылдаған емес. Өйткені, әр адам өз деңгейінде әңгіме айтатынын ол жақсы біледі. 7 баланы бала күтушінің көмегінсіз әрі балабақшаға да бермей, өзі тәрбиелеп отырған Ақеркенің бір күндік өмірі қалай өтеді? Бізді қызықтырған сауалға жауап алу үшін үш сағаттай әңгімелескен болатынбыз.

-Ғалымдар тұлға болу сәби кезде қалыптасатынын айтады. Өзіміз де кезінде анау болам, мынау болам деген арманмен өстік. Ақерке, сіздегі балалық арман қандай еді?

-16 жасымда мектеп бітіріп, заңгер мамандығын алып шығу үшін колледждің екінші курсына оқуға түстім. Сол кездері Шудың жігітімен танысып, 17 жасымда артымнан құда түсіп келді. Сонда келін болып түскен кезде қайынатамызға (топырағы торқа болсын) осы әулетті көбейтемін деп сөз бергенмін. Өзім бала кезімнен өте бауырмалмын. Анамның айтуынша, көшеге шығып есіктің алдындағы балалармен доп лақтырып ойнағанда, «өскенде сегіз балам болады» деп әрқайсысының атын айтады екенмін. Сондықтан көпбалалы болу менің бала қиялымда болған арманның бірі. Оны кезінде өзім де түсінбеген шығармын. Бірақ ұзақ жылдан кейін бауырым туғанда оның жанынан шықпай, күндіз-түні құшақтап жатқаным әлі есімде. Өзім тұрмысқа махаббатпен шықтым. Шыны керек, күйеуім жұмысқа шыққанымды қаламайды, қызғаншақтығы бар. Бірақ «жұмыс істемей, үйде не істеп отырады» дейтін сөздерді естіп қаламын. Қашан үйдің шаруасы біткен еді? Баланы мектепке алып барасың, алып қайтасың, күнделікті шәй-тамақ, кір жуу-мен жүріп, түнгі сағат 12 дегенде бірақ қызметім аяқталады. Қазір үш кішкентайым бар. Үлкен балам 15 жаста. Колледжде оқып жүр. Арнат балам 12-де, Камила 11 жаста, Медина 7, Азамат 4, кенжелері 3 және 1,5 жарым жаста. Көпбалалы ана дегенді айта салу оңай, бірақ оларды өмірге әкелу оңай емес. 9 ай бойы оңайшылықпен жүрмеймін, елде жоқ токсикоз менде бар. Тамақ мүлде жей алмаймын. Су ғана ішемін, дәрігерлер система арқылы тамақтандырады. Шыны керек, осы күнге дейін перзентханаға бара жатып, «баланы ертең қалай асыраймыз, баға алмай қалмаймыз ба?» деген ой болмапты. Құдайдың көзі түзу шығар, ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Ұл босанатын сияқтымын десем ұл, қыз болады-ау десем қыз бала болады. Әрбір отбасында жетпей қалу, ақшаның таусылып қалуы дегендей жоқшылық болады. Оны жасырудың қажеті жоқ. Дегенмен, әрбір баланың өз несібесімен келетініне көзім жетті. Өткенде көпбалалы аналарға 21 мың теңге жәрдемақы төлейміз дегенде «онда тағы бала туатын шығарсыңдар» деген сөздер естіліп жатты (күледі). Бірақ мұның бәрі біз бен сіздің қолда тұрған нәрсе емес, баланы беретін бір Құдайдың өзі. Одан кейін қазақ туады деген сөзді адамға қатысты қолданбайды емес пе?! Босанады деп айтады. Біздер тура орысшалап айтып жүрміз. Ал 21 мың теңгеге келсек, шыны керек, оның өзін бізге көп көрді-ау деймін. Үйдің ішіндегі адамдарды санай келіп, енемнің зейнетақысын қоса есептеп, бізге берілмейтін болды. Көпбалалы аналарға 21 мың теңгеден жәрдемақы тағайындадық деп қоғамды шулатып алып, өз зейнетақысы өзінен аспай қалатын енемнің азын-аулақ тиын-тебенін бізге ортақтастырып қойғандары өте ұят болды. Шындап келгенде, қай қазақтың отбасын алсаңыз да, келіндері енелерінен ақша сұрамайды. Неге сұрауымыз керек? Ол кісінің жылдар бойғы бейнеттеніп тапқан азын-аулақ тиын-тебеніне біз қалай ортақтасамыз? Әуелі, өзіне сол алатын зейнетақысы жете ме екен деп сұрасаңызшы. Көпбалалы ана ретінде 15 мың теңге ғана жәрдемақы аламын. Енді осы ақшаны 7 балаға бөліп көріңіз. Мектепте оқитындарына күнделікті 200 теңге беретінбіз. Қазір оған ештеңе тимейтіндіктен, 300 теңге беріп жүрміз. Мектепке бармайтындары биос, сүт ішеді. Кіші ұлым памперс киеді. Күнделікті ішіп-жейтін тамағымыз бар. Балалардың киімін алудың өзі оңай емес. Мектепке баратындарына мектеп формасын, екі елжелі аяқ-киім аламыз. Егер өмірге баланың көзімен қарап көрсеңіз, олар да қатарынан қалғысы келмейді. Менің де балаларым басқалардың балалары сияқты әдемі киінгісі келеді. Бәрімізді отағасы бір айлығымен асырап отырған соң, балалар жас болғандықтан, ақша жетпейтіні шындық. Сол үшін кешкілік жұмыстан шыққан соң күйеуім үйге келіп, тамағын ішіп алып, түнде «таксовать» етуге шығады. Таңғы шәйға нан табу керек. Басқа не істейді?!

-Көпбалалы аналардың жағдайын сізден артық ешкім айтып бере алмайтын шығар?! Дәл қазір қандай жеңілдіктер бар сіздерге және алдағы уақытта қандай көмектердің жасалғанын қалайсыздар?

-Мектепте балаларымның біреуі тегін тамақ ішеді, екіншісі ішпейді. Бастауыш сыныптарына ғана тегін тамақ берілетін болу керек, соған қарағанда. Көпбалалы аналарға арналған тегін деген нәрсені көрген емеспін. Балаларымды ағылшын тілінің курсына бергім келеді. Бірақ олардың бәрі ақылы, қымбат. Ұлымның сынып жетекшісі күрестен беретіндіктен, ол күреске барып жүр. Камила қызым кішкентайынан гимнастикамен айналысқысы келді. Өзінің денесі де икемді. Бірақ курсы ай сайын 35 мың теңге. Көпбалалы ана ретінде маған жеңілдік жоқ. Жақында барып сұрасам 15 мың теңге болған, бірақ қызымның жасы өтіп кетіпті. Буындары бекімей тұрған кезде, кішкентайынан беру керек екен. Үйге кезекке тұрғалы 7-8 жылдың жүзі болды. Құжаттың бәрін тапсырып қойғанбыз. Әуезов ауданының ЦОН-на барсам, жас бала отыр екен. Е-gov-тан қарап отырыңыз, акциялар болып тұрады дейді. Бар берген жауабы сол ғана. Мен оны қай кезде қарап, аңдып отырамын? Үйде интернет бірде бар, бірде жоқ. Теледидарды қосып қалсаң, «үй беріп жатырмыз» деп үлкен-үлкен әріптермен екпіндетіп айтып жатады. Білмеймін, неге біздің қоғамда сондай кереғарлық көп екенін. Көпбалалы ана ретінде не 21 мың теңге, не баспана ала алмай отырмын. Сан бар жерде әрдайым сапа бар. Біз сияқты көпбалалы отбасылардың үйінен қаншама мықты тұлға, азаматтар шығатынына сенімдімін. Президент пен миллионерлер, ғалымдар мен спортшылар жүр әр шаңырақта. Оларға сәл ғана қолдау, демеу жетпей жүр. Бұл менің ғана емес, қаншама көпбалалы аналардың тілегі. Заманның сұрауына сай ағылшын тілі, математикадан қосымша, би, спорт және басқа кружоктар көпбалалы отбасының балаларына тегін болса, бәріміз балаларымызды апарар едік. Екі қызымды биге бергім келмейді емес, бергім келеді. Жаздың аяғында балаларды мектепке киіндіреміз ғой. Сенесіз бе, бір баланың өзіне 50 мың теңге жетпейді. Біздің балалар көп нәрседен тыйылған ғой. Бізге берген алтын, күміс алқадан келіп-кетіп жатқан бір пайда жоқ. Сандықтың түбінде жатыр. Не оған беретін жәрдемақысы да өспейді. Күзде балаларға киім алатын кезде біздерге арнайы жеңілдік болса, біршама көмек болар еді. Неліктен көпбалалы аналарға арнайы дүкен ашпасқа? Өзгенің ескісін кию бәлкім, бұрынғы психология шығар, бірақ менің балаларым біреудің киімін кигісі келмейді. Бір жолы теледидардан киілген киімдердің дүкені ашылуда, сонда барып, құжатыңды көрсетсең, олар сені базаға енгізеді де, 3-4 киім тегін аласың деп айтып жатыр екен. Балаларымның реакциясын сыртынан бақыласам, бізді мазақ қылып тұр ма деп ренжіп жүр. Мен сияқты алты-жеті баласын жалғыз өзі асырап, тірнектеп жүрген аналар көп. Кейде күйеуімнің айлығы уақытынан кешіктірілсе, кәдімгідей қиналып кетеміз. Жалғызбасты аналардың жағдайы қалай сонда? Олар физикалық, психологиялық, моральдық тұрғыдан бар ауыртпалықты өздері көтеріп жүр. «Алтын орданың» бас жағында менің қайынағам тұрады. Қаскелеңге қонаққа бара жатқанда, балаларын шұбыртып, бір қазақ әйел тұрғанын көрдім. Қонаққа апара жатқан 2000 теңгем болатын, беріп кеттім. Өзің ана болғасын өзге ананың бар қиындығы мен тауқыметін жүрекпен түсініп, соларға тілекші болып тұрасың. Балаларымның киюге жарайтын киімдерін жағдайы менен де төмен отбасыларға апарып беріп тұрамын. Мемлекет қандай да бір көмек жасағысы келсе, аналардың өзін ұмытып кетпесе деймін. Неге арзан бағада сұлулық салондарын ашпасқа, фитнес-клубтарға жеңілдік жасап, мейрамда кафелерде баға арзандаса әрі мейрам кездері жәрдемақыны да өсіріп, пойыз бен ұшаққа жеңілдік қарастырылса деймін. Ананың да бір мезгіл демаып, өзіне уақыт бөлуге құқығы бар шығар? Ет пен сүйектен жаралғандықтан, біз де шаршаймыз. Біздің де басқа әйелдер секілді бір мезгіл өзімізге күтім жасап, салондарға барғымыз келеді. Психология ғылымы ана бақытты болса, бала да, отбасындағы көңіл-күй де жақсы болатынын дәлелдеп тастаған.

-Психология деп айтып қалдыңыз. Енеңізбен бірге тұрасыз. Оның үстіне 7 бала тәрбиелеп отырсыз. Дәл қазіргі қыздар үшін сіздікі үлкен ерлікпен пара-пар. Дегенмен, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Отбасының сырт көзге көрінбейтін қиындықтарынан қалай шығасыз?

-Келін болғалы ата-енеммен бір шаңырақта тұрып келемін. Баласын таңдап, тұрмысқа шыққан соң әке-шешесінің кеудесінен итеру дегенді түсіне алмаймын. Қай әке-шеше ұрыспайды? Айғайлап ұрсатын кездер болады. Үндемей кетіп қаламыз. Ашуы басылған кезде келеміз. Кейде ұрсып алып, ол кісі өзі шығып кетеді. Болмаса балаларға ренжіп қалады, үлкен кісі болған соң түсіністікпен қараймыз. Айғайлады дегендегім ұрыс-керіс емес. Балаларға «ананы үйтпедің, мынаны бүйтпедің» деп жататынын айтамын. Өзінің сериалын көргісі келіп тұрады. Сондай ұсақ-түйек дүниелер ғой. Қонақ келгенде кейде құйған шәйің ұнамай қалады. Не басқа нәрселер ол кісінің көңілінен шықпай қалады. Ондайда енеме үндемеймін. Ал ерлі-зайыптылардың арасында ұрыс аяқасты шығып кетеді. Өйткені, ер адам өзінен-өзі келіп, әйелге тиіспейді. Әйел де дәл солай. Ұрыс шыға қалса, екі адамның біреуі қайтып кетсе, жақсы. Ер адам шығып кету керек, әйел адам үндемей қалсын. Әке-шешелерінің үйіне барып, төркінінде жатып алатын келіншектер бар. Ол дұрыс емес. Ол ерлі-зайыптылардың бір-біріне ренішін одан сайын өршітеді. Ол шешім емес. Үйленіп, отбасы болдың ба, онда барлық қуаныш пен қиын кездерді де бірдей көтеруге жауапкершілік алу керек.

Қыз баласы келін болып түскен үйдің тәртібімен, сол үйдің заңымен  кетеді. Өз шешеңнің айтқаны, берген тәрбиесі өзіңде қалады. Шешем маған күйеуіңнің амандығын тілеп, үнемі дұға жасап отыр дейтін. Таңертең тұрып дәретімізді алған соң күйеуім «Бісміллә» деп су ішсе, мен қасында отырып наннан жеймін. Әкемнің алдында анам да дәл солай істейтін. Содан отырып дұға тілейміз. Одан кейін балалармен отырып бәріміз таңғы ас ішеміз. Біздің үйге келгендердің бәрі бізге қарап, таңғалып кетеді. Бұл енді өзіміздің отбасылық жақсы дәстүріміз. Демалыс керек кезде төркініме барып, анаммен шәй ішіп, сөйлесіп қайтамын. Тыныштықты жаным қаласа, саябақта жүріп қайтамын.

-Үйдің тірлігінен жалығып, жұмысқа шығуды ойлайтын кездеріңіз болатын шығар?

-Ол ой талай болды. Бірақ мен балаларымды ешкімге сеніп тапсыра алмаймын. Тіпті, балабақшаның өзіне кезекке тұрып қоямыз, бірақ іштей бергім келмей тұрады. Онда ешкім балаларға мен сияқты қарап, аузына жылы тамағын тоспайды. Қалай ұйықтататынын Құдай біледі. «Ұрып жатқызады екен» деген небір нәрсені естіген соң тіптен қайтып қалдым. Одан да күліп, у-шу болып есік алдында айқайлап, ойнап жүре берсе, өзім тамақтарын дайындап, махаббатпен беріп отырғанымды артық көремін. Дегенмен, жұмысқа шақырған кездер болды. Өзімнің шыққым келген жоқ. Дайын болмадым. Бәрібір үйде жүрген «лафа» ғой (күледі). Жұмыста күні бойы отыруың керек. Сонда баламның тәрбиесі қайда? Үй-жәй ше? Еркек адамға не керек? Үйдің тазалығы, тамағың дайын, кірің жуулы, таза киіммен, күліп қарсы алып, ыстық шәйін құйып беріп отырсаң, оларға одан артық керегі жоқ.

-Кейде көшеде баласына ұрсып, ұрып жататын аналарды көргенде, баланың жазығы не деп жаның ашиды. Өзіңіз балалармен қалай тіл табысасыз?

-Сырттағы балалар айқайласып, боқауыз сөздер айтса, балаларым оны сол күні жаттап келеді де, сосын бір апта айтады. Содан әкесі екеміз ақырындап түсіндіреміз. Біраз уақыттан соң бала өзі қояды. Дауыс көтеру, ұру дегенді қолданбаймын. «Баланың балалығына ата-ананың даналығы» дейді ғой! Үйде ойнап жүріп, төңкеріп тастайды да, тынышталады. Әбден ойындары қанған соң өздері қояды. Бір кездері баланың сызып ойнайтын да уақыты болады. Балаларым шетінен суретші. Қабырғаны бізге көрсетпей, тығылып, сызып кетеді, бояп кетеді. Содан жазда ремонт жасауға келгендер «тәте, сіз емін-еркін боятады екенсіз» деп жылайды. Екінші қабатты гуаштап тастаған, тіпті. Жетеуінің мінезі жеті түрлі. Қылықтары да әр түрлі, қалаулары да ұқсамайды. Бірақ ешқайсысын бөлмей, бәрін бірдей жақсы көруге тырысамыз. Әйтпесе балалардың арасында әке-шешесінің махаббатына өзара талас болады. Өз басым балаларға түсіндіріп айтудан жалықпаймын. Дұрыс жерін дұрыс, дұрыс емес болса себебін түсіндіремін. Өмірге келгеніне 3-4-ақ жыл болған баланың санасы мен үлкен адамның ақылын салыстыруға мүлде келмейді ғой. Біз қайтеміз, бала бәрін біз сияқты білу керек деп ұрса жөнелеміз. Өз тәрбиемнен байқағаным, балаға зекімей, бәрін түсіндіріп айтсаң, олар ұғады. Қызыма мектеп кітапханасынан кітап алдырып, үйде дауыстап оқытамын. Сонда үш кішкентайдың да құлағына сіңе береді. 3 жасқа дейін баланың миы тез дамитындықтан, ол айналадағының бәрін губка секілді өзіне сіңіріп алады. Үлкен ұлым Абай, Мақатаевтың кітаптарын сатып әкеледі, кейде криминалды детективтер алады. Бірге оқимыз. Ұлым – волонтер. Қарттар үйіне барып тұрады. «Мама, сондай жерде отырған адамдарды көргенде ішім ашиды, менде бар болса, бәрін сол кісілерге берер едім» деп келеді.

-Сізбен хабарласарда отбасылы құрбыларымнан «7 баласы бар анамен интервью жазбақшымын. Қандай сұрақтарың бар» деп сұрағанымда, уақытты қалай жеткізеді екен деген сауал болған. Тайм-менеджмент сырларымен бөліссеңіз.

-Бізде сағат санаулы болғандықтан, бәріне үлгеру керексің. Таңертең сағат 5.30 тұрып, үлкен ұлыма шәй-тамағын дайындап, 6.30 сабағына жіберемін. Колледждің тәртібі қатал, сабағынан 5 минутқа кешіксе, стипендиясынан ұстап қалады. Басында 5-10 минуттан кешігіп қалып жүрген, айдың соңында 5000 теңге төледі. Содан кейін кешікпейді. Екі қызымды сағат 7.40-та мектепке жеткізе салып, күйеуімнің таңғы асын дайындаймын. Ол сағат 9 жұмыста отыруы керек. Одан кейін үйдегі екі қызымның ботқасын дайындаймын. Арнат баламның сабағы түсте басталатындықтан, маған көмектесіп, түске дейін сабағын дайындап, үйден шәй-тамағын ішіп шығады. Ыдыс жуатын машина жоқ, бәрін қолыммен жуамын. Тамақты жарты сағатта дайындаймын. Жұма сайын таңертең жеті желпек пісіріп, күйеуімнің жұмысына беріп жіберемін. Жұмыстағылары, тіпті, үйреніп алған. Бүгін жұма екен ғой деп қуанып, күтіп отырады. Күнде таңертең отағасын жұмысқа балалармен улап-шулап, бетінен сүйіп шығарып саламыз. Тайм-менеджментте жатқан ешқандай құпия жоқ. Кейде балаларымның сабақтан келетін уақытын есептеймін де, түс уақытында күйеуімнің жұмысына барып, түскі асты бірге ішіп қайтамын. Балам жарысқа барған кездері отбасымызбен түгел жанкүйер боламыз. Арасында күйеуім екеумізге жеке уақыт арнап, караокеге барып қайтамыз. Қанша баламыз болса да өзімізге жеке, бөлек уақыт арнаймын. Балаларым қыдырайық десе, Президент саябағына апарамын. Сауда орталықтарына барып, ойнатып қайтамыз. Маған балалардың жәрдемақысы не күйеуіме айлығы түссе, кафелердің бірінде отбасымызбен тамақтанамыз. Мұның бәрі балалардың қамы. Кейбіреулер әкесіз өстік немесе әке-шешемнен ешқашан жылу көрмей, олардан қорқып өстік деп жатады. Кейін өз балаларына дәл солай салқын болады. Өз басым әке-шешемнің махаббатына бөленіп өстім. Сол себепті, «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтпаған шығар. Балаларымыздың балалық шағынан жақсы естеліктер қалсын деп солай анда-санда қыдыртып тұрамыз.

-Сұхбатыңызға рахмет!

                                                       Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.

 

 

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *