КҮМІС САНДЫҚ

БҰРЫНҒЫНЫҢ АДАМДАРЫ-АЙ!

Біздің «Алматы ақшамы» газетінде «Бұрынғының адамдары-ай!» деген әдемі айдар бар. Оның кейіпкерлерінің әңгімелері де әдемі болып келеді. Олардың өмір жолы сондай қызықты әрі тағлымды.

Біз бүгін Алматы тұрғыны, «Алтын алқа» иегері, Еңбек ардагері, қазақ халқы бастан кешкен шерлі-шежірелі дəуірдің әр кезеңінің көзі тірі куәгері, 13 жасынан намазға жығылып, күні бүгінге дейін үзбей келе жатқан тақуа кісі, 85 жастағы ардақты ана Рысжан Шәлімбайқызының жастарға үлгі боларлық, ой түйерлік, қазақтың ұлттық салт-дәстүріне тұнып тұрған сырлы әңгімесін ұсынамыз.

 

Қыз-келіншектердің теңге ілуі

Қытай елінің Шекіртті жеріндегі Ақсай деген ауылында, тауық жылының (1934 жыл) желтоқсан айында дүниеге келіппін. Мен туғанда шешем Әнәпия сары аурумен ауырыпты. Емшілер сары ауру болған адамға бала емізуге болмайды, балаға жұғады деген соң, үлкендер жағы ешкінің сүті ана сүтіне пара-пар келетінін айтқан екен. Содан әкем Шәлімбай Қызай деген ру отыратын ауылға арнайы барып, астындағы атын беріп, егіз лағы бар ешкі алып қайтады. Соғымға сойылған сиырдың екі мүйізін кесіп алып, мүйізді ыстық суға қайнатып, ішін тазалап, ұшына малдың ішегін жалғап, емізік етіп жасап беріпті.

Өзімнен кейін дүниеге келген Кәлима деген сіңлім бар. Бүгінде ол Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Ақсеңгір ауылында тұрады, 83 жаста. Кенже інім Нұрәсіл о дүниелік болды, ол да өмір бойы Ақсеңгірде тұрып, өсіп-өнген азамат еді, жатқан жері жарық болсын.

Сөйтіп, мен үш жасқа толғанда нағашы апам Тұрғанбала мен атам Әлімжан Шекірттіден Мұңғұлкүренің Ақдала деген жеріне қоныс аударып көшіп кеттік. 16 жасыма дейін сол кісілердің  тәрбиесінде болдым. Атам мені 7-8 жасымнан  атқа мінгізіп үйретті. Атқа үйір болдым. Ол кезде сол ауылда менен басқа үлкен бала болмады. Ер балаша басыма қалпақ киіп, шалбарланып алып, ауылдың жылқысын қайырып, малын өріске айдаймын. Атпен көрші ауылдың адамдарын соғымбасы, ерулікке шақырып келетінмін.

Нағашы ата-апамның арқасында жетімдіктің тауқыметін көрмей өстім. 15-16 жасқа келгенімде апам мен атама еріп, күншілік жерде өтетін тойларға баратынмын. Басымда құндыз бөрік, үстімде қосетек көйлек, шашымызға шолпы тағып, күміс ер-тоқымды атқа мініп, сән-салтанатпен барушы едік. Үлкен аталарым Көдек ақын болғандықтан шығар, мен де  жастайымнан той-жиында айтыстың аламанына түсіп кетуші едім. Қыз-жігіттер қатарында айтысқан кездерім де аз емес. Ол кездегі тойлардың көркі өлең айту, қыз-жігіт болып екі бөлініп айтысу еді ғой. Бірде мені атам мен апам, жеңгелерім болып, үш күндік жерге тойға апарды. Сауқымбек деген байдың қызы Нәсілханның ұзатылу тойы еді. Сол тойда туысқан құрбым Гүлдархан, жеңгем Күміс, үшеуміз жігіттермен айтысқанымыз есімізде. Онда қыз-келіншектер киіз үйдің ішінде отырып, ал жігіттер туырлықты түріп қойып, керегенің арғы жағында, сыртта отырып айтысатын. Арасында халық әндерін де шырқаймыз.

Бізбен айтысуға Айт руынан Баймұханбет деген жігіт киіз үйдің кереге тұсына жайғаса кетті. Отырғаны сол еді, қаумалаған жігіттер жағы оны сөзбен қағытып, «өз руыңның қызымен қалай айтысасың» деп ұялтып та тастады. Сонда ол:

Керегенің басында темір қауға,

Бүркіт салған шығады биік тауға.

Білмеген у ішеді деген сөз бар,

Берейін жігіттерге орын сауға, – деп орнынан тұрып кетті. Баймұханбет – бүгінде елге танымал жыршы-термеші Әбдіберік Әділбековтің әкесі. Баймұханбет Айт руынан болғандықтан, қарындасымен айтысудан бас тартып, орнын басқаға берген. Ол кезде руы бір қыз-жігіттер өзара айтыспаушы еді. Содан, Баймұханбет сауға беріп (сауға – өзгелерге жол беру), орнына Мейірбек Оразбай баласы деген ұста жігіт келіп жайғасты. Мейірбек (айтыскер ақын Болатбек Оразбаевтың үлкен әкесі) ұста болған.

Сонда  Мейірбекпен айтыс үстінде:

Үйрей-бүйрей…

Бес қап өлең әкелдім, аузын түйрей.

Бес қап тұрмақ, дорбаның аузын шешсем,

Көрігіңді кетесің төмен сүйрей.

Қарағайдан жағып кел, көміріңді.

Шартылдатып соға бер теміріңді.

Қыздарға мақтанасың бұлғақ қағып,

Жігіт болып бойыңды бір күтпедің,

Күйелеш боп өткіздің өміріңді! – дегенім есімде бар.

Ұста жігітті сөзбен түйреп, осылай жеңдім. Ол жігіт сөзге тоқтап, жеңілгенінің айыбын  «бір тоғызбен» өтеді. Жанына сала келген бір тоғызы, білезік, жүзік, шашбау, сөлкебай, күміс әшекейлерін таратып берді. Ол кезде қыздар жағы жеңілсе де жігіттерге «бір тоғыз» үлестіретін. Оның құрамында  белбеу, қамшы, қалпақ, т.б. ер кісілер тұтынатын заттары болушы еді.

Сол тойда қатар-қатар тігіп тастаған киіз үйде үш күн ойын-сауық болды. Қыз қуу, арқан тартыс, көкпар, теңге алу. Сондай-ақ, «алты қарыс қазаннан теңге ілу» деген ойын болды. Оны тек әйелдер ғана ойнайтын. Сол тойда сол ойын ойнатылып, мен де тәуекел еттім. Алты қарыс тереңдіктегі қазанның бел ортасына дейін су құйылып, түбіне сөлкебай тасталатын. Қатысушы екі құлағын бекітіп, суға басын тығып, тілінің ұшымен қазан түбіндегі сөлкебайды қазан ернеуіне қарай айдап шығарып, тісімен тістеп алып шығу керек. Қазандағы суға басымды тығып, түбіндегі сөлкебайды ерніммен қымқыра қысып, алып шықтым. Әйелдер жағынан жеңгендер  болмағандықтан, менің жеңісіме көпшілік шулап кетті. «Сүйіндік атамыздың әруағы қолдады» деп қуанысып жатты. Содан мені ақ боз атқа мінгізіп, иығыма ақ шапан жапты. Ақ боз атты сол елге тастап кеттік. Ақ шапанды ере барған Зеріп деген апамызға жаптым. Ер адамдар ат үстінен теңге ілсе, қыз-келіншектер қазан түбінен  теңге ілетін де  осындай ойын түрі болған.

 

Менің қосағым

Он бес жасқа келгенде еркекшоралығымды тыйып, қыздың жұмысын істеуге бейімделе бастадым. Біз кесте, кергішке керіп тұскиіз, жүк жапқыш тігетінмін. Айдың жарығымен кесте тоқитынмын. Көзім сондай өткір болатын. Шашым қалың, әрі ұзын еді. Тоқпақтай ғып екіге бөліп өрген бұрымым жер сызып жүретін. Ұзындығы сондай, жерге шұбатылған шашымды түнде ақсүйек ойнағанда жеңгелерім отырған жерімде артымнан келіп, шөпке байлап кететін.

Содан 1949 жылы күз айында 16 жасымда Ақдала деген жерде нағашы аталарым Әлімжан, Тәкімжан, нағашы апам Тұрғанбала жылқы, сиыр сойып, үш күн бойы ұлан-асыр ұзату тойымды жасады. Көкпар тартылып, өлең айтылып, дәстүрге сай түрлі ұлттық ойындар ойнатылды.

Жолдасым Тұрысбек Нарынқолдың көмірші ауылындағы Жүрекқора деген жайлауында дүниеге келген. Тағдырдың айдауымен, қытай жеріне бала кезінде барған. Бірақ әке-шешесі ерте қайтыс болып кеткен. Сөйтіп, әкесі Әбілбақыдан 7 жасында, анасы Мәсәлімнен 12 жасында жетім қалған. Тұрысбек қамқор-қорғаныш болар бауыры да жоқ, еңбекке ерте араласқан. 12 жасында шалғымен зорыққанша шөп шауып, бұғанасы қатпаған баланың қабырғасы қисайып ішіне кіріп кеткен кезі де болған.

Шешесі дүние саларында баласын менің анама табыстап тұрып:

– Әнәпия, жалғыз ұлымды о дүниеде сенің қолыңнан алайын, – деп аманаттаған екен. Сол аманатқа қиянат жасамай, анам мені Тұрысбекке қосты. 1948 жылы шаңырақ көтердік. Өмірдің ащы-тұщысын бірге көріп, 52 жыл отастық. Бір-бірімізге қамқор болдық. Ол жетімдік өмірмен шыңдалған, шарболаттай қайралған нағыз еңбекқор азамат еді. Бала күнінде жалғыздықтың тауқыметін көп тартқан Тұрысбек шаңырақ көтергенде Алладан көп балам болса екен деп тілеген. Солай болды да. Бірақ өзі балаларының қызығын көре алмады. 69 жасында дүние салды.

1963 жылы сәуірдің 25-і күні қытайдан 50 үй болып шекарадан сәбетке, бәріміз бір күнде өттік. Мұңғұлкүре деген жерден Сүмбе шекарасына дейін 50 үйді жүк мәшинесімен алып келді. Өзімізбен бірге көп жүк әкелмедік. Жасауыма берген сары самаурын мен күміс сандықты, киім-кешек, төсек-орындарымызды ғана алдық. Шекарадан бізді сәбет әскері қабылдап алды.  Бір күн шекарада далаға алтыаяқ тігіп түнедік. Келесі күні төбесі брезентпен жабылған қаптаған мәшине келді. Жасы алпысқа тақаған ұзын бойлы, сары кісі «Қастек» қой совхозының «селсәбеті» екен. Аты есімде қалмапты. Бізде қой бағатын адамдар аз, барасыңдар ма деп сұрады. Бізде ерік қайдан болсын, барамыз дедік. Содан Сүмбе шекарасынан кешкі сағат 6-7-лерде шығып, таң атқанда Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылының кеңсесінің алдына әкеп түсірді. Үңгіртастың төрт фермасына 50 үйді бөлді. Біз 4-ші фермаға бөліндік. Бастығы Анарбек Тұматаев деген кісі екен.

 

Қыз жасауы

Әлгіндегі шекарадан Сәбет жеріне арқалап өттік деген қара сандығымның тарихын айтып берейін, қызым. Иә, көне тарихтың көзіндей күміс сандығым болды. Ол сандық ел басына күн туған үркіншілік заманда шекара да асқан. Кейін Сәбет еліне қайта оралған сандық.

Бұл күміс сандықтың шебер қолынан шыққанына екі ғасыр анық болған шығар-ау. Тіпті үш ғасыр болуы да мүмкін, есептеп көрмеппін. Бұл сандық талай тарихи оқиғаның, талай жанның тағдырының куәгері десе де болады. Күміс сандықтың қабырғалары мықты ағаштан жасалған. Бетіне   қапталған қара велюр матаның үстіне гүл, қошқар мүйіз пішіндегі 60 тал  күміс бедер қағылған. Бұл сандықтың қолыма қалай түскенінің тарихын айтып берейін.

Күміс сандық Ниязбек байдың келінінің жасауына келген бұйым екен. Ниязбек бай – менің үлкен аталарым. Бай болған, қажыға үш рет барған адам. Руы – Албан ішіндегі Айт-Сүйіндік. Ол кісінің көзін көрмедім. Жайлауы Нарынқол жақтағы Қарқара болған. Мың-мыңдап жылқы айдаған. Ниязбек байдың келінінің артынан осы күміс сандық келген екен. Содан Құрманбай деген әкеміз жас келінді өзінің қарашаңырағына шақырады. Сонда Құрманбайдың үйіне «отқа салу» ырымын жасап, күміс сандықты алып келген екен. Содан бастап Құрманбай атамыздың үйіндегі әжеміз сандықты тұтынған. 1916 жылы патша жарлығына қарсы шығып, қалың албанның басына қысым түскенде, осы сандыққа күміс жамбы, тайтұяқ, алтын салып, Құрманбайдың баласы Иса таудағы тас арасына тыққан екен.

Иса қайтыс боларында баласы Шәлімбайға: «Күміс сандықты тауға апарып, пәлен жердегі тас арасына тықтым. Жанындағы жалпақ тасқа адамның суретін қашап салдым, соны тауып ал. Сол саған өміріңе жетерлік азық болады», – деп өсиет айтып кеткен екен. Әкесінің аманаты бойынша Шәлімбай әкем сандықты іздейді, бірақ таппай, салы суға кетіп, талай рет үйге бос қайтады. Сонда шешесі Меруерт (Исаның әйелі): «Балам, сандықтың ішінде  алтын бар. Алтынның буымен  қорым тас төмен қарай тартады. Сондықтан таудың етек жағынан іздегенің жөн», – деп кеңес береді. Шәлімбай сандықты қайталап қанша іздесе де таппайды. Сонда анасы: «Оны ешкім алған жоқ, қолыңның бір саусағын қанатып, қанын тасқа тамыз. Қан тамған жерде алтын тоқтайды деген ырым бар», – депті. Содан әкем анасының айтқанын істеп, саусағының қанын тасқа тамызып, адамның суреті қашалған жалпақ тас жанына тығылған күмістелген сандықты тауып алады. Сандықтың бетін қаптаған қара былғары аппақ болып күнге күйіп кеткен екен. Бірақ бетіндегі күміс жарқырап тұрыпты. Содан сол кездегі саясаттан қорқып, сандықты түнде үйіне жеткізіп, аруақтарға Құран оқып, ас береді. Содан бастап Меруерт әжем сандыққа ие болып қалған екен.

Тарихтың талқысына түскен қазақтар үркіншілік жылдары Қытайға көшкені мәлім. 1932 жылы сәбеттегі қазақтарға түскен қысымшылық тұсында, үркіншілікпен әке-шешем де қытайға өтіпті. Сонда әкем Шәлімбай  жаяу-жалпылап, арқасына осы күміс сандықты арқалап, шекарадан өткен екен. Оны Меруерт әжемнен ұзатылып бара жатып естідім. «Әкең марқұмның бұл сандыққа еңбегі сіңген еді. Сонау сәбет жерінен  көшкенде, шекарадан арқасына салып өткен сандық қой бұл!», – деп, әжем сандықты менің жасауыма қосып берді. Мен ұзатылғанда әжем сексен жаста еді. Қолындағы күміс сандық пен Николай патшасы кезінде жасалған сары жез самаурынды менің жасауыма қосты. Сандықтың бетіндегі қаңсып кеткен қайыстың орнына қара велюр матамен қаптатып, күміс түйме оюларды бетіне қайта қондыртып,  жаңғыртып, жөндетіп берді. Содан бастап күміс сандық менің еншіме тиді. Сол кезде мен жолдасым Тұрысбек Әбілбақыұлымен шаңырақ көтердім.

Содан Сәбеттен қытайға әкем арқалап барған сандықты енді біз жолдасым екеуміз кері арқалап келдік. Жылдар бойы малшылық кәсіппен тау-тасқа көшіп жүрсек те, атқа, түйеге қомдаған жүкпен бірге осы күміс сандықты артып жүрдік. Қажетімізге тұтындық. Өзімнің күміс әшекейлерімді, киімдерімді салып пайдаландым. Менің қолыма түскелі бері де 72 жыл өтіпті.

Кезінде жарықтық Иса атамның ұлы Шәлімбайға: «Егер сандықты тас арасынан тауып алсаң, балаңның баласына азық болады», – деп айтқаны сәуегейлік екен. Міне, сол күміс сандықты тарихи дүниенің ғұмыры ұзарсын, ұрпаққа жалғассын деген ниетпен, осыдан бірнеше жыл бұрын, нақтырақ айтсам, 2015 жылы бір қызыма  мұра ретінде бердім.

 

Ағысқа қарсы жүзгендер

Бұрынғының адамдары еңбекқор еді. Біз Қытайдан келген бойда үзбей 37 жыл мал бақтық. «Қастек» асыл тұқымды қой совхозында ақ қоймен алысып жүріп өміріміз өтті. Осы жылдар ішінде шаруашылықты басқарған көптеген басшылармен де, кәсіптес малшылармен де аралас-құраластықта өмір кештік. Әсіресе, 4-ферма бастығы Абықан Мырзахметов пен оның жары Тоқан сондай бір ақжүрек, адамның қідірін білген аяулы жандар еді. Сыйласып, ұзақ жыл араластық. Бүгінде екеуі де мәңгілік мекеніне кеткен. Жақсы адамдардың өмірі олардың Болат, Бағдат деген ұлдарымен жалғасып жатыр бұл күні.

Үңгіртас ауылдық ауруханасының бас дәрігері болып ұзақ жыл жемісті де абыройлы еңбек еткен Жанарбек Жидебаев және зайыбы Қорланмен де сыйлас, бауыр болдық. Балаларымның денсаулығын тексеріп, үнемі көмек, қолдау көрсетіп тұрды. Жақсы адамдарды ұмыту мүмкін емес. Мен осы бір аяулы жандарды әлі күнге жаныма жақын көріп тұрамын.

Ол кездің адамдары адал-тын. Өз пайдасын ойламай, өкіметке адал еңбек ететін. Өкіметтің ақ қойын аман өсіріп, басын көбейту үшін қатар жүрген талай малшы жанын жалдап жұмыс істеді ғой. Мұқан Көккөзов деген замандасымыз да ақ қойға өмірін арнаған жан еді. Жігіттің жақсысы еді, марқұм болып кетті. Үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар мал айдады. Шопандар арасында  «Социалистік жарыс» деген болатын. Өкіметтің 100 бас саулық қойына 200-ден қозы берді сол Мұқан замандасымыз.

Жылдың төрт мезгілінде де мал жағдайына қарай көшіп-қонумен жүрдік. Біз төккен терде есеп болмады. Саулық қой баққан жылдар біздің көп күш-қайратымызды, денсаулығымызды алды. Орда бұзар отызда едік. Жастықпен ағысқа қарсы жүздік. Ауыр еңбекке төздік. Балаларымызды да еңбекке, төзімділікке біздің күнделікті іс-әрекетіміз тәрбиеледі.

Жарытып емізе алмаған қойлардың қозысын балаша күтуші едік. Әрқайсына сиырдың сүтін жеке-жеке емізік бөтелкемен бердік. Жаурап  жатқандарын жылы жерге, ошақ қасына тасыдық, үстіне жылы жамылғы жаптық. Сонда бар ойымыз мал басын аман алып қалу еді ғой. Озат шопан атандық. Өкіметке әр жүз саулықтан 150-180-ге дейін қозы бердік. Иә, қалың қарды кешіп жүріп қой қоздаттық, алыс-алыс «отгондарға» аптаған ыстықта  апталап қой айдап, көшіп қондық. Таң бозарып атқаннан күн ұясына қонғанға дейін жолдасым мал соңында жүрді. Қарға да, тұманға да, жаңбыр, ұйытқып соққан желге де, шыжыған күнге де қарсы жүріп, өз ісіне адал болды. Жәй жүрген жоқ, табиғат құбылысының терең сырын ұқты, аң-құс, жан-жануар, өсімдік әлемінің құбылысын қадағалап, көңіліне тоқыды. Тұрысбек марқұмның дала пәлсапасына, мал жағдайына жетіктігіне, шебер білетініне жергілікті жердің қарияларына дейін таңғалушы еді.

1985 жылы Қара теңіз жағалауына 24 күнге тегін жолдама алдық та, жолдасымыз екеуміз тынығып қайттық. Болгария елінде теңіз суына шомылдық, Мәскеуді аралап көрдік. Жамбыл ауданы бойынша еңбекте озат болған шопандар мен механизаторлар және басқа еңбек адамдарын топтастырып апарған  арнайы сапар болды ол.

 

«Отар қой өзімді жей жаздаған…»

Өкіметке қайтарымсыз еңбек еткен сол жылдардан бір естелік айтып берейін, қызым. 1969 жылы қыс қатал болды. Ол тарихта жұт жылы болып қалды. Алты ай қыс, әсіресе, малшылар үшін азапты болды. Алмалы қыстауының Төсбастау деген жерінде саулық қой бағып отырдық сол жылы. Әдетте Алмалыда қар жатпайды. Ескі Алмалы, Төсбастау, Талдыбастау, Қопалы деген жақын жерлердің бәрінде малшылар отырды. Сол жылы қалың қар жауды. Қалың қардан жолдар жабылып, Алмалыға мәшинелер қатынай алмай қалды. Сонда Алмалы деген орталықтан қыстауға жолдасым екеуміз атпен теңдеп жүк тасыдық. Малға шашып шөп бердік.  Күндердің күнінде ол шөп те таусылды.  Шашатын шөп жоқ, қалың отар ішінде тұрып қалғаным сол еді, қойлар менің үстімдегі халатты жұлып жеп барады. Қорқып кеттім. Отарда мың бас қой болатын. Жолдасым қиыннан жол табатын ақылды азамат еді. «Отарды тауға айдап жаймасақ, жағдайымыз қиын», – деп шешті. Болмаса, мал бір күнде қырылғалы тұр. Содан тауға қарды бұзып жол салу машақатын бастап кетті. Бір атқа өзі отырып, келесі атты жетегіне ертіп арлы-берлі жүріп, әрең дегенде қардың көбесін сөкті. Артынан серкештерді айдап, жолдың қарын таптатқыздық. Кәдімгідей жол ашылды. Тауға малды айдап бардық. Бір атқа өзі отырып, алдына Күлбүбі деген нәресте қызымызды алды, екінші атқа мен міндім. Аш мал барғаннан таудың сарымсағын, жусаны мен тобылғының басын жеп, лап қойды. Мал тойып, жетісіп қалды. Үрлеген қарлы жел жолды қайта бастырып тастайтынын ескеріп, сол күні біз тауда қондық. Тауда қасқыр көп. Тастан ошақ жасап, түнімен от жағып малды күзетумен отырдық. Қыстаудағы үйге Тұрысбек барып, шәугім, тамақ алып келді. Ертесі малды жайып, қайтарда қыстауға қайта қарды «бұзып» жол салып, малды айдап қайттық.

Күнде сол әдіспен жол ашып, қойды қыстай тауға жайдық. Тұрысбектің теріден өзім тігіп берген екі қолғабы сол бір қыста-ақ жұлым-жұлымы шығып тозып кетті. Өйткені, таудағы бұтаны үнемі қолымен сындырып, от жағумен болды. Сол жылғы жұттан совхоз малы қырылып қалды. Біз жолдасым екеуміз бір отар қойды аман қыстан алып шығып, көктемде 5-ферма деген жерге көктеуге көшіп келдік. Сол жұт жылы ұзынаяқ жылқы малы азығын тауып жеді. Ал ұсақ мал, сиыр, қой қырылып қалды. Адамдар суықтан үсіп өлді.

Аңырақай жазығында үйір-үйір ақбөкен жосып жүретін. Ел арасында «Аңырақайдың ақақайы» деген сөз бар. Алмалының тұсында Қорғандысай деген жер бар. Сол жерде жалаңаш кейіптегі әйел айғайлап жүреді екен… Көрінетін адамға ғана көрінетін сол бейнені көпшілік жұрт «Аңырақайдың ақақайы» атап кеткен.

Қарақия жайлауында отырған едік, аудандық «селсәбет» шақырды. Кенжеміз Ғалияны көтеріп Ұзынағашқа автобуспен бардым. Он балаға берілетін «Алтын алқа» медалін тақты. Қуанышқа дастархан жасап, шәй іштік. Оларға да кәмпит, шампандарыңа деп ақша бердім. Сонда егде келген орыс әйел аздап қазақша біледі екен:

Өзің бала арқалап, бір қолыңа қоржыныңды қысып, май-құртыңды салып алып, арқа етің арша, борбай етің борша болып, шаршап-шалдығып жүргенің не! Енді бұлай жүрме! Мәшине ал, саған адрес берейін, Мәскеуге орысша  хат жаз, үкімет тегін мәшине береді, сен секілді он баласы бар анаға, – деп жанашырлықпен ақыл айтып, жол көрсетті. Ол кезде орысша хат жазу қайда. Жақын араласып жүрген жекжат аға бар еді. Өзі Үңгіртас орыс мектебінің директоры, ҰОС ардагері Ораз Тұрысбеков деген, қайырымды да білімді азамат-тын. Сол кісі Мәскеуге, Кремльге хат жазып берді. Содан поштамен хатты салып жібердік. Көп кешікпей Мәскеуден пойыз арқылы су жаңа «Москвич» мәшинесі келіп жетті. Тегін берді. Біз тек пойыз тасымалының ақшасын ғана төледік. Содан бастап Тұрысбек мәшине айдауды өз бетімен үйреніп алды. Сары «Москвичпен» орталықта оқитын балалардың жағдайын біліп, оларға азық-түлік жеткізіп беретін болдық.  Жаяу-жалпылап жүрген өміріміз сәл де болса жеңілдеді. Біраз жыл сол мәшиненің қызығын көрдік. Әлгі қайырымды орыс әйелдің адамгершілігін  жылдар өтсе де ұмытпай, отыра қалған  жердің бәрінде  айтып жүремін.

 

Бауыржан Момышұлының батасы

1969 жылдың қараша айы. Ескі Алмалы деген «отгонда» мал бағып отырғанбыз. Бір күні орталығымыз саналатын Үңгіртас пен 200 шақырым жердегі біз отырған Алмалының арасына қатынап тұратын кезекші көлік келді. Совхоз басшыларынан «Үңгіртаста жаңа салынған клубтың ашылуы болғалы жатыр, оған Алматыдан Бауыржан Момышұлы, Роза Бағланова және де басқа әртістер келеді. Алмалы қыстауындағы малшылар осы мәшинемен орталыққа жетсін» деген хабар алдық. Содан Аңырақайда бірнеше  малшы, қойма меңгерушісі Қамысбаев Садық, әйелі Зейнеп бар, бәріміз жиналып, малымызды көршілерге табыстап, ашық мәшиненің үстіне отырып, Үңгіртасқа жеттік. Келсек, жаңа салынған клубтың алдында жылқы сойылып, қазан асылып, қарбалас дайындық болып жатыр екен. Біз де өзімізбен бірге әдеттегідей құрт-майымызды қоса ала барғанбыз. Барған бойда қазан-аяққа араласып кеттім. Бір кезде өзімізбен малды ауылдан бірге келген Әшім деген шопан әйел маған келіп: «Ырыс (менің атымды солай атайтын), жүр, клубтың есігінің алдында Баукең отыр, сол кісіге амандас. Сенің үстіңде қазақы ұзын көйлегің, басыңда орамалың бар, ол кісі қазақы кісі», – деді. Клубтың кіреберіс есігінің алдына креслоны қойып алып отырған Баукеңе қарай беттеп келе жатып, Әшім құлағыма сыбырлап:

– Роза Бағлановалар ішке кіріп кетті, сахнада дайындық жасап жатыр екен. Ал клубтың алдында Баукең отырған соң, ауданнан келген ашық-шашық киінген әртістер кіре алмай тұр. Сен барып Баукеңмен амандасып, сөзге тарта тұр. Сол уақытта әлгі әртістерді клубқа кіргізіп жіберейін. Болмаса Бәукең ондайды көрсе ашуланады, – деді. Баукең отырған баспалдақтың тұсына жақындай бере еңкейіп иіліп сәлем салдым. Тағы бір адымдай ілгері жылжып барып  екі қолымды кеудеме қусырып, тағы да иіліп сәлем беріп едім, Баукең дауыстап:

– Бері кел, бері кел, қазақтың келіні! – деді. Даусы жуан, гүрілдеп, ірі сөйлейтін кісі екен. Үстінде қара пәлтесі, басында көк шләпісі бар. Мұрты қап-қара. Жақындап жанына бардым. «Шырағым, арғы аталарың кім, қай жердің тумасысың, не істейсің?», – деп менен біраз жөн сұрады. Мен де жөнімді айттым. Жасым 37-де  болатын. Аяғым ауыр, ішім шамалы білініп те қалған. Үстімде күлгін түсті қосетек крепдишин көйлегім, омырауында  күміс түймелері мен қапсырмасы бар қара оюлы зәлеткем, білегімде білезік,  басымда көк салы орамалым бар болатын.

Осы қазақылығыңнан айырылма, қолыңды жай, қарағым, батамды берем, – деді. Бір кезде артқы жағынан сегіз өрім жуан қамшысын суырып алғанда, жүрегім су ете түсті.

Бағана ана жақта (меңзеп) «жалаңбұт» қыз-келіншектер жүр екен. Мені баса-көктеп өтетін болса, осы қамшымен салайын деп отыр едім. Сен қорықпа, сені ұрмаймын. Көрсетіп жатқаным ғой, – деді. Баукеңнің сөзіне Әшім екеуміз күліп алдық.

– Ой, Бәуке, заманына қарай ғой, оларды ұрып қайтесіз, одан да келініңізге батаңызды беріңіз, – деді Әшім. Баукең қолын жайып маған батасын берді. Батаның сөзін нақпа-нақ ұмытып қалыппын. Бірақ «Өмір жасың ұзақ болсын, қосағыңмен қоса ағар, Алла тағала сені осы ұлттық салт-санаңнан ажыратпасын, ұл тап! Ұл тапсаң, атын Бауыржан қой», – дегені есімде.

Артынша мен қазан-ошаққа айналып кеттім. Клуб ішіне жайылған дастарханға қонақтарды жайғастырып, алдарына ет тарттық. Баукең табаққа   бата жасады. Тамақ үстінде де: «Жаңа есік алдында отыр едім, осы «Қастек» қой совхозының бір келіні маған сәлем жасады, оған батамды бердім», – деп, жаңалап тағы айтты.

Сол күні клубтың ашылу салтанатына үлкен концерт қойылды. Жиылған жұрт қалың болды. Бауыржан ата соғыс жылдарындағы қазақ балаларының әскери дайындығы, оларды өз іріктеуімен қабылдағанын, оларға қойған талабы туралы әңгімесін айтып, Роза Бағланова әнін шырқап, келген үлкен автобустарымен түн ішінде қалаға қайтып кетті. Клубта өзіміз түнімен тойлатып, Бауыржан атаның келгенін «жуып», маған берген батасын да «жуып», таң атқанда Аңырақайға біз де жүріп кеттік.

Содан келер жылдың көктемінде Аңырақайдан (қыстаудан) көктеуге  Мыса өзенінің жағасындағы Көкбастау деген жерге жүк мәшинесімен  көшіп келдік. Тұрысбек отар қойды айдап артта қалды. Жүкті түсіріп, көрші әйел екеуміз үй тігудің қамына кірістік. Жанымда екі кішкентай қызым Гүлнәр мен Ұлдан ғана бар. Үйді тігіп болғаным сол еді, толғақ қысты. Үй тігіскен көрші әйелден  астан-кестең болып тасып жатқан Мыса өзенінің арғы бетінде отыратын Алқамбай деген жылқышының үйіндегілерді шақырып келуін сұрадым. Ол өзеннің бергі бетінде тұрып айғайлап, арғы беттегілерді көмекке шақырды. Артынша жылқышы Алқамбай бәйбішесі Сейдім мен тоқалы Топаны атқа мінгізіп бері судан өткізіп жіберіпті. Олар түсе сала «жарысқазан» жасаудың әрекетіне кірісіп, маған «үлпершегің» бар ма еді деді (егер әйел толғатып жатқанда мал соятын жағдай болмаса, алдын-ала соғым етінен қарынға салып қоятын етті «үлпершек» деп атайды).

Жылқының соғым етінің ішінен «үлпершекті» тауып бердім. Олар дереу қуырдақты қуырып, қазанды жаныды. «Жарысқазан» пісіп, Сейдім бата жасағаннан кейін-ақ, шыр етіп дүниеге ұл бала келді. Бұл 1970 жылдың 8 наурызы еді. Алқамбай деген үлкен кісі қой айдап келе жатқан Тұрысбектің алдынан сүйінші сұрауға кетті.

Көрші сайда Ермек Далабаев деген малшы отырушы еді, сол шауып келіп:

– Өткен күзде Баукең батасын беріпті дегенді естіп едік, бауыры берік болсын! – деді. Көкбастауда бесік той жасадық. Балаға атаның аманаты бойынша Бауыржан деп ат қойдық. Қазір Бауыржан  өзі де балалы-шағалы. Ұзынағашта тұрады.

 

Қазақтың құрт-ірімшік, сүт-қаймағы

Біз Асусай, Қарақия жайлауын жайладық. Бұрын, тауға жол түспей тұрған жылдары 15 жылдай   Қызылауыз деген жерге дейін ғана мәшинемен жүктерімізді апарып, әрі қарай түйеге, атқа жүгімізді қомдап, артып, жайлауға баратынбыз. Жайлауға бір үйге керек заттың бәрін теңдеп көшу деген үлкен азап еді ғой. Оның үстіне айдаған отар мал, ірі қара бар. Сол қиындықты ескеріп, Тұрысбектің ақылымен жылда жайлаудан көшерде артық-ауыс ыдыс-аяқты, газ плиткасын Қарақияның тас жартастарына қуыс тауып тығып кететін едік. Келер жылы жайлауға келгенде сол орыннан тауып ала қоятынбыз. Он бес жыл солай көшіп жүрдік. Кейін жол жөнделе бастағанда, Қарақия жайлауына жүк мәшинесі көшіріп апаратын болды. Көшкенде күн жауынды болса, атпен қой айдап, бірнеше жас баланы алдымызға алып, итшілеп жететінбіз. Бірде Сартекше деген жерден ат тайғанақтап жүре алмады. Тау тым құз болатын. Аттан түсіп Ғалия мен Бақытжанды кезек-кезек өрге қарай арқалап, жаяу тасыдым. Бірін өрге жеткізіп, екіншісіне ылдиға қайта келгенімде бақырып жылап отыратын. Екеуін кезек-кезек көтеріп қия тастан өттім. Тұрысбек қатар қапталда мал айдап келе жатқан.

Біз барғанда  жайлау тұнып тұрған көкорай шалғын болатын. Мал аяғы баспаған, адамның белуарына дейін шөп, мың түрлі гүл. Қызылды-жасылды тамылжыған тұмса табиғаттан көз ала алмайсың. Жайлаудағы рауғашты турап,  балаларға лағман да жасап беретінмін. Сылдырап ағып жатқан  бұлақ  тұсында, қарағайдың етегінде жұртымыз болды. Жыл сайын сол жұртқа түсе сала, бала-шаға болып жабылып киіз үйді тігуге кірісіп кететінбіз. Үш ай жайлауда отырамыз. Бұл керемет күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Етті, құртты, ірімшік, қаймақ, сүт – бәр-бәрін өз қолымнан баптап жасаймын. Ши өреге ет, құрт жайып, ірімшік кептіруші едім. Демалысқа шыққан балаларым осы істің бәрін көздерін тырнап ашқаннан, ұйықтағанға дейін маған көмекші болып жанымда жүріп жасасты. Өздері де талай дүниені үйренді.  Бие де, сиыр да,  қой да  саудық. Қарын-қарын май алдым. Ол кезде теледидар жоқ. Ермегіміз қара радио еді. Соны қайда көшсек те тастамай алып жүретінбіз. Таудың ең биігінде отырғандықтан ба, антеннасы керемет ұстайтын. Қазақ радиосы үнемі саңқылдап тұратын. Тамыз айының аяғында ел жайлаудан көше бастайды. Біз де балаларды ертерек ойға түсіріп, оқуға жіберетінбіз. Тауға мәшине кезегі келгенше жүкпен өзіміз қалатынбыз. Үйді жығып тастап, алтыаяқпен отыратынбыз, мәшиненің жолын тосып. Балалардың мектеп формасын, басқа да киім-кешегін біз отырған шоқының астындағы  Қырғызстанның  Ақтұзынан барып әкелуші едік. Ол жерде  шахта болғандықтан, дүкенінде небір табылмайтын тауарлар толып тұратын еді.  Балаларға сол жерден мектептің киімдерін, керек-жарағын сатып беруші едік. Бірде Тұрысбек қойды айдап ойға кетті. Алтыаяқпен өзім ғана қалдым тау басында. Түнімен қасқырлар келіп ұлыды. Қорыққанымнан от жағып, мылтық атып ес қылдым.

Құлансаз деген жайлауда шопандар слеті болушы еді. Оған күміс ер-тоқымды аттарымызды ерттеп, жақсы киімімізді киіп, месімізге қымызымызды құйып барушы едік. Сонда озат еңбек еткен шопандарға  алғыс ретінде атластан тігілген, «Озат шопан» деген жазуы бар лентаны кеудесіне көлденеңдеп ілуші еді. Соған мәз болушы едік.

Жайлау, күзеу-көктеу, қыстауда да қатар қоныстанған замандастарым – Мұқан Көккөзов пен жары Ұлтуар Әбдірақынқызы, Мұқат Сатыбаев пен әйелі Нұржай Қанағатова, Мұса Ақбаев пен қосағы Мекенжан Әбдібаққызы, Асқар Мұстафаев пен зайыбы Ұлжан Сатыбаева, Батырхан Иманбеков сынды шопандар еңбектің адал үлгісін көрсетті. Жан-дүниелері кең, қазақы болмысты сол бір көз көргендерді бұл күнде сағынышпен еске аламын.

Жаз жайлауда үйден қонақ үзілмейтін. Ысталған меске бапталған сары қымыз біздің үйден үзілген емес. Соны іздеп шаруашылықтың басшылары да, қатар жүрген шопандар да қонақ болып түсіп жатушы еді. Қымыз ішіп, қуырдақ жеп, дуылдасып әңгіме айтып жырғап қайтатын. Жайлауға жеткенде біздің де қабағымыз жазылып, қыстайғы ауыр еңбектен қажыған көңіл-күйіміз көтеріліп, арқамыз кеңіп қалатын едік. Соның бәрі өтті де кетті, түс сияқты бүгінде…

 

Жылқы – текті жануар

Атам заманнан қазақтың ер-азаматтары жылқы малына жақын болған ғой. Тұрысбек те жорға, бәйге аттарын баптаудан, асауды үйретуден алдына жан салмайтын. Қымыздың  қасиетін де, тіл үйірер дәмін де, шипасын да біз жас кезімізде бір адамдай-ақ татып, біліп, бағалап өстік.

Сары қымызды сапырып ішуші едік қой жас күнімізде. Жайлауға бара салып бие байлаушы едік. Құлындардың  басына ноқта кигізіп ұстап, екі қада ағашқа керілген желіге қатар-қатар байлайтын едік. Екі қазыққа және желінің өн бойына май жағылатын. Оны ер адам атқарады. Олбие майлы, сүтті болсын деген ырымды білдіреді. Саумалды ашыту үшін оған қара саба керек. Оны да тігіп, дайындаудың өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Оған да ептілік керек. Тұрысбек саба тігуге де шебер еді. Саба жылқының терісінен тігіледі. Алдымен жылқының қатпаған, жас терісінің түгі ұстарамен тықырлап алынады. Сосын оны жерошақтың аузына қойылған ағашқа қаптап, ошаққа қарағайдың бүрі мен  арша ағаштарын жағып, соның ысына ыстайды. Сабаны әр екі жыл сайын жаңартып тігіп отыратынбыз. Шамамен екі жылға шыдас беретін. Сабадағы саумал өзі ашып, қымыз бола қалмайды. Оған қор керек. Қорды жайлауға бұрынырақ қоныстанып үлгерген бие байлаушылардан арнайы барып алып келетінбіз. Қор берген үйдің сабасына ақ шүберек байлап кететінбіз. Өйткені, қымыз ашытқан қара сабаның жолы үлкен. Саумалға қор қосып, сабаны үзіліссіз піспекпен пісу арқылы бал қымыз алушы едік. Алғашқы қымызға көрші отырған малшыларды шақырып, қой сойып, ет асып, нан пісіріп, дастархан жасап, әруақтарға Құран оқып, қымызмұрындық беруші едік. Құдайы тамақ, бесікке салу, ерулік, қымызмұрындық деген жиындарда да бір-бірімізді шақырысып, шағын той-томалағымызбен жайлаудың сәнін келтіріп  жатушы едік. Үлкендер батасын беріп тарқасатын.

Қарасаба – үйдің берекесі. Қымыз ашытудың да бабын білу керек. Сабадағы қымызға қымыз ірімеу үшін құйрықмай салынады. Сабаны піспекпен көп піскенде ғана жылқы сүтінен май түседі. Қалқып жүретін майымен ішетін қымызды.

Қымызға байланысты ертеде естіген бір әңгімемді айтып берейін.  Біздің үлкен аталарымыз Қожбанбет ата. Қожбанбет – батыр, би, бай болған. Бір күні жазықта жылқысын бағып жүрсе, алдынан бір топ жолаушы шығып, амандық-саулық сұрасып: «Байеке, үйіңізге түсіп, қымыз ішейік деп едік», – деген екен. Сонда Қожбанбет ата: «Үйге бара беріңіздер, соңдарыңыздан өзім де барамын, үйде келінім, қызым бар, солар сусын береді», – дейді.

Содан жолаушылар мама ағашқа аттарын байлап, үйге кіріпті. Үй ішінде келін жүр екен. Әлгі келін жұлқынып, үйде ыдыс жуатын су жоқ деп, қымыз құйылған сабаны аяғымен теуіп-теуіп кеп жіберіп, сусынды қымыз құятын көнек деген шелекке құйыпты. Сонда сабаның ішінен бір үйрек пыр етіп ұшып шығып, шымылдыққа кіріп кетіпті. Содан келін ыдыстарды қымызбен жуып, қонақтарға қымыз ұсынса керек. Қонақтар қымызды ішпей қояды. Содан үйіне Қожбанбет ата келіпті.

– Оу, қонақтар, неге қымыз ішпей отырсыздар? – депті.

– Ой, байеке, жайғасыңыз, біз де көргенімізді айтайық. Кесірлі келініңіз бар екен, кесапатты ұлыңыз бар екен. Келініңіз ыдыс жуатын су жоқ деп сабаны аяғымен теуіп еді, қызырыңыз сабадан шығып, шымылдыққа кіріп кетті. Ол жерде кім бар еді? – деп сұрайды. Қожбанбет ата шымылдықтың ішінде қызым бар еді дейді.

– Ендеше, қызырыңыз қызға қонды! – деген екен қонақтар. Содан Қожбанбет ата отарынан ақсарбас қойды алдыртып, қызына оны ұстатып, қызырым қызыма қонсын деп қонақтардан бата алған екен дейді. Содан бастап Қожбанбет руынан тараған қыздарың барған жері қанша сіңірі шыққан кедей болса да, лезде-ақ қайынжұрты байып кететін болған деген сөз бар.

 

Жерігімде жеген түйенің еті

1966 жыл болатын. Аңырақайда малда едік. Аяғым ауыр. Аңырақайдағы дүкенге азық-түлік алуға бардым. Барсам, Базарқұлов Мүтән деген ағайындас туыстың үйі түйе сойып, қуырдақ пісіріп жатыр екен. Өз үйімнің тамағын іше алмай, кірпиязданып, жерік болып жүрген кезім еді. Қуырдақтан тойғанымша жеп алдым.

Айы-күнім жақындағанда Үңгіртастағы ауруханаға барып жаттым. Бір ай сарылдым, босанар түрім жоқ. Ол кезде ел жаз-жайлауға көшіп те кеткен уақыт. Үйде қалған балаларымды сағынып, неде болса үйге барып, балаларымды көріп өлейін деп шештім де, Майтөбе деген жайлауда отырған үйіме доғдырдан қашып шығып, тартып кеттім.

Жерік кезімде түйенің етін жегенімді Тұрысбектен естіп-білген  Байқасымова Бүбімари деген көрші отырған кемпір біздің үйге арнайы келіп, түйенің өркешін әкеп беріп те кетіпті. «Жерігінде түйенің етін жеп қойса, баланы он екі ай көтереді. Осыны  қайнатып жесе, толғақ жылдам келеді», – деп кеңесін де айта кеткен көрінеді. Тамыз айы болатын. Содан үйге барған бойда өркеш майды қайнатып жеп алдым. Жегенім сол еді, бір сағат өтер-өтпестен толғақ қысты. Тұрысбектің есі шығып, «доғдырдың қасынан неге келдің, тау басында енді не істей алмақпын, жағдайың не болады» деп күйіп-пісті де қалды. Дереу бір қозыны сойып, көрші әйелдерді шақырды. Әлгі әйелдер даладағы ошаққа «жарысқазан» жасауды бастап та кетті. Әйелдер қуырдақ қуырылып жатқан қазанды бірінен кейін бірі «Бала бұрын түсе ме, қазан бұрын пісе ме?» – деп, пышақпен жанып жатыр. Сол сәтте үйдің маңындағы жолмен екі орыс жаяу кетіп бара жатқан көрінеді. Тұрысбек сол орыстарды да қуырдақ жеңдер деп үйге шақырыпты. Екі орыс келген бойда менің жағдайымнан хабардар болып, мен гинекологпын, әйелдерді босандыратын дәрігермін деген көрінеді. Өздерімен ала жүрген доғдырдың қобдишасы да бар екен. Дереу мені қарап, тексеріп көрді де, қаны азайып кеткен, тезірек әлдендіретін система салу керек деп кесіп айтты. Сол дәрілерді кеш батқанша жеткізіп беріңдер деді. Тұрысбек жүйрік атқа отырып, Майтөбеден Қарақастек деген ауылға, құз-қиямен ойға түсіп кетті. Атпен төрт сағаттық жол болатын.

Тұрысбек қас қарая орыс дәрігердің сұратқан дәрілерін алып үйге жетті. Система қойды. Орыстың тілін түсінбегендіктен, Асусай деген көрші жайлауда малшыларды аралап жүрген адам доғдырын шақыртып алдық. Ол орыстың айтқанын бізге, біздің айтқанымызды орысқа  жеткізіп беріп тұрды.  Гинеколог дәрігердің аты Валентин екен. Жасы 45-50-ге таяп қалған. Екі орыс еңбек демалысында тауда демалып, аңшылыққа шыққан беттері көрінеді. Осылайша Құдай айдап келген Валентиннің көмегімен босандым, дүниеге қыз келді. Сөйтіп жерігімде түйенің етін жеп, Гүлнар деген қызымды құрсағымда он екі ай көтергенім есімнен кетпейді.

Валентин әңгімешіл орыс болып шықты. Киіз үйіміздің жанына тігіп қойған дәу палаткамыз бар болатын. Дуылдасып әңгімесін айтып, екі орыс екі күн жатып, қуырдақ жеп, бізге қонақ болды. Баланың жағдайын тексеріп, қарап тұрды. Екі күннен кейін алдына бес қой салып беріп, атымызға мінгізіп, Тұрысбек солармен ілесе кетті. Валентин Ұзынағаштағы ауруханада акушер-гинеколог болып жұмыс істейді екен. Тұрысбек соларды Ұзынағашқа, үйіне дейін жеткізіп мінгізіп қайтты. Әлгі аудармашы болған адам доғдыры Валентинге «кіндік шеше» дегеннің кім екенін дуылдасқан әңгіме үстінде айтса керек, Валентин Тұрысбектен жас баланы орайтын орағыш, жөргек, дәрі-дәрмек, коньяк, тіпті баланы сылайтын майға дейін салып беріп жіберіпті. Жақсы адамның шарапаты деген, Валентинге риза болдық. Кейін де ол орыспен араласып тұрдық.

Міне, біз жүрген жолдар. Бұл өмір отағасым Тұрысбек екеумізге үлкен мектеп болды. Қазір кей жастар «шаршадық, қиналып кеттік» деп жатады ғой. Жарықтарым, өмір жолы ешқашан тақтайдай тегіс болмайды. Сондықтан жастарға үміт, төзім, сезім, сенім тілеймін. Біз көрген қиындықты сендер көрмеңдер, айналайындар. Бақытты болыңдар!

 

Жазып алған

Нұржамал ӘЛІШЕВА.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *