Көмескi комикспен кiмдi жарылқаймыз?

Роза ӘРЕН

«Қазақфильмнiң» су жаңа өнiмi «Супер Баха» – комикс жанрында түсiрiлген алғашқы қазақстандық туынды. Анимация, мультимедиа, комикстi бiрiктiрген туындыны режиссерлер Төлеген Байтөкенов пен Тимур Қасымжанов түсiрген.
Голливудтың «Супермен», «Адам-өрмекшi», «Бэтмен» секiлдi комикс кейiпкерлерi қазақстандық көрермендердiң санасын жаулап алғалы да бiраз жылға жуықтапты. Қашанда қомақты қаржыға түсiрiлiп, қомақты касса жинайтын сапалы батыс фильмдерiн көрiп келгеннен көрерменге «Супер Баханы» супер деп қабылдау қиын болды. Нелiктен? Фильмдегi оқиғалар желiсi көңiлден шықпады. Көше бұзақыларынан таяқ жеп, зәбiр көрген бас кейiпкер Баха ғаламат күштiң иесiне айналғысы келедi.

Оған әртүрлi химиялық ерiтiндiлерден қоспа жасайтын химик досы ғажайып эликсир дайындап iшкiзгеннен кейiн ол жай Баха емес, Супербахаға айналады. Айтпақшы, фильмде бүкiл әлемдi уысында ұстағысы келетiн Сәкен есiмдi қаскөй кейiпкер де бар. Ол Супер Баханың жолына тосқауылдар қойып, Жердi жарылғыш затпен тас-талқан етудi көздейдi. Босағасында жалғыз қой көгендеген айдаладағы киiз үй iшiнде отырып бата беретiн шалдың ақ тiлегiне Супер Баха да, американдық екi агент те зәру. Туындының тұла бойы бейәдеп сөздерге, жастар арасында көп қолданылатын жаргон сөздерге тұнып тұр ғой, қазақтың батасын, киелi жөн-жоралғысын фильмге несiне тықпалаған? «Супер Бахада» негiзiнен жас әртiстер рөл сомдаған. Әртiстер арасында бұдан бұрын «Тюльпан», «Бақсы», «Трубадур» фильмдерiнде ойнаған Төлепберген Байсақалов қана көрерменге жақсы таныс. «Қазақфильм» қандай фильм шығарса да, «Қазаққа берерi бар туынды ма екен?» деп елеңдеп қарайтынымыз рас. Ендеше, ұлттық құндылықты насихаттап, көрермен көңiлiнде ұғынықты ой қалыптастырар фильмiңiз «Супер Баха» емес. Басты кейiпкердiң қолына қасиеттi қара домбыраны ұстатуда не мән бар, егер қарсыластары Баханың өзiн сол аспаптың шат-шәлекейiн шығарып тұрып ұрып тастаса? Басқасы-басқа, қазақтың жаны болған, тiптi қазақтың өзi болған домбыраның паршапаршасын шығарып сындырудан шығар қорытынды қандай? Түсiнiксiз. Комикс жанрының үздiктерi «Супермен», «Адам-өрмекшi», «Бэтмендер» арнайы эффектiлерiнiң көптiгiмен миллиондаған көрерменнiң сүйiктiсiне айналған. Ал, бiздiң «Супер Бахада» эффектi деген атымен жоқ. Фильм режиссерлерiнiң бiрi Тимур Қасымжанов бiр сұхбатында арнайы эффектiлермен түсiруге қаржы жетпейтiн болғандықтан комикс фильм түсiргендiгiн айтыпты. «Қазақфильмнiң» қазiргi қарқынынан қаржы жетiспеушiлiгiн көрiп отырған жоқпыз. Кезiнде Ақан Сатаевтың «Ағайындылары» «Неге таза қазақ тiлiнде түсiрiлмеген?» деп бiраз сыналып едi. Ондағы қазақша-орысша диалогтарыңыз «Супер Бахада» да өрiп жүр. Сәкенге жағымпазданудан жалықпайтын Майбас кейiпкердiң (Ерболат Төлегенов) қазақшасы да мардымсыз. Қазақшасы шала-пұла, қазақылық жетiспейтiн кино жарыққа шықса, оны жарыса мақтап жазудан алдарына жан салмайтын орыстiлдi басылымдар қашанғы әдетiнше «Супер Баханы» да жер-көкке сыйғызбай жатыр. «Қазақ халқының салт-дәстүрi жақсы насихатталған» дейдi олар. Ал, бiзге киiз үйдегi ақсақалдың батасы мен Баханың шатып-бұтып айтатын мақалдары фильмге жапсыра салынған жасанды детальдай көрiндi. «Супер Баха» қандай касса жинайтынын болжап бiле алмаймыз. Бiзге оның аудиториясын жастар мен балалар толтыратыны ғана белгiлi. Көшiрмесi көп жаңа комикс «алғашқы қазақстандық» деген атауға ие болғанымен, қазақ киносына жаңалық әкелмедi. Тек идея авторы Әдiлхан Ержанов, режиссерлер Тимур Қасымжанов пен Төлеген Байтөкеновтердiң тың дүние жасауға тырысқан еңбегiн ғана жоғары бағалауға болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *