КҮНІНЕ 80-НЕН АСТАМ НЫСАН ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІНЕН АЖЫРАТЫЛАДЫ

Мәншүк БЕКБОСЫН

«Алматы жылу жүйелері» ЖШС-нің қызмет­кер­­лері қала бойынша ыстық су мен жылуға қарызы бар тұлғаларды анықтау шарасын жалғастырып келеді.

Бүгінде қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған  осы «Алматы жылу жүйелері» қызметіне берешек жандардың қарызы шамамен, 3 339,44 млн. теңгені құрап отыр. Жыл басынан бері мегаполис бойынша 3 мың 150 тұтынушы жылу жүйесінен ажы­ратылыпты. Қызметке төлем жасамайтын­дардың ішінде көпқабатты үйлер мен жеке үйлердің  тұрғындарынан бөлек, бірқатар заңды мекемелер де бар. Соның ішінде 57 пайызы  халықтың үлесінде болса, борыш­кердің 31 пайызы заңды тұлғаларға тиесілі.  Борышкерлерді жылу жүйесінен ажырату жұмыстары басталғалы бері 5 616 (жеке және заңды тұлғалар) нысан өз қарыздарын төлепті.

Жалпы, жылу беруші ұйым бүгінде күніге 80-нен астам нысанды жүйеден ажыратып жатыр. Сондай нысандардың бірі «Ауtfacіlіty­mana­gement» ТПИК басқа­руына жататын «Ақ Кент­тегі» 29 үй. Бұл үйдің «Алматы жылу жүйелері» алдындағы берешегі 804 139,06 теңге екен.

Айта кету керек, коммуналды қызметке ақы төлемегендердің жеке мүлкіне, атап айтқанда, автокөлік, қаржысына дейін шектеу қойылады. Тіпті, елден басқа жаққа ұшып кетуіне де кедергі келтіріледі. Мәселен, жыл басынан бері    «Алматы жылу жүйелері» ЖШС сот орындарына 12 549 шағым түсірген екен. Соның ішінде сот орындарымен мақұлданған 635 шағымның үстінен іс қозғалған екен.

Ескеретін жәйт, ыстық су жүйесіне қайта қосылу үшін борышкер өзінің қары­зын толығы­мен өтеуі керек. Және жүйеге қайта қосылу үшін тағы төлейді. Оның үстіне бұл борышкерлер мекеменің «қара тізіміне» енеді. Сол себепті, тұтынушының ыстық суға өз бетімен қайта қосылып алуын болдырмас үшін арнайы мамандар аталған үйді күнара тексеріп отырады.

Негізінен қаланың жылу беру кезеңіне дайындық жұмыстары мамыр, маусым айлары­нан басталып кетеді. Бұл жерде тұтынушылардың төлем төлеуге енжарлығы қызмет сапасына теріс әсер етіп отыр. Сол себепті, мамандар «тұтыну­шылар да түсініс­тікпен қарап, жылу төлемдерін уақытылы төлеп тұрса, нұр үстіне нұр» деген тілек­терін жасырмайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *