КӨНЕ ҚОЙЫЛЫМДАРДЫҢ КӨМБЕСІН АШУ КЕРЕК

Сәбит ОРАЗБАЙ,

Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Тұңғыш Президентіміздің «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру» деп аталатын мақаласы – жәй жылтыр сөздердің тіркесі емес, мазмұны терең, ауқымы кең, ұлт руханиятын ғасырлар биігіне көтеретін бағдарлама.  ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың бейнесі, ақыл-ойы, білім-білігі қандай болу керек, міне жоғарыда біз сөз етіп отырған мақала осыны анықтап берді. Жаңа дәуірдегі ұлттың рухани жаңғыру жолының алты бағдарын атады. Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасын отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік түсініктерден арылту міндетін алға қойды.

Елбасы қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырды. Ұлттық код пен Ұлттық мәдениетке ерекше ден қойды. Халықтан соларды сақтауды талап етті.

Осы мақаладағы маңызды міндеттердің бірсыпырасы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма  театрының ұжымына да қатысты екенінде сөз жоқ. Осыған орай  Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ театрының корифейі, театр ақсақалы, абыз-актер Сәбит Оразбай мырзаны әңгімеге тарттық.

– Рухани жаңғыруды драма театр неден бастады? Қандай шараларды қолға алды?

– Бізде «Еске алу күні» деген дәстүр бар. Әкемтеатрдың әкемтеатр болуына үлесін қосқан, театрдың негізін салған  сахна шеберлерін ұжымның, театр сүйер қауымның  жадына салу, өнерін қайта жаңғырту шаралары өріс алған. Бұл тұрғыда КСРО және Қазақ КСР халық әртістері Жұмат Шанин мен Қалыбек Қуанышбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған салтанатты кештерді айтуға болады. Жұмат Шанин қазақ ұлттық өнерінің дамуына зор үлес қосқан актер, музыкант, жазушы-драматург, еліміздің алғашқы режиссерінің бірі, ал біздің театрдың тұңғыш режиссері. Жұмат Шанин туралы қанша жазып-айтсақ та артықтық етпейді.

Осы шаралар кезінде қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, Қазақ КСР халық әртісі Асқар Тоқпанов сахналаған, Абай бейнесін театр корифейі Қалыбек Қуанышбаев сомдаған «Абай» спектаклі көрерменге көрсетілді. Қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов бұл қойылымға сол уақытта-ақ ыстық ықылас білдіріп, жақсы бағасын берген болатын.

Сонымен қатар, өте талантты актер, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әнуар Молдабековтің туғанына 80 жыл толуына  арналған кеш те тартымды өтті. Өмірден ерте озған дра­матург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Баққожа Мұқайдың 70 жылдығы қаламгердің «Сергел­дең болған серілер» комедиясымен қорытындыланды. Көптеген бойжеткендеріміздің «кәрі қыз» атанып, жігіттердің «сүрбойдақ» деген айдар тағынуы қазіргі заманда көбеймесе, азайған жоқ. Мансапқор, жағымпаз, атаққұмар адамдардың қатары да арта түспесе, кемімегені анық. Спектакль негізінен қоғамның  осы қасіретін қозғайды. Көрермен жылы қабылдады.

Сол сияқты, театрымыздың  белгілі актерлары ерлі-зайыпты Мүлік Сүртібаев пен Әйкен Мұсабекованы еске алу кеші де үлкен ілтипатпен жүзеге асты. Қос актердің туғанына бір ғасыр толды. Жазушы-драматург, әдебиет сыншысы Асқар Сүлейменовті білмейтін өнер адамы жоқ шығар. Қазақ өнеріне сіңірген еңбегі де аз емес. Асқардың 80 жылдығы да ерекше серпінмен аталып өтті. Жесірі, театр сыншысы Әлия Бөпежанованың жазушы жарының шығармасы бойынша дайындаған (инсценировкасын жазған) «Біржанның соңғы әні» спектаклі кештің өн бойына әр де берді, нәр де берді.

– Сәбит Қоңырбайұлы, өмірден өткен өнер иелерін еске алу шаралары аса бір ыждағаттылықпен, сағынышпен атқарылып жатыр екен. Ал көзі тірі, әлі  театр сахнасында тер төгіп жүргендердің мерейтойларын өткізу қалай жүзеге асырылуда?

– Театр басшылығы  ол мәселені де назарда ұстап отыр. Қазақстанның Халық әртісі,  «Парасат»  және  «Құрмет»  орден­дерінің иегері Торғын Тасыбекованың –80 жылдық, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиеваның – 70 жылдық, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Нұрасыловтың – 70 жылдық мерейтойлары театрда дүркіреп өтті.

– Көне қойылымдарды қайта сахналап, бүгінгі көрерменмен жүздестіру – өмір талабы. Рухани жаңғыру бағдарламасының да көздегені осы. Бұл тұрғыда әкемтеатрда қандай жұмыстар жүргізіліп келеді?

– Бұл сұрақ төңірегінде атқарылып жатқан іс-тірліктер жоқ емес. «Абай» ХХІ ғасырдың көрерменімен қауышты. Орыс классикасынан Чеховтың «Ваня ағайы» қайта сахналанды. Режиссері  — Асхат Маемиров. Лев Толстойдың атақты «Анна Каренинасы» көрермен назарына ұсынылды. Оны сахнаға шығарған Қазақстанның Халық әртісі Есмұхан Обаев. Өзіміздің классигіміз Мұхтар Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысы» да сахнадан бой көрсетті. Ұлттық батырымыздың тұлғасын алғаш рет сахнада Шәкен Айманов сомдаса, онан кейін Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуарбек Молдабековтар бейнелеген болатын. Спектакльді қайта сахналаған режиссер Нұрқанат Жақыпбай.

–  2019 – Жастар жылы. Әкемтеатрдың жас режиссерлары мен актерлары бұл мүмкіндікті  қалай пайдалануда?

– Жастардың талпынысы  көңілді қуантады. Режиссер Ашыр Оспанбаев драматург, ақын әрі сценарист Николай Эрдманның «Жанқимақ» шығармасы бойынша дайындалған «Жүрегімнің иесі»  спектаклін көрерменге ұсынды. Ал Елік Нұрсұлтан болса «Қыз Жібекті» қолға алып, біраз еңбектеніп, нәтижесін  көрерменге көрсетті. Ізденіп жүрген жас актерлер мен актрисалар баршылық.

– Театр ұжымының жыл сайын елімізді аралап, көрерменмен көзайым болып жүргенінен оқырман хабардар. Ал шет елге шығу мәселесі қалай болып отыр. Табыс, жетістік, қиындық болды ма?

– Орынды сұрақ. Мен соңғысынан бастайын. Кеңес үкіметі кезінде шет елді түсімізде көретінбіз. Бірде Францияға жолымыз түсті. «Қайдан келдіңдер?», –дейді. Алматыдан келдік десек, білмеді. Сосын Қазақстаннан келдік дедік, білмеді. Ішімізден біреу «Медеуді білесің бе? Біз сол жерден келдік», – деді.

«А-а, Медеу! Медеу! Мұз айдыны ма? Білеміз», – деді. «Бірақ сендер КСРО-дан келдік деңдер. Сендерді мұнда жіберген  сол мемлекеттің Мәдениет министрлігі» деп бізге ескерту жасады. Қазір, шүкір егемен елміз. Шет елге шығудың қиындығы жоқ. Өткенде сол Францияға жолымыз түсті. Ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклін алып бардық. Түркілердің тарихы сөз болады онда. Француздарға қатты ұнады. Өте табысты өтті. Сахналаған режиссер Йонас Вайткус.

– Әкемтеатр ұжымының осы төңіректегі алдағы жоспары қандай екен? Жақсы істер жалғасын таба беретін болар?

– Әрине, солай. Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-анасы» мен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» спектаклдерін қайта сахнаға шығару ұжымның ойында бар. Қазір әзірлік, дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Мен осы жерде мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің театрда өткен биылғы  Наурыз мерекесі туралы  қысқаша айтқым келіп отыр. «Алматы ақшамы» кезінде  жақсылап  жазып көрсетті. Бұл шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізілді. ҚР Мемлекеттік орталық музейі өз үлесін қосты. Әкемтеатрдың орталық алаңына қазақы киіз үйлер қаздай сап түзеп тігілді. Ішіне ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді бейнелейтін экспонаттар қойылды. Қала тұрғындары мен қонақтарды, өскелең ұрпақты мұндай мәдени құндылық­тарымызбен және салт-дәстүрімізбен таныстыру бұрын-соңды болмаған іс. Наурыз мерекесі бүгінгі өмір тынысымен біте қайнасып, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің, көктемгі сүйіспеншілік пен ізгіліктің, мейірімділіктің, махаббаттың жарқын көрінісі болды.

Мен осы салтанатта қазақ өнері қарашаңырағының негізін қаласқан, өнер ордасы болып қалыптасуына еңбегімен атсалысқан театр корифейлерінің мүсінін театр алдындағы алаңға қою туралы ұсыныс айттым. Жиналғандар ұсынысымды дұрыс қабылдады. Шешімін алдағы күндерден күтеміз…

Жалпы, театрдың әр күні жаңғыру ғой. Рухани жаңғыру да, мәдени жаңғыру да бізде. Біздің актерлар бүгінгі киіп келген киімін ертең кимейді. Сөзі де, өзі де өзгеріп тұрады. Әрине, жақсы жағына.

– Рахмет, Сәбит аға. Жаңғыру ізгі мақсатқа жеткізе берсін.

– Лайым солай болсын!

 

Сұхбаттасқан – Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *