КҮНДІЗ КҮНІ КҮЛІП, ТҮНДЕ АЙЫ СҮЙІП ТҰРАТЫН АРУ АЛМАТЫ БҰЛ

Аялдамада көптен көрмеген сыныптас қызымды кездестіріп қалдым. Амандық-саулық сұрасқан соң, жол жиегінде тұрып біраз әңгіменің тиегін ағыттық. Ауылдан келіпті. Қаладағы өзгерісті байқаған сол сұлудың сөздері мені ойлантпай қойған жоқ. 

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

– Иә-ә, Алматы – біздің жастығы­мыз­дың куәсі. Талай тағдыр осы шаһарда тоғысып, жалғыз жүректер осында табысты емес пе?! Менің де Алматымен байланысты өз естелігім бар. Көкірек көзімді ашып, таудай талабыма жол сілтеген де осы құтты мекен ғой, бұл шаһар! Қалаға келмегеніме біраз уақыт болды. Ауыл шалғай болған соң жас баламен мұнда жиі келе бермейсің. Дегенмен, бір-екі жылдың ішінде Алматыда жаңалық көп екен. Қалай өзгеріп кеткен?! – дейді жан-жағына сүйсіне қарап. – Мына жаяу жүргіншілерге арналған жол­дарды қарашы, қандай тап-таза? Құдды бір үйіңнің ауласы секілді. Қаздай тізілген шамдарын қара! Жолдағы тәртіпті айтсаң­шы, автобусқа мінсең  «А» деген жолақпен кедергісіз зымырайсың.  Енді бірер жылда шет елден еш кем болмайды екенбіз ғой, – дейді тамсана.

Рас, біз күнделікті абыр-сабырда қала­мыздың қалай өзгеріп жатқанын байқа­майды екенбіз. Жан-жағыма көз жүгірт­сем, қарбалас тірлігі түнде де тоқтамайтын Алматыда өзгеріс шынында да көп екен…

Сөз жоқ, алып шаһар жыл сайын емес, ай сайын ажарланып, тіпті, күн сайын құлпырып келе жатқандай. Әрине, мұның барлығы оңай жүзеге асты дей алмаймыз. Кез-келген жеңіс қажырлы еңбектің арқасында келеді. Тіпті, көшелердің шаңын аспанға көтеріп, үздіксіз жүріп жататын жөндеу жұмыстары алматылықтарды мезі еткені де жасырын емес. Әлі де қаланы көркейту жұмыстары бізде шаш-етектен. Сол себепті, шаһарымыздың көркеюіне атсалысып, уақытша болатын жайсыздық­тарға түсіністікпен қарайтын барлық қала тұрғынына алғысымызды айтамыз. Осы жерде қайтсек қаламызды «Адамдарға жайлы қала» жасаймыз деген қала билі­гінің еңбегі зор екенін айтпауға болмас.

Байқасаңыз, қала мәдениетіне тың серпіліс әкелген бастамалар жетіп-арты­лады. Жаңа технологиялар мен заманауи материалдарды пайдалана отырып жүргі­зілген жұмыстар өте көп. Сол тынымсыз тірліктің арқасында бүгінде Алматы көшелеріне сән кірді. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар тұрғындар үшін жайлы екені айтпаса да түсінікті. Тротуарларға заманауи үлгідегі таскеспелердің (брус­чатка) төселуі көшеге ерекше көрік беріп тұр. Ал жол жиегін жағалай орналасқан отырғыштарда жастардың топ-топ болып әңгіме-дүкен құрып отырғанының өзі көше мәдениетін көрсететіндей. Біле білсеңіз, өзге қоғамдық орындар секілді көше мәдениеті де біздің өмірімізде үлкен орын алады. Өйткені, көше мәдениеті – сіздің шынайы бет-бейнеңізді танытатын бірден-бір орта. Сондықтан кез-келген адамның тәрбиесін көшеде келе жатып-ақ байқауға болады. Жол жиегіне орнатылған энергия үнемдей­тін көше шамдары қандай әдемі! Өзінше сән беріп тұр. Әсіресе, кешке жұмыстан қайтқанда самаладай жарқыраған шам­дар­дың өзі адамға жайлылық сыйлайды. Жерасты өткелдеріндегі өзгерістер бөлек әңгіме. Есіңізде болар, көлік қозғалысын қиындатпау мақсатында трамвай желісі жұмысын тоқтатқан болатын. Сол ескінің көзіндей болып қалған, тот басып жататын рельстердің бүгінде ізі де көрінбейді. Есесіне, веложолдар көбейді. Халық көп шоғырланатын орындарға, мектептер мен балабақшаларға бейнебақылау камера­ларын орнату жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Алматының арықтарына жан бітті. «Қоршаусыз қала» бағдарламасы аясында ғимараттардың қоршаулары алы­нып тасталды. Ескі аулалар ретке келті­ріліп, аулалар жаңа кейіпке еніп үлгерді. Қуанса, бала қуансын дейміз. Қаламыздың кішкентай тұрғындарына арналған бала­лардың ойын алаңқайлары жаңартылып, ойнайтын жерлеріне әдемі төсеніштер төселді.

Алматыда абаттандыру жұмыстары жыл сайын қарқынды жүргізіліп отырады. Ағаш көшеттерін отырғызу дәстүрге айналған. Міне, мұның барлығы шаһардың эстети­калық көркін аша түскендей. Жалпықа­ла­лық сенбіліктер өткізіліп, қала тазалығын басты назарда ұстаудың өзі де сауапты істердің бірі. Сіз, жазда жасыл желекке көм­керіліп, гүл-кілемге оранған Алматы­ның көрінісіне көз салыңызшы, шынында да әдемі. Оған  сүйсінбеу, тамсанбау мүмкін емес. Ел игілігі үшін маңызды деп саналған мәселелер ретімен шешімін тауып жатқанына міне, сіз бен біз куә. Әйтсе де, біз мұны байқамайтын сияқтымыз.

Әлі есімде, жолдар мен тротуарларды жөндеу жұмыстарына қатысты көшпелі кеңестерінің бірінде қала басшысының: «Алматылықтар жақсы жолмен күзде емес, жазда жүруі тиіс» дегені бар еді. Ендеше, бүгінгі жол бойындағы ерекше тазалық пен әдемі көрініс дәл осы сөздің дәлелі іспетті.

Иә, біз таңертең жұмысқа, кешке үйге жетуге асығамыз. Кейде жұмыста жүріп, бір күніңнің қалайша зу етіп өте шыққанын байқамай да қаламыз. Өзіңе міндеттелген шаруаны атқарып жүріп, қаладағы өзгерістерге мән бермей жататынымыз да сондықтан болар.

Айтпақшы, «…Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқал­майды» деген өлең жолдары есіңізде ме?! Міне, дәл осы жолдар бағанағы құрбым­ның сөзін құптағандай болды. Шынында да, біз күнде ауасын жұтып, суын ішіп жүрген әсем Алматымызды бағалай алмай жүрміз бе?! Әйтпесе, неге біз осы өзге­рістерге қуана білмейміз? Ендеше, көрікті мекенімізге қатысты жылт еткен жаңалық пен жан жадыратар жақсылықтарды елеусіз қалдырмай, айтып жүрейік! Сонда күндіз  күні күліп, түнде айы сүйіп тұратын ару Алматы өзінің ерекшеліктерімен сізді де, бізді де қуанышқа бөлей беретініне еш күмәнданбаймын!

«Сырт көз сыншы» ғой. Қаланың өзгерісін бірден байқағаны үшін құрбыма іштей риза болдым. Әйтпесе, біз мұндай кереметтерді әлі де бағалай алмай жүре берер ме едік, кім білсін?

Бұл менің құрбыммен әңгімеден соң түйген ойым еді…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *